Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Құдай Патшалығы деген не?

Құдай Патшалығы деген не?
  • Киелі кітапта Құдай Патшалығы туралы не айтылған?

  • Құдай Патшалығы келешекте не істейді?

  • Патшалық арқылы Құдайдың еркі жер бетінде қашан орындалады?

1. Біз көпке танымал қандай дұғаны қарастырамыз?

КӨКТЕГІ ӘКЕМІЗ деген атаумен белгілі дұғаны дүние жүзіндегі миллиондаған адам біледі. Аталмыш дұға Иса Мәсіхтің өзі көрсеткен үлгілі дұға ретінде танымал. Бұл — өте мағыналы дұға, әрі оның қандай үш тілектен басталатынын қарастырғанымыз Киелі кітап шын мәнінде неге үйрететінін түсінуімізге көмектеседі.

2. Исаның шәкірттеріне үйреткен дұғасында қандай үш тілек болған?

2 Үлгілі дұғасының басында Иса тыңдаушыларына былай деді: “Сондықтан мына іспетті дұға етіңдер: —Көктегі Әкеміз! Сенің есімің киелі тұтылсын! Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” (Матай 6:9—13). Осы үш тілектің мәні неде?

3. Құдай Патшалығы туралы біз не білуіміз керек?

3 Біз осыған дейін Ехоба Құдайдың есімі туралы көп нәрсе білдік. Оның еркі — адамзатқа не істегені және не істейтіні — жөнінде де біршама мәлімет алдық. Алайда Иса: “Патшалығың осында орнасын!”— деп дұға етіңдер деуімен не айтқысы келген? Құдай Патшалығы деген не? Қалайша оның орнауы Құдай есімін киелі етеді? Сондай-ақ Патшалықтың орнауы мен Құдай еркінің орындалуының қандай байланысы бар?

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ДЕГЕН НЕ?

4. Құдай Патшалығы деген не және оның Патшасы кім?

4 Құдай Патшалығы деген — Ехоба Құдай орнатқан үкімет. Бұл үкіметтің Патшасын Құдай өзі таңдаған. Ол кім болды екен? Иса Мәсіх. Патша болған Иса кез келген адами билеушіден ұлы, әрі ол “патшалардың Патшасы, иелердің Иесі” деп аталады (Тімөтеге 1-хат 6:15). Ол адами билеушілердің, тіпті ең жақсы дегендерінің, қай-қайсысынан да анағұрлым күшті, сондықтан анағұрлым көп жақсылық істей алады.

5. Құдай Патшалығы қайдан және ненің үстінен билік жүргізеді?

5 Құдай Патшалығы қайдан билік жүргізеді? Ал Иса қай жерде? Оның азап шегу бағанасында өлтіріліп, сосын қайта тірілгені, сірә, есіңде болар. Сосын, көп кешікпей ол көкке көтерілді (Елшілердің істері 2:33). Демек, Құдай Патшалығы да көкте. Сол себепті де Құдайдың үкіметі Киелі кітапта “Көктегі Патшалық” деп аталады (Тімөтеге 2-хат 4:18). Құдай Патшалығы көкте болғанмен, жер бетіне билік жүргізетін болады (Аян 11:15 оқы).

6, 7. Исаны ерекше Патша ететін не?

6 Исаны ерекше Патша ететін не? Мұндай нәрселердің бірі — оның ешқашан өлмейтіндігі. Исаны адами патшалармен салыстыра келе, Киелі кітапта ол туралы: “Өлместікке сол ғана ие, ол жақындау мүмкін емес жарықта мекендейді”,— делінген (Тімөтеге 1-хат 6:16). Бұл — Исаның істеген игіліктерінің бәрі мәңгілік болады деген сөз. Ал болашақта оның әлдеқайда ұлы әрі игілікті нәрселер істейтіні сөзсіз.

7 Киелі кітапта айтылған Иса туралы келесі пайғамбарлықты қарастырып көрейік: “Оған Ехобаның рухы қонып, даналық пен мол түсінік дарытады. Ол керемет кеңесші, зор күш пен мол білім иесі болады, әрі Ехобаны барынша қастерлейтін болады. Ехобадан қорқу оған қуаныш сыйлайды. Ол тек көргеніне сай төрелік етпейді, тек естігеніне сай түзетпейді. Қайта, жарлыға әділ үкім шығарады, жердегі момындардың мүддесі үшін халықты турашылдықпен түзетеді” (Ишая 11:2—4). Мұнда Исаның әділ әрі жер бетіндегі адамдарға жаны ашитын Патша болатыны пайғамбарлық етілген. Осындай билеушінің қол астында өмір сүргің келер ме еді?

8. Исамен бірге кімдер билік етеді?

8 Құдай Патшалығына қатысты тағы бір жайтты ескерген жөн: Иса жалғыз билік етпейді, онымен бірге өзгелер де патшалық етеді. Мысалы, елші Пауыл Тімөтеге: “табандылық таныта берсек, онымен бірге патша ретінде билік етеміз”,— деген (Тімөтеге 2-хат 2:12). Иә, Пауыл, Тімөте және Құдай таңдаған басқа да адал кісілер көктегі Патшалықта Исамен бірге билік етеді. Мұндай ерен мәртебе қанша адамға беріледі?

9. Исамен бірге қанша адам билік етеді және Құдай оларды таңдауды қашан бастады?

9 Жетінші тарауда аталып өтілгендей, елші Жохан аян алып, “[Исаның көктегі мәртебелі дәрежесін білдіретін] Сион тауында тұрған Тоқтыны [Иса Мәсіхті], қасында маңдайларына Тоқтының есімі мен оның Әкесінің есімі жазылған 144 000-ды” көрген. Бұл 144 мың адам кім? Жоханның өзі былай түсіндіреді: “Тоқты қайда бармасын, оған еріп жүретіндер. Олар адамдар арасынан алғашқы өнім ретінде Құдай мен Тоқтыға арнап сатып алынды” (Аян 14:1, 4). Иә, олар Иса Мәсіхпен бірге көкте билік ету үшін таңдап алынған оның адал ізбасарлары. Олар көкте өмір сүру үшін қайта тірілгеннен кейін, патша ретінде Исамен бірге “жер бетіне билік жүргізеді” (Аян 5:10). Құдай елшілердің заманынан бастап адал мәсіхшілердің арасынан осы 144 мыңның құрамына кіретін адамдарды таңдап алуда.

10. Адамзаттың үстінен Иса мен 144 мың патша билік ету үшін қам жасағанынан неге Құдайдың сүйіспеншілігі көрінеді?

10 Адамзаттың үстінен Иса мен 144 мың патша билік ету үшін қам жасағанынан Құдайдың сүйіспеншілігі көрінеді. Ең алдымен ескеретін жайт — адам болу мен жапа шегудің не екені Иса үшін беймәлім емес. Пауыл Исаның “біздің әлсіздіктерімізге жаны ашымайтын бас діни қызметкер емес, қайта, өзіміз сияқты барлық жағынан сыналып, бірақ күнә атаулыдан таза болғанын” айтқан (Еврейлерге 4:15; 5:8). Онымен бірге патшалық ететіндер де адам болғандықтан түрлі қиындықтардан жапа шегіп, көптеген нәрсеге төтеп берген. Бұған қоса, олар кемелсіздіктерімен күрескен және сан-алуан науқастардың зардабын көрген. Олардың адамзаттың басына түсіп жатқан қиыншылықтарды түсінетіндігінде еш күмән жоқ!

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ КЕЛЕШЕКТЕ НЕ ІСТЕЙДІ?

11. Неге Иса шәкірттерінің Құдай еркінің көкте орындалғанын сұрап дұға ету керектігін айтқан?

11 Иса шәкірттерінің Құдай Патшалығы келсін деп дұға етумен қоса, Құдай еркінің “көкте орындалғандай, Жер бетінде орындала” беруін де сұрап дұға ету керектігін айтқан. Құдай көкте мекендейді, әрі онда адал періштелер әрқашан оның еркін жүзеге асырып отыратын. Алайда біз 3-тараудан бір зұлым періштенің Құдайдың еркін орындауды доғарып, Адам мен Хауаны күнә жасауға азғырғанын білдік. Шайтан Ібіліс деп аталатын осы зұлым періште туралы Киелі кітап не нәрсеге үйрететіні жайлы 10-тараудан көбірек білетін боламыз. Құдай Шайтанға және оның соңынан ерген жын-перілер деп аталатын періштелерге белгілі бір уақыт көкте қалуға жол берген. Сондықтан сол уақыт аралығында Құдай еркін көктегі рухани жаратылыстардың бәрі түгелімен орындамаған. Бірақ Құдай Патшалығы билік етуін бастағанда, жағдай өзгермек еді. Таққа жаңа отырған Патша — Иса Мәсіх Шайтанмен шайқас жүргізу керек-тін (Аян 12:7—9 оқы).

12. Аян 12:10-да қандай өте маңызды екі оқиға суреттелген?

12 Келесі пайғамбарлық сөздерде не болу керектігі былай суреттелді: “Сосын көктен былай деген қатты дауысты естідім: “Міне, Құдайымыз адамдарды құтқарды және оның күші паш етілді, Патшалығы орнап, Мәсіхтің билігі басталды! Өйткені Құдайымыздың алдында бауырластарымызға күндіз-түні жала жауып жүрген айыптаушы жерге лақтырылды!” (Аян 12:10). Осы тармақта өте маңызды екі оқиғаның суреттелгенін байқадың ба? Біріншіден, Иса Мәсіх Құдай Патшалығында билік етуін бастады. Екіншіден, Шайтан көктен жерге қуылды.

13. Шайтанның көктен қуылуының нәтижесі қандай болды?

13 Осы екі оқиғаның нәтижесі қандай болды? Көкте не болғаны жөнінде біз былай деп оқимыз: “Сондықтан көк және оны мекендейтіндер, қуаныңдар!” (Аян 12:12). Иә, көктегі адал періштелер қуанышты, өйткені көк Шайтан мен оның жын-перілерінен тазарды. Енді көкте барлығы да Ехоба Құдайға адал. Онда толық, мызғымас тыныштық пен ынтымақ орнады. Енді көкте Құдай еркі толық орындалуда!

Шайтан мен оның жын-перілерінің көктен қуылуы жер бетіндегілерге қасірет әкелді. Жақында мұндай қиыншылықтар болмайды

14. Шайтанның жерге қуылуының нәтижесі қандай болды?

14 Ал жер жөнінде не деуге болады? Киелі кітапта былай делінеді: “Ал жер мен теңіздегілерге қасірет, өйткені Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:12). Шайтан көктен қуылғанына және уақытының аз қалғанына ашулы. Ашуға мінген ол жердегілерді қиыншылықтарға, немесе “қасіретке”, ұшыратуда. Осы “қасірет” жөнінде келесі тараудан көбірек білетін боламыз. Алайда Шайтанның көктен қуылып, жерді қасіретке ұшыратып жатқанына орай: “Құдай еркінің жерде орындалуына Патшалық қалай ықпал етеді?”— деген сұрақ тууы мүмкін.

15. Құдайдың жерге қатысты еркі қандай?

15 Құдайдың жерге қатысты еркін есіңе алшы. Ол 3-тарауда талқыланған болатын. Едем бағында Ехоба өзінің еркі жер бетінің жұмаққа айналып, оның мәңгі өмір сүретін әділ адамдарға толуы екенін көрсетті. Алайда Шайтан Адам мен Хауаны күнәға азғырды. Бұл Құдайдың жерге қатысты еркінің жүзеге асуына әсер етті, бірақ оны өзгерткен жоқ: Ехобаның ниеті әділдердің жерді мұра етіп, онда мәңгі бақи өмір сүруі болып қала береді (Зәбүр 37:29). Ал Құдай Патшалығы мұны жүзеге асырады. Қалайша?

16, 17. Даниял 2:44-тен Құдай Патшалығы туралы не білуге болады?

16 Даниял 2:44-те жазылған пайғамбарлықты қарастырып көрейікші. Біз былай деп оқимыз: “Сол патшалардың күндерінде көктегі Құдай ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады. Бұл патшалық басқа халықтың қолына өтпейді. Ол сол патшалықтардың бәрін қиратып, өзі мәңгі тұрады”. Бұл тармақтан Құдай Патшалығы туралы не білуге болады?

17 Біріншіден, Құдай Патшалығы “сол патшалардың күндерінде”, яғни өзге патшалықтар бар кезде, орнайды. Екіншіден, ол мәңгілік тұрады: оны ешбір басқа үкімет билеп-төстемейді де, алмастырмайды да. Үшіншіден, бұл тармақтан Құдай Патшалығы мен осы дүниенің патшалықтарының арасында соғыс болатыны көрінеді. Бірақ Құдай Патшалығы оларды тас-талқан етеді. Ақырында ол адамзатқа билік ететін жалғыз үкімет болады. Бұл — адамзатқа теңдесі жоқ үкімет билік жүргізетін болады деген сөз.

18. Адами үкіметтер мен Құдай Патшалығының арасында болатын шешуші шайқас қалай аталады?

18 Киелі кітапта Құдай Патшалығы мен осы дүниелік үкіметтердің арасында болатын шешуші шайқас жөнінде көп мәлімет бар. Мысалы, онда осы дүниенің соңы жақындай түскен сайын, зұлым рухтардың лақап таратып, “жержүзінің патшаларын” алдайтыны айтылған. Не мақсатпен? Оларды “Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғысқа жинап әкелу” үшін. Бүкіл жер бетіндегі патшалар “еврейше Армагеддон деп аталатын жерге” алып келінеді (Аян 16:14, 16). Осы екі тармақтағы сөздерге негізделіп адами үкіметтер мен Құдай Патшалығының арасында болатын шешуші шайқас Армагеддон деп аталады.

19, 20. Құдай еркінің жер бетінде қазір орындалуына не кедергі болып отыр?

19 Армагеддон шайқасы арқылы Құдай Патшалығы не нәрсеге қол жеткізбек? Құдайдың жерге қатысты еркі жайында тағы бір ойлап көрші. Ехоба Құдайдың еркі жұмақ орнаған жер бетінің өзіне қызмет ететін әділ әрі кемелді адамдарға толуы еді. Осындай жағдайдың дәл қазір орнауына не кедергі болып отыр? Біріншіден, біз күнәкармыз әрі ауырамыз және өлеміз. Бірақ 5-тараудан білгеніміздей, Иса біз үшін жанын қиды, сондықтан біздің мәңгі өмір сүруге үмітіміз бар. Жохан жазған ізгі хабардағы келесі сөздер есіңде болса керек: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16).

20 Кедергі болып отырған тағы бір нәрсе — қазір көп адам жаман әрекеттер жасайды. Олар өтірік айтады, алаяқтық және азғындық жасайды. Олар Құдайдың еркін орындауды қаламайды. Бірақ мұндай адамдар Құдайдың шайқасы Армагеддонда жойылады (Зәбүр 37:10 оқы). Жер бетінде Құдай еркінің орындалмауының тағы бір себебі — үкіметтер өз азаматтарын бұған талпындырмайды. Олардың көбі дәрменсіз, қатыгездікпен билік жүргізеді немесе жемқорлыққа берілген. Иә, Киелі кітапта тура айтылған: “Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9).

21. Қалай Патшалықтың арқасында жер бетінде Құдай еркі орындалатын болады?

21 Армагеддоннан кейін бүкіл адамзатқа бір-ақ үкімет, яғни Құдай Патшалығы, билік етеді. Ол Құдай еркін жүзеге асыратын болады және адамзатқа керемет баталар әкеледі. Мысалы, Шайтан мен оның жын-перілерін жоқ қылады (Аян 20:1—3). Патшалық орнаған кезінде, Исаның құрбандығының арқасында адал адамдар ауырмайды да, өлмейді де, қайта, мәңгі өмір сүретін болады (Аян 22:1—3 оқы). Жер жұмаққа айналады. Осылайша Патшалық арқылы жер бетінде Құдай еркі орындалып, оның есімі қастерленетін болады. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл ақырында Құдай Патшалығының қол астындағы әрбір тіршілік иесі Ехобаның есімін дәріптейді дегенді білдіреді.

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ӘРЕКЕТ ЕТУІН ҚАШАН БАСТАЙДЫ?

22. Иса жерде болғанда немесе қайта тіріле салысымен Құдай Патшалығы орнамағанын біз қайдан білеміз?

22 Исаның өз шәкірттерін “Патшалығың осында орнасын” деп дұға етуді үйреткенінен ол уақытта Патшалықтың әлі орнамағаны анық көрінеді. Бәлкім, ол Иса көкке көтерілгенде орнаған шығар? Жоқ. Өйткені елші Петір де, елші Пауыл да Иса қайта тірілгеннен кейін, Зәбүр 110:1-дегі: “Ехоба менің Иеме мынаны жариялады: “Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, Оң жағымда отыр!”— деген пайғамбарлықтың орындалғанын айтқан (Елшілердің істері 2:32—35; Еврейлерге 10:12, 13). Демек, Иса біраз уақыт күту керек еді.

Патшалық билік еткен кезде, Құдай еркі көкте орындалғандай, жерде де орындалатын болады

23. а) Құдай Патшалығы билік етуін қашан бастады? ә) Келесі тарауда не талқыланады?

23 Ол қанша уақыт күту керек болды? ХІХ және ХХ ғасырларда ынталы Киелі кітап зерттеушілері бұл уақыттың 1914 жылы бітуі керектігін біртіндеп түсінді. (Аталмыш датаға қатысты мәліметті қосымшаның 1914 жыл — Киелі кітап пайғамбарлықтарында ерекше мәні бар жыл” деген тақырыбын қара.) 1914 жылдан бері дүниеде болып жатқан жағдайлар — сол адал кісілердің түсінігі дұрыс болғанын дәлелдейді. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуы 1914 жылы Мәсіхтің Патша болып, Құдай Патшалығы көкте билік етуін бастағанын көрсетіп отыр. Сондықтан біз Шайтанға берілген “аз қалған” уақыт аралығында өмір сүрудеміз (Аян 12:12; Зәбүр 110:2). Сондай-ақ Құдайдың еркі жер бетінде орындалу үшін таяуда Құдай Патшалығы әрекет етуін бастайды деп сенімділікпен айта аламыз. Бұл керемет жаңалық емес пе? Сен осыған сенесің бе? Келесі тарау бұның шынымен де Киелі кітапқа негізделгеніне көз жеткізуіңе көмектеседі.