Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Иса Мәсіх деген кім?

Иса Мәсіх деген кім?
  • Исаның ерекше рөлі қандай?

  • Ол қайдан келген?

  • Ол қандай адам болған?

1, 2. а) Неге атақты кісінің атын білгенің оны шынымен білуге жатпайды? ә) Исаға қатысты қандай жаңсақ пікірлер бар?

ДҮНИЕДЕ атақты адамдар көп. Олардың бірінің бүкіл ауданға, қалаға немесе елге аты шыққан болса, өзгесі дүние жүзіне танымал. Алайда атақты кісінің атын білгенің оны шынымен білуге жатпайды. Бұл ол туралы бәрін бүге-шігесіне дейін біліп, шындығында оның қандай адам екендігінен хабардарсың дегенді білдірмейді.

2 Иса Мәсіхтің жер бетінде өмір сүргеніне 2 000 жылдай уақыт өтсе де, дүниенің кез келген жерінде адамдар ол туралы әйтеуір бірдеңе біледі. Сөйтсе де көп адам оның шындығында кім болғанын біле бермейді. Кейбіреулер ол жай ғана жақсы адам болған десе, өзгелері оны көп пайғамбарлардың бірі деп біледі. Тіпті Исаны Құдай, сондықтан оған табыну керек дейтіндер де бар. Осы дұрыс па?

3. Иса туралы шындықты білгенің сен үшін неге маңызды?

3 Иса туралы шындықты білудің маңызы зор. Неге бұлай дейміз? Өйткені Киелі кітапта: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті, танып-білу керек”,— делінген (Жохан 17:3). Иә, Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхті танып білу жер бетіндегі жұмақта мәңгілік өмір сүруге жол ашады (Жохан 14:6). Оның үстіне, Иса қалай өмір сүру және өзгелерге қалай қарау керектігіне қатысты ең керемет үлгі қалдырған (Жохан 13:34, 35). Бірінші тарауда біз Құдай туралы шындықты білдік. Ал енді Киелі кітап Иса Мәсіх туралы шын мәнінде неге үйрететінін қарастырып көрейік.

УӘДЕ ЕТІЛГЕН МӘСІХ

4. “Мәсіх” және “Христос” деген лауазымдар нені білдіреді?

4 Иса туылмай тұрып ұзақ уақыт бұрын Құдайдың біреуді Мәсіх, немесе Христос, ретінде жіберетіні Киелі кітапта алдын ала айтылған еді. Еврей сөзінен шыққан “Мәсіх” және грек сөзінен шыққан “Христос” деген лауазымдар “май жағу рәсімі жасалған кісі” дегенді білдіреді. Уәде етілген Кісі майланған болуы, немесе Құдайдан арнайы тапсырма алуы, керек-тін. Құдайдың еркінің орындалуында Мәсіхтің қандай маңызды рөл атқаратыны туралы кейінгі тараулардан көбірек білеміз. Сондай-ақ қазірдің өзінде Исаның арқасында қандай баталарға ие бола алатынымызды да қарастырамыз. Алайда Иса туылмас бұрын көп адамның көкейінде: “Кім Мәсіх болар екен?”— деген сұрақтың болғаны сөзсіз.

5. Исаның шәкірттері не нәрсеге сенімді болған?

5 Б. з. бірінші ғасырында назареттік Исаның шәкірттері оның алдын ала уәде етілген Мәсіх екеніне толық сенімді болған (Жохан 1:41). Шимон Петір деген шәкірті Исаға: “Сіз Мәсіхсіз”,— деп ашық айтқан (Матай 16:16). Алайда сол шәкірттер Исаның шынымен уәде етілген Мәсіх екеніне қалайша сенімді бола алған? Ал біз қалай сенімді бола аламыз?

6. Адал қызметшілерінің Мәсіхті тануына Ехобаның қалай көмектескенін мысалмен түсіндір.

6 Исаға дейін өмір сүрген пайғамбарлар Мәсіх туралы көп нәрсе жазып қалдырған. Осы бүге-шігесіне дейін жазылған мәліметтер өзгелердің Мәсіхті танып білуіне көмектеспек еді. Мұны былай түсіндіруге болады: сенен біреу бұрын жүздеспеген кісіні адам ығы-жығы болып жататын автовокзалдан, темір жол вокзалынан немесе әуежайдан күтіп алуды өтінді делік. Оның қандай екенін біреудің суреттеп бергені сен үшін үлкен көмек болмас па еді? Тап сол сияқты Ехобада Киелі кітапты жазған пайғамбарларына Мәсіхтің не істейтіні және басынан қандай нәрселерді өткізетіні туралы мәлімет жаздырған. Осындай көптеген пайғамбарлықтың орындалуы Құдайдың адал қызметшілеріне Мәсіхті жаңылмай тануға көмектесу керек еді.

7. Қандай екі пайғамбарлық Исаның өмірінде орындалған?

7 Осындай мысалдардың екеуін ғана қарастырып көрейікші. Біріншісі: Миха пайғамбар 700 жылдан аса уақыт бұрын уәде етілген Мәсіхтің Яһуда еліндегі Бетлехем деген шағын қалада туылатынын алдын ала айтқан (Миха 5:2). Иса қайда туылды? Иә, тура сол қалада! (Матай 2:1, 3—9). Екіншісі: Даниял 9:25-те жазылған пайғамбарлық Мәсіх келетін жылға, яғни б. з. 29 жылына, көптеген ғасырлар бұрын нұсқаған *. Осы және басқа да пайғамбарлықтардың орындалуы — Исаның Мәсіх болғанының дәлелі.

Иса суға шомылдыру рәсімінен өткенде, Мәсіх, немесе Христос, болды

8, 9. Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, оның Мәсіх екені қалай анық көрсетілді?

8 Б. з. 29 жылының аяғына таман Исаның Мәсіх екендігінің тағы бір дәлелі айқын көрінді. Осы жылы Иса Иордан өзенінде шомылдыру рәсімін жасап жатқан Жақияға сол рәсімнен өту үшін келген еді. Кімнің Мәсіх екенін анықтай алуы үшін Ехоба Жақияға белгі көрсетуді уәде еткен болатын. Ол Исаны шомылдыру рәсімінен өткізгенде, сол белгіні көрді. Киелі кітапта бұл оқиға былай суреттеледі: “Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, бірден судан шықты. Сонда көк ашылып, Жақия Исаның үстіне Құдай рухының көгершін іспетті түсіп келе жатқанын көрді. Сондай-ақ көктен: Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!— деген дауыс естілді” (Матай 3:16, 17). Не болғанын көріп, естіген Жақияның Исаны Құдай жібергендігіне еш күмәні қалмады (Жохан 1:32—34). Құдайдың киелі рухы, немесе әрекет етуші күші, қонған сол күні Иса — Мәсіх, немесе Христос, яғни тағайындалған Билеуші әрі Патша болды (Ишая 55:4).

9 Пайғамбарлықтардың орындалуынан және Құдайдың өзі берген куәлігінен Исаның уәде етілген Мәсіх екендігі анық көрінеді. Бірақ Киелі кітапта Иса Мәсіхке қатысты келесідей тағы да маңызды екі сұрақтың жауабы бар: Иса қайдан келген және ол қандай адам болған?

ИСА ҚАЙДАН КЕЛГЕН?

10. Киелі кітапта Иса жерге келмей тұрған кезге қатысты не айтылған?

10 Киелі кітап Иса жерге келмес бұрын көкте тіршілік еткен деп үйретеді. Мәсіхтің Бетлехемде туылатынын пайғамбарлық еткен Миха оның әуел бастан бар болғанын да айтқан (Миха 5:2). Көп жағдайда Исаның өзі де адам болып туылмас бұрын көкте өмір сүргенін айтқан (Жохан 3:13; 6:38, 62 оқы; 17:4, 5). Рухани тұлға болған Иса көкте Ехобамен ерекше қарым-қатынаста болған.

11. Киелі кітаптан Иса Ехобаның ерекше сүйетін Ұлы екені қалай көрінеді?

11 Иса Ехобаның ерекше сүйетін Ұлы, әрі бұған келелі себеп те бар. Иса жаратылыс атаулының тұңғышы деп аталған, өйткені ол — Құдайдың ең алғашқы жаратылысы * (Қолостықтарға 1:15). Оны ерекше ететін тағы бір нәрсе, ол — Құдайдың жалғыз Ұлы (Жохан 3:16). Бұл тек Исаны ғана Құдай өзі жаратты дегенді білдіреді. Құдай барлық басқа жаратылыстарды жаратқанда, оған тек Иса ғана көмектескен (Қолостықтарға 1:16). Сондай-ақ Иса “Сөз” деп те аталады (Жохан 1:14). Бұл — Иса Құдай атынан сөйледі деген сөз. Күмән жоқ, ол Әкесінің өзге де рухани және адами ұлдарына хабарлар мен нұсқаулар жеткізген.

12. Тұңғыш Ұлының Құдаймен тең емес екенін қайдан білеміз?

12 Кейбіреулер тұңғыш Ұлы Ехобаның өзімен тең деп сенеді. Расында да солай ма? Киелі кітап бұлай деп үйретпейді. Жоғарыдағы абзацтардан байқағанымыздай, Құдай Ұлы бір кезде жаратылған. Демек, оның бастамасы болған, ал Ехоба Құдай әрқашан бар болған, оның тіршілік етуінің басталған кезі жоқ, аяқталатын кезі де болмайды (Зәбүр 90:2). Әкесімен тең болу жалғыз Ұлының ойына да кіріп-шықпаған. Киелі кітапта Әкенің Ұлдан ұлы екендігі анық айтылған (Жохан 14:28 оқы; Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Тек Ехоба ғана — Құдіреті шексіз Құдай (Мұсаның 1-жазбасы 17:1). Демек, оған тең келетін ешкім жоқ *.

13. Неге Құдай Ұлы Киелі кітапта “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі” деп аталған?

13 Жұлдызды аспан мен жер жаратылғаннан ұзақ уақыт бұрын, Ехобамен оның тұңғыш Ұлы миллиардтаған жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста болған. Әке мен Ұлдың сүйіспеншілігі қандай берік болған десеңші! (Жохан 3:35; 14:31). Аяулы Ұлы Әкесіне қатты ұқсаған. Міне, сондықтан Киелі кітапта Ұл туралы: “Көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі”,— делінеді (Қолостықтарға 1:15). Адамның ұлы өзіне көп жағынан ұқсайтыны сияқты Ехобаның Ұлы да қасиеттері мен болмысы жағынан Әкесіне ұқсайтын.

14. Қалай Ехобаның жалғыз Ұлы адам болып туылды?

14 Ехобаның жалғыз Ұлы дайындық рухын танытып, көкті тастап, адам ретінде жерде өмір сүруге келген. Бірақ сен: “Қалай рухани жаратылыс адам болып туыла алады?”— деп таңырқайтын шығарсың. Мұны жүзеге асыру үшін Ехоба керемет жасады. Ол өзінің тұңғыш Ұлының өмірін көктен Мәриям деген яһудилік пәк қыздың құрсағына салды. Мұнда адами әкенің ешқандай қатысы болмады. Сондықтан Мәриям кемелді ұл туып, атын Иса деп қойды (Лұқа 1:30—35).

ИСА ҚАНДАЙ АДАМ БОЛҒАН?

15. Неге Исамен жақсырақ танысу арқылы Ехобаны жақыннан танып білеміз деуге болады?

15 Исаның жер бетінде болғанда айтқан сөздері мен істеген істері ол жөнінде көп нәрсе білуімізге көмектеседі. Бұл ғана емес, Исамен жақсырақ танысу арқылы Ехобаны жақыннан танып білеміз. Неге бұлай деуге болады? Ұлы Әкесінің кемелді кейпі екенін есіңе алшы. Міне, сондықтан Иса шәкірттерінің біріне: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деген (Жохан 14:9). Ізгі хабар деген атаумен белгілі Матай, Марқа, Лұқа және Жохан жазған Киелі кітаптың төрт кітабынан Иса Мәсіхтің өмірі мен қызметі және қасиеттері туралы көп нәрсе білуге болады.

16. Иса, ең алдымен, не жөнінде үйреткен және оның ілімі кімнен келген?

16 Иса “Ұстаз” ретінде көпке танымал болатын (Жохан 1:38; 13:13). Ол не нәрсеге үйреткен? Ең алдымен, оның хабары Құдай Патшалығы — жержүзіне билік етіп, тілалғыш адамзатты таусылмас баталарға жеткізетін Патшалық — туралы ізгі хабар болған (Матай 4:23). Бұл кімнен келген хабар еді? Исаның өзі былай деген: “Ілімім — менікі емес, мені жібергендікі”, яғни Ехобанікі (Жохан 7:16). Иса Әкесінің бүкіл адамзаттың Патшалық туралы ізгі хабарды естігенін қалайтынын білген. Құдай Патшалығы мен оның не істейтіні туралы біз 8-тараудан көбірек білетін боламыз.

17. Иса қандай жерлерде тәлім берген және неге ол мұны аянбай істеген?

17 Иса қандай жерлерде тәлім берген? Адам бар жердің бәрінде: қалалар мен ауылдарда, базар алаңдары мен үйлерде. Ол адамдардың келгенін күтіп отырмайтын. Оларға өзі баратын (Марқа 6:56; Лұқа 19:5, 6). Неге Иса аянбай уағыздауға және тәлім беруге сонша уақыт жұмсаған? Өйткені ол үшін Құдайдың еркі осы болған. Иса әрқашан Әкесінің еркін орындаған (Жохан 8:28, 29). Бірақ оның уағыз айтуының тағы бір себебі бар. Ол өзіне келген қалың жұртқа жаны ашитын (Матай 9:35, 36 оқы). Құдай мен оның еркі туралы үйретуге тиіс дінбасылары оларды елеусіз қалдырған еді. Иса халықтың Патшалық туралы хабарды естуге қаншалықты зәру екенін білген.

18. Сен үшін Исаның қандай қасиеттері әсіресе тартымды көрінді?

18 Иса өте мейірбан әрі аса қамқор адам болған. Оның жайдарылығы мен мейірімділігі өзгелерді баурап алатын. Тіпті балалар да оның қасында өздерін еркін сезінетін (Марқа 10:13—16). Иса ешкімді алаламайтын. Сондай-ақ ол ашкөздік пен әділетсіздікті жек көрген (Матай 21:12, 13). Сол заманда әйелдердің еш нәрсеге құқы жоқ әрі адам құрлы саналмайтын болғанына қарамастан, Иса оларды сыйлаған (Жохан 4:9, 27). Ол өте кішіпейіл болған. Тіпті бірде ол елшілерінің аяқтарын жуып шығады, ал мұндай жұмысты әдетте қарапайым қызметші атқаратын.

Иса адам бар жердің бәрінде уағыздаған

19. Исаның өзгелердің қажеттіліктерін елеусіз қалдырмайтыны қандай мысалдан көрінеді?

19 Иса өзгелердің қажеттіліктерін елеусіз қалдырмайтын. Оның мұндай қасиеті адамдарды Құдай рухының көмегімен керемет түрде сауықтырғанда ерекше байқалатын (Матай 14:14). Мысалы, бірде алапеспен ауыратын бір кісі Исаға келіп: “Қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп өтінеді. Иса сол кісінің қасіретін өз қасіретіндей сезінеді. Ол қатты жаны ашып кетіп, қолын созып оған тигізеді де: “Қалаймын, тазар!”— дейді. Науқас кісі айығып кетеді! (Марқа 1:40—42). Бізге сол кісінің не сезінгенін түсінудің өзі қиын шығар.

ИСА АҚЫРЫНА ДЕЙІН АДАЛДЫҒЫН САҚТАДЫ

20, 21. Қалай Иса Құдайға адалдықпен мойынсұнудың үлгісін қалдырды?

20 Иса Құдайға адалдықпен мойынсұнудың ең керемет үлгісін қалдырған. Ол қатты қарсылық көріп, зор қасірет шеккеніне қарамастан, барлық жағдайда көктегі Әкесіне деген адалдығын сақтаған. Иса Шайтанның сынақтарына тайсалмастан, батыл қарсы тұрған (Матай 4:1—11). Тіпті туыстарының өзі “ақылынан адасыпты” деп оған сенбеген кез болған (Марқа 3:21). Бірақ ол бұған қамықпай, Құдайдың еркін орындауды жалғастыра берді. Қарсыластарының тіл тигізіп, қорлағанына қарамастан, Иса кек қайтармай, әрқашан ұстамды болған (Петірдің 1-хаты 2:21—23).

21 Исаны жаулары айуандықпен азаптап өлтірді, бірақ ол өле-өлгенше адалдығын сақтап қалды (Філіпіліктерге 2:8 оқы). Адами өмірінің соңғы күні Иса көп нәрсені бастан кешірді: оны тұтқындады, жалған куәлар жала жапты, опасыз төрешілер соттады, қалың тобыр мазақ етті, сарбаздар азаптады. Сосын, бағанаға шегеленіп тұрғанда, ол соңғы рет демін ішіне тартады да: “Түгел орындалды!”— деп дауыстайды (Жохан 19:30). Бірақ Иса өлгеннен кейін, үшінші күні көктегі Әкесі оны рухани тұлға ретінде қайта тірілтті (Петірдің 1-хаты 3:18). Ал бірнеше апта өткен соң, ол қайта көкке оралды. Сол жерде Иса Құдайдың оң жағында отырып, патша ретінде билік алатын уақытты күтті (Еврейлерге 10:12, 13).

22. Өле-өлгенше адалдығын сақтауымен Иса нені орындады?

22 Өле-өлгенше адалдығын сақтауымен Иса нені орындады? Исаның өлімі Ехобаның ниетіне сай, жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігін ашты. Мұндай мүмкіндіктің қалай ашылғаны келесі тарауда талқыланады.

^ 7-абзац Даниялдың Мәсіхке қатысты пайғамбарлығы Исаның өмірінде қалай орындалғаны қосымшаның “Мәсіхтің келуі жайындағы Даниялдың пайғамбарлығы” деген тақырыбында қарастырылады.

^ 11-абзац Ехоба Жаратушы болғандықтан, Әке деп аталады (Ишая 64:8). Исаның Құдай Ұлы деп аталуының себебі — оны Ехоба жаратқан. Дәл осындай себеппен өзге де рухани жаратылыстар, тіпті Атам ата Құдайдың ұлы деп аталады (Әйүп 1:6; Лұқа 3:38).

^ 12-абзац Тұңғыш Ұлының Құдаймен тең емес екендігінің өзге де дәлелдерін қосымшаның “Әке, Ұл және Киелі рух жайындағы шындық” деген тақырыбынан қара.