Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

А5

Грек жазбаларындағы Құдай есімі

Киелі кітапты зерттейтін ғалымдар тетраграмматон (יהוה) деп аталатын Құдай есімінің Еврей жазбаларының түпнұсқасында шамамен 7000 рет кездесетінін мойындайды. Алайда біраз ғалымдар Грек жазбаларының түпнұсқасында Құдай есімі кездеспейді деген ойда. Сол себепті қазіргі кездегі Грек жазбаларының көп аудармаларында Ехоба деген есім жоқ. Тіпті Еврей жазбаларынан тетраграмматон бар үзінділер келтірілсе де, көп аудармашы Құдай есімінің орнына “Ие”, “Жаратқан Ие” деп жазады.

Алайда “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті бұндай дәстүрді құптамайды. Сондықтан Грек жазбаларында Ехоба деген есім 237 рет қолданылды. Мұндай шешім қабылдағанда, аудармашылар маңызды екі жайтты ескерді: 1) Бүгінгі күнге дейін сақталған грек тіліндегі қолжазбалардың ешқайсысы түпнұсқа емес. Қолда бар мыңдаған көшірменің басым көпшілігі түпнұсқа жазылғаннан кейін екі ғасырдан соң жасалған. 2) Ал ол уақытта көшірмешілер тетраграмматонды грекше “Кириос”, яғни “Ие”, сөзімен алмастыратын болған немесе алмастырып қойылған қолжазбалардан көшірген.

“Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті грекше қолжазбалардың түпнұсқасында тетраграмматонның болғанына сенімді. Мұндай тұжырым жасауға келесі жайттар негіз болды:

  • Иса мен оның елшілерінің тұсында қолданылған Еврей жазбаларының көшірмелерінде тетраграмматон жиі кездеседі. Бұрынырақта мұнымен кейбір ғалымдар келіспеген болатын. Алайда Кумран маңынан Еврей жазбаларының І ғасырда жазылған көшірмелері табылғанда, жоғарыдағы тұжырымның дұрыстығы дәлелденді.

  • Иса мен оның елшілерінің заманында тетраграмматон Еврей жазбаларының грек тіліндегі аудармаларында да болған. Ғасырлар бойы ғалымдар Грек Септуагинтінде, яғни Еврей жазбаларының грекше аудармасында, тетраграмматон болмаған деп ойлады. ХХ ғасырдың орта шенінде Исаның заманында қолданылған Грек Септуагинтінің көне көшірмелерінің үзінділері ғалымдардың назарына ұсынылды. Сол үзінділерде еврей әріптерімен жазылған Құдай есімі кездеседі. Демек, Исаның заманында қолданылған грек тіліндегі Жазбалардың көшірмелерінде Құдай есімі болған. Бірақ IV ғасырға таман жазылған Грек Септуагинті қолжазбаларының көпшілігінде, мысалы Ватикан Кодексі мен Синай Кодексінде, Мұсаның 1-жазбасынан бастап Малахи пайғамбардың жазбасына дейін Құдай есімі кездеспейді (ал одан алдыңғы көшірмелерінде қажетті жерлерінде болған еді). Олай болса, сол кезден бері сақталған Грек жазбаларының көшірмелерінде Құдай есімінің кездеспейтіні таңғалдырмайды.

    Иса: “Әкемнің атынан келдім”,— деп нақты айтқан. Сондай-ақ ол не істесе де, бәрін “Әкесінің атынан жасап жүргеніне” баса назар аударған

  • Грек жазбаларының өзінде Исаның Құдай есімін қолданғаны әрі оны өзгелерге ашқаны жайлы жазылған (Жохан 17:6, 11, 12, 26). Иса: “Әкемнің атынан келдім”,— деп нақты айтқан. Сондай-ақ ол не істесе де, бәрін “Әкесінің атынан жасап жүргеніне” баса назар аударған (Жохан 5:43; 10:25).

  • Грек жазбалары киелі рухтың жетелеуімен қасиетті Еврей жазбаларының жалғасы ретінде жазылған, сондықтан онда Ехобаның есімінің мүлдем жоқ болуы қисынсыз. Шамамен І ғасырдың ортасында Жақып есімді Исаның шәкірті Иерусалимнің ақсақалдарына: “Құдай өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін басқа ұлт адамдарына алғаш рет назар аударғанын Шимеон бізге егжей-тегжейлі айтып берді”,— деген (Елшілердің істері 15:14). Егер І ғасырда ешкім Құдайдың есімін білмеген не қолданбаған болса, Жақыптың бұлай деуі қисынсыз болар еді.

  • Грек жазбаларында Құдай есімінің қысқа түрі кездеседі. Аян 19:1, 3, 4, 6 тармақтарда Құдай есімі “Аллилуйя” сөзінің құрамында бар. Бұл сөз “Яхты мадақтаңдар” деген еврей сөзінен шыққан. “Ях” — Ехоба деген есімнің қысқа түрі. Грек жазбаларындағы көп есім Құдай есімінен шыққан. Анықтамалық еңбектерде түсіндірілетіндей, Иса деген есімнің мағынасы “Ехоба — Құтқарушы”.

  • Яһудилердің ертедегі еңбектерінен еврей мәсіхшілер өз жазбаларында Құдай есімін қолданғаны көрінеді. Шамамен б. з. 300 жылы жазылған ауызша заңдар жиынтығы Тосефтада Демалыс күні мәсіхшілердің жазбаларын өртеуге қатысты былай делінген: “Олар Ізгі хабарлар мен минимдердің [еврей мәсіхшілерін айтса керек] кітаптарын өрттен сақтаған жоқ. Қайта, жазбалармен бірге ішінде жазылған Құдай есімінің де өртелуіне жол берді”. Әрі қарай осы мәтінде ІІ ғасырдың басында өмір сүрген ғалилеялық раввин Йосенің сөзі келтірілген. Оның айтуынша, яһудилер аптаның басқа күндері “олардың ішінен [мәсіхшілердің жазбаларынан болу керек] Құдай есімі жазылған жерлерді кесіп алып, сақтап қоюлары керек еді, ал қалғаны өртелуі тиіс болған”.

  • Киелі кітапты зерттеуші кейбір ғалымдар Грек жазбаларында келтірілген Еврей жазбаларының үзінділерінде Құдай есімі болған деген тұжырыммен келіседі. Бір Киелі кітап сөздігіндегі “Жаңа өсиеттегі тетраграмматон” деген тақырыпшасында былай делінген: “Жаңа өсиет алғаш жазылғанда, онда келтірілген Көне өсиет үзінділерінің кейбірінде не барлығында тетраграмматон, Құдайдың есімі Яхве, болған деуге біршама дәлел бар” (“The Anchor Bible Dictionary”). Джорж Ховард есімді ғалым былай деген: “Ертедегі шіркеу қолданған грекше Киелі кітаптың (Септуагинттің) көшірмелерінде тетраграмматонның бар болғанына қарағанда, Жаңа өсиетті жазғандар [Еврей] Жазбаларынан үзінді келтіргенде, тетраграмматонды алып тастамаған деген тұжырым жасауға болады”.

  • Көпшілікке белгілі кейбір аудармашылар Грек жазбаларында Құдай есімін қолданған. Олардың кейбірі аудармаларын “Жаңа дүние аудармасынан” ұзақ уақыт бұрын жасаған. Сондай аудармашылар мен олардың еңбектерінің кейбірі мыналар: Герман Хейнфеттер (“A Literal Translation of the New Testament... From the Text of the Vatican Manuscript”, 1863); Бенджамин Уилсон (“The Emphatic Diaglott”, 1864); Джордж Баркер Стивенс (“The Epistles of Paul in Modern English”, 1898); У. Г. Рутерфорд (“St. Paul’s Epistle to the Romans”, 1900); Лондонның епископы Д. У. C. Уанд (“The New Testament Letters”, 1946). Бұған қоса, ХХ ғасырдың басында жарық көрген испан тіліндегі Киелі кітап аудармашысы Пабло Бессон Лұқа 2:15-те және Яһуда 14-те Құдай есімін “Джехова” деп аударған. Сондай-ақ Құдай есімінің осы нұсқасын 100-ге жуық сілтемеде көрсеткен. XVI ғасырдан бастап Грек жазбаларының еврей тіліндегі аудармаларында тетраграмматон көп жерде қолданылған. Жалғыз неміс тіліндегі аудармалардың өзінде, кем дегенде 11 аудармада, Грек жазбаларында “Джехова” (еврейше “Йахуе” дегеннің транслитерациясы) деген нұсқа қолданылған. Ал төрт аудармашы Құдай есімін “Ие” деген сөзден кейін жақша ішінде келтірген. Неміс тілінде жарық көрген 70-тен аса аудармада Құдай есімі сілтемеде не түсіндірмеде көрсетілген.

    Елшілердің істері 2:34-тегі Құдай есімі (Бенджамин Уилсон, “The Emphatic Diaglott”, 1864 ж.)

  • Жүзден аса аудармашы өз тілдеріндегі Грек жазбаларының аудармасында Құдай есімін қолданған. Африка және Америка үндістерінің көп тілдерінде, сондай-ақ Азия, Еуропа және Тынық мұхит аралдарының тұрғындары сөйлейтін көптеген тілдерде Құдай есімі кеңінен қолданылады (1866, 1867-беттердегі тізімді қараңыз). Киелі кітапты сол тілдерге аударғандардың Құдай есімін қолдануына жоғарыда талқыланған жайттар себеп болған. Грек жазбаларының осындай аудармаларының кейбірі жақында жарық көрді. Мысалы, ротума тіліндегі Киелі кітапта (1999 ж.) Құдай есімі “Джихова” 48 тармақта 51 рет кездеседі; батак-тоба тіліндегі (Индонезия) Киелі кітапта (1989 ж.) “Джахоуа” 110 рет кездеседі.

    Марқа 12:29, 30-дағы Құдай есімі (гавай тіліндегі аударма)

Сонымен, Грек жазбаларында Құдай есімін жазуға келелі себеп бар екені анық. Сондықтан “Жаңа дүние аудармасы” басылымымен жұмыс істеген аудармашылар бұл есімді тиісті орындарына қойып шықты. Осылайша олар Құдай есімін қастерлейтіндерін, әрі Құдайдан қорқатындықтан, түпнұсқадан еш нәрсені алып тастауға дәті бармайтынын көрсетті (Аян 22:18, 19).