Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Адамдардың әлсіз тұстарына Ехоба сияқты қарайсың ба?

Адамдардың әлсіз тұстарына Ехоба сияқты қарайсың ба?

“Дененің әлсіздеу болып көрінетін мүшелері шын мәнінде қажет” (ҚОР. 1-Х. 12:22).

1, 2. Не себепті Пауыл әлсіздерді түсіне білген?

ҚАЙ-ҚАЙСЫМЫЗ да әлсіз күйде болудың не екенін жақсы білеміз. Мысалы, тұмауратқанда не аллергияға шалдыққанда, күшіміз сарқылып, күнделікті істермен айналыса алмай қаламыз. Енді өзіңді осындай әлсіз күйде бір-екі апта емес, айлап жүргеніңді елестетіп көрші. Мұндайда басқалардың саған жаны ашып, жағдайыңды түсінгенін қалар едің ғой.

2 Сырттан да, қауымның ішінен де талай қысым көрген елші Пауыл әлсіздік дегеннің не екенін білген. Ол бір емес, бірнеше рет шамасы біткендей сезінген (Қор. 2-х. 1:8; 7:5). Өз басынан өткізген талай қиындықтарды есіне ала отырып, ол былай деген: “Біреу әлсіз болса, мен де өзімді әлсіз сезінбеймін бе?” (Қор. 2-х. 11:29). Бірде ол мәсіхшілер қауымын адамның денесімен салыстырып, араларындағы “әлсіздеу болып көрінетін мүшелері шын мәнінде қажет” екенін айтты (Қор. 1-х. 12:22). Осы сөздерімен ол не айтқысы келді? Неліктен біз әлсіз болып көрінетіндерге Ехобаның көзімен қарауымыз керек? Осылай істегеніміздің өзімізге қандай пайдасы бар?

 ЕХОБА АДАМДАРДЫҢ ӘЛСІЗДІКТЕРІНЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

3. Көмекке мұқтаж бауырластарға қатысты көзқарасымызға не әсер етуі мүмкін?

3 Бақталастық дендеп кеткен осы заманда адамдар дегеніне жету үшін дәрменсіз, әлсіз жандарды таптап өтуден тайынбайды. Олардың ойынша, жалындаған жастық пен күш-қайрат — табысқа жеткізетін кепілдік. Абайламасақ, осы дүниелік көзқарас бізге де жұғып кетуі мүмкін. Сөйтіп, көмекке мұқтаж адамдарға, тіпті бауырластарымызға бұрыс көзқарас дамытып кетуіміз ықтимал. Ендеше қауымның әр мүшесіне Ехоба сияқты қарау үшін не істей аламыз?

4, 5. а) Пауылдың адам денесі жайлы мысалы Ехобаның әрқайсымызға деген көзқарасын түсінуге қалай көмектеседі? ә) Әлсіздерге көмектесудің қандай пайдасы бар?

4 Ехобаның адамның әлсіздіктеріне қалай қарайтынын біз елші Пауылдың Қорынттағы бауырластарға жазған бірінші хатындағы мысалдан көреміз. Сол хаттың 12-тарауында Пауыл адамның ең әлсіз не ең қажетсіз болып көрінетін дене мүшелерінің әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметі бар екенін айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 12:12, 18, 21, 22 оқы). Алайда кейбір эволюционистердің ойынша, дененің біраз мүшесі адамға аса қажет емес *. Бірақ анатомияны зерттеу барысында бір кездері қажетсіз саналған мүшелердің аса маңызды қызмет атқаратыны анықталды. Солардың бірі — аяғымыздағы кішкентай бармақ. Кейбіреулер оның маңыздылығын сынға алған болатын. Бірақ уақыт өте келе осы бармақтың арқасында адам тепе-теңдікті сақтай алатыны белгілі болды.

5 Пауылдың мысалынан қауымның әр мүшесі маңызды екені анық көрінеді. Шайтан адамдардың қадірін түсіріп, Ехоба олардың қамын ойламайды дегенге сендіруге тырысып бағады (Әйүп 4:18, 19). Ал Құдайымыз Ехоба барлық қызметшілерін, тіпті әлсіз болып көрінетіндерін де бағалап, қажет деп қарастырады. Осыны түсінгеніміз өзімізді қауымда керек сезінуге әрі дүниежүзілік ұйымның бір бөлігі екенімізді ұмытпауға көмектеседі. Мысалы, көмекке мұқтаж қарияны қолтығынан демеп, сүйеніш болған кезің есіңде болар. Бәлкім, оған ыңғайлы болу үшін саған баяу жүруге тура келген шығар. Сол кісіге көмектескенде, басқаларға пайдаң тиіп жатқанын көріп, қуанып қалған шығарсың. Иә, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын бергенде, біз бақытқа бөленеміз, шыдамдылығымыз бен сүйіспеншілігіміз де артады әрі рухани толыса түсеміз (Ефес. 4:15, 16). Ехоба әр бауырласты, тіпті әлсіз болып көрінетіндерді де қауымның маңызды мүшесі деп қарастырғанымызды қалайды. Осындай көзқараста болсақ, біз бауырластардан көпті талап етпейміз әрі қауымның сүйіспеншілігі арта түседі.

6. Пауыл “әлсіз” және “сенімі берік” деген сөздерді не үшін қолданған?

6 Пауыл Қорынттағы бауырластарға хат жазғанда “әлсіз”, “күш-қуатсыз” деген сөздерді қолданған. Ол бұл сөздерді сол заманда Құдайға сенбейтін адамдардың мәсіхшілерге деген көзқарасын және кейде өзін қалай сезінетінін айту үшін жазған (Қор. 1-х. 1:26, 27; 2:3). Ал кейбір бауырластар жайлы ол “сенімі берік” деп айтқан. Әрине, бұлай деуімен Пауыл олардың басқалардан жоғары екенін көрсеткісі келмеген (Рим. 15:1). Ол шындықта мол тәжірибе жинақтаған әлділердің шындықта әлі нық орнықпаған әлсіздерге шыдамды болу керектігін айтқысы келді.

КӨЗҚАРАСЫҢДЫ ӨЗГЕРТУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕСІҢ БЕ?

7. Мұқтаж жандарға көмектесуге не кедергі болуы мүмкін?

7 Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын бергенде, біз Ехобаға еліктеп қана қоймай,  сондай-ақ оның мақұлдауына да ие боламыз (Заб. 40:2; Ефес. 5:1). Бірақ адам өз қиындығын өзі шешу керек деген теріс көзқарас бізді етектен тартып, қол ұшын беруге кедергі жасауы мүмкін. Кейде айтарға сөз таппағандықтан өзімізді ыңғайсыз сезініп, көмекке мұқтаж бауырластардан бойымызды алшақ ұстауымыз ықтимал. Күйеуі тастап кеткен Әлия * есімді бауырлас былай деп бөліседі: “Бауырластар сенен қашқақтап, жақын дос ретінде көмекке келмесе, бұл жаныңды жаралауы мүмкін. Қиын күндерді бастан өткергенде жаныңнан біреудің табылғанын қалайсың”. Кезінде достары тастап кеткен Дәуітке осындай сезімдер таныс болған (Заб. 30:13).

8. Анағұрлым жанашыр болуға не көмектеседі?

8 Кейбір аяулы бауырластарымыздың әлсіреп кетуіне денсаулықтарының нашарлауы, отбасының бір дінді ұстанбауы, жан күйзелісі сияқты жағдайлар себеп болғанын ұмытпасақ, оларға анағұрлым жанашыр бола аламыз. Кім біледі, күндердің күнінде өзіміз де сондай жағдайға тап болып қалуымыз мүмкін ғой. Исраилдіктер Уәде етілген жердің табалдырығында тұрғанда, Ехоба олардың Мысырда кедей және әлсіз болғандарын есіне салып, былай деп ескертті: “Мұқтаждыққа тап болған бейшара бауырласың болса, онда оған жүректеріңді қасарыстырмаңдар”. Иә, Ехоба олардың кедейлерге түкке тұрғысыз адамдар деп емес, жәрдемге мұқтаж жандар деп қарағанын қалады (Заң. қ. 15:7, 11; Леу. 25:35—38).

9. Бауырластар қиын жағдайға ұшыраса, біз бірінші кезекте не істеуіміз керек? Мысал келтір.

9 Айыпшыл немесе секемшіл болғанның орнына, қиын жағдайға душар болғандарға рухани жағынан көмек берейік (Әйүп 33:6, 7; Мат. 7:1). Мысалы, мотоцикл жүргізушісі жол апатынан қатты жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді делік. Дәрігерлер мен медбикелер бұл апатта кімнің кінәлі екенін анықтап, уақыттарын жоғалтар ма еді? Әрине, жоқ. Олардың тез арада медициналық көмек көрсететіні айтпаса да түсінікті. Дәл солай бауырластарымыз қандай да бір жағдайдың салдарынан әлсіреп қалса, бірінші кезекте оларға рухани жағынан көмек көрсетуіміз керек (Салоникалықтарға 1-хат 5:14 оқы).

10. Бір қарағанда әлсіз болып көрінетін бауырластар қалайша “сенімге бай” болуы мүмкін?

10 Бір сәтке тоқтап, әлсіз болып көрінетін бауырластарымыздың жағдайы жайлы ойланатын болсақ, оларға басқа көзбен қарайтын боламыз. Көп жылдан бері отбасының тарапынан қарсылық көріп, төзіп жүрген әйел бауырласқа қаншалықты қиын екенін елестетіп көрші. Ал бала-шағасын асырау үшін тер төге жұмыс істеп, оған қоса қауымды қалдырмай жүрген жалғызбасты ана жайлы не деуге болады? Мектептегі қысымға бой бермей, шындықта нық тұрған оқушы бауырластарымыз туралы ше? Олардың әрбіреуінің жүрегінде Ехобаға деген сүйіспеншілік бар, әрі олар адал болуға бел байлаған. Ехобаға қызмет ету үшін істеп жатқан таудай істері жайлы ой жүгіртсек, бір қарағанда әлсіз болып көрінетін олар шын мәнінде “сенімге бай” екенін түсінеміз (Жақ. 2:5).

КӨЗҚАРАСЫҢ ЕХОБАНІКІНДЕЙ БОЛСЫН

11, 12. а) Адамдардың әлсіздіктеріне қатысты көзқарасымызды өзгертуге не көмектеседі? ә) Ехобаның Харонға танытқан көзқарасынан не үйренуге болады?

11 Бауырластарымыздың әлсіздіктеріне қатысты көзқарасымызды түзетуге Ехобаның ежелдегі қызметшілеріне танытқан көзқарасы көмек бола алады (Забур 129:3 оқы). Көз алдыңа ежелгі заманда жүргеніңді елестетіп көрші. Сен Мұсамен бірге алтын бұзауды неліктен жасағанын түсіндіріп, ақталып жатқан Харонды тыңдап тұрсың делік. Харон жайлы қандай ойда болар едің? (Мыс. ш. 32:21—24). Әпкесі Мәриямның ықпалында кеткен Харонның Мұсаны  жатжерлік әйелге үйленгені үшін айыптап жатқанын естіп қалсаң, Харон жайлы не ойлар едің? (Ру. сан. 12:1, 2). Ал Мұса екеуі жартастан керемет түрде су ағызғаны үшін Ехобаға емес, өздеріне атақ әкелгенін көргенде, қандай сезімде болар едің? (Ру. сан. 20:10—13).

12 Ехобаның осы үш жағдайда да Харонды бірден жазалауына болар еді. Бірақ Ехоба әлсіздік танытқан Харонның негізінде жаман адам емес екенін білген. Оның дұрыс бағыттан ауытқып кетуіне басқалардың ықпалы мен қиын жағдайға түсіп қалғаны себеп болғанға ұқсайды. Бірақ ол қателіктерін мойындап, Ехобаның түзетуін қабылдады (Мыс. ш. 32:26; Ру. сан. 12:11; 20:23—27). Осы жағдайларда Ехоба Харонның қателіктеріне емес, сенімі мен өкінішіне назар аударды. Сондықтан бірнеше ғасыр өткеннен кейін де Харон мен оның ұрпақтары Ехобаның адал қызметшілері ретінде танымал болған (Заб. 113:18—20; 134:19, 20).

13. Адамдардың әлсіздіктеріне қатысты көзқарасымызды қалай тексеруге болады?

13 Көзқарасымыз Ехобанікіндей болу үшін бізге әлсіз болып көрінетін адамдарға қалай қарайтынымызды тексеріп көру керек (Пат. 1-ж. 16:7). Мысалы, жасөспірім көңіл көтеру түрлерін таңдауға жеңіл-желпі қараса, оған қатысты ойың қандай болар еді? Тым сыншыл болудың орнына, дұрыс таңдау жасауға қалай көмектесе алатынымыз жайлы неге ойланып көрмеске? Мұқтаждарға көмектесуде бірінші болып қадам жасайтын болсақ, біздің түсінігіміз де, сүйіспеншілігіміз де молая түседі.

14, 15. а) Ілияс неліктен батылдығынан айырылып қалды? ә) Ехоба оған қалай қарап, қандай көмек көрсетті? б) Бұл оқиғадан не нәрсеге үйренеміз?

14 Рухы күйреген қызметшілерге деген Ехобаның көзқарасын өзіміздің көзқарасымызбен салыстырғанымыз жаны күйзелгендердің жағдайына біржақты емес, жан-жақты қарауға көмектеседі.  Жаны күйзелген қызметшілердің бірі Ілияс пайғамбар болған. Бағалға табынатын 450 пайғамбарға тайсалмай қарсы тұра алған ол Езабел патшайымның оны өлтіргелі жатқанын білгенде, қорқып қашып кеткен еді. Бер-Шеба қаласына қарай 150 шақырым жүргеннен кейін, ол шөл далаға келіп жетеді. Шыжыған күннің астында жүріп, әбден қалжыраған ол талдың астына отыра кетіп, Құдайдан өлім тілей бастады (Пат. 3-ж. 18:19; 19:1—4).

Ехоба Ілиястың шамасы шектеулі екенін ескеріп, оны жігерлендіру үшін періштені жіберді (14, 15–абзацтарды қара)

15 Жоғарыдан қарап тұрған Ехоба адал қызметшісінің қалжыраған күйін көргенде не сезінді екен? Ұнжырғасы түсіп, бір сәтке батылдығынан айырылған Ілиястан Ехоба бас тартты ма? Әрине, жоқ. Ехоба Ілиястың шамасы шектеулі екенін ескеріп, оны жігерлендіру үшін періштесін жіберді. Періште болса оны екі рет тамақтандырды. Осының арқасында Ілиястың алда күтіп тұрған сапарға әл-қуаты жетті (Патшалықтар 3-жазба 19:5—8 оқы). Иә, Ехоба қандай да бір тапсырма бермес бұрын оны тыңдады әрі қажетті көмек берді.

16, 17. Ехобаға еліктеп, бауырластарымызға қалай көмектесе аламыз?

16 Біз қамқор Құдайымыз Ехобаға қалай еліктей аламыз? Бауырласымыз мұңын шаққанда, бірден ақыл айтудан аулақ болуымыз керек (Нақ. с. 18:13). Қайта, оны алдымен тыңдап алып, жанашырлық танытайық, себебі қиын жағдайдың кесірінен ол өзін онсыз да түкке тұрғысыз сезінуі мүмкін (Қор. 1-х. 12:23). Осылай істесек қана біз оның не нәрсеге мұқтаж екенін түсініп, оған қажетті көмек көрсете аламыз.

17 Жоғарыда келтірілген Әлия бауырласымызбен болған жағдайға қайта оралайық. Күйеуі оны екі қызымен бірге тастап кеткенде, олар өздерін жапанда жалғыз қалғандай сезінді. Осындай қиын уақытта қауымдағы бауырластар оларға қалай көмектесті? Әлия былай деп есіне алады: “Не болғанын білгеннен кейін, бауырластар 45 минуттың ішінде үйімізге келді. Олардың көздеріне жас үйіріліп тұрды. Алғашқы екі-үш күн олар бізді бір сәтке де жалғыз қалдырмады. Жанымыз жүдеп, еш тамақ батпағандықтан, бауырластар бізді үйлеріне алып кетті”. Бауырластардың осы әрекеті Жақыптың мына сөздерін еске салады емес пе? “Егер бір бауырлас киер киім мен күнделікті асқа зәру болып жүрсе, ал араларыңдағы біреу оған: “Аман-сау бол! Тоңба, қарның да ашпасын”,— деп, бірақ өміріне қажетті нәрселерді бермесе, бұдан не пайда? Сол сияқты, іс-әрекетсіз болса, сенім де өлі” (Жақ. 2:15—17). Қауымның уақтылы көрсеткен көмегінің арқасында Әлия мен екі қызының түсіп кеткен еңселері көтеріліп, небәрі алты айдан кейін олар қосалқы ізашар ретінде қызмет ете бастады (Қор. 2-х. 12:10).

КӨПКЕ ТИЕР ПАЙДАСЫ

18, 19. а) Уақытша әлсіз болып қалғандарға қалай көмектесе аламыз? ә) Біз әлсіздерге көмектескенде, оның пайдасын кімдер көреді?

18 Созылмалы дерттен айығу үшін біраз уақыт керек екені бәрімізге аян. Сол сияқты жасаған қателіктердің не ауыр жағдайдың салдарынан әлсіреп қалған бауырласқа рухани күш жинау үшін біраз уақыт керек болады. Рас, бауырласымыз жеке зерттеу жүргізу, дұға айту және басқа да рухани істерге атсалысу арқылы өз сенімін өзі нығайту керек. Десе де оған біздің көмегіміз қажет. Сондықтан аяққа тұрып кеткенше оған шыдаммен қарайық. Сондай-ақ сүйіспеншілік танытып, қауымның бағалы мүшесі екенін сезінуге көмектесейік (Қор. 2-х. 8:8).

19 Бауырластарға көмектескенде, біз өзіміз қуанышқа кенелеміз, шыдамды да жанашыр болуды үйренеміз. Бұған қоса, бүкіл қауымнан жылулық пен сүйіспеншіліктің лебі есіп тұрады. Ал ең маңыздысы, біз әр қызметшісін асылға балайтын Ехобаға еліктейміз. Иә, “әлсіздерге жәрдем беруге” бәрімізде де келелі себептер жетіп артылады (Ел. іс. 20:35).

^ абзац 4 Чарльз Дарвин “Адамның шығу тегі” атты кітабында біраз дене мүшелерін “қажетсіз” деп сипаттаған. Ал оның жақтаушыларының бірі болса адамның денесіндегі соқырішек пен айырша без (тимус) сияқты кейбір мүшелер “толық жетілмеген қалдық мүшелер” деп ойлаған.

^ абзац 7 Есімі өзгертілген.