Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

35-ТАРАУ

Ханна ұл бала сұрап дұға етті

Ханна ұл бала сұрап дұға етті

Елқана есімді исраилдік кісінің Ханна және Пәнана деген екі әйелі болды. Бірақ ол Ханнаны көбірек жақсы көретін. Пәнананың бірнеше баласы бар еді, ал Ханнаның балалары болмады. Сондықтан Пәнана оны үнемі мазақ қылатын. Жыл сайын Елқана отбасын Шилодағы киелі шатырға ғибадат етуге апаратын. Бірде сол жерде болғандарында, ол сүйікті жары Ханнаның көңілсіз екенін байқап: “Жыламашы, Ханна. Баламыз жоқ болса да, мен бармын ғой. Мен сені жақсы көремін”,— дейді.

Кейінірек, Ханна шатырға барып, оңаша дұға етеді. Ол жылап тұрып Ехобаға жалбарынып, мынадай уәде береді: “Ехоба, егер маған ұл сыйласаң, оны өзіңе беремін. Ол саған өмір бойы қызмет етеді”.

Ханнаның жылап отырғанын көрген бас діни қызметкер Ели оны мас екен деп ойлап қалады. Бірақ Ханна оған: “Жоқ, мырзам, мен мас емеспін. Мен Ехобаға басыма түскен қиындығымды айтып отырмын”,— дейді. Ели қателескенін түсініп, оған: “Құдай сұрағаныңды берсін”,— дейді. Сонда Ханна көңілі көтеріліп, жөніне кетеді. Уақыт өте ол ұл бала туып, атын Самуил деп қояды. Ханнаның қалай қуанғанын елестетіп көрші!

Ханна Ехобаға берген уәдесін ұмытпады. Ол Самуилді емшектен шығарған соң, оны киелі шатырға қызмет етуге апарды. Ханна Елиге былай деді: “Мен осы баланы сұрап дұға еткен едім. Оны өмірінің соңына дейін Ехобаға аманаттаймын”. Сол уақыттан бастап Елқана мен Ханна жыл сайын киелі шатырға барып, Самуилге жеңсіз көйлек тігіп апаратын болды. Самуилден кейін Ехоба Ханнаға тағы да үш ұл, екі қыз сыйлады.

“Сұрай беріңдер, сонда сендерге беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар” (Матай 7:7).