Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Қандай музыка таңдаймын?

Қандай музыка таңдаймын?

“Мен күнімді музыкамен бастаймын. Көлігіме отыра салысымен музыканы қосамын. Демалғанда, үйді жинастырғанда, тіпті оқып отырғанда, барлық уақытта ән тыңдап жүремін” (Карла).

Сен де Карла сияқты музыка тыңдағанды жақсы көресің бе? Олай болса, осы мақаладан музыканың пайдалы және зиянды әсері туралы оқып, талғампаз болуды үйрене аласың.

 Пайдалы әсері

Музыканы тамақпен салыстыруға болады. Дұрыс түрін таңдап, шамасын біліп қолдансаң, ол сен үшін пайдалы болады. Мысалы:

  • Музыка көңіл күйіңді көтереді.

    “Күнім жаман өтіп жатса, сүйікті әнімді тыңдаймын, сонда көңілім бірден жайланады” (Марк).

  • Музыка жағымды сәттерді еске салады.

    “Белгілі бір әндерді тыңдағанда, өмірімдегі қызықты сәттер есіме түседі. Оларды тыңдаған сайын, өзімді сондай бақытты сезінемін” (Шейла).

  • Музыка адамдарды біріктіреді.

    “Ехоба куәгерлерінің халықаралық конгресінде қатысушылардың барлығы бірдей соңғы әнді айтқанда, көзіме жас үйірілді. Түрлі тілдерде сөйлесек те, әуен бізді біріктірді” (Тэми).

  • Музыка жақсы қасиеттер дамытуға көмектеседі.

    “Музыкалық аспапта ойнап үйрену бір сәттік іс емес. Шыңдала түсу үшін талмай жаттығу керек. Сондықтан өз-өзіңді тәртіпке салып, шыдамды болуға үйренесің” (Анна).

Білесің бе? Киелі кітаптың ең үлкен кітабы Зәбүр 150 жырдан тұрады.

Тамақты таңдап жейтінің сияқты, музыканы да таңдай біл

 Зиянды әсері

Музыканың кейбір түрі бұзылған тамақ сияқты. Одан адам уланып қалуы мүмкін. Қалайша?

  • Көп әндердің сөздері нәпсіні қоздырады.

    “Танымал әндердің барлығы дерлік жыныстық қатынас туралы. Бұл тақырып ашықтан-ашық айтыла беретін болған” (Ханна).

    Киелі кітапта былай делінген: “Араларыңда азғындық, әрқилы арам істер мен ашкөздіктің тіпті аты да аталмасын” (Ефестіктерге 5:3). “Тыңдайтын әндерім осы кеңеске сай жүріп-тұруыма кедергі жасамай ма?” деп ойланып көр.

  • Кейбір әндер көңілге мұң ұялатады.

    “Кейде түнде төсекте жатып, көңілді құлазытып, түңілдіріп жіберетін әндер тыңдаймын. Сонда санамды жағымсыз ойлар басады” (Тэми).

    Киелі кітапта былай делінген: “Бәрінен де бұрын сақта жүрегіңді” (Нақыл сөздер 4:23). “Мен көбінесе жағымсыз сезімдер оятатын әндер тыңдаймын ба?” деп ойланып көр.

  • Кейбір әндер адамды ашуға берілгіш етуі мүмкін.

    “Ашу-ыза, өз-өзіне деген жеккөрушілікті, өшпенділікті тудыратын әндердің бірден байқалмайтын әсері бар. Осындай әндерді тыңдаған соң көңіл-күйімнің қатты өзгеретінін байқадым. Мұны үйдегілер де байқады” (Джон).

    Киелі кітапта былай делінген: “Ал енді ашу, ызақорлық, жамандық, қорлық сөздер сияқты нәрсенің бәрінен арылыңдар. Ауыздарыңнан әдепсіз сөз де шықпасын” (Қолостықтарға 3:8). “Тыңдайтын әндерім мені ашуланшақ, тіпті басқалардың сезімдеріне немкетті болуға итермелей ме?” деп ойланып көр.

Сонымен ән тыңдағанда, талғампаз болған дұрыс. Джули есімді бір жасөспірім солай етуге тырысып жүр. Ол былай дейді: “Мен тыңдайтын әндерімді жиі тексеріп отырамын да, лайықсыз дегендерін өшіріп тастаймын. Бұл әрдайым оңай бола бермейді, бірақ осылай еткенім дұрыс екенін білемін”.

Талғампаз болуды үйреніп жүрген Тара есімді жас қыз былай дейді: “Кейде радиодан ырғағы күшті әндер қойылады, бірақ әннің сөздерін естігенде, басқа арнаға ауыстыруым керектігін түсінемін. Бұлай ету бір тістеп дәмін көрген тәтті торттан бас тартумен бірдей! Бірақ егер мен жыныстық қатынас туралы әннен бас тарта алсам, некеге дейін жыныстық қатынаста болудан да бас тарта аламын деп ойлаймын. Таңдаған музыкамның маған қалай әсер ететініне немқұрайды қарағым келмейді”.