Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Мәсіхшілерге кремация жасауға бола ма?

Жазбаларда кремация * жасауға болмайтынына қатысты ештеңе айтылмаған.

Киелі кітапта өлген адамдардың денелері не сүйектері өртелгені туралы оқиғалар кездеседі (Ешуа 7:25; Шеж. 2-ж. 34:4, 5). Бәлкім, біз мәйіттері өртелген бұл адамдар жерленуге лайықсыз болған деп тұжырымдайтын шығармыз. Алайда кремацияның жасалғаны өлген адамның жерленуге лайықсыз болғанын білдіре бермейді.

Біз мұны Саулмен және оның үш ұлымен болған оқиғадан біле аламыз. Олардың төртеуі де філістірлермен соғыс кезінде қаза тапқан. Олардың бірі Дәуіттің жақын досы әрі адал қолдаушысы Жонатан болатын. Ябес-Ғалақатта тұратын батыл исраилдіктер осы жайтты білгенде, төртеуінің денелерін алдыртып, өртеген, сосын олардың сүйектерін жерлеген. Кейін Дәуіт жасаған істері үшін осы исраилдіктерге ризашылық білдірген (Пат. 1-ж. 31:2, 8—13; Пат. 2-ж. 2:4—6).

Киелі кітапта өмірден өткендер үшін қайта тірілу үмітінің бар екені, яғни өлген адамның өмірге қайта оралатыны жазылған. Өлген адамның мәйіті кремацияланған болсын-болмасын, Ехобаның ол адамды жаңа денемен қайта тірілтуге құдіреті жетеді. Набуходоносор патшаның әмірімен лаулап жанып тұрған пешке лақтырылған үш еврей жігіті өртеніп кетсек, Ехоба бізді тірілте алмайды деп қорықпаған (Дан. 3:16—18). Нацистердің концлагерінде қаза болып, кремацияланған Ехобаның адал қызметшілерінде де мұндай қорқыныш болмаған. Сондай-ақ Құдайдың көптеген адал қызметшілері жарылыс кезінде қайтыс болған не олар денелерінің қалдықтары табылмайтындай басқа да жолдармен қаза тапқан. Алайда олардың қайта тірілетіні анық (Аян 20:13).

Адамды қайта тірілту үшін Ехоба оның бұрынғы денесін қажет етпейді. Мысалы, бұл майланған мәсіхшілердің көктегі өмірге қалай қайта тірілетінінен көрінеді. “Рухани денемен тірілген” Иса сияқты, майланған мәсіхшілер де көктегі өмірге өздерінің бұрынғы болмыстарымен, бірақ рухани денемен қайта тіріледі. Олар көкке өздерінің бұрынғы тәндік денелерімен көтерілмейді (Пет. 1-х. 3:18; Қор. 1-х. 15:42—53; Жох. 1-х. 3:2).

Біздің қайта тірілуге деген үмітіміз өлген адамның денесімен не болғанына емес, Құдайдың қайта тірілте алатынына және уәдесін орындауды қалайтынына деген сенімімізге негізделеді (Ел. іс. 24:15). Әрине, біз Киелі кітап жазылған заманда Құдайдың қайта тірілту кереметін қалай жасағанын және болашақта қалай жасайтынын толық елестете алмаймыз. Бірақ біз Ехобаға сенім артамыз. Өйткені ол Исаны қайта тірілту арқылы бізге “кепілдік берді” (Ел. іс. 17:31; Лұқа 24:2, 3).

Мәсіхшілер өлген адамды жерлеуге не кремациялауға қатысты шешім қабылдағанда, қоғамда қалыптасқан рәсімді, жергілікті адамдардың көзқарасын және заңдағы талаптарды ескерулері қажет (Қор. 2-х. 6:3, 4). Сондықтан қайтыс болған жақындарының денесін кремациялай ма, жоқ па, бұл — әр адамның не отбасының қабылдайтын жеке шешімі.

^ абзац 3 Кремация дегеніміз — өлген адамның мәйітін өртеп, күлге айналдыру рәсімі. Әдетте бұл рәсім крематорийде жасалады.