Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Сот күні деген не?

Сот күні деген не?

СЕН Сот күнін қалай елестетесің? Көп адамның ойынша, Құдай тағының алдына миллиардтаған адам бір-бірлеп әкелініп, әрқайсысы жеке-жеке сотталады. Бірі көктегі жұмаққа жіберілсе, өзге бірі мәңгілік азапқа кесіледі. Алайда Киелі кітапта Сот күні мүлдем басқаша суреттеледі: ол — үрейлі емес, қайта, үміт беретін және бәрі қайта қалпына келтірілетін уақыт.

Елші Жохан Аян 20:11, 12-де Сот күнін былай суреттеген: “Сонан соң мен үлкен ақ тақты және оның үстінде отырғанды көрдім. Жер мен аспан оның алдынан қашып кетті де, бұдан былай оларға орын табылмады. Сондай-ақ тақ алдында өлген адамдардың — ұлығы бар, кішігі бар — тұрғанын көрдім. Шиыршықтар ашылды. Сосын тағы бір шиыршық ашылды, бұл — өмір шиыршығы. Сол шиыршықтарда жазылғандарға сай, өлгендер істеріне қарай сотталды”. Мұнда суреттелген Төреші кім?

Ехоба Құдай — адамзаттың ең жоғарғы Төрешісі. Алайда ол сот жүргізуді басқа біреуге тапсырған. Елшілердің істері 17:31-де елші Пауыл Құдайдың “бүкіл жержүзін әділдікпен соттайтын күнді белгілеп, сотты жүргізетін кісіні тағайындап қойғанын” айтқан. Бұл тағайындалған Төреші — қайта тірілген Иса Мәсіх (Жохан 5:22). Сот күні қашан басталады және қанша уақытқа созылады?

Аян кітабынан Сот күнінің Шайтанның жойылатын Армагеддон соғысынан кейін басталатыны көрінеді * (Аян 16:14, 16; 19:19—20:3). Армагеддоннан кейін Шайтан мен оның жын-перілері мың жылға түпсіз тұңғиыққа қамалатын болады. Сол уақытта 144 000 майланған мәсіхші Мәсіхпен бірге көктен төрелік жүргізеді және “1000 жыл патшалық етеді” (Аян 14:1—3; 20:1—4; Римдіктерге 8:17). Сот күні — небары 24 сағат болатын оқиға емес. Ол мың жылға созылады.

Сол мың жыл патшалық құрған кезінде, Иса Мәсіх “тірілерді де, өлілерді де соттайды” (Тімөтеге 2-хат 4:1). “Тірілер” Армагеддоннан аман өткен “ұлы жамағат” болмақ (Аян 7:9—17). Сонымен қатар елші Жохан сот “тағының алдында тұрған өлген адамдарды” да көрген. Иса уәде еткендей, “қабірдегілердің бәрі [Мәсіхтің] даусын естіп”, қайта тіріледі (Жохан 5:28, 29; Елшілердің істері 24:15). Бірақ олар қалай сотталады?

Елші Жоханның көрген аянына сай, “Шиыршықтар ашылып, сол шиыршықтарда жазылғандарға сай, өлгендер істеріне қарай сотталды” (Аян 20:12). Бұл шиыршықтарда адамдардың бұрынғы істері жазылған ба? Жоқ, адам өлгенге дейінгі істері үшін сотталмайды. Мұны біз қайдан білеміз? Киелі кітапта былай делінген: “өлген адам күнәсінан арылады” (Римдіктерге 6:7). Басқаша айтқанда, қайта тірілгенде, адамдар өмірге бейкүнә болып оралады. Сондықтан шиыршықтар Құдайдың кейінірек беретін талаптарын білдіретін болу керек. Мәңгі өмір сүру үшін Армагеддоннан аман өткендер де, қайта тірілгендер де Ехобаның бұйрықтарына мойынсұнулары керек, бұған мың жыл аралығында ашылуы мүмкін жаңа талаптар да кіреді. Демек, адамдар Сот күні, яғни мың жыл аралығында, істеген істеріне қарай сотталатын болады.

Сот күнінде миллиардтаған адам үшін Құдай еркін біліп, соған сай өмір сүруге алғаш рет мүмкіндік туады. Бұл — кең көлемде ағарту ісі жүреді деген сөз. Иә, “жердің тұрғындары әділдік жасауды үйренетін болады” (Ишая 26:9). Алайда Құдай еркіне сай өмір сүруге адамдардың бәрі ықыласты болмайды. Ишая 26:10-да былай делінген: “Зұлымға ықылас түсірілсе де, ол әділдік жасауды үйренбейді. Ол турашылдар жерінде де зұлымдық жасайды, әрі Ехобаның ұлылығын көрмейді”. Мұндай зұлым адамдар Сот күнінің аралығында біржола жойылатын болады (Ишая 65:20).

Сот күнінің аяғына таман аман қалғандар толықтай “тіріледі”, яғни Адам мен Хауа жоғалтқан кемелділікке жетеді (Аян 20:5; Қорынттықтарға 1-хат 15:24—28). Сосын, соңғы сынақ болады. Шайтан құрсаудан босатылып, тағы да әрі соңғы рет адамзатты жолдан тайдыруға тырысатын болады (Аян 20:3, 7—10). Оның азғыруына берілмегендер Киелі кітаптағы келесі уәденің толықтай орындалғанын көрмек: “Әділдер жерді мұра етеді, онда мәңгі-бақи өмір сүреді” (Зәбүр 37:29). Иә, Сот күні адал болғандардың бәріне зор бата төгілмек!

^ 1-абзац Армагеддонға қатысты көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етіңдер” кітабының 20-тарауынан қара.