Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

112-ОҚИҒА

Кеменің апатқа ұшырап, адамдардың аралға шығуы

Кеменің апатқа ұшырап, адамдардың аралға шығуы

КЕМЕГЕ не болғанын қарашы! Быт-шыты шығыпты! Көрдің бе, адамдардың барлығы суға секіріп кетіпті. Кейбіреулері жағаға қарай жүзіп келеді. Мынау Пауыл емес пе? Кел, оның қандай жағдайға ұшырағанын көрейік.

Пауылдың екі жыл бойы Кесарияда түрмеде болғанын есіңе алшы. Сосын, оны тағы да бірнеше тұтқындармен бірге кемеге отырғызып, Римге жөнелтеді. Олар Крит аралына жақындағанда, қатты дауыл басталады. Желдің қатты соққаны соншалық, кемеге бағыт беру мүмкін болмай қалады. Күндіз күн, түнде жұлдыз көрінбейді. Күндер өтіп жатады. Дауыл болса басылар емес. Кемедегі адамдар құтқарылуға деген үміттерін үзе бастайды.

Сонда Пауыл тұрып былай дейді:

— Ешқайсың өлмейсіңдер. Тек кеме ғана құриды. Түнде маған Құдайдың періштесі келіп, былай деп айтты: “Қорықпа, Пауыл! Сен Рим билеушісі Цезарьдің алдына баруға тиістісің. Құдай сенімен бірге кемедегілердің бәрін құтқарады”.

Дауылдың тұрғанына он төрт күн болғанда, түн ортасында кемешілер судың сәл-сәл таяздай бастағанын байқайды! Қараңғыда жартасқа соғылып қалудан қорыққан кемешілер суға зәкірлерін тастайды. Таңертең олар шығанақты көреді де, кемені жағаға жақынырақ тақап тоқтатқылары келеді.

Олар жағаға әбден жақындаған уақытта, таяз жерге тап болып, кеменің тұмсығы құмға тіреледі де, тоқтап қалады. Лықсыған толқындар кемені соққылап қирата бастайды. Осы сапарға жауапты болып тағайындалған жүзбасы:

— Жүзе алатындарың бірінші болып теңізге секіріп, құрлыққа жүзіп шығыңдар. Ал қалғандарың олардың арттарынан секіріп, суға кетпеу үшін кеменің сынған ағаштарын ұстап алыңдар,— деп бұйырады. Олар дәл солай етеді. Періште уәде еткендей, кемеде болған екі жүз жетпіс алты адамның барлығы аман-есен жағаға шығады.

Олар шыққан арал Мальта деп аталатын. Жергілікті тұрғындар кеме апатына ұшырағандарға жылы шырай танытып, қамқорлық етеді. Ауа райы жақсарған кезде, Пауылды басқа кемеге отырғызып, Римге жөнелтеді.