Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Хуло қалашығындағы арқан жол бекетіндегі уағыз

ГРУЗИЯ

“Ехобаның қызметшілері ие болатын мұра — міне, осы” (Ишая 54:17).

“Ехобаның қызметшілері ие болатын мұра — міне, осы” (Ишая 54:17).

ГРУЗИЯДАҒЫ Куәгерлер ізгі хабарды талмай уағыздап келеді, ал Ехоба олардың еңбектеріне батасын беруде. Осының арқасында ізгі хабар елдің түкпір-түкпіріне жетіп жатыр.

Жариялаушылар теңіз деңгейінен шамамен 2200 метр жоғары орналасқан Ушгулиде уағызға бара жатыр

Соңғы жылдары жариялаушылар мен ізашарлар сирек уағыздалатын аумақтарға көбірек көңіл аударуда. Таулы аймақтарда орналасқан кейбір ауылдар мен қоныстарға тек толық жетекті көлікпен не арқан жолмен жетуге болады.

Сванетия өңіріндегі жариялаушылар

2009 жылдан бері Грузия филиалы жыл сайын барлық қауымдарға тағайындалмаған аумақтардың тізімін жіберіп отырады. Осылай жариялаушыларды сол жерлерде уағыздауға шақырады. Осы іске атсалысу үшін біраз бауырластар өмірлерінде үлкен өзгерістер жасады.

Ана мен Темури Блиадзе

Темури мен Ана Блиадзе жаңадан үйленіп, үй салуға жер алған еді. Осы кезде таулы Аджарияда қажеттілік бар екенін естіп, қызмет аясын кеңейтудің мүмкіндігі туғанын түсінеді.

Алдымен олар Аджарияға бір аптаға барады. Алғашқы әсерін еске алып Темури былай дейді: “Жергілікті жариялаушылар кішігірім ауылдарға жету үшін жаяу көп жүретін. Ал біздің толық жетекті фургонымыз болатын. Сол кезде мен “біздікі нағыз осындай жерге қажет көлік қой” деп ойладым”.

Ана: “Бізге көшу оңайға соқпады, себебі бауыр басып қалған қауымымыз да, отбасымыз да қасымызда еді. Бірақ Ехоба батасын берді”,— деп қосты. Темури мен Ананың Аджария аймағының Кеда қаласындағы топқа көмектесіп жатқанына үш жылдан асты.

Тапқыр ізашарлар

Уақытша арнайы ізашарлардың шалғай аумақтардағы уағыздау ісіне қосып жатқан үлесі зор. Қызмет уақыттары аяқталғанда, олардың көбісі зерттеу бастағандарға көмектесу үшін, тағайындалған жерлерінде қалуды шешіп жатады.

Хатуна деген аттас екі ізашар табиғаты көркем Манглиси қалашығына тағайындалды. Қалашықта бірде-бір Куәгер тұрмайтын, бірақ олардың қызметтері өте жемісті болды. Бірінші айларында олар 9, екіншісінде 12, үшіншісінде 15, ал кейінгісінде 18 адаммен зерттеу сабағын өткізді! Зерттеушілерге әрі қарай да көмектесу үшін олар Манглисиде қалуды ұйғарды.

Тапқыр екі бауырласымызға күн көрудің амалын табу керек болды. Манглиси қалашығына келушілер жергілікті таңсық тағамға — шырша бүрінен жасалған денсаулыққа пайдалы тосапқа тәнті. Тосап қайнату үшін бұл бауырластар алдымен шырша бүрін көк күйінде жинайтын, сосын, оны қайнатып, тосапты базарда сататын. Бірақ кейінірек олар ойламаған жерден тағы бір кіріс көзін тапты.

Бірде зерттеп жүрген әйелдердің бірі оларға бірнеше балапан әкеліп берді. Ол бір мекиенінің жасырын жерде балапан басып, кейін оларды шұбыртып әкелгенін айтады. Аспаннан түскендей болған балапандарды әлгі әйел оқытушыларына бергісі келіпті. Бауырластардың бірі балапан бағуды біледі екен, содан олар “шағын тауық фермасын” ұстауды жөн көреді.

Әлгі бауырластың бірі: “Ехобаның, бауырластар мен қызығушылардың қолғабыс етуімен біз Манглисиде бес жыл қызмет еттік”,— деді. Бүгінде бұл қалашықта белсенді топ бар.

Хатуна Харебашвили мен Хатуна Цулаия Манглиси қалашығында

Шет тілді аумақтағы ізашарлар

Соңғы жылдарда Грузияға шетелдіктер көптеп келеді. Біраз ізашарлар мұны жаңа танап деп қарастырды. Сөйтіп, олар ағылшын, араб, әзірбайжан, қытай, парсы, түрік сияқты тілдерді үйрене бастады.

Ізашарлардың біразы шет тілді топтар мен қауымдарда, ал басқалары Грузиядан да қажеттілік көбірек шет елдерде қызмет етіп жүр. Мысалы, Гиорги мен Гела көрші елге көшкенде, жиырмадан асқан еді. “Біз Ехобаға қолда бар ең жақсыны бергіміз келді. Ал ол жаққа көшу — бұлай етудің тамаша жолы”,— дейді Гиорги.

Гела сол кезді еске алып былай деді: “Сондай аумақта ақсақал бола жүріп көп нәрсеге үйрендім. Ехобаның өз “қозыларын” бағуды маған тапсырғаны ерекше сезімге бөлейді” (Жох. 21:17).

Гиорги: “Қиындықсыз болмады, алайда біздің бар назарымыз қызметте болып, басқа жаққа алаңдамадық. Біз істеуге тиісті нәрсені ғана істедік”,— деп қосты.

Түркияда бірнеше жыл қызмет еткен басқа бір Гела есімді бауырлас былай әңгімеледі: “Алғашында, әлі тілді жақсы білмеген кезде, қуанышты болып жүру қиынға соғатын. Ал бауырластармен, аймақтағы адамдармен сөйлесе алатын деңгейге жеткенде, қуанышым арта берді”.

Ыстамбұлда он жылдан аса уақыт ізашар болып жүрген Нино сезімін былай білдірді: “Ехоба мені көшкен күнімнен-ақ қолдай бастады. Шетел танабында қызмет еткенде, күнде дерлік “Жылнамадағыдай” оқиғаларды бастан өткізесің”.