Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

113-ОҚИҒА

Пауыл Римде

Пауыл Римде

КӨРІП тұрсың ба, Пауылдың қолы шынжырлаулы және римдік сақшы оны күзетіп тұр. Қазір Пауыл Римдегі түрмеде. Ол Рим императорының өзіне байланысты шешім қабылдауын тосуда. Пауыл қамауда болғанымен, оған басқа адамдар келе алады.

Римге келгеніне үш күн болғанда, Пауыл яһудилердің беделді кісілерін өзіне шақыртады. Оның шақыртуы бойынша Римде тұратын яһудилердің көбісі келеді. Пауыл оларға Иса туралы және Құдай Патшалығы туралы уағыз айтады. Кейбіреулері сеніп, мәсіхші болады, бірақ кейбіреулері сенбейді.

Сонымен қатар Пауыл өзін күзеткен күзетшілерге де уағыздайды. Түрмеде болған екі жыл аралығында ол әрбір мүмкіндікті пайдаланып уағыз айтады. Тіпті Цезарьдің үй ішіндегі адамдар да Патшалық туралы ізгі хабарды естіп, кейбіреулері мәсіхші болады.

Ал мына үстелдің басында жазып отырған адам кім? Білесің бе? Иә, бұл — Тімоте. Ол да Патшалық туралы уағыздағаны үшін түрмеде отырып шыққан, ал енді бостандықта. Бұл жерге ол Пауылға көмектесуге келген. Қазір Тімотенің не жазып жатқанын білесің бе? Кел, көрелік.

Жүз оныншы әңгімеде айтылған Філіпі мен Ефес қалалары есіңде ме? Пауыл осы қалаларда мәсіхшілер қауымының негізін қалауға көмектескен. Ал енді қамауда отырған кезінде, Пауыл сондағы мәсіхшілерге хат жолдайды. Бұл хаттар Киелі кітапқа енгізілген. Олар “Ефестіктерге арналған хат” және “Філіпіліктерге арналған хат” деп аталады. Дәл қазір Пауыл Філіпі қаласындағы мәсіхші бауырластарға арнап Тімотеге хат жазғызып тұр.

Філіпіліктер Пауылға көп жақсылық істеген. Олар түрмедегі Пауылға арнап сыйлық та жолдайды. Ол болса бұл үшін оларға ризашылығын білдіруде. Філіпіліктер жолдаған сыйлықты Епафродит әкеледі. Алайда ол қатты науқастанып қалып, хал үстінде жатады. Ал енді ол едәуір оңалып қалғандықтан жақында қайта үйіне оралады. Ол өзімен бірге Філіпіге Пауыл мен Тімотенің хатын ала кетеді.

Пауыл қамауда отырған уақытта тағы да екі хат жазады. Бұл хаттар да Киелі кітапқа енгізілген. Олардың бірі Қолостағы мәсіхшілерге арналып жазылған. Бұл хаттың қалай аталатынын білесің бе? “Қолостықтарға арналған хат”. Екінші хат Қолоста тұратын Пауылдың жақын досы Філимонға арналып жазылған болатын. Бұл хатта Філимонның құлы Онисым жайлы айтылған еді.

Онисым Філимоннан қашып кетіп, Римге келген. Ол Пауылдың осында қамауда екенін біледі. Онисым Пауылдың жағдайын білуге келгенде, Пауыл оған уағыз айтады. Көп кешікпей Онисым да мәсіхші болады. Енді ол қожайынынан қашып кеткеніне өкінеді. Сонымен Пауылдың Філимонға не жазғанын білесің бе?

Ол Філимонның Онисымды кешіруін өтінеді.

— Мен саған Онисымды қайта қайтарып отырмын,— деп жазады Пауыл.— Бірақ енді ол жай құлың ғана емес, Мәсіхке сенуші жақсы бауырласың.

Қолосқа ораларда Онисым осы екі хатты өзімен ала кетеді: бірі — қолостықтарға, екіншісі — Філимонға. Құлының мәсіхші болғанын білгендегі Філимонның қуанышын елестетіп көруге болады.

Пауыл філіпіліктер мен Філимонға хат жазғанда, оның расында да қуантарлық жаңалығы бар еді. “Мен сендерге Тімотені жіберіп отырмын,— деп жазады Пауыл філіпіліктерге.— Ал жақында өзім де келіп қаламын сендерге”. Філимоннан болса Пауыл:

— Маған баспана дайындағайсың,— деп өтінеді.

Пауыл бостандыққа шыққан соң, Мәсіхке сенетін бауырластары тұратын көптеген жерлерге барады. Алайда кейінірек оны тағы да Римдегі түрмеге қамайды. Пауыл бұл жолы өзін өлім жазасына кесетінін біледі. Сондықтан ол Тімотенің тез арада өзіне жетуін сұрап хат жазады. “Мен Құдайға деген сенімімді сақтап қалдым,— деп жазады Паул өзінің хатында.— Осылай еткенім үшін Құдай маған сыйын береді”. Пауылды өлтіргеннен кейін бірнеше жыл өткен соң, Иерусалим екінші рет күйрейді. Бұл жолы римдіктердің қолынан.

Бірақ Киелі кітапта жазылған нәрсе бұл ғана емес. Ехобаның ықпалымен елші Жохан Киелі кітаптың соңғы кітаптарын жазады. Жохан жазған кітаптардың ішіне Аян кітабы да кіреді. Бұл кітапта болашақ жөнінде айтылады. Кел, болашақта не болатынын білейік.