6-САБАҚ
Тіршілік қалай пайда болды?
Киелі кітапта Құдай жайлы: “Өмірдің қайнар көзі сенде”,— деп жазылған (Зәбүр 36:9). Сіз бұған сенесіз бе? Кейбіреулердің ойынша, тіршілік өздігінен, кездейсоқ пайда болды. Егер бұл рас болса, онда тіршілік етіп жатқанымыздың мән-мағынасы болмас еді. Ал егер тіршілікті Ехоба Құдай жаратқан болса, демек, бұған бір келелі себеп болған a. Қазір тіршіліктің бастауы жайлы Киелі жазбаларда не айтылғанын және неге мұның ақылға қонымды екенін қарастырайық.
1. Ғалам қалай пайда болды?
Киелі кітапта: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты”,— делінген (Мұсаның 1-жазбасы 1:1). Ғаламның бастауы бар болғандығымен ғалымдардың көбісі келіседі. Құдай оны қалай жаратты? Ол ғаламдағының бәрін — галактикалар мен жұлдыздарды, планеталарды өзінің киелі рухымен, яғни құдіретті күшімен жасады (Мұсаның 1-жазбасы 1:2).
2. Алла Тағала жерді не үшін жаратты?
Ехоба Құдай жерді “бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқан” (Ишая 45:18). Ол Жер шарымызды адамдарға жайлы да мәңгі мекен болсын деп жаратты (Ишая 40:28; 42:5 оқыңыз). Ғалымдар жердің басқа планеталардан өте ерекше екенін айтады. Тек осында ғана адамның тіршілік етуіне барлық жағдай жасалған.
3. Адамның жан-жануарлардан қандай өзгешелігі бар?
Жерді жасап болған соң, Ехоба ондағы тіршілікті жаратты. Алдымен ол жерді әртүрлі өсімдіктер мен жануарларға толтырды. Содан соң “Құдай адамды өзіне ұқсас етіп жаратты” (Мұсаның 1-жазбасы 1:27 оқыңыз). Адам баласы несімен ерекшеленеді? Біз Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, оның сүйіспеншілік, әділдік сияқты қасиеттерін таныта аламыз. Сондай-ақ ол бізге тіл үйрену, әсемдікке тамсану, музыкадан рақат алу қабілетін дарытты. Жан-жануардан тағы бір айырмашылығымыз — біз Жаратушымызға ғибадат ете аламыз.
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Тіршіліктің ойластырылып жасалғанына дәлел қарастырайық. Сондай-ақ Киелі кітаптағы жарату ісі жайлы мәліметтің қаншалықты қисынды екенін білейік. Ал адамның бойындағы қасиеттерден Жаратушы туралы не білетінімізді көрейік.
4. Керемет ойластырылған тіршілік
Адамдар табиғатта бар нәрселердің көшірмесін жасап, сол үшін мақтау-марапатқа бөленіп жатады. Алайда солардың түпнұсқасын жасағаны үшін шын мәнінде кім мадаққа лайық? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақты талқылаңыздар:
-
Адамдар табиғатқа қарап не жасап шығарды?
Әрбір үйдің жобасын біреу ойластырып, соғады. Ал табиғатта бар тіршіліктің жобасын кім ойластырып жасап шығарған? Еврейлерге 3:4 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
-
Табиғат әлемінде сізді не тамсандырады?
-
Бүкіл ғаламды және ондағының бәрін Құдай жаратты дегенге сену ақылға қона ма? Неге олай ойлайсыз?
Біле жүріңіз
jw.org сайтындағы “Жаратылыс ғажайыптары” және “Тіршіліктің пайда болуына қатысты пікірлер” деген топтамада осы тақырып жайлы мақалалар мен бейнероликтер бар.
“Әрине, әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің Жаратушысы — Құдай”
5. Киелі кітаптағы жаратылыс жайлы мәлімет ақылға қонымды
Мұсаның 1-жазбасының 1-тарауында жер мен ондағы тіршіліктің қалай пайда болғаны сипатталады. Сол мәліметке сенуге бола ма, әлде ол ойдан шығарылған ба? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
-
Киелі кітап жер мен ондағы тіршілік 24 сағаттық алты тәулікте жаратылды деп үйрете ме?
-
Киелі кітаптағы жаратылыс туралы мәліметті қисынды да ақылға қонымды деп санайсыз ба? Бұлай деуіңізге не себеп?
Мұсаның 1-жазбасы 1:1 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
-
Ғалымдар ғаламның бастамасы болған деп айтады. Олардың бұл тұжырымы осы жазба орнындағы сөздерге сай келе ме? Неге олай ойлайсыз?
Кейбіреулер Құдай тіршілікті эволюция жолымен жаратқан деп ойлайды. Мұсаның 1-жазбасы 1:21, 25, 27 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
-
Киелі кітап тіршілік эволюция арқылы, яғни Құдай бір қарапайым жасушаны жаратып, одан балықтар, жануарлар, адамдар дамып жетілді деп үйрете ме? Әлде ол тіршіліктің барлық негізгі түрлерін өзі жаратты ма?
6. Адам баласы — Құдайдың ерекше жаратылысы
Біз Ехоба жаратқан жан-жануарлардан өзгешеміз. Мұсаның 1-жазбасы 1:26 оқып, келесі сұрақты талқылаңыздар:
-
Біз Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, бойымыздағы сүю және жанашырлық қасиеті Жаратқанның қандай екенін көрсетеді?
КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ АЙТАТЫНЫ: “Алла Тағала ғаламды алты күнде жаратты”.
-
Сіз не ойлайсыз? Неге?
ТҮЙІНДЕМЕ
Ехоба Құдай бүкіл ғалам мен күллі тіршілікті жаратты.
Қайталау
-
Ғаламның бастауы жайлы Киелі кітап не деп үйретеді?
-
Құдай бір қарапайым жасушаны жаратып, кейін одан әртүрлі тіршілік иелері эволюция жолымен дамып жетілді ме, әлде олардың бәрін Құдай жаратты ма?
-
Адам баласы несімен ерекше?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
Жаратушы бар екенін табиғат әлемі қалай айғақтайтынын оқып көріңіз.
Киелі кітаптағы жаратылыс жайлы мәліметті балаға қалай түсіндіруге болатынын көріңіз.
Эволюцияның Киелі кітапқа сай келетін-келмейтінін біліңіз.
“Құдай тіршіліктің сан алуан түрін жарату үшін эволюцияны қолданды ма?” (jw.org сайтындағы мақала)
Тіршілік жаратылды ма, әлде кездейсоқ пайда болды ма? Мұны анықтау үшін ежелгі қаңқа қалдықтары мен ғылыми тәжірибелерді қарастырып көріңіз.
a 25-сабақта Құдайдың адамзатқа қатысты ниет-қалауы талқыланады.