Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар

Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар

Иса пайғамбардың өлімін не үшін еске алып тұруымыз керек?

Иса пайғамбардың өлімі жарқын болашаққа жол ашты (Ишая 25:8; 33:24)

Иса пайғамбардың өлімі адамзат тарихындағы ең елеулі оқиға болды. Ол адам баласының өмірін о бастағы қалпына келтіру үшін өлген еді. Жаратушы Құдай алғашқы адам жұбын Адам мен Хауаны жаратқанда, олар жамандыққа бейім болмаған. Олар ауырмаған әрі ажалды емес еді (Мұсаның 1-жазбасы 1:31). Алайда Адам ата күнә жасады және күнә оның бүкіл ұрпағына тарады. Бізді күнә мен өлімнің құрсауынан босату үшін Иса пайғамбар өз өмірін құрбан етті (Матай 20:28; Римдіктерге 6:23 оқыңыз).

Құдай өзінің Ұлы Иса пайғамбарды жерге жіберіп, оны біз үшін өлімге қиюымен адам баласына деген зор сүйіспеншілігін көрсетті (Жоханның 1-хаты 4:9, 10). Иса пайғамбар өлер алдында өзінің ізбасарларына өлімін еске алып тұруды өсиет еткен. Мұны олар нанмен және шараппен байланысты қарапайым рәсімді жасау арқылы істеулері керек болды. Біз де осы өсиетті жыл сайын орындау арқылы Құдайдың және Иса пайғамбардың бізге көрсеткен сүйіспеншілігіне деген алғысымызды білдіре аламыз (Лұқа 22:19, 20 оқыңыз).

Нан мен шараптан кім дәм тату керек?

Иса пайғамбар шәкірттеріне өзінің өлімін еске алу жайлы айтқанда, олармен келісім жасасқан болатын (Матай 26:26—28). Бұл келісім оларға және саны шектеулі басқа да адамдарға аспанда Иса пайғамбармен бірге билік ететін патшалар және діни қызметкерлер болуға жол ашты. Дүние жүзі бойынша өтетін Иса пайғамбардың өлімін еске алу кешіне миллиондаған адам келгенмен, нан мен шараптан аталмыш келісімге кіретіндер ғана дәм тата алады (Аян 5:10 оқыңыз).

Біздің күнімізге дейін 2000-ға жуық уақыт бойы Ехоба адамдардың арасынан болашақ патшалар таңдап келеді (Лұқа 12:32). Олардың саны жер бетінде мәңгі өмір сүретіндерге қарағанда әлдеқайда аз (Аян 7:4, 9, 17 оқыңыз).