Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ехоба Құдайыңды сүй!”

“Ехоба Құдайыңды сүй!”

“Ехоба Құдайыңды шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (МАТ. 22:37).

1. Құдай мен Ұлының арасындағы сүйіспеншілік неліктен арта берген?

ИСА МӘСІХ Әкесі екеуінің араларындағы қарым-қатынастың қаншалықты тығыз екенін көрсету үшін “Әкемді жақсы көремін” және “Әкесі Ұлын жақсы көреді” деп айтқан (Жох. 14:31; 5:20). Бұл таңғалдырарлық жайт емес, өйткені жерге келмес бұрын Иса ғасырлар бойы Құдайдың “сәулетшісі” болған (Нақ. с. 8:30). Иса Ехобамен бірге еңбек етіп, Әкесінің қасиеттері жайлы көп біле алды. Осылайша олардың екеуара сүйіспеншіліктері артқан үстіне арта берді.

2. а) Сүйіспеншілік дегеніміз не? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастыратын боламыз?

2 Сүйіспеншілік деген біреуге деген терең сезімді білдіреді. Бірде Дәуіт былай деп жырлады: “Уа, Жаратқан Ие, Сені сүйемін, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің” (Заб. 17:1). Осы сөздерден оның Құдайға деген терең сезімдерінің болғаны көрінеді. Ал Ехоба өзіне мойынсұнатын адамдарды жақсы көреді (Заңды қайталау 7:12, 13 оқы). Біз де бойымызда Дәуіттікіндей сезімдердің болғанын қалаймыз. Бірақ Құдайды көре алмасақ, оны сүю мүмкін бе? Ехобаны сүю деген не? Неліктен оны сүюіміз керек? Оған деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?

 НЕГЕ АДАМДАР ҚҰДАЙДЫ СҮЙЕ АЛАДЫ?

3, 4. Неге адамдар Құдайды сүйе алады?

3 “Құдай — Рух”, сондықтан біз оны көре алмаймыз (Жох. 4:24). Десе де біз Ехобаны сүйе аламыз әрі осы сүйіспеншілігімізді танытуға тиіс екеніміз Жазбаларда айтылған. Мысалы, Мұса исраилдіктерге: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!”— деген нұсқау берген (Заң. қ. 6:5).

4 Алайда адам баласының Құдайға деген терең сүйіспеншілігі болуы мүмкін бе? Иә, себебі ол бізді өзіне мұқтаж болатындай етіп жаратқан әрі сүйіспеншілігімізді танытуға қабілет берген. Егер осы рухани мұқтаждығымызды қанағаттандыра білсек, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз артады әрі бұл бізді бақытты етеді. Сондықтан да Иса: “Құдай жайлы білімге сусағандар бақытты, өйткені Көк патшалығы солардікі”,— деген (Мат. 5:3). Адамдардың туа біткен осы мұқтаждығы жайлы бір кітапта былай делінген: “Әрбір адамның жоғары Тұлғаны іздейтіні, оған сенетіндігі бізді тебірентіп, қайран қалдырып, қастерлі сезімге бөлеу керек” (К. Моррисон, “Адам жалғыз емес”).

5. Құдайды іздеп таба алатынымызды қайдан білеміз?

5 Құдайды іздейтін адамдар оны таба ала ма? Иә, өйткені оның өзі соны қалайды. Бұны елші Пауыл ежелгі Афиныдағы бір топ адамға айқын түсіндірген. Олар Афина әйел құдайына мінажат ету үшін ғибадатханаға жиналатын. Алайда Пауыл дүниені және сондағының бәрін жаратқан Құдай “адам қолымен соғылған ғибадатханаларда тұрмайтынын” айтты. Сосын ол былай деп қосты: “Бүкіл жер бетін мекендесін деп, ол бір адамнан күллі халықтарды шығарды әрі олар тұратын жерлердің шегін және мерзімдерді белгілеп қойды. Құдай мұны адамдар өзін іздесін әрі сезініп, тауып алсын деп істеді. Бірақ шындығында ол әрқайсымыздан алыс емес” (Ел. іс. 17:24—27). Осыдан көрінетіндей, адамдар Құдайды таба алады. Бүгінде жеті жарым миллионнан астам адам Ехобаны іздеп тапты әрі оны шын жүректен жақсы көреді.

ҚҰДАЙДЫ СҮЮ ДЕГЕН НЕ?

6. Иса қай өсиетті “ең басты” деп атады?

6 Біз Құдайды қаншалықты қатты жақсы көруіміз керек? Бұны Исаның бір парызшылға айтқан сөздерінен көруге болады. Парызшыл: “Ұстаз, Мұса заңындағы ең басты өсиет қайсысы?”— деп сұрағанда, ол былай деп жауап берді: “Ехоба Құдайыңды шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Мат. 22:34—38).

7. Құдайды а) “шын жүректен” ә) “бүкіл жан-тәнімізбен” б) “барлық ақыл-ойымызбен” сүю деген нені білдіреді?

7 Құдайды “шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй” деуімен Иса не айтқысы келді? “Шын жүректен” дегенде ол шынайы сезімдерімізге, қалауларымыз бен эмоцияларымызға нұсқаған. “Бүкіл жан-тәніміз” ішкі болмысымыз бен іс-әрекеттерімізді қамтиды. Ал “барлық ақыл-ойымызға” қалай және не туралы ойланатынымыз жатады. Демек, біз Ехобаны еш қалтқысыз, өзіміздегінің бәрімен сүюіміз керек.

8. Құдайды еш қалтқысыз сүйгеніміз бізді не істеуге талпындырады?

8 Егер Құдайды еш қалтқысыз сүйсек, біз оның Сөзін үзбей оқимыз, еркін бар ықыласпен орындаймыз әрі Патшалық туралы ізгі хабарды құлшыныспен жариялаймыз (Мат. 24:14; Рим. 12:1, 2). Ал осының бәрі онымен қарым-қатынасымызды одан сайын нығайтады (Жақ. 4:8). Әрине, Құдайды жақсы көруіміз керектігінің себептерін тізе берсек, оларды айтып біту мүмкін емес. Десе де қазір солардың кейбірін қарастырып көрейік.

ҚҰДАЙДЫ НЕЛІКТЕН СҮЮІМІЗ КЕРЕК?

9. Сен Ехобаны неліктен жақсы көресің?

9 Ехоба — Жаратушымыз әрі Қамқоршымыз. Елші Пауыл Ехоба туралы былай деп жазған: “Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз” (Ел. іс. 17:28). Иә, Ехоба бізге Жер атты ғажап үй берді (Заб. 113:24). Онымен қатар азық-түлік пен өмір сүруімізге қажетті басқа да нәрселермен қамтамасыз етіп жатыр. Сондықтан да Пауыл пұтқа табынған Листра тұрғындарына былай деп айтты: “Тірі Құдай... игі істерімен өзі жайлы куәлік беруін тоқтатпады: аспаннан жауын жаудырып, мезгілімен мол өнім берді және көл-көсір ас-су сыйлап, жүректеріңді қуанышқа толтырып келеді” (Ел. іс. 14:15—17). Бұл Ұлы Жаратушымыз әрі Қамқоршымыз Ехобаны жақсы көруге келелі себеп емес пе?! (Уағ. 12:1).

10. Құдайдың күнә мен өлімнен азат ету үшін жасаған шарасы бізге қалай әсер етеді?

10 Құдай Адам атадан мұра еткен күнә мен өлімнен азат болуды мүмкін етті (Рим. 5:12). Иә, “Құдай бізге сүйіспеншілігін көрсетіп, әлі де күнәкар болғанымызда” Мәсіхті біз үшін құрбан етті (Рим. 5:8). Егер шын жүректен өкініп, Исаның төлем құрбандығына сенсек, Ехоба күнәларымызды кешіреді. Өз Ұлын адамзат үшін құрбандыққа бергені жүрегімізді қалайша сүйіспеншілікке толтырады десеңші! (Жох. 3:16).

11, 12. Ехоба бізге қандай үміт сыйлады?

11 Ехоба мәңгі өмір сүру үмітін берді (Рим. 15:13). Осы үміт бізге сын сағаттарда сенімімізде берік болып қалуға көмектеседі. Соңғы демі біткенше адалдығын сақтаған майланған бауырластар көкте мәңгі өмір сүретін болады (Аян 2:10). Ал жерде өмір сүруге үміті бар адал жандар күллі жерде орнайтын жұмақта ғұмыр кешеді (Лұқа 23:43). Осындай үміт бізге қандай сезімдер сыйлайды? Ехобаның “игі де кемелді” сыйлары оған деген сүйіспеншілігімізді арттырады әрі жан дүниемізді қуаныш пен тыныштыққа бөлейді! (Жақ. 1:17).

12 Құдай жүрекке жылу беретін қайта тірілу үмітін сыйлады (Ел. іс. 24:15). Сүйікті жандарымыздың өмірден өткені қабырғамызды қайыстыратыны рас, алайда біз “үміті жоқ басқалар сияқты қайғырмаймыз” (Сал. 1-х. 4:13). Себебі сүюші Ехоба Құдай өлгендерді, әсіресе Әйүп сияқты адал жандарды қайта тірілтуді қатты аңсайды әрі соны жүзеге асырады (Әйүп 14:15). Сол уақыт келгенде, көз жұмғандар өмірге қайта оралып, жақындарымен қауышып жатқанын көз алдыңа елестетіп көрші. Бұл неткен қуанышты кезең болады десеңші! Иә, осындай ғажайып үміт берген көктегі Әкемізді сүймеу мүмкін емес.

13. Құдайдың қамымызды ойлайтыны неден көрінеді?

13 Ехоба қамымызды ойлайды (Забур 33:7, 19, 20; Петірдің 1-хаты 5:6, 7 оқы). Сүйіспеншілікке толы Ехоба Құдай адал қызметшілеріне көмекке келуге әрқашан дайын. Сондықтан үрейлі дүниеде өмір сүрсек те, оның отарында өзімізді қауіпсіз сезінеміз (Заб. 78:13). Ал болашақта Ехоба Мәсіх Патшалығы арқылы жер бетін қатыгездік, қанаушылық пен зұлымдықтан тазартады. Сол кезде әділ адамдар мәңгілік бойы тыныштықта ғұмыр кешіп, молшылыққа кенеледі (Заб. 71:7, 12—14, 16). Келешекте болатын осы оқиғалар да қамқоршы Құдайымыз Ехобаны шын жүректен, бүкіл жан-тәнімізбен, бар күш-қуатымызбен және барлық ақыл-ойымызбен сүюге салмақты негіз береді емес пе?! (Лұқа 10:27).

14. Ехоба бізге қандай құнды мәртебе берді?

14 Ехоба бізге өзінің Куәгері болу мәртебесін сыйлады (Ишая 43:10—12). Құдай бізге бүкіләлемдік билігін қолдауға және адамдарға шынайы үміт беретін хабармен бөлісуге  мүмкіндік берді. Біз осы хабарды нық сеніммен жариялаймыз, өйткені ол уәделерін әрқашан орындайтын шынайы Құдайдың Сөзіне негізделген (Ешуа 21:45; 23:14 оқы). Бұл да бізді Ехобаны жақсы көруге талпындырады. Рас, Ехобаны сүюдің себептерін келтіре берсек, түбіне жете алмаймыз. Ендеше, бізге оны сүйетінімізді қалай көрсетуге болады?

ҚҰДАЙДЫ СҮЙЕТІНІМІЗДІ ҚАЛАЙ КӨРСЕТЕ АЛАМЫЗ?

15. Құдай Сөзін мұқият зерттеп, өмірде қолданғанымыздың қандай пайдасы бар?

15 Құдай Сөзін жіті зерттеп, өміріңде қолдан. Осылай істегеніміз Ехобаны жақсы көретінімізді және оның “сөздері қадамдарымызды жарқыратқанын” қалайтынымызды көрсетеді (Заб. 118:105). Қиындыққа тап болсақ, келесі сөздер біз үшін жұбаныш бола алады: “Жаралы, күйзелген жүрекке, уа, Құдайым, сен теріс қарамайсың”. “Сенің мейірімің болды сүйеніш маған. Уайым-қайғы кернегенде менің жүрегімді, Сенің жұбанышың жадыратты көңілімді” (Заб. 51:17 ЖД; 93:18, 19). Адамдардың жапа шегіп жүргенін көргенде, Ехоба мен Исаның жаны ашиды (Ишая 49:13; Мат. 15:32). Киелі кітапты зерттеп, Ехобаның терең сүйіспеншілігін сезінгенде, біз де оған сүйіспеншілік көрсетуге талпынамыз.

16. Ұдайы дұға еткеніміз Ехобаны одан сайын жақсы көруге қалай көмектеседі?

16 Ұдайы дұға ет. Құдайға дұға етіп, оның жауап беріп жатқанын көргенде, оған деген сүйіспеншілігіміз одан сайын күшейе түседі (Заб. 64:3). Мысалы, Ехобаның шамадан тыс сыналуымызға жол бермейтініне көзіміз жетуі мүмкін (Қор. 1-х. 10:13). Ал сары уайым иықтан басқанда жалбарына дұға етсек, Құдайдан ғана келетін “адам ақылынан асқан тыныштықты” сезіне аламыз (Філіп. 4:6, 7). Кейде Нехемия сияқты Құдайға іштей ғана сиынып, өтінішімізге жауап бергенін көруіміз мүмкін (Нех. 2:1—6). Иә, “ұдайы дұға” етіп, Ехобаның тілегімізді жауапсыз қалдырмағанын байқаған сайын, оған деген сүйіспеншілігіміз артады әрі алдағы сынақтарда да бізбен бірге болатынына сенімділігіміз бекемдене түседі (Рим. 12:12).

17. Құдайды шынымен сүйетін адам қауым кездесулеріне қалай қарайды?

 17 Қауым кездесулері мен конгрестерді қалдырмауды әдетке айналдыр (Евр. 10:24, 25). Ежелде исраилдіктер Құдайға терең құрмет көрсетуді және заңдарына мойынсұнуды үйрену үшін бірге бас қосып, ол жайлы білім алған (Заң. қ. 31:12). Құдайды шынымен сүйсек, қауым кездесулері бізге ауыр жүк болмайды (Жоханның 1-хаты 5:3 оқы). Ендеше қауым кездесулеріне ешқашан жеңіл-желпі қарамайық. Өйткені біз әлдененің алғаш сүйіспеншілігімізді суытып жіберуіне жол бергіміз келмейді ғой! (Аян 2:4).

18. Құдайды сүйгеніміз бізді тағы не істеуге талпындырады?

18 “Ізгі хабардың шындығын” құлшына уағызда (Ғал. 2:5). Құдайды жақсы көргеніміз бойымызда Құдай Патшалығы жайлы уағыздауға ықылас оятады. Патшалықтың Патшасы Иса Мәсіх Армагеддонда Ехобаның бүкіләлемдік билігін қорғау үшін аттанады (Заб. 44:5; Аян 16:14, 16). Құдайдың сүйіспеншілігі мен керемет жаңа дүние туралы адамдарға айтып, шәкірт дайындау ісіне атсалысу бізге нағыз қуаныш алып келеді емес пе?! (Мат. 28:19, 20).

19. Қауым ақсақалдарын неліктен бағалауымыз керек?

19 Қауым ақсақалдарын бағалайтыныңды көрсет (Ел. іс. 20:28). Ехоба қамымызды ойлағандықтан, бізге ақсақалдарды сыйлады. Олар “желден қорғайтын панадай, дауылдан бас сауғалайтын қорғаныштай”, “құла түзде ағып жатқан өзенге, әрі кеуіп шөліркеген даладағы дәу жартастың саясына ұқсайды” (Ишая 32:1, 2). Дауыл соққанда не нөсерлі жаңбыр жауғанда бір жерден пана тапсақ, өзімізді қауіпсіздікте сезінеміз ғой. Я болмаса күн шыжығанда әлдененің көлеңкесінде сая тапсақ, жанымыз бір жадырап қалады емес пе?! Тура осылай ақсақалдарымыз қажет кезде бізге рухани көмек беріп, жанымызды сергітеді. Жетекшілікті қолға алған бауырластарға мойынсұну арқылы біз “сый ретінде” берілген осы ер бауырластарды бағалайтынымызды әрі Құдай мен қауымның Басы Иса Мәсіхті жақсы көретінімізді дәлелдейміз (Ефес. 4:8; 5:23; Евр. 13:17).

Ехоба бізге қамымызды шын жүректен ойлайтын ақсақалдарды берді (19-абзацты қара)

 

ҚҰДАЙҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІҢДІ АРТТЫРА БЕР

20. Ехобаны сүйсек, Жақып 1:22—25 сөздер бізге қалай әсер етеді?

20 Ехобамен арақатынасымыз тығыз болса, біз ұмытшақ тыңдаушы емес, оның сөзін “жүзеге асырушы” боламыз (Жақып 1:22—25 оқы). Ал “жүзеге асырушы” адам екеніміз уағыз ісін құлшына атқару, қауым кездесулерінде атсалысу сияқты әрекеттерден көрінеді. Ехобаны шын жүректен сүйсек, біз оның “кемелді заңына”, яғни оның барлық талаптарын қамтитын заңға мойынсұнамыз (Заб. 18:8—12).

21. Шын көңілден шыққан дұғаларымыз не сияқты?

21 Ехобаға деген сүйіспеншілік сондай-ақ бізді үнемі шын көңілден дұға етуге талпындырады. Өз дұғасын күн сайын түтетілетін хош иісті тартуға теңеп, Дәуіт патша былай деп жырлаған: “Дұғам алдыңа жетсін жұпар тартудай, Саған қол жайғаным кешкі құрбандықтай” (Заб. 140:2; Мыс. ш. 30:7, 8). Ехоба Дәуіттің дұғасына құлақ асқан. Ендеше, біздің де кішіпейлділікпен айтқан өтініштеріміз, жүректен шыққан жалбарыныштарымыз, мадақ пен ризашылық сөздеріміз Құдайға ұнамды болған хош иісті заттардай болғай! (Аян 5:8).

22. Келесіде нені талқылаймыз?

22 Құдайды жақсы көруіміз керектігін айта келе, Иса жақындарымызды да сүю қажет екенін айтқан (Мат. 22:37—39). Осы мәселеде Ехоба мен оның принциптерін сүйгеніміз бізге қалай көмектесе алады? Бұны келесі мақаладан білеміз.