Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

52-ТАРАУ

Ехобаның оттай жалындаған әскері

Ехобаның оттай жалындаған әскері

Сирия патшасы Бен-Хадад Исраил еліне шабуылдауын қоймады. Бірақ Исраил патшасын Еліше пайғамбар үнемі ескертіп отырғандықтан, патша бірнеше рет құтылып кетті. Сонда Бен-Хадад Елішені қолға түсіруді көздеді. Ол пайғамбардың Дотан қаласында жүргенін біліп, оны ұстап алу үшін өзінің әскерін жіберді.

Сириялықтар Дотан қаласына түн жамылып келді. Таңертең Елішенің қызметшісі сыртқа шықса, қаланы қалың әскер қоршап тұр екен. Ол зәресі ұшып: “Мырза, енді қайттік?!”— деп айғайлап жіберді. Еліше оған былай деді: “Біздің жағымыздағылар олардың жағындағылардан әлдеқайда көп”. Сол заматта Ехоба қызметшінің көзін ашты. Ол қаланың айналасындағы тауларда оттай жалындаған аттар мен соғыс арбалары қаптап тұрғанын көрді.

Сирия әскері Елішені ұстап алмақшы болғанда, ол: “Ехоба, мыналардың көздерін соқыр етші”,— деп дұға етті. Сол-ақ екен, олар көздері көріп тұрса да, қай жерде екендерін түсінбей қалды. Сонда Еліше оларға қарап былай деді: “Сендер іздеген қала бұл емес. Маған еріңдер, іздеп жүрген адамдарыңа апарайын”. Олар Елішеге ілесіп, Исраил патшасы тұратын Самарияға дейін еріп келді.

Қалаға жеткенде ғана сириялықтар өздерінің қайда келгендерін түсінді. Исраил патшасы Елішеге келіп: “Оларды қырып тастайын ба?”— деп сұрады. Сонда Еліше мүмкіндікті пайдаланып, өзіне жамандық жасағысы келген осы адамдардан кек алуды ойлады ма? Жоқ. Еліше Исраил патшасына: “Оларды өлтірме. Қайта, оларға тамақ беріп, өз жөндеріне жібер”,— деді. Патша айтқанын тыңдап, үлкен қонақасы берді де, оларды үйлеріне қайтарды.

“Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз” (Жоханның 1-хаты 5:14).