Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

88-ОҚИҒА

Жақияның Исаны шомылдыру рәсімінен өткізуі

Жақияның Исаны шомылдыру рәсімінен өткізуі

ҚАРАШЫ, мына адамның басына көгершін қонайын деп жатыр. Бұл адам — Иса. Қазір оның жасы отыздар шамасында. Оның жанында тұрған — Жақия. Мәриям өзінің жақын апасы Елізабетке келгенде, оның құрсағындағы баланың қуаныштан тыпырлап кеткені есіңде ме? Сол әлі дүниеге келмеген нәресте дәл осы Жақияның өзі еді. Алайда Иса мен Жақия қазір не істеп жатыр?

Қазір ғана Жақия Исаны Иордан өзенінің суына батырып алды. Осылайша адам шомылдыру рәсімінен өтеді. Алдымен оны суға батырады, сосын, қайта шығарады. Жақия халықты суға шомылдыру рәсімінен өткізетін болғандықтан, оны шомылдырушы Жақия деп атайтын. Бірақ неге Жақия Исаны шомылдыру рәсімінен өткізді?

Иса өзі оған келіп, осылай етуін өтінді. Жасаған бұрыс қылықтары үшін тәубаға келгенін көрсеткісі келген адамдарды Жақия шомылдыру рәсімінен өткізеді. Бірақ Иса тәубаға келетіндей жаман қылық жасады ма? Жоқ, ешқашан жасаған емес, өйткені ол — Жаратқан Иенің көктен келген Ұлы. Демек, Жақиядан шомылдыру рәсімінен өткізуді Иса басқа бір себеппен өтінген. Бұл не себеп болды екен? Кел, білейік.

Бұған дейін Иса ағаш ұстасы болған. Ағаш ұстасы — ағаштан үстел, орындықтар сияқты әр түрлі заттар жасайтын адам. Мәриямның күйеуі Жүсіп ағаш ұстасы болатын. Ол өз кәсібін Исаға да үйреткен еді. Бірақ Ехоба Исаны жерге ағаш ұстасы болу үшін жіберген жоқ. Ол Исаға ерекше іс тапсырған. Енді, міне, осы тапсырманы орындайтын шақ та келді. Иса Құдайдың еркін орындауға келгенін Жақиядан өзін шомылдыру рәсімінен өткізуін өтінуімен көрсетеді. Бұған Құдай риза ма?

Әлбетте. Өйткені Иса судан шыққанда, аспаннан: “Бұл — Менің Ұлым, Мен оған ризамын”,— деген дауыс шығады. Сол кезде аспан ашылғандай болып, Исаға көгершін қонады. Көгершінге ұқсағанымен, ол кәдімгі көгершін емес. Шындығында ол — Құдайдың киелі рухы.

Енді Исаға көп нәрсені салмақтап-саралау керек, сондықтан ол қырық күн бойы оңаша жерде болады. Ол жерде оған Шайтан келеді. Қалай болмасын, әйтеуір Құдайдың заңын бұздыруға тырысып, Шайтан Исаны үш рет сынайды. Бірақ Иса Құдайдың заңын бұзудан бас тартады.

Бұдан кейін Иса қайта оралады да, кейінірек өзінің алғашқы ізбасарлары, немесе шәкірттері, болған бірнеше адамды кезіктіреді. Міне, олардың кейбіреулерінің есімдері: Әндір, Петір (Шимон деп те атайды), Філіп және Натанайыл (Барталмай деп те атайды). Иса жаңа шәкірттерімен Ғалилея өлкесіне бет алады. Ғалилеяда олар Натанайылдың туған қаласы Қанаға келіп тоқтайды. Бұл жерде Иса бір үлкен тойға келіп, алғашқы рет керемет жасайды. Қандай керемет жасағанын білесің бе? Суды шарапқа айналдырады.