Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ТАРАУ

Жаратушының адамдарды жұмаққа қоныстандыруы

Жаратушының адамдарды жұмаққа қоныстандыруы

Құдай бүкіл ғаламды және жердегі тіршілік атаулыны жаратты. Ол кемелді адам жұбын әсем баққа қоныстандырып, оларға нұсқаулар берді.

“ӘУЕЛ БАСТА Құдай аспан мен жерді жаратты” (Жаратылыс 1:1). Осы қарапайым сөздермен Киелі кітап Жазбалардағы басты Тұлға құдіреті шексіз Құдай Ехобаға назар аударады. Киелі кітаптың алғашқы тармағынан Құдайдың біз тұрып жатқан жерді және ұшы-қиыры жоқ ғаламды жаратқанын көруге болады. Одан кейінгі тармақтарда әрқайсысы ұзақ уақытқа созылған бейнелі күндердің барысында Құдайдың бүкіл тіршілік иелері мен табиғат әлемін жаратып, жерді адам баласы үшін дайындағаны айтылған.

Құдайдың жердегі ең керемет жаратылысы адам болды. Құдай оны топырақтан жаратып, сүйіспеншілік пен даналық сияқты өзіне тән қасиеттер дарытты. Оған Адам деген есім беріп, әдемі жеміс ағаштарына толы Едем бағына қоныстандырды. Ол бақты Құдайдың өзі дайындаған еді.

Құдай адамға серік керек екенін көрді. Содан, оның бір қабырғасынан әйел жаратып, Адамға алып келді. Адам әйелін Хауа деп атады. Риза болған ол: “Міне, бұл — өз сүйегімнен шыққан сүйек, Өз етімнен шыққан ет!”— деген өлең сөздерімен қуанышын білдірді. Сонда Құдай: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады”,— деді (Жаратылыс 2:22—24; 3:20).

Құдай Адам мен Хауаға екі нұсқау берді. Біріншіден, оларға жерді өңдеп, күтіп-баптауды және оны ұрпақтарымен толтыруды тапсырды. Екіншіден, бүкіл бақ ішінен бір ғана ағаштың, “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың”, жемісін жемеуді бұйырды (Жаратылыс 2:17). Олар Құдайға мойынсұнбаған жағдайда өлуге тиіс-тін. Осы екі нұсқауға мойынсұну арқылы алғашқы адам жұбы Құдайды Билеушілері ретінде мойындайтындарын әрі оған деген сүйіспеншіліктері мен ризашылықтарын көрсете алар еді. Құдайға қарсы шығуға оларда еш себеп болмады. Адам мен Хауа еш кемшіліксіз жаратылған еді. Киелі кітапта: “Құдай Өзінің жасағандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді”,— делінген (Жаратылыс 1:31).

Жаратылыс кітабының 1 және 2-тарауларына негізделген.