Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ИСА ПАЙҒАМБАР АДАМЗАТТЫ НЕДЕН ҚҰТҚАРАДЫ?

Адамзатты неден құтқару керек?

Адамзатты неден құтқару керек?

“Әйелден туған пенденің өмірі Қысқа әрі азапқа толы. Ол гүлдей жайнайды да, лезде солып қалады, Көлеңкедей сырғып, ғайып болады” (Әйүп 14:1, 2).

Еш ауырмай, мәңгі жас болып қалуды адамдар қашаннан бері армандап келеді. Алайда біз ажалды пендеміз, сондықтан Әйүп пайғамбардың 3000 жыл бұрын айтқан жоғарыдағы сөздерімен бүгінде бәріміз келісетін шығармыз. Бұл — ащы болса да, шындық.

Баянды өмір кешуді бәрі қалайды әрі бұл қалау айтарлықтай зор. Киелі жазбаларға сай, Құдай Адамды жаратқанда, оған мәңгі өмір сүруге деген құштарлықты және мәңгілікті түсінуге деген қалауды берген (Уағыздаушы 3:11). Осы сөздерге сүйене отырып, ойланып көрейікші: сүйіспеншілігі мол Құдай бізге осындай қалауды беріп, бірақ мәңгілік өмірдің өзін бермей қоюы мүмкін бе? Бәлкім, сіз “жоқ” дейтін шығарсыз әрі еш қателеспейсіз. Құдай Сөзінде өлім жауға теңеледі және түбінде оның жойылатыны уәде етіледі (Қорынттықтарға 1-хат 15:26).

Өлімнің жау екенінде күмән жоқ. Ешбір ақыл-есі дұрыс адам оны қуана қарсы алмайды. Мысалы, бізге қандай да бір қауіп төнсе, қашып кетуге я тығылып қалуға тырысамыз. Ауырып қалсақ, емделеміз. Басқаша айтқанда, өмірімізді сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз.

Осы ата жауымыз күндердің күнінде жойылады деп сенуге негіз бар ма? Әлбетте, бар! Біздің жаратушымыз Ехоба Құдай бізді тек біраз жыл өмір сүріп, сосын өлсін деп жаратқан жоқ. О баста ол адамдардың жер бетінде мәңгі өмір сүруін ниет еткен. Ал оның барлық ниеті міндетті түрде жүзеге асады (Ишая 55:11).

Олай болса, өлімге қалай тоқтау қойылмақ? Тарихқа үңілсек, адамзат қашан да өліммен күрескен, бірақ бұдан еш нәтиже шықпады. Бұл күрес бүгінде де жалғасып келеді. Ғалымдар кей ауруларға қарсы екпе мен түрлі ем-шаралар ойлап тапты. Олар тіршілік иелерінің генетикалық құрылымына үңіле түсті. Бүгінде көп жерлерде адамдар өткен ғасырға қарағанда ұзағырақ өмір сүреді. Сонда да өлімді ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Киелі кітапта айтылғандай, “барлығы қайтадан топыраққа айналады” (Уағыздаушы 3:20).

Қуанышымызға орай, ұзақ уақыттан бері түйткілді болып келген осы мәселенің шешімін табу үшін адам ақылына сүйенудің тіпті де қажеті жоқ. Ехоба Құдай бізді ажалдан құтқарудың жолын тауып қойған және бұл мәселеде Иса Мәсіх басты рөл атқарады.