Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қайғы-қасірет болмайтын кез жақын!

Қайғы-қасірет болмайтын кез жақын!

Қайғы-қасіреттен босаған дүниеде өмір сүріп жатқаныңызды елестетіңізші. Онда қылмыс, соғыс, аурулар мен табиғи апаттар атымен жоқ. Күніге таңертең ұйқыдан оянғанда, экономикалық тұрақсыздық, алалаушылық не қанаушылық жайлы ойлап, еш қорықпайсыз. Мұндай өмірді жай қиял деп есептейсіз бе? Бұл ешбір адамның не адами ұйымның қолынан келмейтіні рас. Алайда Құдай қайғы-қасіреттің барлық себебін — алдыңғы мақалада қарастырылған бес себебін де — жоятынын уәде етеді. Ал қазір Құдай Сөзі Киелі кітапта жазылған келесі уәделерге назар аударайық.

ЖАҚСЫ ҮКІМЕТ БИЛІК ЕТЕДІ

“Көктегі Құдай бір Патшалықты орнатады. Сол Патшалық ешқашан күйремейді, Құдай бөтен халықтың оны жаулап алуына да жол бермейді. Қайта, осы Патшалық басқа барлық патшалықтарды біржола қиратып, өзі мәңгі берік тұрады” (Даниял 2:44).

Құдай Патшалығы дегеніміз — көктегі үкімет. Оның таңдалған Билеушісі Иса барлық адами үкіметтердің орнын басады және Құдай еркінің көкте ғана емес, жер бетінде де орындалуына қам жасайды (Матай 6:9, 10). Бұл Патшалықты ешбір адами үкімет алмастыра алмайды, себебі ол — “Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің мәңгілік Патшалығы”. Сол кезде әлемде мәңгілікке тыныштық орнайтыны хақ (Петірдің 2-хаты 1:11).

ЖАЛҒАН ДІН ЖОЙЫЛАДЫ

“Шайтан да өзін жарық періштесі етіп көрсетеді. Сондықтан оның қызметшілерінің де өздерін әділдіктің қызметшілері етіп көрсететіні таңғалдырмайды. Бірақ олардың ақыры істеріне сай болмақ” (Қорынттықтарға 2-хат 11:14, 15).

Ібілістің істерімен қоса, жалған дін де әшкереленіп, жер бетінен жойылады. Діни фанатизм және қантөгіс атымен жоқ болады. Осының арқасында “тірі де шынайы Құдайды” сүйетіндердің барлығы оған бір сенімде, сондай-ақ “киелі рухтың басшылығымен және шындыққа сай” ғибадат ететін болады. Сонда нағыз тыныштық пен бірлік орнайды! (Салоникалықтарға 1-хат 1:9; Ефестіктерге 4:5; Жохан 4:23).

АДАМЗАТ КЕМЕЛДІЛІККЕ ҚАДАМ БАСАДЫ

“Құдайдың өзі солармен бірге болады. Сонда Құдай олардың көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:3, 4).

Ехоба Құдай мұны адамзат үшін жанын қиған Иса пайғамбар арқылы жүзеге асырады (Жохан 3:16). Исаның қол астында адамзат кемелді  өмірге қайта оралады. Сонда қайғы-қасірет болмайды, себебі “Құдайдың өзі солармен бірге болады” әрі “көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды”. Жуырда кемелсіздік пен қайғы-қасірет артта қалады. “Әділдер осылай елді иеленеді, Өмір бақи оны мекен етеді” (Забур 36:29).

ЗҰЛЫМ РУХТАР АЛАСТАТЫЛАДЫ

“Ол [Иса пайғамбар] айдаһарды — ежелгі жылан, яғни Ібіліс Шайтанды — ұстап алып, 1000 жылға бұғаулап тастады... Енді қайтып халықтарды алдай алмауы үшін періште оны түпсіз тұңғиыққа лақтырып жіберіп, аузын жауып, мөрмен бекітті” (Аян 20:2, 3).

Шайтан мен жын-перілер “тұңғиыққа” лақтырылғанда, яғни толықтай әрекетсіз күйде болғанда адамдарға еш әсер ете алмайтын болады. Сонда олар адамдардың істеріне араласып, зұлымдықпен өктемдік ете алмайды. Шайтан мен зұлым рухтардың ықпалынан босаған дүниеде өмір сүру қандай жеңіл болады десеңізші!

“СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ” СОҢЫ КЕЛЕДІ

“Соңғы күндер” Иса пайғамбар “зор алапат” деп атаған кезеңмен аяқталады. Ол: “Сол уақытта дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған және қайтып қайталанбайтын зор алапат болады”,— деген (Матай 24:21).

Осы кезеңде бұрын-соңды болмаған апаттар орын алатындықтан, бұл алапат зор болады. Ал “Армагеддон” деп аталатын “Құдіретті Құдайдың ұлы күні болатын соғыс” оның шарықтау шегі болмақ (Аян 16:14, 16).

Әділдікті сүйетін барлық адамдар осы зұлым дүниенің соңын асыға күтуде. Құдай Патшалығы билік еткенде оларды қандай баталар күтіп тұрғанын көрейік.

ҚҰДАЙ БҰДАН ДА КӨП НӘРСЕНІ ЖАСАЙДЫ!

“Ұлы жамағат” бейбітшілік орнаған жаңа дүниеге аман-есен жетеді. Құдай Сөзінде жазылғандай, ешкім санай алмайтын “ұлы жамағат” зор алапаттан аман өтіп, әділдік орнаған жаңа дүниеге жетеді (Аян 7:9, 10, 14; Петірдің 2-хаты 3:13). Олар “дүниені күнәдан арылтатын Құдайдың Тоқтысы” Иса пайғамбардың арқасында құтқарылғандарын мойындайды (Жохан 1:29).

Адамдар Құдай беретін білімнің зор игілігін көретін болады. Жаңа дүниеде “жер Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлеген адамдарға толы болады” (Ишая 11:9). Құдайдан келетін бұл білімге барлық адамдармен тату болып, қоршаған ортамен үндестікте өмір сүруге қатысты басшылық та жатады. Ехоба Құдайымыз: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін”,— деп уәде етеді (Ишая 48:17).

Өмірден өткен сүйікті адамдарымыз қайта тіріледі. Жерде болғанда Иса пайғамбар Елазар есімді досын өлімнен қайта тірілтті (Жохан 11:1, 5, 38—44). Осылайша ол болашақта Құдай Патшалығының билігі тұсында мұны үлкен көлемде жасайтынын көрсетті (Жохан 5:28, 29).

Тыныштық пен әділдік мәңгілікке орнайды. Иса пайғамбар билік еткенде заңсыздық атаулы мүлде ұмыт болады. Неге бұлай дей аламыз? Өйткені Иса адамның жүрегінде не бар екенін көре алады және осы қабілетін әділдер мен зұлымдарды соттағанда қолданады. Зұлым істерінен бас тартып, бет бұрғысы келмейтіндер Құдайдың жаңа дүниесінде өмір сүре алмайды (Забур 36:9, 10; Ишая 11:3, 4; 65:20; Матай 9:4).

Біз қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманға қатысты Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың бірнешеуін ғана айтып кеттік. Құдай Патшалығы жер бетіне билік еткенде, “бейбіт өмір” мәңгілікке жалғасады (Забур 36:11, 29). Адам баласын азапқа салған қайғы-қасіреттің күллі себептері жоқ болады. Өйткені Құдайдың өзі осыны уәде етеді: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын... Бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы” (Аян 21:5).