Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-САБАҚ

Шынайы дінді қалай анықтауға болады?

Шынайы дінді қалай анықтауға болады?

1. Шынайы дін біреу ғана ма?

“Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер!” (МАТАЙ 7:15).

Иса пайғамбар Құдайға ұнамды болғысы келетін адамдарға бір ғана дінді — шынайы дінді — үйреткен. Мұны мәңгілік өмірге апаратын жолға теңеуге болады. Иса бұл жолды “табатындардың аз” болатынын айтқан (Матай 7:14). Құдай өзінің Сөзі Киелі кітапқа негізделген ғибадатты ғана қабылдайды. Шынайы ғибадатты ұстанатындардың барлығын бір сенім біріктіреді. (Жохан 4:23, 24; 14:6; Ефестіктерге 4:4, 5 оқыңыз).

Құдай Тағала барлық дінді құп көре ме?” деген бейнероликті көріңіз.

2. Жалған дінді ұстанатындар жайлы Иса пайғамбар не деді?

“Олар жұрттың көзінше Құдайды білеміз дегендерімен, іс-әрекеттерімен одан бас тартады” (ТИТКЕ 1:16).

Иса пайғамбар өзінің өлімінен кейін жалған пайғамбарлардың пайда болып, шынайы дінді бұрмалайтынын ескерткен. Бір қарағанда, жалған пайғамбарлар шынайы дінді ұстанатындай болып көрінуі мүмкін. Алайда адамның істері мен қасиеттеріне қарап, оның шынайы дінді ұстанатынын не ұстанбайтынын бірден байқауға болады. (Матай 7:13—23 оқыңыз).

3. Шынайы дінді ұстанатындарды қалай анықтауға болады?

Оларды ерекшелендіретін келесі бес жайтты қарастырайық:

  • Олар Киелі кітапқа Құдай Сөзі ретінде қарайды. Шынайы дінді ұстанатындар Киелі кітапта жазылған талаптарға сай өмір сүруге тырысады. Демек, шынайы діннің басқа діннен ерекшелігі — ол адамның ойынан шыққан наным-сенімдерге негізделмеген (Матай 15:7—9). Сондай-ақ оны ұстанатындардың сөздері мен істері бір-біріне қайшы келмейді. (Жохан 17:17; Тімөтеге 2-хат 3:16, 17 оқыңыз).

  • Олар Құдайдың Ехоба деген есімін дәріптейді. Ежелде пайғамбарлар Құдайдың Ехоба деген есімін білген әрі оны осы есіммен атаған. Иса пайғамбар да Құдайдың есімін дәріптеп, оны өзгелерге паш еткен (Матай 6:9). Сіз тұратын жерде Құдай есімін кім жариялап жүр? (Жохан 17:26; Римдіктерге 10:13, 14 оқыңыз).

  • Олар Құдай Патшалығын уағыздайды. Құдай Исаны жер бетіне Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау үшін жіберген. Құдай Патшалығы — адамзаттың үмітін ақтайтын жалғыз үкімет. Иса пайғамбар өмірінің ақырғы күніне дейін осы Патшалықты жариялаған (Лұқа 4:43; 8:1; 23:42, 43). Ол шынайы дінді ұстанатындардың да сол жайлы уағыздайтынын айтқан. Әлдекім сізге жақындап, Құдай Патшалығы туралы айтса, ол қай дінді ұстанған болу керек деп ойлайсыз? (Матай 24:14 оқыңыз).

  • Олар осы зұлым дүниеден алшақ жүреді. Шынайы дінді ұстанатындар қақтығыстарға және саясатқа араласпайды (Жохан 17:16; 18:36). Сондай-ақ олар осы зұлым дүниенің көзқарасына да, жаман істеріне де еліктемейді. (Жақып 4:4 оқыңыз).

  • Олар бір-біріне зор сүйіспеншілік танытады. Құдайға ұнамды болғысы келетіндер барлық ұлт өкілдерін сыйлауды үйренеді. Бұлай етуге оларды Құдай Сөзі талпындырады. Жиі жалған діндер мемлекет арасындағы соғыстарға барынша қолдау көрсетіп жатады, ал шынайы дінді ұстанатындар бұлай етуден бас тартады (Миха 4:1—3). Мұның орнына олар өз уақыттарын, күштері мен қаражаттарын өзгелерге риясыз көмек көрсетуге жұмсайды. (Жохан 13:34, 35; Жоханның 1-хаты 4:20 оқыңыз).

4. Шынайы дінді анықтай аласыз ба?

Қай дін барлық ілімдерін тек Құдай Сөзіне негіздейді, оның есімін дәріптейді және Құдай Патшалығын адамзаттың жалғыз үміті ретінде жариялайды? Қай дін сүйіспеншілік танытып, соғысқа араласудан бас тартады? Осы сұрақтарға қалай жауап берер едіңіз? (Жоханның 1-хаты 3:10—12 оқыңыз).