ДҮНИЕЖҮЗІ БОЙЫНША УАҒЫЗДАУ МЕН ТӘЛІМ БЕРУ ІСІ
Африка
-
ЕЛДЕР 58
-
ХАЛҚЫ 1 109 511 431
-
ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 1 538 897
-
ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 4 089 110
Ол “саңырау адамдарды табайыншы” деп дұға етті
Сьерра-Леонеде ым тілі танабында қызмет ететін Кристал деген миссионер бір күні таңертең “саңырау адамдарды табайыншы” деп дұға етеді. Сол күні ол учаскесіндегі бір адамға қайта бармақ болады. Бірақ әдеттегідей емес, басқа жолмен жүреді. Кристал ондағы адамдардан жақын жерде саңырау адамдар бар-жоғын сұрайды. Сонда олар бір үйге нұсқайды. Онда жылы шырайлы бір әйел тұрады екен. Ол ізгі хабарды жақсы тыңдап, ым тіліндегі қауымға баруға келіседі. Жұрт Кристалға сол көшеде тағы бір саңырау кісі тұратынын айтады. Осылай ол шындықты іздеген тағы бір кішіпейіл адамды кезіктіреді. Бұл көшемен қанша жүрсе де, Кристал бұл екі кісіні бұрын кездестірмеген еді. Кристал оларды Ехобаның көмегімен тапқанына сенімді.
“Бұл — мен үшін айтылған баяндама!”
Либерияда тұратын Эммануэль бір демалыс күні көлігімен қауымға бара жатып, жолдың жиегінде тұрған ұқыпты киінген жігітті көреді. Эммануэль оның мұң басқан жүзін байқап, жағдайын сұрамақ болады. Жігіттің аты Мозес екен. Түнде біреулер оның бар ақшасын ұрлап кетіпті. Содан ол өзіне қол жұмсамақ болып тұр екен. Эммануэль жігіттің басына түскен жағдайды тыңдап болған соң, оны аяп: “Менімен бірге Патшалық сарайына жүрші”,— дейді. Сөйтіп, екеуі қауымға барады. Онда айтылғандар Мозеске қатты әсер етіп, көзіне жас келеді. Баяндамадан кейін ол: “Бұл — мен үшін айтылған баяндама! Ехоба куәгерлері елден ерекше жандар”— дейді. Қауым біткен соң, Мозес Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Бүгінде ол қауым жиналыстарына қалмай келеді.
“Мен жалған тәңірлерге табынбаймын”
Гвинея-Бисауда Амината деген 15 жасар оқушы қыз бар. Ол 13 жаста болғанда сурет пәнінен беретін мұғалімі оқушыларға карнавалда киетін маскалар мен сол мейраммен байланысты басқа заттардың суретін салуды тапсырады. Бірақ Амината жан-жануарлар мен өсімдіктердің суретін салып, “Жұмақ” деп жазып қояды. Мұғалім оқушылардың жұмыстарын жинағанда, салған суреті берілген тақырыпқа сай емес деп, Аминатаға “екі” қояды. Сабақтан соң Амината мұғаліміне барып: “Ағай, карнавалды кімдер ойлап тапқан?”— деп сұрайды. Мұғалімі: “Жалған тәңірлерге табынатындар”,— дегенде, ол былай деп жауап береді: “Мен жалған тәңірлерге табынбаймын. Сондықтан мұндай мейрамдарды тойламаймын. Мен жақында Құдайдың жерді жұмаққа айналдыратынына сенемін. Сол себепті осындай сурет салдым”. Сонда мұғалімі оған жазбаша тест береді. Амината 20 сұрақтың 18-іне дұрыс жауап берді!
Гвинея-Бисау. Амината жұмақтың суретін салып отыр
Өте көп адам келді
Малавидегі бір шағын ауылда 7 жариялаушыдан тұратын оқшау топ бар. Олар қауымдарын шөп пен қамыстан жасалған бастырманың астында өткізеді. Бірде аудандық бақылаушының сапарынан қатты жігерленген бауырластар жұртты Еске алу кешіне шақыру үшін барын салады. Баяндамашы Еске алу кешіне арналған баяндамасын майшамның жарығымен айтады. Айналасы қаумалаған адам болғандықтан, ол жерде әрі-бері қозғалатын орын да болмады. Кездесуге 120 адамның келгенін білгенде, әлгі 7 жариялаушының қуанышында шек болмады!
Малави. Еске алу кешіне 120 адам келді
Кітапшаның арқасында оның шаңырағы шайқалмады
Көпшілік орындарда уағыздаудың жемісі бірден байқала бермейді. Тогоның астанасы Ломеде бір әйел әдебиет қойылған арбаға тартыншақтап келіп, “Бақытты отбасы — баянды ғұмыр” деген кітапшаны алады. Мұның арты Ефестіктерге 5:3-ке негізделген қысқаша әңгімеге ұласады. Сосын әлгі әйел мен Куәгерлер бір-біріне телефон нөмірін береді. Екі аптадан кейін ол телефон соғып, былай дейді: “Ехоба куәгерлерін суқаным сүймейтін. Сонда да кітапшаны оқып шықтым. Керемет екен! Аз уақыттың ішінде кітапша отбасымдағы кейбір қиындықтарды шешуге көмектесті. Өзім ғана емес, тағы екі отбасы оның көмегін көрді. Ехоба куәгерлеріне деген көзқарасым дұрыс болмапты. Келіп, менімен Киелі кітапты зерттеңіздерші”. Содан әлгі әйел, сондай-ақ ол көмектескен отбасылардың бірі зерттеу сабағын бастады.
Ол кітапшаны аударып әкеліпті
Ганада Анкасия деген кішігірім қала бар. Қаланың орталық көшесінде бірнеше саудагер заттарын сатып отырады. Әйтсе де әр дүйсенбі сайын бауырластар онда көпшілік орындарда уағыздауға арналған әдебиет стендісімен тұрады. Самюэл деген бауырлас Инок деген жігітке уағыздап, “Құдайды тыңдаңыз” деген кітапшаны береді. Сонда Инок одан кусаал тілінде әдебиет бар-жоғын сұрайды.
Гана. Ол кітапшаны кусаал тіліне аударып әкелді
Самюэл кешірім сұрап, кітапшаның тек кусаал тіліне туыстас фрафра тілінде бар екенін айтады. Кейінірек Инок елдің солтүстігіндегі үйіне қайтып бара жатып, туыстарына беру үшін әдебиет алып кетеді.
Анкасияға қайта оралған соң, ол Самюэлге бірнеше парақ қағаз береді. Сөйтсе, Инок “Құдайды тыңдаңыз” кітапшасын кусаал тіліне аударып әкеліпті! Бүгінде Инок Киелі кітапты зерттеп жатыр, қауымға да үзбей барып тұрады.

