Алғы сөз
Киелі кітап — Құдайдың бүкіл адамзатқа жолдаған сөзі. Оның Авторымен танысқымыз келсе, оны оқып-зерттеуіміз керек (Жохан 17:3; Тімөтеге 2-хат 3:16). Ехоба Құдай Киелі кітап беттерінде адамзатқа және жерге қатысты ниетін ашқан (Мұсаның 1-жазбасы 3:15; Аян 21:3, 4).
Адам өміріне бұл кітаптан күшті әсер ететін кітап жоқ. Киелі кітап бізді Ехоба Құдайдың сүйіспеншілік, мейірімділік, жанашырлық сияқты қасиеттеріне еліктеуге талпындырады. Адам жүрегінде үміт отын жағып, ең ауыр деген қасіретке төзуге күш береді. Сондай-ақ Құдайдың мінсіз еркіне қайшы келетін осы дүниенің іс-әрекеттерін әшкерелейді (Зәбүр 119:105; Еврейлерге 4:12; Жоханның 1-хаты 2:15—17).
Түпнұсқасы еврей, арамей және грек тілдерінде жазылған Киелі кітап толығымен не жартылай 3000-нан аса тілге аударылған. Ол тарихтағы ең көп аударылып, ең көп таратылған кітап болып табылады. Құдай Сөзі болғандықтан бұл солай болу керек те. Онда келесі пайғамбарлық жазылған: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Матай 24:14).
Киелі кітаптағы хабардың маңыздылығын түсіне отырып, біз түпнұсқа мәтіннің мағынасын тура сақтап қалуды ғана емес, оны анық әрі оқуға жеңіл болатындай етіп аударуды мақсат еттік. “Киелі кітапты аудару принциптері”, “Осы басылымның ерекшеліктері” және “Киелі кітап бүгінгі күнге дейін қалай сақталды?” атты қосымшаларда аударма кезінде ұстанған принциптер мен осы басылымның ерекшелігі қарастырылады.
Ехоба Құдайды сүйетіндер және оған ғибадат ететіндер Құдай Сөзінің тура әрі түсінікті аудармасын оқығысы келеді (Тімөтеге 1-хат 2:4). Сондықтан “Жаңа дүние аудармасын” мүмкіндігінше көп тілге аударуды ниет еткен біздер қазақ тіліндегі осы басылымды шығарып отырмыз. Қымбатты оқырман, “Құдайды іздеп, тауып алуға” күш салып жүрген сізге Киелі кітаптың осы аудармасы көп көмек болады деп үміттенеміз әрі сол үшін дұға етеміз (Елшілердің істері 17:27).
Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы комитеті

