Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Киімім жарасып тұр ма?

Киімім жарасып тұр ма?

Неге біз қалай киінетінімізге мән беруіміз керек? Өйткені киімімізден біз туралы көп нәрсе білуге болады. Сенің киіміңнен не білуге болады?

 Сәнді болуға қатысты қандай үш қате пікір бар және соған ермеу үшін не істеу керек?

1-қателік: Жарнаманың айтқанымен киіну.

“Жарнамадан қазіргі трендтегі киімді көп көретіндіктен, соған қызығып кететінім бар. Белгілі бір киімдегі адамдардың бейнелері сананы жаулап алса, оларға еріксіз еліктеп кетесің”,— дейді Тереза есімді бойжеткен.

Жарнамаға ергіш келетін қыздар ғана емес. Бір кітапта былай делінген: “Ұлдар сән қууда қыздардан қалыспайды. Олар ерте жастан-ақ сауда-саттық әлемінің ықпалына түседі” (“The Everything Guide to Raising Adolescent Boys”).

Ең дұрысы: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады”,— делінген Киелі кітапта (Нақыл сөздер 14:15). Осы кеңеске сай, жарнамадан көргеніңді салмақтап-саралауды үйрен. Мәселен, “көздің жауын алады”, “тартымды”, “ерекше” деп жарнамаланатын киімдерді көргенде, мына туралы ойлансаң болады:

  • Осылай киінгенімнен шындығында кім пайда көреді?

  • Бұл киім мені қандай адам етіп көрсетеді?

  • Менің болмысым мен ұстанымдарым шынымен де сондай ма?

Кеңес: Бір апта бойы киім жарнамасы мен сәнге қатысты ақпаратқа мұқият назар аудар. Олар қандай өмір салтын насихаттайды? Қандай да бір сән үлгісіне сай киінбесең болмайды деген ой салады ма? Жасөспірім Карен былай дейді: “Сән әлемі мінсіз көрінуге, мінсіз киінуге, “мінсіз” дене бітіміңді көрсетуге қатты қысым жасайды. Жарнамашылар жастардың оңай алданып қалатынын біледі”.

2-қателік: Елмен қатар болу үшін сәнді киінуге тырысу.

Мануель есімді бозбала былай дейді: “Белгілі бір стильдегі киім соңғы сәнде болса, бәрі соны киюге тырысады. Олай киінбесең, жұрт сені сөз қылады”. Анна есімді бойжеткен онымен келіседі. “Көбісі сәннен қалып қоюдан бұрын, елден қалып қоюдан қорқады”,— дейді ол.

Ең дұрысы: Киелі кітапта: “Осы заманның өмір салтын үлгі етпеңдер”,— делінген (Римдіктерге 12:2). Осы кеңеске сай, киімдеріңді қарап шық та, мына жайлы ойланып көр:

  • Қандай киім таңдайтыныма не ықпал етеді?

  • Мен үшін брендтік киімдер алу маңызды ма?

  • Киім киісіммен басқаларды елең еткізуге тырысамын ба?

Кеңес: “Басқалармен қатар болу үшін соңғы үлгіде киінуім керек, әйтпесе сәннен қалып кетіп, шеттетіліп қаламын. Бұдан басқа амалым жоқ” деп ойлама. Қайта, өз-өзіңе деген сенімділік дамыт. Өзіңе неғұрлым сенімді болсаң, өзгелерге жағуды соғұрлым аз ойлайсың.

3-қателік: Денеге жабысқан не ашық киім әдемі көрінеді деп ойлау.

Дженнифер есімді жас қыз былай деп мойындайды: “Шынымды айтсам, кейде дене бітімін айқындап тұратын, тым қысқа не жабысып тұратын киім кигім келіп кетеді”.

Ең дұрысы: Киелі кітапта былай делінген: “Сендердің көріктерің... сыртқы әшекейлер емес, қайта, жан-дүниелеріңдегі сәні кетпес әшекейлер... болсын!” (Петірдің 1-хаты 3:3, 4). Осы кеңеске орай, ойланып көрші, қайсысы қымбат: көз қызығатын сыртқы сұлулық па, әлде жүрек қызығатын ішкі сұлулық па?

Кеңес: Ең басты аксессуарың қарапайымдылық болсын. Рас, бүгінде қарапайымдылық аса бағаланбайды. Бірақ былай ойлап қарашы:

Сен көп сөйлейтін және тек өзі туралы айта беретін адаммен сөйлесіп көргенсің бе? Өкініштісі, ондай адам басқаларды өзінен аластатып жіберетінін түсінбейді!

Киім әңгіме сияқты. Одан өзімшілдік байқалса, адамдар саған жолағысы келмеуі мүмкін

Көзге ұрып тұратындай киінетін адам да соған ұқсайды. Оның киімі басқаларға “Мені қара!” деп тұрады. Оған қарап өз-өзіне сенімсіз не өзімшіл екен деген ойда қаласың. Есіл-дерті басқалардың назарын, орынсыз түрде болса да, өзіне аудару екен деп қаласың.

Сондықтан өзің туралы қате пікір тудырғанша, қарапайым бол. Моника есімді қыз былай дейді: “Қарапайым болу деген әжең сияқты киіну дегенді білдірмейді. Бұл өзіңді және өзгелерді сыйлайтының көрінетіндей киінуді білдіреді”.