Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ТАРАУ

Ехобаның заңы кемелді

Ехобаның заңы кемелді

1, 2. Неге көп адам заңды сыйлай бермейді, бірақ Құдайдың заңдарына қандай сезім дамытуымызға болады?

 “ЗАҢ — түпсіз тұңғиық...ол барлық нәрсені қомағайлана жұта береді”. Бұл сөздер 1712 жылы жарық көрген бір кітаптан алынған. Оның авторы әділдік іздейтіндерді тесік тиынсыз қалдырып, сот істерін біраз жылға соза беретін құқық жүйесін айыптаған. Көп елдердің құқық және сот жүйесі тым күрделі, қайшылыққа толы, ал әділетсіздік пен алалаушылықтың тым көп болғаны сонша, заңға деген жеккөрініш кеңінен етек алған.

2 Ал 2 700 жыл бұрын жазылған, әрі жоғарыдағы сөздерге мүлдем ұқсамайтын келесі сөздерге көңіл аударшы: “Тағылымыңды [“заңыңды”, ЖД] Сенің сондай қатты сүйемін!” (Забур 118:97) Неге забур жыршысының осындай сүйіспеншілігі болған? Өйткені ол дәріптеген заңды адам баласы емес, Ехоба Құдай шығарған. Ехобаның заңдарын зерттей түскен сайын, сенде де забур жыршысының сезімі іспетті сезім дами түсетін болар. Мұндай білім әлемдегі ең ұлы Заң шығарушының ойлау қалпын тереңірек түсінуіңе көмектеседі.

Ең Жоғарғы Заң шығарушы

3, 4. Қалай Ехоба өзін Заң шығарушы ретінде танытты?

3 Киелі кітапта: “Заң шығарушы да, төреші де — біреу-ақ”,— делінген (Жақып 4:12, ЖД). Иә, Ехоба — жалғыз шынайы Заң шығарушы. Тіпті аспан денелерінің қозғалысы да оның “заңдарына” бағынады (Әйүп 38:33, The New Jerusalem Bible). Мың сан киелі періштелер де Ехобаның заңдарына бағынып, қызметшілері ретінде өз рөлдерін атқарады (Забур 103:4; Еврейлерге 1:7, 14).

4 Ехоба адамдарға да заңдар берген. Әрқайсымыздың Ехобаның әділдік сезімінің көрінісі болып табылатын ар-ұжданымыз бар. Ішкі дүниеміздегі бейне бір заң іспетті осы ар-ұжданымыз дұрыс пен бұрысты айыруға көмектесіп отырады (Римдіктерге 2:14). Біздің түп ата-анамыздың ар-ұжданы кемелді болған, сондықтан оларға көп заңның қажеті жоқ еді (Жаратылыс 2:15—17). Алайда кемелсіз адамға Құдай еркін орындау үшін басшылық ретінде көп заң қажет. Нұх, рубасы болған Ыбырайым мен Жақып Ехоба Құдайдан заңдар алып, өз отбасыларына жеткізіп отырған (Жаратылыс 6:22; 9:3—6; 18:19; 26:4, 5). Ехоба Исраил халқына Мұса арқылы заң бергенде, теңдесі жоқ Заң шығарушы болды. Осы заң жиынтығын қарастырғанымыз оның әділдік сезімін терең түсінуімізге көмектеседі.

Мұса заңына шолу

5. Мұса заңы орындауға өте ауыр, шиеленіскен заңдар жиынтығы болған ба? Неге бұлай жауап бергеніңді түсіндір.

5 Көп адам Мұса заңы орындауға өте ауыр, шиеленіскен заңдар жиынтығы деп ойлайтынға ұқсайды. Бірақ мұндай ой шындыққа жанаспайды. Ондағы заңдардың бас-аяғы 600-ден асады. Бұл сан көп болып көрінуі мүмкін, бірақ келесі жайт туралы ойлап көрші: ХХ ғасырдың аяғында Құрама Штаттардың Федералдық заңдары 150 000-нан аса беттен тұрған. Ал әр екі жылда оған тағы 600-дей заң қосылып отырады. Иә, адамдардың тау-тау заңдарының жанында Мұса заңы — шағын төбешік қана. Соған қарамастан, ол исраилдіктердің өмірінің барлық дерлік салаларын қамтитын, ал қазіргі заңдар жөнінде олай дей алмайсың. Енді Таурат заңының кейбір тұстарын қарастырып көрейік.

6, 7. а) Мұса заңын кез келген өзге заңдардан ерекшелендіретін не және ондағы ең басты өсиет қандай? ә) Исраилдіктер Ехобаның билігін мойындайтындарын қалай көрсете алар еді?

6 Таурат заңы Ехобаның билігін дәріптеген. Сондықтан ол бірегей заң болған. Ондағы ең басты заң мынадай еді: ‘Исраил, тыңда: Жаратушы Ие, өзіміздің Құдайымыз, Жаратушы Ие жалғыз; Және де Жаратушы Иені, өз Құдайыңды шын жүрегіңмен, жан-дүниеңмен, әрі барлық күш-қуатыңмен сүйетін бол’. Құдай халқы сүйіспеншілігін қалай көрсету керек еді? Оған қызмет етіп, билігіне мойынсұну арқылы көрсетуге тиіс болатын (Заңды қайталау 6:4, 5; 11:13).

7 Әрбір исраилдік басшылық ету міндеттелген кісілерге бағынуымен Ехобаның билігін мойындайтынын көрсететін. Ата-аналар, рубасылары, билер, дінбасылары, ақырында патша — бәрі Құдайдың билігінің өкілдері болған. Ехоба басшылық ету тапсырылғандарға қарсы жасалған кез келген бүлікті өзіне қарсы жасалған бүлік деп қарастыратын. Ал билігі барлар әділетсіз немесе өзімшілдікпен әрекет ететін болса, Ехобаның қаһарына ұшыраулары мүмкін еді (Мысырдан шығу 20:12; 22:28; Заңды қайталау 1:16, 17; 17:8—20; 19:16, 17). Екі жақ та Құдайдың билігін қолдауға тиіс болатын.

8. Қалай Таурат заңы Ехобаның киелілікке қатысты талаптарының көрсеткіші болған?

8 Таурат заңы Ехобаның киелілікке қатысты талаптарының көрсеткіші болған. Әдетте “киелі” деп аударылатын еврей сөзі Мұса заңында 280 реттен аса кездеседі. Заң рәсім бойынша арам ететін 70 нәрсеге нұсқап, Құдай халқына адал мен арамды ажыратуға көмектесетін. Ондағы заңдар тән тазалығы, диета, тіпті түзге отыру сияқты жайттарды да қамтиды. Мұндай заңдардың денсаулық сақтауда пайдасы зор болған a. Бірақ олардың бұдан да маңызды мақсаты бар еді: исраилдіктердің Ехобаға ұнамды болып қалуларына және айналадағы күнәкар халықтардың азғын әрекеттерінен аулақ болуларына көмектесу. Бір мысалды қарастырып көрейік.

9, 10. Заң келісімінде жыныстық қатынас пен бала әкелуге қатысты қандай заңдар бар және олардың біз үшін қандай пайдасы бар?

9 Заң келісімінде, тіпті ерлі-зайыптылар арасында болсын, жыныстық қатынас пен дүниеге бала әкелу адамды белгілі бір уақытқа таза емес ететіні айтылған (Леуіліктер 12:2—4; 15:16—18). Бірақ мұндай заңдар Құдай берген осы таза сыйлардың қандай да бір жаман нәрсе болғанына нұсқамаған (Жаратылыс 1:28; 2:18—25). Қайта, оның қызметшілерін арамдалудан сақтап, Ехобаның киелілігінің дәлелі болған. Бір ескеретін жайт, исраилдіктерді қоршаған халықтар арасындағы салт-жоралар, атап айтқанда малдың көбеюі мен жердің өнімділігіне қатысты жоралар, жыныстық қатынас және ғибадат араласып жататын. Қанахандықтардың дінінде еркектердің және әйелдердің жезөкшелік етуі кәдімгі нәрсе болған. Нәтижесінде қоғам әбден азғындаған. Ал Таурат заңына сай, Ехобаға ғибадат ету мен жыныстық қатынас бір-бірінен мүлдем алшақ болуға тиіс еді b. Мұндай заңдардың басқа да пайдасы болған.

10 Сол заңдар маңызды бір шындықты ашады c. Ойлап көрші, Адам атаның күнәсі салған дақ бір ұрпақтан келесі ұрпаққа қалай беріледі? Жыныстық қатынас пен өмірге бала әкелу арқылы емес пе? (Римдіктерге 5:12) Иә, Таурат заңы Құдайдың халқына күнәлі екендіктерін есіне салып тұратын. Бәріміз де дүниеге күнәкар болып келеміз (Забур 50:7). Киелі Құдайға жақындау үшін біз күнәміз кешіріліп, құнның өтелуіне мұқтажбыз.

11, 12. а) Таурат заңы әділдікке қатысты қандай маңызды принципті қолдаған? ә) Қалай Таурат заңы әділдіктің бұрмаланбауын қадағалаған?

11 Таурат заңы — Ехобаның кемелді әділдігінің көрінісі. Мұса заңы әділдікке қатысты мәселелерде құнның сәйкес келу принципін қолдайды. Сондықтан онда былай делінген: “Жанға жан; көзге көз; тіске тіс; қолға қол; аяққа аяқ” (Заңды қайталау 19:21). Олай болса, қылмыстық істерде жаза қылмысқа сай болу керек-тін. Құдайдың әділдігінің бұл қыры бүкіл Таурат заңынан анық байқалады және 14-тараудан көретініміздей, Иса Мәсіхтің төлем құрбандығын түсінуде маңызды орын алады (Тімотеге 1-хат 2:5, 6).

12 Сонымен қатар ол әділдіктің бұрмаланбауын қадағалайтын. Мысалы, айыпталушыға үкім шығару үшін, кем дегенде, екі куәнің болуы талап етілетін. Жалған куәлік берушілер қатаң жазаланатын (Заңды қайталау 19:15, 18, 19). Жемқорлық пен парақорлыққа да қатаң тыйым салынатын (Мысырдан шығу 23:8; Заңды қайталау 27:25). Тіпті сауда-саттық мәселелерінде де исраилдіктер Ехобаның әділдігінің жоғары талаптарын ұстануға тиіс еді (Леуіліктер 19:35, 36; Заңды қайталау 23:19, 20). Сол асқақ әрі әділ заң жиынтығы исраилдіктер үшін неткен зор бата болған!

Мейірімділік пен әділдікке ерекше көңіл аударатын заңдар

13, 14. Қалай Таурат заңына сай ұрыға да, жәбірленушіге де әділ төрелік жасалатын?

13 Мұса заңы қатал, мейірімділіктен жұрдай ережелерден тұрған ба? Жоқ, мүлдем олай емес! Дәуіт патша киелі рухтың жетелеуімен: “Кемелді — Тәңірдің Таурат заңы”,— деп жазған (Забур 18:8, сілтемені қара). Ол Таурат заңының мейірімділік пен әділдікті жақтайтынын жақсы білген. Қалай жақтайтынын қарастырып көрейік.

14 Бүгінде кейбір елдердің заңдары әділетсіздіктен жапа шеккендердің қамын ойлаудан гөрі қылмыскерлерге көбірек жұмсақтық жасайтындай көрінеді. Мысалы, ұрылар жазаларын өтеп түрмеде жатуы мүмкін. Ал сол уақытта жәбірленушілерге келтірілген залалдың орны толтырылмаса да, олар қылмыскерлердің қажеттіліктеріне жұмсалатын салық төлеуге тиіс болуы мүмкін. Ежелгі Исраилде бүгінгі күндегідей түрмелер болмаған. Ол кезде жазаға қатысты нақты шектеулер болған (Заңды қайталау 25:1—3). Ұры келтірген залалының орнын толтыруға міндетті еді. Оған қоса, ол үстеме бағасын төлеуге тиіс болған. Қанша көлемде? Баға мөлшері әр түрлі болуы мүмкін еді. Билер қылмыскердің өз қылығына қаншалықты өкінетіндігі сияқты іске қатысты жайттарды жан-жақты саралаған болса керек. Осыны ескерсек, неліктен Леуіліктер 6:1—7 тармақтарға сай ұрыдан талап етілетін өтемақының Мысырдан шығу 22:7-де айтылғаннан әлдеқайда аз екенін түсінуге болады.

15. Біреуді абайсызда өлтіріп қойған кісіге мейірімділік көрсетілетініне және әділ үкім шығарылатындығына Таурат заңында қалай кепілдік берілетін?

15 Заңда қылмыстың бәрі әдейі жасала бермейтіндігі де ескерілетін. Ал бұл — мейірімділіктің көрінісі. Мысалы, біреуді абайсызда өлтіріп қойған кісі Исраил елінің әр жерінде орналасқан бас сауғалайтын арнайы қалалардың біріне қашып кетсе, жанға жан бермейтін. Құзыры бар билер істі қарастырғаннан кейін, сол кездегі бас діни қызметкер қайтыс болғанша, ол сонда қалуға тиіс еді. Содан кейін қалаған жеріне барып тұра беруіне болатын. Осылайша оған Құдайдың мейірімділігі танытылатын. Сонымен қатар осы арқылы заңда адам өмірінің қаншалықты құнды екендігіне ерекше назар аударылатын (Руларды санау 15:30, 31; 35:12—25).

16. Таурат заңы жеке бастың құқын қалай қорғайтын?

16 Таурат заңы жеке бастың құқын да қорғайтын. Қарыздар кісіге қатысты жайтты қарастырып көрейік. Заңда қарыз алған кісінің үйіне кіріп, бір затын күштеп кепілдікке алуға тыйым салынатын. Кепілдікті өзі алып шығып бергенше, қарыз беруші сыртта күтуге тиіс еді. Осылайша біреудің меншікті жеріне баса-көктеп кіруге болмайтындығына көңіл бөлінетін. Ал егер кепілге сыртқы киім алынған болса, қас қарайғанша қайтарылу керек болатын, өйткені ол түнде жылыну үшін қажет болуы мүмкін (Заңды қайталау 24:10—14).

17, 18. Соғыс жүргізуде исраилдіктердің басқа халықтардан қандай айырмашылықтары болған және неге?

17 Таурат заңында тіпті соғыс жүргізуге қатысты да ережелер бар еді. Құдай халқы соғысу керек болған, бірақ билік не олжа көксегендіктен емес, олар ‘Ехобаның шайқастарында’ оның өкілдері ретінде әрекет еткен (Руларды санау 21:14, ЖД). Көп жағдайда исраилдіктер жауларының соғыссыз берілуіне уақыт беретін. Қала бұдан бас тартса, оны қоршауға алатын, онда да Құдайдың ережелеріне сай әрекет ететін. Исраил әскері тарих бойындағы көптеген сарбаздар іспетті емес еді, оларға әйелдерді зорлау немесе адамдарды оңды-солды қыруға жол берілмейтін. Олар тіпті қоршаған ортаға құрметпен қарап, жауларының жеміс ағаштарын бүлдірмейтін d. Сол заманда Исраил әскерінен басқа ешкімде мұндай ережелер болмаған (Заңды қайталау 20:10—15, 19, 20; 21:10—13).

18 Бір елдерде жас балалардан сарбаз дайындайды екен дегенді естігеннің өзінен жаның түршігеді емес пе? Ежелгі Исраилде 20-ға толмаған жігіт әскерге алынбайтын (Руларды санау 1:2, 3). Тіпті ересек кісінің өзі қатты қорқақ болса, әскери қызметтен босатылатын. Әскери қызмет қауіп-қатермен байланысты болғандықтан, жаңа үйленген жігіт те мұрагер болатын баласын көріп кету үшін бір жылға әскерден босатылатын. Таурат заңының түсіндіруінше, осылайша жас күйеу үйінде қалып, әйелін қуанта алар еді (Заңды қайталау 20:5, 6, 8; 24:5).

19. Таурат заңында әйелдер, балалар, отбасы мен жетім-жесірлердің мүддесін қорғау үшін қандай шаралар қарастырылған?

19 Сонымен қатар Таурат заңында әйелдер, балалар және отбасының мүддесі қорғалатын. Онда ата-аналарға балаларына үнемі көңіл бөліп, рухани тәлім беріп отыру бұйырылады (Заңды қайталау 6:6, 7). Жақын туыстардың жыныстық қатынаста болуына қатаң тыйым салынып, тіпті ондайлардың өлім жазасына кесілетіні айтылған (Леуіліктер 18-тарау). Сол сияқты жиі отбасын ойран етіп, сенімділік пен өз-өзін сыйлау сезімінен айыратын азғындыққа да тыйым салынатын. Сондай-ақ Заңда жетім мен жесірлерге қамқорлық ету бұйырылып, оларға қиянат жасауға барынша қатаң тыйым салынатын (Мысырдан шығу 20:14; 22:22—24).

20, 21. а) Неге Мұса заңында көп некелікке жол берілген? ә) Неге ажырасуға қатысты мәселеде Таурат заңы мен Исаның кейінірек қайта жаңғыртқан талабы әр түрлі?

20 Алайда кейбіреулерде отбасына қатысты: “Неге Таурат заңында көп некелікке жол берілген?”— деген сұрақ тууы мүмкін (Заңды қайталау 21:15—17). Мұндай заңдарды сол уақыттағы көзқарасқа сай қарастырған жөн. Мұса заңын қазіргі заманның талабы мен әдет-ғұрыптарына сай қарастыратын адамның оны дұрыс түсінбейтіндігі айдан анық (Нақыл сөздер 18:13). Ехоба сонау Едем бағында некені бір еркек пен бір әйелдің мәңгілік одағы ретінде бекіткен (Жаратылыс 2:18, 20—24). Алайда Таурат заңы берілген уақытта, көп некелік сияқты әдет-ғұрыптар Исраил халқының ғасырлар бойы қанына сіңген нәрсе болған. Ехоба исраилдіктердің азғындыққа қатысты аса маңызды заңдардың өзін жиі бұзатын “тоң мойын қыңыр” халық екенін білетін (Мысырдан шығу 32:9). Сондықтан сол заман олардың некеге қатысты әдет-ғұрыптарының бәрін жөнге келтіріп жататын уақыт емес деген дана шешімге келген. Бірақ есте ұстайтын бір жайт — көп некелікке бастама берген Ехоба емес. Сөйтсе де ол Мұса заңы арқылы аталмыш ғұрыпты ретке келтіріп, жүгенсіздікке тосқауыл қойған.

21 Сол сияқты Мұса заңында, егер келелі себептер болса, еркектің әйелімен ажырасуына рұқсат берілетін (Заңды қайталау 24:1—4). Бірақ Иса яһудилерге ‘жүректерінің қасарысқандығына бола’ Құдайдың осыған жол бергендігін айтқан. Бұл уақытша ғана нәрсе болған. Иса өз шәкірттері үшін Ехобаның некеге қатысты о бастағы талабын қайта жаңғыртқан (Матай 19:8).

Таурат заңы сүйіспеншілік танытуға шақырған

22. Таурат заңы қалай және кімге сүйіспеншілік танытуға шақыратын?

22 Сеніңше бүгінде сүйіспеншілікке шақыратын заң жүйесі бар ма? Ал Таурат заңы, басқасын былай қойғанда, ең алдымен, сүйіспеншілікке шақыратын. Міне, сондықтан тек Заңды қайталау кітабының өзінде “сүйіспеншілік” сөзінің 20-дан аса әр түрлі формасы кездеседі. Таурат заңындағы екінші ең маңызды өсиет мынадай болған: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” (Леуіліктер 19:18; Матай 22:37—40) Құдай халқы бір-бірін ғана емес, кезінде өздерінің де кірме болғандарын естерінде ұстап, араларында тұрып жатқан кірмелерді де сүюлері керек еді. Олар кедей-кепшіктер мен жапа шегіп жүргендерге мейірімділікпен қол ұшын беріп, олардың бейшаралық күйлерін өз пайдасына қолданбай, қайта, сүйіспеншілік танытуға тиіс болған. Олар тіпті жүк артылатын жануарларға да қайырымды болып, аяушылықпен қараулары керек еді (Мысырдан шығу 23:6; Леуіліктер 19:14, 33, 34; Заңды қайталау 22:4, 10; 24:17, 18).

23. 118-ші Забур жырының жазушысы не істеуге талпынған және біздің не нәрсеге бел бууымызға болады?

23 Басқа қандай халықта осындай керемет заң болған дейсің!? Забур жыршысының: “Тағылымыңды [“заңыңды”, ЖД] Сенің сондай қатты сүйемін!”— деп жазғанына таңғалмаса да болады. Оның сүйіспеншілігі соқыр сезімге ғана негізделген жоқ. Заң оны әрекет етуге талпындырған, өйткені ол соған мойынсұнып, соған сай өмір сүруге тырысқан. Сосын, жыршы былай деп қосты: “Күні бойы ол жайлы ойланып та жүремін” (Забур 118:11, 97). Иә, ол Ехобаның заңдарын зерттеуге үнемі уақыт бөліп отырған. Солай еткен сайын, оларға деген сүйіспеншілігінің де арта түскендігінде күмән жоқ. Оған қоса, сол заңдарды берген Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілігі де арта түскен. Құдайдың заңдарын зерттеуді жалғастыра отырып, сен де Ұлы Заң шығарушы әрі әділ Құдай Ехобаға жақындай бер!

a Мысалы, Таурат заңы нәжісті көміп тастауды, ауру адамның өзгелерден оқшау болуын және өлі денеге қол тигізген адамның жуынуын талап ететін. Ал басқа халықтарда мұндай заңдар көп ғасырдан кейін ғана пайда болған (Леуіліктер 13:4—8; Руларды санау 19:11—13, 17—19; Заңды қайталау 23:13, 14).

b Қанахандықтардың ғибадатханаларының кіреберістерінде жезөкшелерге арналған бөлмелер болған, ал Мұса заңында тіпті рәсім бойынша таза емес деп есептелетін адамның өзіне ғибадатханаға кіруге тыйым салынатын. Жыныстық қатынас белгілі бір уақытқа таза емес ететіндіктен, ешкімнің заңсыздық жасап, Ехобаның үйіндегі ғибадатты жыныстық қатынаспен араластыруына болмайтын.

c Үйрету Таурат заңының басты мақсаты болған. Осыған орай, “Иудей энциклопедиясында” еврей тілінен “заң” деп аударылған тора сөзі “тәлім беру” дегенді білдіретіндігі айтылған (Encyclopaedia Judaiса).

d Заңда: “Ағаш сенен бой тасалайтын жерге қашып барып тығылатын ұрыс алаңындағы адам емес”,— деп нақты айтылған (Заңды қайталау 20:19). Бірінші ғасырда өмір сүрген яһуди ғалымы Филон Құдайдың көз алдында “адамның біреуге деген ашуын еш кінәсіз нәрселерден алуы әділетсіздік” екендігін түсіндірген.