Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Неге Құдайға дұға етуіміз керек?

Неге Құдайға дұға етуіміз керек?

Бәлкім сіз: “Құдай менің ойларым мен қажеттіліктерімнің бәрін білсе, неліктен оған дұға айтуым керек?”— дейтін шығарсыз. Бұл орынды сұрақ. Өйткені Иса пайғамбар: “Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі”,— деген (Матай 6:8). Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт те мұны біліп, былай деп жазған: “Сөз шықпай тұрып-ақ менің аузымнан оны толық білесің, уа, Жаратқан!” (Забур 138:4). Олай болса, неге біз Құдайға дұға етуіміз керек? Бұл сұраққа жауап беру үшін Құдай қызметшілерінің айтқан дұғалары жайлы Киелі кітапта не делінгенін қарастырайық *.

“Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”. (Жақып 4:8).

 ДҰҒА БІЗДІ ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАТАДЫ

Киелі кітапта Ехоба * Құдайдың біз жайлы бәрін білетіні айтылған, алайда онда Құдай өзінің қызметшілері жайлы ақпаратты жинап қана қояды делінбеген (Забур 139:6 ЖД; Римдіктерге 11:33). Құдайдың жады әр адам жайлы мәліметті жай ғана сақтап қоятын компьютер сияқты емес. Құдайға жүрегіміздің түкпіріндегі ойларымыз өте маңызды, өйткені ол біздің өзіне жақындай түскенімізді қалайды (Забур 138:23, 24; Жақып 4:8). Құдайдың негізгі қажеттіліктеріміз жайлы жақсы білетініне қарамастан, Иса өзінің ізбасарларын дұға етуге талпындырған (Матай 6:6—8). Ал дұғада Жаратушымызға ойымызды неғұрлым ашып айтсақ, соғұрлым оған жақындай түсеміз.

Кейде біз дұғада нақты не айтарымызды білмей жатамыз. Осындай кездері Құдай сөзбен айтып жеткізе алмаған сезімдерімізді түсінеді және жағдайымызды кемелді түрде білетіндіктен, бізге қажетті жолмен көмектесе алады (Римдіктерге 8:26, 27; Ефестіктерге 3:20). Құдайдың өмірімізге, тіпті көрінбейтін жолмен әсер етіп жатқанын түсінгенде, оған жақындай түскенімізді сезінеміз.

ҚҰДАЙ БАРЛЫҚ ДҰҒАЛАРҒА ЖАУАП БЕРЕ МЕ?

Киелі кітап Құдіреті шексіз Құдай адал қызметшілерінің дұғаларына жауап беретініне сендіреді. Алайда онда Құдайдың кейбір дұғаларды неліктен тыңдамайтыны да түсіндірілген. Мысалы, ежелгі Исраилде зұлымдық кең етек алғанда, Құдай өзінің пайғамбары Ишая арқылы халқына былай деген: “Қаншама көп мінажат етсеңдер де, мен құлақ салмаймын. Себебі қолдарың жазықсыз адамдардың қанымен былғанған” (Ишая 1:15). Құдай заңдарына немкетті қарайтын және арам пиғылмен дұға ететін адамдарды Құдайдың тыңдамайтыны анық (Нақыл сөздер 28:9; Жақып 4:3).

Сондай-ақ Киелі кітапта былай делінген: “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз” (Жоханның 1-хаты 5:14). Бұл сөздер Құдай өз қызметшілерінің кез келген өтінішін орындай береді дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Құдайдан “тәніне тікендей қадалып маза бермеген” дертінен айықтыруын сұраған елші Пауылдың мысалын қарастырайық (Қорынттықтарға 2-хат 12:7, 8). Ол созылмалы көз ауруының салдарынан жапа шеккен болуы мүмкін. Бұл оның жанына қатты батқан болса керек! Пауылға сауықтыру, тіпті қайта тірілту қабілеті берілгеніне қарамастан, оған өзінің сырқатына төзуге тура келді (Елшілердің істері 19:11, 12; 20:9, 10). Дұғасына өзі қалағандай жауап алмаса да, Пауыл Құдайдың берген жауабын ризашылықпен қабыл алды (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10).

“Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз” (Жоханның 1-хаты 5:14).

Киелі кітап кейіпкерлерінің кейбірі өз дұғаларына керемет түрде жауап алғаны рас (Патшалықтар 4-жазба 20:1—7). Алайда мұндай жауап тіпті Киелі кітап заманында да кәдімгі нәрсе болмаған. Кейбір адал қызметшілер Құдай дұғаларына жауап бермей жатқандай болып көрінгенде, қатты қынжылған. Мысалы, Дәуіт патша былай деп сұраған: “Уа, Жаратқан, қашанғы Сен мені ұмытпақсың? Мәңгілік пе бет-жүзіңді менен жасырмағың?” (Забур 12:1). Бірақ Құдайдың бұл адал қызметшісі Ехобаның оны қанша рет құтқарғанын түсінгенде, оған деген сенімін қайта нығайта алды. Осы дұғасында Дәуіт сөзін жалғап: “Ал мен берік рақымыңа сенімімді артамын”,— деген (Забур 12:6). Бүгінде Құдайдың қызметшілері де Дәуіт сияқты Құдайдан дұғаларына жауап алмайынша, табандылықпен дұға ете берулері керек (Римдіктерге 12:12).

 ҚҰДАЙ ДҰҒАЛАРҒА ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕДІ?

Құдай шынымен қажетті нәрселерді береді

Қамқор ата-ана балаларының сұраған нәрселерін олар қалаған уақытта бере салмайды. Сол сияқты, Құдай да сұраған нәрселерімізді біз қалаған уақытта және біз қалаған жолмен бермеуі мүмкін. Алайда сүйіспеншілікке толы әке сияқты, Жаратушымыз бізге шынымен де қажетті нәрселерді ең дұрыс жолмен және ең дұрыс уақытта беретініне сенімді болуымызға болады (Лұқа 11:11—13).

Құдай көмек сұрап жалбарынған өтініштерімізге Киелі кітап беттері арқылы жауап беруі мүмкін

Құдай анық көрінбейтін жолмен жауап беруі мүмкін

Ал егер біз ұзақ уақыттан бері шешімін таба алмай жатқан қиындық жайлы дұға етіп жүрген болсақ ше? Қиындығымыз керемет жолмен шешілмесе, Ехоба дұғамызға мүлдем жауап бермеді деп тұжырымдауға бола ма? Жоқ. Қайта, Құдай осындай шақтарда бізге анық көрінбейтін жолмен қолдау көрсетіп жатқанын көре білуіміз керек. Мысалы, қамқор досымыз бізге қажет уақытта қолынан келгенше көмек көрсетуі мүмкін (Нақыл сөздер 17:17). Ал осы досымызды бізге көмектесуге талпындырған Ехоба Құдай болуы мүмкін ғой. Бұған қоса, Құдай көмек сұрап жалбарынған өтініштерімізге Киелі кітап беттері арқылы да жауап беруі әбден мүмкін. Өйткені бұл кітаптан біз қиыншылығымызды жеңуге көмектесетін керекті кеңестер таба аламыз (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17).

Құдай бізге дұрыс уақытта көмектесу үшін қамқор достарымызды қолдануы мүмкін

Жиі Құдай жолымыздағы қиындықты алып тастаудың орнына, бізге онымен күресуге қажетті күш береді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Мысалы, Иса басына түскен ауыр сынақтың Құдайдың есіміне кір келтіруі мүмкін екенін біліп, одан сол сынақты алып тастауын сұрап, жалбарынған болатын. Сонда Ехоба Құдай оған күш беру үшін бір періштесін жіберді (Лұқа 22:42, 43). Сол сияқты Құдай бізге дәл керек уақытында жігер беру үшін жақын досымызды қолдануы мүмкін (Нақыл сөздер 12:25). Дұғаларымызға берілген мұндай жауаптар көзге анық көрінбейтіндіктен, біз Құдайдың өтініштерімізге қандай жолдармен жауап беріп жатқанын көре білуіміз керек.

Әр өтініштер Құдай белгілеген уақытта орындалады

Киелі кітапта Құдіреті шексіз Құдайдың кішіпейіл адамдарға “уақыты келгенде” көмектесетіні айтылған (Петірдің 1-хаты 5:6). Егер Құдай шын жүректен айтқан өтінішімізді орындамай жатқандай көрінсе, ол қамымызды ойламайды деген тұжырымға келуге асықпауымыз керек. Керісінше, қамқор Жаратушымыз біз туралы бәрін білетіндіктен, біздің өтініштерімізге ең жақсы жолмен жауап беретініне күмәнданбасақ болады.

“Уақыты келгенде Құдай сендерді жоғарылату үшін, оның құдіретті қолының астына бойсұныңдар” (Петірдің 1-хаты 5:6).

Бір мысал келтірейік: кішкентай балаңыз сізден велосипед алып беруді сұрады делік. Сіз оның тілегін бірден орындайсыз ба? Егер балаңыз велосипед айдауға әлі дайын емес деп ойласаңыз, оны сатып алуды кейінге қалдыруды шешетін шығарсыз. Алайда балаңыз велосипед айдай алатын жасқа келгенде, оның өтінішін орындайтыныңыз шүбәсіз. Тура сол сияқты, үнемі дұғада сұрай берер болсақ, Құдай уақыты келгенде орынды “жүрек қалауымызды” орындайды (Забур 36:4).

ЕХОБА ҚҰДАЙДЫҢ ДҰҒАЛАРЫМЫЗДЫ ТЫҢДАЙТЫНЫНА СЕНІМДІ БОЛАЙЫҚ

Киелі кітап шынайы мәсіхшілерді дұғаның маңыздылығына деген сенімділіктерін жоғалтпауға шақырады. Кейбіреулер: “Бұл тек айтуға оңай”,— деуі мүмкін. Егер ұзақ уақыттан бері шешілмей келе жатқан қиындықпен не қандай да бір әділетсіздікпен күресіп жүрген болсақ, Құдайдың дұғамызға беретін жауабын күту қиын екені рас. Осындай кездері Исаның табандылықпен дұға етуге қатысты не үйреткенін ұмытпағанымыз жақсы.

Иса пайғамбар әділетсіз биден әділ шешім шығаруды қоймай талап еткен бір жесір әйел туралы мысал келтірген (Лұқа 18:1—3). Алғашында би оған көмектесуден бас тартады, бірақ кейін былай дейді: “Мына жесір тыныштық бермей қойғандықтан,  дауын әділдікпен шешіп берейін. Әйтпесе өтінішімен қайта-қайта келіп, мезі қылар” (Лұқа 18:4, 5). Түпнұсқа тіліндегі мәтінге сай, жесір әйел бидің “алдынан кетпей қойғандықтан”, бейнелеп айтқанда оның “жақсатына кір келтіруі” * мүмкін болғандықтан ғана би оның өтінішін орындауды шешеді. Әділетсіз би жақсатын ойлағандықтан жесір әйелге көмектесуді шешсе, онда қамқор Құдайымыз “өзіне күні-түні жалбарынып жүргендердің” ісін әділдікпен шешіп беретіні еш шүбәсіз! Иса айтқандай, “Құдай олар үшін әділдік орнатуға асығады” (Лұқа 18:6—8).

“Сұрай беріңдер, сонда беріледі” (Лұқа 11:9).

Десе де кейде біз көмек сұрап жалбарына беруден шаршап кетуіміз мүмкін, алайда біз еш берілмеуіміз керек. Табандылықпен дұға ету арқылы Құдайдың өмірімізге әсер еткенін шынымен де қалайтынымызды көрсетеміз. Сондай-ақ Құдайдың өтініштерімізге қалай жауап беріп жатқанын көре білуді үйренсек, бұл бізді Құдайға жақындата түседі. Иә, сеніммен әрі табандылықпен сұраған орынды өтініштерімізді Ехоба Құдайдың орындайтынына сенімді болсақ болады (Лұқа 11:9).

^ абзац 3 Құдай дұғаларымызды тыңдасын десек, біз оның талаптарына сай келуге шын жүректен тырысуымыз керек. Егер солай етер болсақ, осы мақалада қарастырылатындай, дұғаның күшін өз өмірімізде көре аламыз. Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 17-тарауын қараңыз немесе www.jw.org сайтына кіріңіз.

^ абзац 5 Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.

^ абзац 22 Құдай ежелгі Исраилдегі билерден жетім-жесірлердің ісін мұқият қарастыруды талап еткен (Заңды қайталау 1:16, 17; 24:17; Забур 67:6).