Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ТАРАУ

Ар тазалығы Құдай алдында бағалы

Ар тазалығы Құдай алдында бағалы

“Ар-ұждандарыңды таза сақтаңдар” (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 3:16).

1, 2. Бейтаныс жерде жол сілтер біреудің не бір нәрсенің болғаны неге маңызды? Дұрыс бағыт сілтеу үшін Ехоба бізге не берді?

 СІЗ ұшы-қиыры жоқ шөл даламен келе жатырсыз делік. Кенеттен қатты жел көтеріліп, ұйытқыған құм жол көрсетпей тастады. Адасып кетуіңіз ғажап емес. Мұндайда бағыттан ауытқып кетпес үшін не істейсіз? Бәлкім, күн мен жұлдыздарға қарап не компас пен картаны я навигаторды қолданып жолды анықтарсыз. Я болмаса осы шөл даланы жақсы білетін адамнан бағыт сұрарсыз. Жол сілтер біреудің не бір нәрсенің болғаны аса маңызды, өйткені бұл өміріңізді сақтап қалуы мүмкін.

2 Барлығымыз өмірдің дауылдай соққан қиындықтарына кезігеміз. Осындайда бағыт-бағдардан адасып, абдырап қалуымыз мүмкін. Бірақ дұрыс бағыт сілтеу үшін Ехоба әрбірімізге ар-ұждан немесе ар-ұят берген (Жақып 1:17). Қазір ар-ұжданның не екеніне және оның бізге қалай әсер ететініне тоқталайық. Содан кейін оны қалай тәрбиелеуге болатынын, неге өзгелердің ар-ұжданын ойлауымыз керектігін және таза ар-ұждан өмірімізге қандай пайдасын тигізетінін талқылаймыз.

АР-ҰЖДАН ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

3. Ар-ұждан деген не?

3 Ар-ұждан немесе ар-ұят деген — Ехобаның берген ғажайып сыйы. Бұл — іштей дұрыс пен бұрысты ажырата білу сезімі. Киелі кітапта “ар-ұждан” деп аударылған грек сөзі “өз-өзіңді білу” дегенді білдіреді. Ар-ұжданымыз қызметін жақсы атқарса, өзіміздің шын мәнінде қандай адам екенімізді тексеріп біле аламыз. Ол көңіл түкпірінде жатқан ойларымыз бен сезімдерімізге шыншылдықпен баға беруге көмектеседі. Сондай-ақ жақсылыққа бағыттап, жамандықтан тыйып отырады. Дұрыс әрекет еткенде қуаныш сыйласа, бұрыс әрекет еткенде кінәлі сезіндіреді (5-түсіндірмені қараңыз).

4, 5. а) Адам мен Хауа ар-ұждандарын тыңдамай қойғанда не болды? ә) Киелі кітапта ар-ұжданның әсерін көрсететін қандай мысалдар бар?

4 Ар-ұятының үніне құлақ аса ма, жоқ па — әркім өзі шешеді. Адам ата мен Хауа ана ар-ұждандарын тыңдамауды шешіп, нәтижесінде күнә жасады. Артынан өздерін кінәлі сезінді. Бірақ екеуі Құдайға мойынсұнбай қойғандықтан тым кеш еді (Мұсаның 1-жазбасы 3:7, 8). Ар-ұждандары кемелді болса да, Құдайды тыңдамаудың дұрыс емес екенін білсе де, олар ар-ұждандарына құлақ аспауды ұйғарды.

5 Алайда алғашқы жұпқа ұқсамай, көптеген адам кемелсіз болса да, ар-ұяттарының үніне құлақ салған. Мысалы, Әйүп пайғамбар бұл жағынан жақсы үлгі қалдырған. Ол ар-ұжданын тыңдап, әрдайым дұрыс нәрсені істегендіктен: “Бұл жалғанда жүрегім мені айыптамайды”,— деп айта алған (Әйүп 27:6). “Жүрегім” деуімен Әйүп ар-ұятын, яғни іштей дұрыс пен бұрысты ажырата білу сезімін айтқан. Ал Дәуіт болса ар-ұятынан аттап, Құдайға мойынсұнбаған кездері болған. Мысалы, бірде ол Саул патшаға құрмет көрсетпей қойды. Бірақ артынан өзін айыпты сезінгені сонша — оның “жүрегі ауырды” (Самуилдің 1-жазбасы 24:5). Бұл дұрыс әрекет етпегенін айтып дабыл қаққан ар-ұяты еді. Дәуіт оның үніне құлақ асып, енді қайтып мұндай қателік жасамау керектігін түсінді.

6. Неге ар-ұжданды барлық адамға берілген сый дей аламыз?

6 Тіпті Ехобаны танымайтын адамдардың өзі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінеді. Киелі кітапта: “Ойша олар өздерін айыптайды не ақтайды”,— делінген (Римдіктерге 2:14, 15). Мысалы, адамдардың көбісі кісі өлтіру мен ұрлық жасаудың дұрыс емес екенін біледі. Олар өздері де аңғармай ар-ұяттарына, яғни Ехоба дарытқан дұрыс пен бұрысты ажырата білу сезімдеріне құлақ асады. Сондай-ақ олар Құдайдың берген принциптеріне, басқаша айтқанда, негізгі шындықтарға сай әрекет етіп жатады.

7. Неге ар-ұжданымыз кейде бұрыс бағыт беруі мүмкін?

7 Ар-ұжданымыз кейде жаңылысып, бізге бұрыс бағыт беріп жатады. Оған жаман ойларымыз бен сезімдеріміз кері әсер етуі мүмкін. Таза ар-ұждан өздігінен пайда болмайды. Оны тәрбиелеуіміз керек. Кезінде Жүсіп те тәрбиеленген ар-ұжданының арқасында азғырылуға қарсы тұрған (Мұсаның 1-жазбасы 39:1, 2, 7—12). Ар-ұжданымызды тәрбиелеу үшін Ехоба бізге киелі рухы мен Киелі кітапта жазылған принциптерін берген (Римдіктерге 9:1). Ал енді ар-ұжданымыздың тәрбиесіне тоқталайық.

АР-ҰЖДАНДЫ ҚАЛАЙ ТӘРБИЕЛЕУГЕ БОЛАДЫ?

8. а) Сезімдеріміз ар-ұятымызға қалай әсер етуі мүмкін? ә) Бір нәрсе істемес бұрын не деп ойланғанымыз жөн?

8 Кей адамдар ар-ұяттың үніне құлақ асуды сезімнің жетегінде жүрумен шатастырады. Олар “жүрегіңді тыңда, көңілің не қаласа, соны істей берсең болады” деген ойда. Алайда біз күнәкар болғандықтан, сезімдеріміз адастыруы мүмкін. Сезімдердің күшті болатыны сонша — ар-ұятымызға әсер етпей қоймайды. Киелі жазбаларда: “Адам жүрегі бәрінен де алдамшы әрі ештеңеден тайынбайды. Оны кім біле алады?”— деп жазылған (Еремия 17:9). Сондықтан бұрысқа дұрыстай қарай бастауымыз әбден мүмкін. Мұны елші Пауылдың мысалынан көруге болады. Ол мәсіхші болмай тұрғанда, Исаның шәкірттерін аяусыз қудалаған, әрі “істеп жатқаным дұрыс, ар-ұятым таза” деп ойлаған. Бірақ кейінірек ол: “Мені соттайтын — Ехоба”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 4:4; Елшілердің істері 23:1; Тімөтеге 2-хат 1:3). Пауыл өзінің іс-әрекетіне Ехобаның қалай қарайтынын білгенде, түзелуі керектігін түсінді. Олай болса, біз де бір нәрсе істемес бұрын: “Ехоба менің не істегенімді қалайды?”— деп ойланып көргеніміз жөн.

9. Құдайдан қорқу деген нені білдіреді?

9 Әдетте біз жақсы көрген адамымызды ренжітіп алғымыз келмейді. Тап солай, Ехобаны жақсы көргендіктен оның көңілін қалдырудан қорқамыз. Бойымызда осындай қорқыныштың басым болғаны маңызды. Мұны Нехемияның үлгісінен көруге болады. Ол билігін пайдаланып байлық-дәулет жинап алуды көздемеді. Өйткені, өзі айтқандай, ол “Құдайдан қорыққан” (Нехемия 5:15). Нехемия Ехобаға ұнамсыз іс істегісі келмеген. Оған еліктеп, біз де Ехобаны ренжітуден қорқуымыз керек. Ал оған не ұнайтынын, не ұнамайтынын Киелі кітаптан біле аламыз (6-түсіндірмені қараңыз).

10, 11. Ішімдікке қатысты дұрыс шешім қабылдауға қандай Киелі кітап принциптері көмектеседі?

10 Мысалға ішімдікті ішу-ішпеуге қатысты жағдайды алайық. Бұл мәселеде мәсіхшіге қандай принциптер көмектеседі? Солардың бірнешеуіне тоқталайық. Киелі кітапта ішімдік ішуге тыйым салынбаған. Қайта, онда шараптың Құдай берген сый екені айтылған (Зәбүр 104:14, 15). Бірақ Иса ізбасарларына “ішімдікке салынбауды” ескерткен (Лұқа 21:34). Елші Пауыл да мәсіхшілерді “ырду-дырду той-думан құрудан, маскүнемдіктен” аулақ болуға шақырған (Римдіктерге 13:13). Ол: “Маскүнемдер... Құдай Патшалығын мұра етпейді”,— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10).

11 Мәсіхші былай деп ойланып көрсе болады: “Мен үшін ішімдік қаншалықты маңызды? Демалу үшін маған міндетті түрде ішімдік қажет пе? Оны өз-өзіме сенімді болу үшін ішемін бе? Қанша мөлшерде, қаншалықты жиі ішетінімді қадағалай аламын ба? * Ішімдіксіз-ақ достарыммен көңілді отыра аламын ба?” Осылай ой жүгіртумен қатар, Ехобадан дана шешім қабылдауға көмек сұрағанымыз маңызды (Зәбүр 139:23, 24 оқыңыз). Сонда Киелі кітап принциптері ар-ұжданымызды тәрбиелейді. Алайда ескеретін тағы бір жайт бар.

НЕГЕ ӨЗГЕЛЕРДІҢ АР-ҰЖДАНЫН ОЙЛАУ КЕРЕК?

12, 13. Ар-ұятымыз неге басқалардікінен ерекшеленуі мүмкін? Сондай жағдайда не істемеуіміз керек?

12 Әр адамның ар-ұжданы әртүрлі. Бір нәрсені істеуге сіздің ар-ұятыңыз жіберсе, өзгенікі жібермейді. Мысалы, сіз ішімдік ішуді шешсеңіз, басқа біреу одан бас тартуы мүмкін. Екі адамның екі түрлі ойлауының себебі неде?

Жақсы тәрбиеленген ар-ұждан ішімдікті ішу-ішпеуге қатысты дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі

13 Адамның көзқарасын өскен ортасы, отбасындағы тәрбиесі, өмірлік тәжірибесі мен басқа да жайттар қалыптастырады. Бәлкім, кезінде ішімдікке тәуелді болған адам оны мүлдем аузына алмауды шешетін шығар (Патшалар 1-жазба 8:38, 39). Мысалы, сіз біреуге ішімдік ұсындыңыз делік. Ол бас тартса, не істейсіз? Ренжіп қаласыз ба? Ішуге көндіресіз бе? Я болмаса не үшін ішпейтінін сұрап тұрып аласыз ба? Әрине, жоқ. Өйткені сіз оның ар-ұжданын сыйлайсыз.

14, 15. Пауылдың күндерінде қандай жағдай болды? Ол қандай жақсы кеңес берген?

14 Ар-ұжданның әртүрлі болатыны елші Пауылдың күндерінде болған бір жағдайдан анық көрінеді. Сол заманда базарда жалған құдайларға бағышталған ет сатылатын (Қорынттықтарға 1-хат 10:25). Пауыл мұндай етті сатып алып жеуде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаған. Өйткені ол тамақтың бәрін Ехоба берген деп есептеген. Бірақ бұрын жалған құдайларға табынған кей бауырластар мұндай етті жеуге болмайды деп санаған. Осы жағдайда Пауыл “ар-ұжданым мені бұл үшін мазаламайды, не жесем де, өзім білемін” деген ойда болды ма?

15 Жоқ, Пауыл олай ойламады. Бауырластардың сезімі ол үшін маңызды болғандықтан, ол құқы бар нәрсені істеуден бас тартуға дайын болды. Пауыл “өзімізге ұнайтынды істемеуіміз” керектігін айтқан. Сосын: “Мәсіх те өзіне ұнайтынды істеген жоқ”,— деп қосты (Римдіктерге 15:1, 3). Ол да Иса сияқты өзгелердің мүддесін өзінікінен жоғары қойған (Қорынттықтарға 1-хат 8:13; 10:23, 24, 31—33 оқыңыз).

16. Неге өзгелерді айыптаудан абай болуымыз керек?

16 Біздің ар-ұятымыз бармайтын нәрсені басқалар істеп жүрсе ше? Мұндайда сол адамды сынап-мінеуден не “менікі дұрыс, сенікі бұрыс” деп тұрып алудан абай болуымыз керек (Римдіктерге 14:10 оқыңыз). Ехоба бізге ар-ұятты өзгелерге емес, өзімізге төрелік етсін деп берген (Матай 7:1). Біз жеке пікірімізге бола қауымның жікке бөлінгенін қаламас едік. Қайта, сүйіспеншілік пен бірлікті асқақтатудың жолын іздеуге асықпыз (Римдіктерге 14:19).

ТАЗА АР-ҰЯТТЫҢ ПАЙДАСЫ

17. Кейбір адамдардың ар-ұжданымен не болып жатады?

17 Елші Петір: “Ар-ұждандарыңды таза сақтаңдар”,— деп жазған (Петірдің 1-хаты 3:16). Адам Ехобаның принциптерін бұза берсе, ар-ұжданы ақырында ескертуін мүлдем доғарады. Елші Пауыл мұндай ар-ұжданның “қызған темірмен күйдірілгендей сезімсіз болып” кететінін айтқан (Тімөтеге 1-хат 4:2). Сіздің қатты күйіп қалған кезіңіз болған ба? Әдетте терінің күйген жері тыртық болып, ештеңе сезбей қалады. Сол сияқты адам бұрыс әрекетін қоймаса, ар-ұжданы сезімсіз болып, әсер етуін доғарады.

Таза ар-ұждан өмірде дұрыс бағыт көрсетеді, қуаныш пен жантыныштығын сыйлайды

18, 19. а) Өзімізді кінәлі не ұятты сезінудің пайдасы қандай? ә) Күнәмізға өкінгенмен өзімізді кінәлі сезіне берсек, не істеуіміз керек?

18 Өзімізді іштей айыпты сезініп жатсақ, бұл “мұның дұрыс болмады” деп үн қатып жатқан ар-ұжданыңыз болуы мүмкін. Ол бізге бұрыс әрекетімізді анықтап, доғаруға көмектеседі. Біз қателіктерімізден әрдайым сабақ алып, оларды қайталағымыз келмес еді. Мысалы, Дәуіт патша күнә жасаған кезде, ар-ұяты оны өкінуге талпындырған. Нәтижесінде, Дәуіт істеген ісінен жиіркеніп, алдағы уақытта Ехобаға мойынсұнып жүруге бекінді. Ол басынан кешкен жағдайдан кейін Ехобаның “ізгі әрі кешіруге дайын” екенін ауыз толтырып айта алған (Зәбүр 51:1—19; 86:5; 7-түсіндірмені қараңыз).

19 Бірақ адам күнәсіна өкінген болса да, ұзақ уақыт бойы өзін кінәлап жүруі мүмкін. Мұндайда адам жан азабына түсіп, өзін түкке тұрғысыз сезініп жатады. Сіз де осындай күй кешіп жүрсеңіз, мынаны ұмытпаңыз: болар іс болғандықтан, өткенді өзгерте алмайсыз. Ехоба сіздің біліп я білмей істеген бұрынғы күнәларыңызды толықтай кешіріп, өшіріп тастаған. Сіз Ехобаның көз алдында тазасыз, әрі қазір дұрыс нәрсені істеп жүрсіз. Бірақ жүрегіңіз сізді айыптауын қоймаса, Киелі кітаптағы мына сөздерді ұмытпаңыз: “Құдай жүрегімізден жоғары” (Жоханның 1-хаты 3:19, 20 оқыңыз). Бұл дегеніміз — Ехобаның сүйіспеншілігі мен кешірімшілдігі сіздегі кінәлау немесе ұят сезімінен әлдеқайда күштірек деген сөз. Сондықтан Ехобаның сізді кешіргеніне еш күмәніңіз болмасын. Құдайдың кешірімін қабылдасаңыз, ар-ұжданыңыз тынышталып, қызметіңізді қуанышпен жалғастыра аласыз (Қорынттықтарға 1-хат 6:11; Еврейлерге 10:22).

20, 21. а) Бұл кітаптың мақсаты қандай? ә) Ехоба бізге қандай еркіндік берген? Оны қалай пайдалануымыз керек?

20 Бұл кітаптың мақсаты — осы соңғы қиын-қыстау күндері ар-ұжданыңызды тәрбиелеуге көмектесу. Дұрыс тәрбие көрген ар-ұждан сізді қажет кезде ескертіп, қорғай алады. Сондай-ақ осы басылым сізге өмірдегі әртүрлі жағдайда Киелі кітап принциптерін қолдана білуді үйретеді. Әрине, мұнда әр жағдайда не істеу керектігіне қатысты ережелер тізімі жазылмаған. Бұл бізге қажет те емес, өйткені біз Киелі кітап принциптеріне негізделген “Мәсіхтің заңы” бойынша өмір сүреміз, ал бұл заң бізге еркіндік береді (Ғалаттықтарға 6:2). Алайда біз белгілі бір жағдайға қатысты нақты заң жоқ екен деп, бұрыс ісімізді ақтауға тырыспаймыз (Қорынттықтарға 2-хат 4:1, 2; Еврейлерге 4:13; Петірдің 1-хаты 2:16). Қайта, еркіндігімізді Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді дәлелдеу үшін пайдаланамыз.

21 Киелі кітап принциптері жайлы ой жүгіртіп, оларды тұрмыс-тіршілікте іске асырсақ, жаман мен жақсыны ажыратуға көмектесетін “түйсіну қабілетін қолдануды” және Ехоба сияқты ойлануды үйренеміз (Еврейлерге 5:14). Нәтижесінде, ар-ұжданымыз жақсы тәрбиеленеді. Ал мұндай ар-ұждан бізге өмірде дұрыс бағыт көрсетіп, Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене беруге көмектеседі.

^ Көптеген дәрігерлердің айтуынша, маскүнемдерге ішімдік мөлшерін қадағалау әсіресе қиын. Дәрігерлер мұндай адамдарға мүлдем ішпеуге кеңес береді.