Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | НЕГЕ ЖАҚСЫ АДАМДАР ҚАСІРЕТ ШЕГЕДІ?

Қайғылы жағдайлар белең алуда!

Қайғылы жағдайлар белең алуда!

Бангладештің астанасы Даккада тұратын Смита * есімді 35 жасар әйелді адамдар мейірімді де қайырымды адам ретінде танитын. Смита өте еңбекқор және жайдары мінезді әйел болатын. Бұған қоса, ол адамдарға Құдай туралы білім алуға көмектескісі келетін. Алайда Смита аяқ астынан ауыр дертке шалдығып, бір аптаның ішінде қайтыс болып кетті. Бұл оның отбасы мен достарына қатты соққы болды!

Шамамен 30 жастардағы Джеймс пен оның әйелі туралы да адамдар жақсы пікірде болатын. Көктемнің жайма шуақ бір күнінде олар Құрама Штаттардың батыс жағалауында тұратын достарына қарай жол тартқан еді. Алайда олар сол күйі өздерінің Нью-Йорктегі үйіне қайтып оралмады. Жол апатына ұшырап қайтыс болып кеткен олардың артынан қайғыдан қабырғалары қайысқан туыстары мен әріптестері қалды.

Бүгінде белең алып жатқан қайғылы жағдайларды көру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Соғыс сарбаздар мен бейбіт тұрғындардың өмірін аяусыз жалмауда. Көптеген жазықсыз адамдар қылмыс пен қатыгездіктің құрбанына айналуда. Жасы мен әлеуметтік жағдайы қандай болмасын, адамдардың барлығы қайғылы оқиғалар мен аурулардан зардап шегуде. Табиғаттың тосын мінезі де адамдардың ешқайсысын аяр емес. Ал алалаушылық пен әділетсіздік бүгінде кең етек жайып барады. Бәлкім, сіз де осындай жайттардың құрбаны болған шығарсыз.

Көп адамдарда келесідей сұрақтар туындауы мүмкін:

  • Неліктен қайғылы жағдайлар жақсы адамдардың басына түседі?

  • Мұндай жағдайлардың болып жатқанына Құдай кінәлі ме?

  • Апаттар өздігінен орын ала ма, әлде адамдардың кесірінен бе?

  • Адамдар өздерінің бұрынғы өмірінде істеген жаман істері үшін азап шеге ме?

  • Егер құдіреті шексіз Құдай бар болса, неге ол жақсы адамдарды қайғылы жайттардан қорғап қалмайды?

  • Зұлымдық пен қайғы-қасірет болмайтын кез келе ме?

Бұл сұрақтарға жауап беру үшін біз келесі екі маңызды сұрақтың жауабын білуіміз керек: Неліктен бүгінде қайғылы жағдайлар орын алуда және бұған қатысты Құдай болашақта не істейді?

^ абзац 3 Есімдер өзгертілген.