Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ТАРАУ

Құдайға барлық мейрамдар ұнай ма?

Құдайға барлық мейрамдар ұнай ма?

“Иемізге не ұнайтынына әрдайым көз жеткізіп отырыңдар” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:10).

1. Ехоба ғибадатымызды қабылдау үшін не нәрсеге көз жеткізуіміз керек және неге?

 ИСА былай деген: “Шынайы ғибадат етушілер Әкеге киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат етеді” (Жохан 4:23; 6:44). Әрқайсысымыз “Иемізге не ұнайтынына әрдайым көз жеткізіп отыруымыз” керек (Ефестіктерге 5:10). Кейде бұл оңай емес. Өйткені Шайтан Құдайға ұнамайтын істер жасауымыз үшін бізді талмай адастырады (Аян 12:9).

2. Синай тауының маңында қандай оқиға болды? Түсіндіріңіз.

2 Сонда Шайтан бізді қалай адастырады? Ол бізді ақ-қараны ажырата алмай, шатасса екен дейді. Мысалы, сондай жағдай Исраил халқы Синай тауының маңына қос тіккенде болды. Мұса тауға көтеріліп кеткенде, халық оның оралуын күтті. Күте-күте әбден шаршаған халық Хароннан құдай жасап беруді сұрайды. Харон оларға алтыннан бұзаудың мүсінін жасап береді. Сосын халық той жасап, бұзауды айнала билеп, оған табына бастайды. Бұзауға табынумен олар Ехобаға ғибадат етіп жатырмыз деп ойлады. Бірақ олар бұл мейрамды “Ехобаға арналған мейрам” деп жарияласа да, шын мәнінде өздері ойлағандай емес еді. Олардың ақ дегендері қара болып шықты: Ехоба үшін бұл пұтқа табынушылық еді. Сондықтан олардың көбісі өлім құшты (Мұсаның 2-жазбасы 32:1—6, 10, 28). Бұл оқиғадан не түйеміз? Алданып қалудан сақ болайық! Біз “өзімізді таза сақтауымыз” керек, нақтырақ айтқанда, жалған дінмен байланысы бар ештеңеге жоламауымыз керек. Ақ пен қараны өзіміз ажыратудан аулақ болып, мұны Ехобаның еншісіне қалдырғанымыз жөн (Ишая 52:11; Езекиел 44:23; Ғалаттықтарға 5:9).

3, 4. Неге кең таралған мейрамдардың шығу тарихын білген жөн?

3 Иса жерде болғанда, елшілері өзгелерге үлгі болу үшін оларға таза ғибадат етуді үйреткен. Исаның өлімінен кейін елшілер жаңа шәкірттерге Ехобаның нұсқауларын үйретті. Бірақ елшілер өмірден өткен соң жалған ұстаздар қауымның ішінде теріс түсініктер мен жалған діннің әдет-ғұрыптарын, мейрамдарын тарата бастады. Олар кейбір жалған діннен шыққан мейрамдарды мәсіхшілердікі етіп көрсету үшін тіпті атауларын өзгерткен (Елшілердің істері 20:29, 30; Салоникалықтарға 2-хат 2:7, 10; Жоханның 2-хаты 6, 7). Бұл мейрамдардың көбісі әлі де танымал. Олар бұрынғысынша жалған ілімдерді, тіпті тылсым күштерді насихаттайды * (Аян 18:2—4, 23).

4 Бүгінде мейрамдар бүкіл әлемде адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Ехобаны тани түскен сайын қандай да бір мейрамдарға қатысты көзқарасыңызды өзгерту керектігін түсінетін шығарсыз. Бұл оңай болмауы мүмкін, бірақ Ехобаның көмектесетініне сенімді болыңыз. Қазір кең таралған кейбір мейрамдардың шығу тарихына үңіліп көрейік. Сонда Ехобаның оларға қалай қарайтынын түсіне аламыз.

РОЖДЕСТВОНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

5. Исаның 25 желтоқсанда не 7 қаңтарда туылмағанына қандай дәлел бар?

5 Көптеген елдер 25 желтоқсанда не 7 қаңтарда Рождество мейрамын тойлайды. Көпшілік Иса сол күні туылған деп есептейді. Киелі кітапта Исаның қай күні, тіпті қай айда туылғаны жайлы ештеңе айтылмаған. Бірақ ондағы мәліметке қарап, Исаның қай мезгілде дүниеге келгенін анықтауға болады. Лұқаның жазуы бойынша, Иса Бетлехемде туылған кезде, қойшылар “далада түнеп, отарларын күзетіп жүрген” (Лұқа 2:8—11). Ал желтоқсан айында Бетлехем әдетте суық, жаңбырлы, әрі қарлы. Сондықтан қойшылардың отарларымен далада түнеуі мүмкін емес еді. Бұдан қандай тұжырым жасаймыз? Иса желтоқсан айында емес, ауа райы жылы кезде дүниеге келген. Киелі кітап та, тарихи деректер де Исаның қазіргі қыркүйек пен қазан айларына сәйкес келетін уақыт аралығында туылғанына нұсқайды.

6, 7. а) Аты шулы Рождествоның шығу тарихы қандай? ә) Сыйлық сыйлауға не қозғау салу керек?

6 Сонымен, Рождество мейрамының шығу тегі қандай? Бұл мейрам жалған діннен шыққан мейрамдардан бастау алған. Соның бірі — римдіктердің ауыл шаруашылығы құдайы Сатурнға бағышталған Сатурналии мерекесі. “Америка энциклопедиясында” былай делінген: “Сатурналии мейрамын римдіктер желтоқсан айының ортасында тойлаған. Осылайша бұл мейрам Рождествоның көптеген думандату әдет-ғұрыптарына бастау берген. Мысалы, дүркіретіп тойлау, сыйлық сыйлау және шам жағу содан қалған”. Ал “Қазақстан. Ұлттық энциклопедияда” мынадай мәлімет бар: “Рождество мейрамын 4 ғасырдың ортасынан бастап христиан шіркеуі Митра сенімін ығыстыру үшін, Митра сеніміндегі жеңілмейтін “Күн-құдай” орнына енгізді. Алғашқылардың бірі болып Рождество мейрамын Рим халқы тойлады. Рождество мейрамы 431 жылы Эфес шіркеуінде ресми заңдастырылып бекітілді”.

7 Алайда Рождествоны тойлайтындардың көбі бұл мейрамның жалған діннен шыққаны жайлы ойланбайды. Олар бұл мейрамды отбасымен бас қосудың, дастарқан жайып, сыйлық жасаудың мүмкіндігі деп қарастырады. Сондықтан оны асыға күтеді. Әрине, біз отбасымыз бен достарымызды жақсы көреміз. Ехоба да біздің бір-бірімізге сыйлық сыйлағанымызды құп көреді. Қорынттықтарға 2-хат 9:7-де: “Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”,— делінген. Бірақ Ехоба мұны тек белгілі бір күндері ғана істегенімізді қаламайды. Оның халқы жылдың кез келген күнінде туыстарымен және достарымен бас қосып, сыйлық сыйлауды ұнатады, әрі қайтарымы болады деп күтпейді. Оларға бұлай етуге сүйіспеншілік қозғау салады (Лұқа 14:12—14).

Мейрамдардың түп төркінін білсек, неден аулақ болу керектігін түсінеміз

8. Жұлдызжорамалшылар сыйлықтарын Иса енді туылған кезде берген бе? Түсіндіріңіз.

8 Көп адам жаңа туылған Иса ақырда жатқанда, оған үш данышпан кісінің сыйлық бергенін алға тартып, Рождествода сыйлық беру содан қалған деседі. Иә, бір топ ер адамның Исаға келіп, сыйлық бергені рас. Ежелде мәртебелі адамға сыйлық жасау кеңінен таралған (Патшалар 1-жазба 10:1, 2, 10, 13). Алайда Киелі кітапта бұл ер адамдардың жұлдызжорамалшылар екені, яғни Ехобаға ғибадат етпейтін сиқыршылар екені, айтылғанын білгенсіз бе? Сондай-ақ олар Иса жаңа туылып, ақырда жатқан кезінде келмеген. Олар Иса үйде тұрып жатқанда келген. Жұлдызжорамалшыларға шығыстан жету үшін жолға бірнеше ай кеткенге ұқсайды. Сондықтан олар келгенде, Исаның жаңа туылған нәресте болуы мүмкін емес еді (Матай 2:1, 2, 11).

ТУҒАН КҮН ЖАЙЫНДА КИЕЛІ КІТАПТА НЕ АЙТЫЛҒАН?

9. Киелі кітапта кімдердің туған күндері жайлы айтылған?

9 Сәби дүние есігін ашқан күн — қуанышты күн (Зәбүр 127:3). Бірақ бұл — туған күнді тойлау керек деген сөз емес. Киелі кітапта тек екі туған күн жайлы айтылады. Біріншісі — Мысыр перғауынының, ал екіншісі — Ирод Антипас патшаның туған күні (Мұсаның 1-жазбасы 40:20—22; Марқа 6:21—29 оқыңыз). Бұл билеушілердің екеуі де Ехобаға ғибадат етпеген. Негізінде, Киелі кітаптың еш жерінде Ехобаның қызметшілері туған күн тойлаған деп айтылмаған.

10. Ертедегі мәсіхшілер туған күнді тойлауға қалай қараған?

10 “Уорлд бук” энциклопедиясында Мәсіхтің ерте кездегі ізбасарлары “туған күн тойлауды пұтқа табынушылықтан шыққан әдет-ғұрып деп есептегені” жазылған. Мұндай ғұрыптар жалған ілімдерге негізделген. Мысалы, ежелгі гректер әр адам туылғанда, оның қасында бір рух пайда болады әрі сол рух адамды қорғап жүреді деп сенген. Сондай-ақ сол рух адамның туған күнінде туылатын қандай да бір тәңірмен байланысы бар деп ойлаған. Адам өмір бойы қорғанышта болу үшін туған күнін тойлауға міндеттімін деп сенген. Осындай жалған ілімдермен қоса, туған күннің жұлдызнамамен және жұлдызжорамалмен тығыз байланысы бар.

11. Ехоба белгілі бір күні ғана жомарт болғанымызды қалай ма?

11 Көптеген адам үшін туған күн — ерекше күн. Сол күні оларға сүйіспеншілік танытылып, мақтау сөздер айтылу керек деп есептейді. Алайда біз туыстарымыз бен достарымызды жақсы көретінімізді белгілі бір күні ғана емес, кез келген күні көрсете аламыз. Ехоба бізді үнемі мейірімді де жомарт болса екен дейді (Елшілердің істері 20:35 оқыңыз). Біз өмір сыйын бергені үшін Құдайға тек туған күнімізде емес, күн сайын ризашылық білдіреміз (Зәбүр 8:3, 4; 36:9).

Шынайы мәсіхшілерді сыйлық жасауға сүйіспеншілік талпындырады

12. Қалайша өлген күн туылған күннен артық?

12 Уағыздаушы 7:1-де былай делінген: “Қымбат иісмайдан жақсат артық, туылған күннен өлген күн артық”. Өлген күн туылған күннен қалайша артық болуы мүмкін? Туылған кезде біз өмірде әлі ештеңе тындырып үлгермейміз. Алайда өмірімізді Ехобаға қызмет ету үшін арнап, өзгелерге жақсылық істегенде, “жақсатқа” ие боламыз, тіпті өліп кетсек те, Ехоба бізді ешқашан ұмытпайды (Әйүп 14:14, 15). Ехобаның халқы өздерінің де, Исаның да туған күнін тойламайды. Иса тек бір ғана оқиғаны атап өтуді бұйырды, бұл — оның өлімін Еске алу (Лұқа 22:17—20; Еврейлерге 1:3, 4).

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

13, 14. Наурыз мейрамы мен оның салт-жоралары қайдан бастау алған?

13 Көктемде тойланатын Наурыз мейрамы бір қарағанда еш зиянсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл мейрамның түптамыры қайда жатыр? “Британ энциклопедиясындағы” мәліметке сай, Наурыз — “жиі зороастризм және парсизммен байланыстырылатын Жаңа жыл мейрамы. Бұл мейрам Иран, Ирак, Үндістан және Ауғанстан және басқа да көптеген елде тойланады”. Ал “Қазақстан. Ұлттық энциклопедияда” былай делінген: “Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған... Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою — “күн символын” салады... Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды”.

14 Келтірілген мәліметтерден анық көрініп тұрғандай, Наурыз зороастризмнің отқа табыну ырымдарынан шыққан, ал мереке кезінде жасалатын салт-жоралар спиритизмге тән. Осыны ескерер болсақ, шынайы Құдайдың қызметшілері оны тойлаудан және онымен байланысы бар барлық салт-жоралардан аулақ болулары керек емес пе?!

ЖАҢА ЖЫЛ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

15. Жаңа жылдың шығу тегі қандай?

15 Көптеген жерде 31 желтоқсан күні түн ортасына дейін отырып, ескі жылды шығарып салу дәстүрге айналған. Сол кеште адамдар дастарқан басында отырып, сыйлықтар беріп, бір-біріне бар жақсылықты тілеп жатады. Бұл мейрамның шығу тегіне байланысты “Уорлд бук” энциклопедиясында былай делінген: “Ежелгі Римде жылдың алғашқы күні Янус тәңірінің құрметіне берілген. Янус қақпалар мен есіктердің, бастамалар мен бітірістің құдайы саналатын. Б. з. 487 жылы жаңа жыл христиандардың шіркеуінде қасиетті күнге айналды. Алғашында сол күні мерекені тойлауға тыйым салынған, өйткені пұтқа табынушылар солай ететін. Алайда уақыт өте бәрі өзгеріп, тойлау үрдісі қайта жанданды”.

ҚҰДАЙҒА ҰНАМДЫ ҮЙЛЕНУ ТОЙЛАРЫ

16, 17. Тойды жоспарлағанда нені ойлауымыз керек?

16 Үйлену тойы — адам өміріндегі қуанышты жайт. Әлем бойынша үйлену тойы әртүрлі тойланады. Әдетте адамдар үйлену тойына байланысты салт-дәстүрлердің қайдан шыққанына мән бере бермейді, сондықтан олардың кейбірі жалған діннен шыққанынан мүлдем хабарсыз. Алайда неке құруды жоспарлап жатқан мәсіхші жігіт пен қыз тойлары Ехобаға ұнамды болу үшін бар күшін салады. Олар тойға байланысты салт-дәстүрлердің тарихын зерттейтін болса, дұрыс шешімдер қабылдайтын болады (Марқа 10:6—9).

17 Тойдағы кей салт-дәстүрлер жас жұбайлардың жолын ашады деп ырымдап жатады (Ишая 65:11). Мысалы, кейбір мәдениеттерде жас жұбайларға шашу шашады. “Қазақстан. Ұлттық энциклопедияда” бұл дәстүрге қатысты былай делінген: “Шашу шашудың бастаулары кем дегенде көне түркілік замандарға барады. Түркілер қуаныш кезінде құрт, ірімшік сияқты ақ тағамдарды “ақжолтай”, “ақ тағамдай ақ болыңдар”, “ақ ниет тілейміз” деп шашқан. Кейіннен тату-тәтті болсын деген ниетпен шашуға кәмпит қосылған”. Алайда мәсіхшілер жалған дінмен байланысы бар салт-дәстүрлерден және ырымдардан аулақ жүреді (Қорынттықтарға 2-хат 6:14—18 оқыңыз).

18. Үйлену тойына қатысты Киелі кітапта тағы қандай принциптер бар?

18 Мәсіхшілер үйлену тойларының абыроймен өткенін, өздеріне де, өзгелерге де қуаныш сыйлағанын мақсат етеді. Тойға келген қонақтар жас жұбайларға тілек айтатын болса, күйеужігіт пен қалыңдықтың, қонақтардың қадірін түсіретін немесе жыныстық қатынасқа меңзейтін, я болмаса дөрекі сөздер айтпау керек (Нақыл сөздер 26:18, 19; Лұқа 6:31; 10:27). Мәсіхшілердің тойында “дүние-мүлікке мақтану” атымен болмау тиіс (Жоханның 1-хаты 2:16). Тойды жоспарлап жүрсеңіз, кейін оны қуанышпен еске алатындай өтуіне қам жасаңыз (28-түсіндірмені қараңыз).

ТОСТ КӨТЕРУДІҢ ТҮП ТӨРКІНІ

19, 20. Тост көтерудің түп төркіні қайдан бастау алған?

19 Тойларда болсын, басқосуларда болсын, тост көтеру дәстүрі кең таралған. Тост кезінде бір адам тілек айтады, ал қалғандары арақ-шарап құйылған ыдыстарын жоғары көтереді. Ал мәсіхшілер бұл дәстүрге қалай қарайды?

20 “Ішімдік пен мәдениет туралы халықаралық анықтамалықта” тост айтудың төркіні ежелдегі жалған діндердің салт-жорасынан бастау алғаны айтылады. Бұл салт-жора бойынша, адамдар құдайларға қан я шарап ұсынған. “Жасың ұзақ болсын”, “денсаулығың мықты болсын” деген сөздерден тұратын дұғасы қабыл болу үшін осылай еткен. Ежелде адамдар құдайларының батасын алу үшін ыдыстарын жоғары көтеретін. Алайда Ехоба өз батасын мұндай жолмен бермейді (Жохан 14:6; 16:23).

“ЕХОБАНЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНДЕР, ЖАМАНДЫҚТЫ ЖЕК КӨРІҢДЕР”

21. Мәсіхшілер қандай жиындардан бас тартады?

21 Қандай да бір жиынға я тойға бару-бармауды шешпес бұрын, ол жерде не болатынын, адамдар өздерін қалай ұстайтынын ойлап көріңіз. Мысалы, кейбір басқосулар мен тойларда ұятсыз билер, арақ-шарапты шектен тыс ішу, тіпті азғындық болып жатады. Сондай-ақ гейлер мен лесбияндардың өмірін насихаттайды немесе ұлтшылдыққа үгіттейді. Сондай жиындарға барсақ, Ехоба жек көретінді біз де жек көреміз дей аламыз ба? (Зәбүр 1:1, 2; 97:10; 119:37).

22. Мәсіхшіге шешім қабылдауға не көмектеседі?

22 Мәсіхшілер абай болып, Ехобаны масқаралайтын кез келген мейрамдардан, тойлардан, жиындардан бас тартады. Елші Пауыл: “Ішсеңдер де, жесеңдер де не басқа нәрсе істесеңдер — бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!”— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 10:31; 29-түсіндірмені қараңыз). Әрине, біз мейрамдар, тойлар, жиындардың бәрі азғындыққа толы, жалған іліммен немесе ұлтшылдықпен байланысты деп барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Киелі кітаптағы принциптерге қайшы келмесе, бару-бармауға, тойлау-тойламауға қатысты шешімді өзіміз қабылдаймыз. Сондай-ақ шешіміміз өзгелерге әсер ететінін де ұмытпалық.

ЕХОБАНЫ СӨЗБЕН ДЕ, ІСПЕН ДЕ МАДАҚТАЙЫҚ

23, 24. Мейрамдарға қатысты көзқарасымызды Куәгер емес туыстарымызға қалай түсіндіруге болады?

23 Бәлкім, сіз Ехобаны қорлайтын мейрамдарды тойлауды доғарған шығарсыз. Алайда Ехоба куәгері емес туыстарыңыз сіз туралы “бізді жақсы көрмейді, араласқысы да келмейді” деп ойлайтын шығар. Олар мейрамдарда ғана туған-туыстың басы қосылады деп ойлайды. Олай болса, сіз не істей аласыз? Жақындарыңызды жақсы көретініңізді, бағалайтыныңызды көптеген жолмен көрсетуге болады (Нақыл сөздер 11:25; Уағыздаушы 3:12, 13). Мысалы, оларды мейрамнан басқа күндері қонаққа шақырып тұрыңыз.

24 Туысқандарыңыз мейрамдарды неге тойламай кеткеніңізді білгісі келсе, басылымдарымыздан және jw.org сайтымыздан мәлімет іздеп көріңіз, сонда себебін түсіндіру қиын болмайды. Олар сізді сөзбен жеңгісі келіп тұр не өз көзқарасының дұрыстығына иландырғысы келіп тұр деп ойлап қалмасын. Сіздің мейрамдарға қатысты көп жайттарды қарастырып, сосын барып осындай шешімге келгеніңізді түсінсін. Сабыр сақтаңыз, “сөздеріңіз әрқашан жағымды да дәмді” болсын (Қолостықтарға 4:6).

25, 26. Ата-аналар балаларына Ехобаның нормаларын жақсы көруге қалай көмектесе алады?

25 Мейрамдарды қандай себептермен тойламайтынымызды әрқайсысымыз анық түсінуіміз қажет (Еврейлерге 5:14). Біздің мақсатымыз — Ехобаға ұнамды болу. Сіз ата-ана болсаңыз, балаларыңызға уақыт бөліп, Киелі кітап принциптерін түсінуге әрі жақсы көруге көмектесіңіз. Ехобаның бар екенін әрі оларға дос бола алатынын түсіндіріңіз. Сонда балалар Ехобаның жүрегін қуантуға талпынады (Ишая 48:17, 18; Петірдің 1-хаты 3:15).

26 Ехоба таза да шыншыл ғибадат етуге барынша тырысып жатқанымызды көргенде қатты сүйсінеді (Жохан 4:23). Алайда көп адам жалған дүниеде шыншыл болу мүмкін емес деп ойлайды. Бұл шын мәнінде солай ма? Осы тақырып келесі тарауда қозғалады.

^ Қандай да бір мейрамға қатысты мәліметті “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралынан”, я болмаса jw.org сайтынан таба аласыз.