Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ТАРАУ

Құдайдың Ыбырайым мен оның отбасына батасын беруі

Құдайдың Ыбырайым мен оның отбасына батасын беруі

Ыбырайымның ұрпақтары өсіп-өніп, өркендей берді. Құдай Мысыр жерінде Жүсіпті қорғап жүрді.

ЕХОБА өзіне ең қымбат жанның күндердің күнінде азапталып өлуі керектігін білген. Жаратылыс 3:15-тегі пайғамбарлықта бұл жайлы астарлап айтылған. Құдай бұл өлімнің өзі үшін қаншалықты ауыр болатынын Ыбырайыммен болған оқиға арқылы көрсетті. Құдай оған сүйікті ұлы Ысқақты құрбандыққа беруді бұйырды.

Ыбырайымның сенімі мықты еді. Құдайдың Құтқарушы, яғни Ұрпақ, Ысқақтың үрім-бұтағынан шығатынын уәде еткені есіңізде болар. Құдайдың Ысқақты қайта тірілте алатынына сенімді болған Ыбырайым ұлын құрбандыққа бермекші еді. Алайда Құдайдың періштесі Ыбырайымды дер кезінде тоқтатты. Ехоба өзіне ең қымбат жанды құрбан етуге дайын болғаны үшін Ыбырайымға ризалығын білдіріп, берген уәделерін қайталады.

Кейіннен Ысқақтың Есау мен Жақып деген ұлдары дүниеге келді. Жақып Құдаймен қарым-қатынасын бағалады, ал Есау бұған немкетті қарады. Сондықтан Құдай Жақыпты жарылқады. Ол Жақыптың есімін Исраил деп өзгертті. Оның 12 ұлы Исраил халқының рубасылары болды. Бірақ қалай олардан үлкен халық тарады?

Ағаларының көбісі Жүсіпке қызғанышпен қарай бастады. Олар Жүсіпті құлдыққа сатып жіберді, сөйтіп, ол Мысырға әкетілді. Алайда Құдай осы бір адал да батыл жігітке батасын берді. Көп қиындық көрген Жүсіп ақырында Мысыр патшасы перғауынның көзіне түсіп, зор билікке ие болды. Кейінірек елде аштық басталып, Жақып ұлдарын Мысырдан азық-түлік сатып әкелуге жіберді. Ал бүкіл астық Жүсіптің қолында болатын. Ол істеріне өкінген бауырларымен қайта қауышып, татуласты. Сосын, бүкіл отбасын Мысырға көшіріп алды. Олар елдің ең жақсы жеріне қоныстанып, әрі қарай өсіп-өніп, өркендей берді. Жүсіп осы оқиғалардың бәрін Құдай өз уәделерін орындау үшін орайластырғанын түсінді.

Қартайған Жақып қалған ғұмырын Мысырда бала-шағасының ортасында өткізді. Өлерінің алдында ол уәде етілген Ұрпақтың, яғни Құтқарушының, зор билікке ие болатынын және өзінің ұлы Яһуданың әулетінен шығатынын айтты. Біраз жыл өткеннен кейін қарт Жүсіп күндердің күнінде Құдай Жақыптың отбасын Мысырдан алып шығатынын пайғамбарлық етті.

Жаратылыс 20—50 тарауларға және Еврейлерге 11:17—22 негізделген.