Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-САБАҚ

Иса пайғамбардың қасиеттері қандай?

Иса пайғамбардың қасиеттері қандай?

Жер бетінде болғанда Иса пайғамбар не істегенін, не дегенін білген сайын, оның қасиеттері ашыла түседі. Ашылған сайын, онымен және оның Әкесі Ехобамен дос болғымыз келеді. Исаның көркем қасиеттерінің кейбірі қандай? Біз Исаға қалай еліктей аламыз?

1. Иса қай жағынан Әкесі сияқты?

Иса миллиардтаған жыл бойы көкте сүйіспеншілікке толы Әкесін бақылап, одан көп нәрсеге үйренді. Сондықтан оның ойлары да, сезімдері де, іс-әрекеттері де тура Әкесінікіндей (Жохан 5:19 оқыңыз). Әкесінің қасиеттеріне айнытпай еліктегені сонша — ол: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деп айтқан (Жохан 14:9). Сіз Исаның тартымды қасиеттерін білген сайын, Ехобаны да жақсырақ білесіз. Мысалы, Исаның адамдарға танытқан жанашырлығына қарап, Ехобаның сізге қалай жаны ашитынын түсінесіз.

2. Иса Ехобаны жақсы көретінін қалай көрсетті?

Иса былай деген: “Әкемді жақсы көретінімді осы дүние білсін деп, Әкем нені өсиет етсе, соны орындаймын” (Жохан 14:31). Жерде болғанда Иса тіпті қиын болса да, Әкесінің айтқанын істеді. Осылай оны қатты сүйетінін көрсетті. Сондай-ақ басқаларға Әкесі туралы айтқанды оның жаны сүйетін, әрі оларға Әкесімен дос болуға көмектескісі келіп тұратын (Жохан 14:23).

3. Иса адамдарды жақсы көретінін қалай көрсетті?

Киелі кітапта Иса “адам баласын ерекше жақсы көретіні” айтылған (Нақыл сөздер 8:31). Жерде болғанда сол сүйіспеншілігін Иса қалай көрсетті? Ол еңсесі түскендердің арқасынан қағып, қол ұшын беруден аянбады. Жасаған кереметтері оның құдіретін ғана емес, жанашырлығын да аян етті (Марқа 1:40—42). Ол ешкімді бөліп-жармай, бәріне бірдей мейіріммен қарады. Ал сөздері оны тыңдауға келген ақжүректі адамдарға жұбаныш пен үміт сыйлады. Бүкіл адамзатты жақсы көргендіктен, ол солар үшін қасірет шегіп, өмірін қиюға дайын болды. Бірақ ол тәлімдерін ұстанып өмір сүретіндерді ерекше жақсы көреді (Жохан 15:13, 14 оқыңыз).

ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ

Исаның қасиеттері жайлы көбірек білейік. Сондай-ақ оған ұқсап, қалай сүйіспеншілік пен жомарттық таныта алатынымызды көрейік.

4. Иса Әкесін жақсы көреді

Исаның үлгісіне қарап, Құдайды жақсы көретінімізді қалай білдіруге болатынын үйренеміз. Лұқа 6:12 және Жохан 15:10; 17:26 оқыңыздар. Әр тармақтан кейін мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Исаға еліктеп, Ехобаны жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз?

Иса көктегі Әкесін жақсы көрген әрі оған үнемі дұға еткен

5. Иса адамдардың қамын ойлайды

Иса өзінен гөрі өзгенің қамын көп ойлаған. Ол шаршап тұрса да, адамдарға көмектесу үшін уақыты мен күшін аямайтын. Марқа 6:30—44 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:

  • Иса өзгелердің қамын ойлайтынын қалай көрсетті? (31, 34, 41 және 42-тармақтарды қараңыз).

  • Адамдарға көмектесуге Исаға не қозғау салды? (34-тармақты қараңыз).

  • Иса Ехобаның қасиеттеріне еліктейтіндіктен, оның істеріне қарап Ехоба жайлы не біле аласыз?

  • Адамдардың қамын ойлаған Исаға қай жағынан еліктей аламыз?

6. Иса өте жомарт

Иса көп нәрсесі болмаса да, басқаларға барын берген. Ол бізді де қолы ашық, жомарт адам болуға шақырады. Елшілердің істері 20:35 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Исаның айтуы бойынша, біз қай кезде бақытты боламыз?

БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақты талқылаңыздар:

  • Береріміз көп болмаса да, басқаларға қалай жомарт бола аламыз?

Біле жүріңіз

Киелі кітапта біз Ехобаға Исаның атынан дұға айтуымыз керектігі айтылған (Жохан 16:23, 24 оқыңыз). Осылай етсек, біз Ехобамен дос болуымыз үшін Исаның істеген жақсылығына риза екенімізді көрсетеміз.

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Қиындықтар — Құдайдың сынағы”.

  • Әкесінің көркем қасиеттеріне еліктеген Исаның әрекеттері Ехоба бізді қиындықпен сынамайтынын қалай дәлелдейді?

ТҮЙІНДЕМЕ

Иса Ехобаны және адамдарды жақсы көреді. Иса Әкесі сияқты болғандықтан, оны жақсырақ білсеңіз, Ехобаны да жақсырақ танисыз.

Қайталау

  • Ехобаны жақсы көретінімізді Иса сияқты қалай көрсете аламыз?

  • Адамдарды жақсы көретінімізді Иса сияқты қалай көрсете аламыз?

  • Сіз үшін Исаның қай қасиеті ерекше тартымды?

Мақсат

ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ

Исаның бізге үлгі болатын кейбір қасиеттері жайында оқып көріңіз.

“Исаға еліктеу үшін...” (“Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір” 317-бет)

Неге Исаның атынан дұға ету керектігін біліңіз.

“Неге Исаның атынан дұға айту керек?” (“Күзет мұнарасы” (ор.), 1 ақпан, 2008)

Иса әйел затына қалай қараған? Сол жайлы оқып көріңіз.

“Құдай әйел затын сый-құрметке бөлейді” (“Күзет мұнарасы” (ор.), 1 қыркүйек, 2012)