Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-САБАҚ

Құдай қайғы-қасіретке неге жол беріп отыр?

Құдай қайғы-қасіретке неге жол беріп отыр?

1. Зұлымдық қалай бастау алды?

Құдай жердегі үкіметтердің адамзат проблемаларын шеше алмайтынын көрсету үшін олардың белгілі бір уақыт бойы билік етуіне жол берді

Жер бетінде зұлымдық Шайтан алғаш рет өтірік айтқан кезде бастау алды. О баста Шайтан еш күнәсіз періште болатын, алайда ол “шындықтан тайып кетті” (Жохан 8:44). Ол адамдардың тек Құдайға ғана ғибадат еткенін көре алмады. Содан алғашқы әйел Хауа анаға жалған сөйлеп, оны Құдайға мойынсұнбауға иландырды. Адам ата да Хауа анаға еріп, Құдай заңын бұзды. Адам атаның осындай шешім қабылдағаны дүниеге қайғы-қасірет пен өлім әкелді. (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6, 19 оқыңыз).

Шайтан Хауа ананы тілазар болуға итермелеуімен Құдайдың бүкіләлемдік билігіне қарсы шықты. Содан бері адамдардың басым көпшілігі Шайтанға еріп, Құдайдың билігінен бас тартып келеді. Осылайша Шайтан “осы дүниенің билеушісіне” айналды. (Жохан 14:30; Жоханның 1-хаты 5:19 оқыңыз).

2. Құдайдың жаратылыстарында мін болды ма?

Құдайдың барлық істері кемелді әрі мінсіз. Құдай адамдар мен періштелерді өзіне толық мойынсұна алатындай етіп жаратқан (Мұсаның 5-жазбасы 32:4, 5). Сондай-ақ ол адамға жақсыны не жаманды таңдауға еркіндік берген. Бұл еркіндік бізге Құдайға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге мүмкіндік береді. (Жақып 1:13—15; Жоханның 1-хаты 5:3 оқыңыз).

3. Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?

Ехоба Құдай өзінің билігіне қарсы шыққан бүлікшілерді бірден жоймай, оларға белгілі бір уақыт берді. Не үшін? Адам баласының өз бетінше билік жүргізуі жақсы нәтиже әкелмейтінін көрсету үшін (Уағыздаушы 7:29; 8:9). Алғашқы адамдардың бүлігінен бері 6000 жыл өтті. Сол уақыттың ішінде билік еткен үкіметтердің ешқайсысы да ауру, әділетсіздік, соғыс пен қылмысты тоқтата алмады. (Еремия 10:23; Римдіктерге 9:17 оқыңыз).

Ал Құдайдың билігі, керісінше, өзіне мойынсұнатындарға тек игілік әкеледі (Ишая 48:17, 18). Көп ұзамай Ехоба барлық адамзат үкіметтерін жояды. Құдайдың билігіне мойынсұнуды шешкен адамдар ғана жерде бақытты өмір сүретін болады (Ишая 11:9). (Даниял 2:44 оқыңыз).

Құдай неге қайғы-қасіретке жол береді?” деген бейнероликті көріңіз.

4. Құдайдың төзімділік танытуының бізге қандай пайдасы бар?

Шайтан Құдайға қызмет ететіндерге жала жапты. Оның айтуынша, әрбір адам Құдайға қара басының пайдасы үшін ғана қызмет етеді. Сіз осы жаланы жоққа шығаруды қалайсыз ба? Бұл сіздің қолыңыздан келеді. Құдайдың төзімділігі әрбірімізге кімнің билігін таңдайтынымызды, Құдайдікін бе, жоқ әлде адамдардікін бе, соны шешіп алуымызға мүмкіндік беріп отыр. Қандай шешім қабылдағанымыз өмір салтымыздан көрінуі тиіс. (Әйүп 1:8—12; Нақыл сөздер 27:11 оқыңыз).

5. Құдайды Билеушіміз ретінде таңдағанымызды қалай көрсетеміз?

Біздің шешіміміз Құдайды Билеушіміз ретінде мойындаймыз ба, жоқ па, соны көрсетеді

Құдайды Билеушіміз ретінде таңдағанымызды оның Сөзі Киелі кітапқа негізделген шынайы ғибадатты қабылдап, соған сай өмір сүру арқылы көрсетеміз (Жохан 4:23). Бұған қоса, Исаға еліктеп, саясат пен соғысқа қатысты істерге араласпау арқылы Шайтанның билігінен бас тартқанымыз дұрыс. (Жохан 17:14 оқыңыз).

Шайтан азғындық пен зұлымдықтың кең етек алуы үшін бар күшін салуда. Мұндай істерге араласудан бас тартқан кезде кейбір достарымыз бен туыстарымыз бізді мазақ етуі, тіпті қарсылық көрсетуі мүмкін (Петірдің 1-хаты 4:3, 4). Мұндайда таңдау жасау керек болады. Құдайға ұнамды адамдармен араласып, оның сүйіспеншілікпен берген дана заңдарын орындаймыз ба? Осылай етсек, қиындыққа кезіккен кез келген адам Құдайға адалдығын сақтамайды деген Шайтанның жаласын жоққа шығарамыз. (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; 15:33 оқыңыз).

Құдайдың адамдарға деген сүйіспеншілігі оның зұлымдық пен қайғы-қасіретті жоятынының кепілі болып табылады. Құдайдың ең жақсы билеуші екеніне сенетін адамдар жерде мәңгі өмір сүретін болады. (Жохан 3:16 оқыңыз).