Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КИЕЛІ КІТАП — ОҚУҒА ТҰРАРЛЫҚ КІТАП

Оқып-білуге тұрарлық кітап

Оқып-білуге тұрарлық кітап

Киелі кітап — бағзы заманнан бері келе жатқан кітап. Ол қаншалықты көне? Киелі кітап Таяу Шығыста осыдан 3500 жылдай уақыт бұрын жазыла бастаған. Сол кезде Қытайда ең ежелгі Шан әулеті билік етіп жатса, Үндістанда буддизмнің таралуына әлі 10 ғасырдай уақыт бар еді (“ Киелі кітап жайлы деректер” деген қоршауды қараңыз).

Киелі кітапта өмірге қатысты маңызды сұрақтарға қанағаттандырарлық жауап беріледі

Қандай да бір кітап адамдарға пайдалы нұсқаулар мен басшылық бере алу үшін, ол түсінікті әрі мағыналы болу қажет. Киелі кітап — тура сондай кітап. Онда өмірге қатысты маңызды сұрақтарға қанағаттандырарлық жауап беріледі.

Мәселен, сізді “Өмірдің мәні неде?” деген сұрақ мазалаған шығар. Мыңдаған жылдан бері адамзат бұл сауалдың жауабын іздеп, әлі де таппады. Алайда оның жауабы Киелі кітаптың алғашқы кітабы Мұсаның 1-жазбасының бастапқы екі тарауында жазылған. Онда оқиға “әуел бастан”, яғни миллиардтаған жылдар бұрын біздің ғалам, оның ішінде галактикалар, жұлдыздар мен Жер планетасы пайда болған уақыттан бастап баяндалған (Мұсаның 1-жазбасы 1:1). Әрі қарай жер бетінің бірте-бірте тіршілікке қолайлы ортаға айналғаны, әртүрлі тіршілік иелерінің пайда болғаны, ал соңында адам баласының жаратылғаны мен мұның барлығы не мақсатпен жасалғаны туралы баяндалады.

БІЗ ТҮСІНСІН ДЕП ЖАЗЫЛҒАН

Киелі кітапта бізге күнделікті тіршілік тауқыметін көтеруге көмектесетін ақыл-кеңестер көп. Оларды түсіну оңай. Неге олай дейміз?

Біріншіден, Киелі кітап анық та түсінікті, әрі жанға жағымды тілмен жазылған. Ондағы мәлімет көмескіленіп не жұмбақ түрінде емес, қайта, нақты, көңілге қонымды сөздермен жеткізілген. Сондай-ақ күрделі ұғымдар да күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым сөздермен түсіндірілген.

Мысалы, Иса пайғамбар адамдардың жүрегіне жететіндей тәлім беру үшін олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тән қарапайым мысалдар келтіріп отырған. Олардың көбісі Иса пайғамбардың Інжілдегі “Таудағы уағызында” жазылған (Матай 5—7 тараулар). Бұл уағызды “іс жүзіндегі пайдасы бар баяндама” деп атаған бір зерттеуші оның мақсаты “басымызды түрлі идеялармен қатыру емес, өмір салтымызды ретке келтіріп, нұсқау беру” екенін айтқан. Сіз де осы уағызды 15—20 минуттың ішінде оқып, Исаның сөздері қарапайым болса да, қаншалықты әсерлі екенін көре аласыз.

Киелі кітаптың түсінікті болуының екінші себебі оның мазмұнына қатысты. Ол — аңыздар не ертегілер кітабы емес. Қайта, “Уорлд бук” энциклопедиясында айтылғандай, бұл кітап негізінен “дәрежелісі бар, қарапайымы бар, әртүрлі адамдардың үміті мен күйініші, жеңісі мен жеңілісі” туралы. Иә, бұл оқиғалар өмірде болған адамдардың бастарынан өткендіктен, бізге оларды түсіну де, олардан өмірлік сабақ алу да оңай (Римдіктерге 15:4).

БАРШАҒА ҚОЛЖЕТІМДІ

Қандай да бір кітапты түсіну үшін ол сіз білетін тілде жазылу қажет. Қайда тұрсаңыз да, қай тілде сөйлесеңіз де, бүгінде Киелі кітап сіз түсінетін тілге де аударылған болу керек. Мұндай жетістікке жету үшін қандай іс атқарылғанын білесіз бе?

Аударма ісі. Киелі кітап әуел баста еврей, арамей және грек тілдерінде жазылған. Бірақ бұл тілдерді көп адам түсіне бермейтіндіктен, оны өзге тілдерге аудару үшін ізгі ниетті аудармашылар көп тер төкті. Олардың ерен еңбектерінің арқасында Киелі кітап толықтай не оның кейбір бөліктері 2700-ге жуық тілге аударылды. Бұл — адамзаттың 90 пайызынан астамы Киелі кітапты толықтай не кей бөліктерін ана тілдерінде оқи алады деген сөз.

Баспа ісі. Киелі кітаптың түпнұсқа мәтіні тері мен папирус сияқты ұзаққа шыдамайтын материалдарға жазылған болатын. Ал ондағы мәлімет ұрпақтан ұрпаққа жету үшін жазбаларды қолдан мұқият көшіріп отыру керек болған. Бұл көшірмелер қымбат болғандықтан, көп адам оларды сатып ала алмады. Бірақ осыдан 550-ден астам жыл бұрын Иоганн Гутенбергтің баспа станогы пайда болғанының арқасында Киелі кітап көптеп басып шығарыла бастады. Бір есепке сай, осы уақытқа дейін Киелі кітаптың толықтай не толық емес нұсқаларының 5 миллиардтан астам данасы таралған.

Осы мақалада қарастырылған деректер Киелі кітапқа тең келер кітаптың жоқ екенін дәлелдейді. Сондықтан ол — оқып-білуге тұрарлық кітап. Десе де оны түсіну үшін көмек қажет болуы мүмкін. Ол көмекті қайдан табуға болады? Оның сізге қандай пайдасы бар? Келесі мақаладан осы сұрақтардың жауабын таба аласыз.