Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

41-ТАРАУ

Дәуіт пен Саул

Дәуіт пен Саул

Дәуіт Ғолиятты өлтірген соң, Саул оны сарбаздарына басшы етіп қойды. Дәуіт көптеген соғыстарда жеңіске жетіп, атақты бола бастады. Ол соғыстардан қайтып келгенде, әйелдер оны ән айтып, би билеп қарсы алатын. Олар: “Саул мыңдаған жауды, ал Дәуіт он мыңдаған жауды жеңді”,— деп ән салатын. Саул олардың Дәуітті көбірек мақтағанына қызғана қарап, оны өлтіргісі келді.

Дәуіт арфа аспабында жақсы ойнайтын. Бірде ол патшаға арфа тартып беріп отырғанда, Саул оған қарай найзасын лақтырып жіберді. Бірақ Дәуіт жалтарып үлгерді де, найза қабырғаға қадалды. Бұдан кейін де Саул көп рет оны өлтіруге тырысты. Ақырында, Дәуіт одан қашып кетіп, шөл далада жасырынып жүрді.

Саул 3000 сарбазын алып, Дәуітті іздеуге шықты. Іздеп жүргенде, ол тура Дәуіт пен жігіттері тығылып отырған үңгірге кірді. Сонда жігіттері Дәуітке: “Саулды өлтірудің сәті түсіп тұр”,— деп сыбырлады. Дәуіт Саулға білдіртпей барып, оның шапанының етегін кесіп алды. Бірақ Ехобаның майланған патшасына құрмет көрсетпегені үшін қатты ұялды. Ол сарбаздарына Саулды өлтіруге рұқсат етпеді. Саул үңгірден шығып кетті. Сол кезде Дәуіт оның артынан айғайлап, мүмкіндігі болса да, оны өлтірмегенін айтты. Осыдан кейін Саул Дәуітті өлтіремін деген ойын өзгертті ме?

Жоқ, Саул оны қудалауын қоймады. Бір түні Дәуіт пен туысы Әбісай Саулдың қосына келді. Қостағылардың бәрі, тіпті патшаның қорғаушысы Әбінер де ұйықтап жатқан еді. Әбісай Дәуітке: “Міне, күшті мүмкіндік туып тұр. Саулды өлтіріп тастайын”,— деді. Бірақ Дәуіт: “Жоқ, бұны Ехобаның өзі істесін. Біз тек оның найзасы мен су құятын құмырасын алып кетейік”,— деп жауап берді.

Дәуіт Саулдың қосының жанындағы тауға шығып: “Әбінер, патшаңды неге қорғамайсың? Оның су құятын құмырасы мен найзасы қайда?”— деп айғайлады. Саул Дәуіттің даусын танып, оған былай деді: “Сен мені өлтіре алар едің, бірақ өлтірмедің. Сен Исраилдің келесі патшасы боласың, мен мұны білемін”. Сосын Саул сарайына қайтты. Бірақ Саулдың үйінде Дәуітті жақсы көргендер де болды.

“Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. Сүйікті бауырластар, өздерің үшін кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар” (Римдіктерге 12:18, 19).