Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Ашуымды қалай жеңсем болады?

Ашуымды қалай жеңсем болады?

 Тест

  •  Қаншалықты жиі ашуланасың?

    •  мүлдем

    •  анда-санда

    •  күнде

  •  Ашуың қаншалықты жаман?

    •  оншалықты емес

    •  ызам келеді

    •  қаным қайнап кетеді

  •  Көбінесе кімдерге ашуланасың?

    •  ата-анама

    •  бауырларыма

    •  достарыма

 Өз-өзіңді ұстау қиын екенін байқасаң, онда бұл мақала саған арналады. Алдымен, біреу сені ашуландырғанда, неге сабыр сақтау керектігінің бірнеше себебін қарастырайық.

 Не үшін маңызды?

 Денсаулығың. Құдай Сөзінде: “Жүректегі тыныштық тәнге шипа болар”,— делінген (Нақыл сөздер 14:30). Ал ашу-ыза жайында медициналық бір журналда: “Ашушаңдық жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларына алып келеді”,— деп айтылған (“Journal of Medicine and Life”).

 Достарың. Киелі кітапта: “Қызба мінездімен жолдас болма, Ашушаңмен байланыспа”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 22:24). Сондықтан тез ашуланатын адам болсаң, онда адамдар сенен қашқақтап жүреді. “Ашуыңды жүгендей білмесең, жақсы достарыңнан айырыласың”,— дейді Жасмин.

 Абыройың. 17 жасар Итан былай дейді: “Тез ашуланатын болсаң, бұны бәрі біліп қояды және олардың сен туралы ойына әсер етпей қоймайды”. Ендеше, ойланып көрші: өзгелер сені қандай адам деп білгенін қалайсың: сабырлы адам деп пе, әлде жарылғалы тұрған бомба деп пе? Құдай Сөзінде: “Ашуға баяу әр нәрсенің парқын айырады, Шыдамсыз ақымақтығын паш етеді”,— делінген (Нақыл сөздер 14:29).

Ашуын ұстай алмай, жарылғалы тұрған адамның қасында ешкім тұрғысы келмейді

 Не істеуге болады?

 Төменде көрсетілген кеңестерді және құрдастарыңның пікірін оқып, берілген сұрақтарға жауап бер.

  •   Нақыл сөздер 29:22. “Ашушаң дау-жанжал туғызар, Ызақор көп күнә жасар”.

     “Жасөспірім кезімде ашуымды тыю маған өте қиын болатын. Әкемнің туыстарының бәрі осындай ашушаң. Бұл біздің қанымызда бар деп қоямыз” (Керри).

     Мен ашуланып шыға келемін бе? Жақсы қасиеттерді дамыту қолымнан келсе, жаманынан сонда арыла алмаймын ба? Олар қанымда бар, өзгерте алмаймын деп отыра беремін бе?

  •   Нақыл сөздер 15:1. “Биязы жауап ашуды басар, Ауыр сөз ыза тудырар”.

     “Сабырлы болудың сыры — сезімдеріңе ерік бермей, ұстай білу. Егер жұмсақ мінезді болып, жақсы нәрсеге көңіл аударуға тырыссаң, сені ашу қыспайды” (Дарел).

     Біреу ашуыма тисе, бірден қандай жауап қайтарамын? Неге бұған мән беруім керек?

  •   Нақыл сөздер 26:20. “Отын жоқ жерде от өшер”.

     “Маған қатты сөйлеген кісіге жұмсақ жауап берсем, ол да басылады. Сөйтіп, біз бір-бірімізге дауыс көтермей, жаймен сөйлесе аламыз” (Жасмин).

     Сөзіммен я ісіммен қалай отқа май құйып жіберуім мүмкін?

  •   Нақыл сөздер 22:3. “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал алға жүріп, жапа шегер”.

     “Кейде мен болған жайт туралы асықпай ойлану үшін сол жерден кетіп қалуым керек. Ашуым тарқаған соң, мәселені шеше аламын” (Гэри).

     Қандай жағдайларда кетіп қалғаның дұрыс және неге мінезіңді көрсетіп жатқандай әсер қалдырмауың керек?

  •   Жақып 3:2. “Бәріміз де көп сүрінеміз”.

     “Қателескен кезде ісімізге өкінгеніміз жақсы. Бірақ сабақ та алған дұрыс. Мұндайда көңіліңді түсірмей, келесі жолы дұрыс істеуге тырыс” (Керри).

 Кеңес. Алдыңа мынадай мақсат қой: біраз уақыт бойы, мысалы бір ай, ашу-ызаға бой алдырмауға тырыс. Күн сайын жетістігіңді жазып отыр.