Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | НЕГЕ ЖАҚСЫ АДАМДАР ҚАСІРЕТ ШЕГЕДІ?

Неге жақсы адамдар қасірет шегеді?

Неге жақсы адамдар қасірет шегеді?

Ехоба Құдай * барлық тіршілік атаулының Жаратушысы әрі құдіреті шексіз Құдай болғандықтан, көп адам оны дүниеде болып жатқан жақсы да, жаман да жайттарға жауапты деп есептейді. Алайда Киелі кітапта шынайы Құдай жайлы не делінгенін қарастырып көрейік.

  • “Жаратқанның бар жолдары әділетті” (Забур 144:17).

  • “Барлық жолдары оның әділетті, Құдай сенімді, жоқ еш жалғандығы, әрдайым ол әділ әрі шынайы!” (Заңды қайталау 32:4).

  • “Ехоба — өте жанашыр әрі мейірімді” (Жақып 5:11).

Құдай қайғылы жағдайлардың орын алып жатқанына кінәлі емес. Бірақ ол басқалардың зұлымдық жасауына түрткі бола ма? Әрине, жоқ. Киелі жазбаларда былай делінген: “Басына сынақ түскен адам: “Мені Құдай сынап жатыр”,— демесін. Өйткені ешкім Құдайды жамандықпен сынай алмайды, оның өзі де ешкімді жамандықпен сынамайды” (Жақып 1:13). Иә, Құдай ешкімді жамандық жасауға итермелеу арқылы сынамайды. Сондай-ақ ол қайғылы жағдайлардың орын алуына да, басқалардың жамандық жасауына да түрткі болмайды. Олай болса, қайғылы жағдайлардың орын алып жатқанына кім кінәлі?

ҚОЛАЙСЫЗ УАҚЫТ ПЕН КЕЗДЕЙСОҚ ЖАҒДАЙ

Киелі кітапта адамдардың жапа шегіп жатқанының бір себебі былай деп түсіндірілген: “Барлығы да қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады” (Уағыздаушы 9:11 ЖД). Қайғылы жағдайдан әлдебіреудің зардап шегуі не шекпеуі көбіне адамның сол жағдай орын алған кезде қайда болатынына байланысты. Шамамен 2000 жыл бұрын Иса пайғамбар бір мұнара құлағанда мерт болған 18 адам туралы сөз еткен болатын (Лұқа 13:1—5). Бұл адамдар жаман адам болғандықтан емес, мұнара құлағанда сол жерде болғандықтан ғана опат болған. Осыдан біраз уақыт бұрын 2010 жылдың қаңтар айында Гаитиде жойқын жерсілкінісі болған еді. Сол елдің билік басындағыларының айтуынша, бұл апат кезінде 300 000 адам көз жұмды. Осы қайтыс болғандардың барлығы жаман адамдар болған деп айта алмайтынымыз анық. Сондай-ақ айтып келмейтін ауру да кез келген адамға күтпеген жерден соққы беруі мүмкін.

Неге Құдай жақсы адамдардың басына қайғылы жағдайлардың түсуіне жол береді?

Алайда кейбіреулер былай деп сұрауы мүмкін: “Құдай мұндай апаттардың орын алуына тосқауыл қоя алады емес пе? Неге ол жақсы адамдарды апаттардан құтқарып қалмайды?” Бұлай ету үшін Құдай қайғылы оқиғалардың болатынын алдын ала білу керек. Әрине, Құдайдың болашақты біле алатынында дау жоқ. Алайда Құдай болашақты көре білу қабілетін үнемі қолдана бере ме? (Ишая 42:9).

Киелі жазбаларда: “Сиынған Құдайымыз заңғар көкте, ол барлық қалауын асырады іске”,— делінген (Забур 113:11). Ехоба істей алатын нәрселерінің барлығын емес, тек қажет деп тапқандарын ғана істейді. Алдын ала көру қабілетіне қатысты да Ехоба осылай етеді. Мысалы, ежелгі Содом мен Ғомора  қалаларында зұлымдық тым көбейіп кеткенде, Құдай рубасы Ыбырайымға: “Мен жерге түсіп, ондағы әділетсіздік... шағым туғызатындай дәрежеде ме, жоқ па, соған көз жеткізбекпін”,— деген (Жаратылыс 18:20, 21). Демек, Ехоба бұған дейін осы екі қалада зұлымдықтың қаншалықты кең таралатынын білу үшін алдын ала көре білу қабілетін қолданбаған. Сол сияқты, бүгін де Ехоба барлық нәрсені алдын ала көру үшін осы қабілетін қолдана бермейді (Жаратылыс 22:12). Алайда бұл Ехобаның мінсіздігі мен құдіретіне ешқандай шек келтірмейді. Өйткені оның іс-әрекеттері мүлтіксіз және ол алдын ала көре білу қабілетін қажет деп тапқан кезде ниетіне сай қолданады. Сондай-ақ Ехоба Құдай адамдарды белгілі бір бағытпен жүруге мәжбүрлемейді * (Заңды қайталау 32:4). Бұдан шығатын қорытынды: Құдай алдын ала көре білу қабілетін өзі қалаған және қажет деп тапқан кезде қолданады.

Неге Құдай жақсы адамдарды қылмыскерлерден қорғап қалмайды?

ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙЛАРҒА АДАМДАР ЖАУАПТЫ МА?

Болып жатқан зұлымдыққа қандай да бір шамада адамдардың өздері кінәлі. Адамдарды зұлым істер жасауға не итермелейтіні жөнінде Киелі кітапта былай делінген: “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады. Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады. Күнә болса, ақырында, өлімге ұшыратады” (Жақып 1:14, 15). Адам зұлым қалауларына сай әрекет етсе не бұрыс құмарлықтарына берілсе, онда жаман істерінің салдарынан жапа шегеді (Римдіктерге 7:21—23). Тарихтан білетініміздей, адамдар қатыгез әрекеттерге барып, көптеген қайғы-қасіреттің себепшісі болған. Бұған қоса, зұлым адамдар басқаларды да жаман істер жасауға итермелеу арқылы зұлымдықтың жалғасуына ықпал етуде (Нақыл сөздер 1:10—16).

Адамдар қатыгез әрекеттерге барып, көптеген қайғы-қасіреттің себепшісі болған

Неге Құдай адамдардың зұлым істеріне тосқауыл қою үшін олардың істеріне араласпайды? Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен адамның қалай жаратылғанын қарастырайық. Киелі кітапта адамның Құдайға ұқсас етіп жаратылғаны айтылған. Яғни адамдарда Құдайдың қасиеттерін таныта білу қабілеті бар (Жаратылыс 1:26). Сондай-ақ Құдай адамдарға сый ретінде ерік бостандығын берген. Осының арқасында олар Құдайды сүйетіндерін және дұрыс нәрселерді істеу арқылы оған адал екендерін көрсете алады (Заңды қайталау 30:19, 20). Егер Құдай адамдарды белгілі бір бағытпен жүруге мәжбүрлейтін болса, бұл оның сый ретінде берген ерік бостандығын жоққа шығарады емес пе? Мұндай кезде адамдар белгілі бір бағдарламамен жүретін механизм сияқты болар еді. Тура сол сияқты адамдармен не болатыны олардың пешенелеріне алдын ала жазылып қойылса, бұл олардың ерік бостандығының жоқ екенін білдірер еді ғой? Алайда өз қалауымызша әрекет етуімізге мүмкіндік беру арқылы Құдай бізді зор құрметке бөледі. Бірақ бұл адамдардың кесірінен болып жатқан зұлымдық мәңгілік жалғаса береді дегенді білдірмейді.

 ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙЛАРҒА КАРМА ЗАҢЫ СЕБЕПШІ МЕ?

Индуизм мен буддизм дінін ұстанатын көптеген адамдар реинкарнация мен карма заңына сенеді. Карма — адамның өткен өмірінде істегендерінің салдарын қазіргі өмірінде көреді дегенге сену. Егер кармаға сенетін адамдарға осы журналдың мұқабасындағы сұрақты қояр болсаңыз, келесідей жауап естуіңіз мүмкін: “Жақсы адамдардың басына қайғылы жағдайлардың түсетіні көбінесе карма заңымен байланысты. Егер адам азап шегіп жатса, бұл оның бұрынғы өмірінде істеген жаман істері үшін жазасын тартып жатқаны” *.

Болып жатқан қайғылы жағдайларға шынымен де карма заңы себепші ме? Мұны білу үшін Киелі кітапта өлім туралы не делінгеніне назар аударайық. Алғашқы жұпты Едем бағына орналастырғаннан кейін, Ехоба Құдай Адам атаға: “Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жесең, сол күні өлесің”,— деген (Жаратылыс 2:16, 17). Егер Адам ата Құдайға тілазарлық танытып, күнә жасамағанда, ол мәңгілік бойы өмір сүрер еді. Демек, өлім Құдай заңына мойынсұнбаушылықтың нәтижесінде пайда болды. Сондықтан Адам ата мен Хауа ананың дүниеге келген балаларының “бәрі өлетін болды” (Римдіктерге 5:12). Киелі кітапта “күнәнің беретіні — өлім” екені айтылған (Римдіктерге 6:23). Сондай-ақ онда: “Өлген адам күнәсінан арылады”,— делінген (Римдіктерге 6:7). Басқаша айтқанда, өліп кеткен адамға күнәсін өтеудің қажеті жоқ.

Бүгінде миллиондаған адам өздерінің жапа шегіп жатқанын карма заңымен байланыстырады. Мұндай адамдар әдетте өздерінің де, өзгелердің де басына түскен қиындықтарды болу керек нәрсе деп қабылдайды. Алайда мұндай ой-қалып орын алып жатқан қиындықтардың тоқтайтынына ешқандай үміт бермейді. Олардың сенімі бойынша, шексіз қайта туылу айналымынан босатылуға мүмкіндік беретін жалғыз үміт — қоғамда қалыптасқан әдептілік ережелерін ұстану және ерекше білім алу. Әрине, мұндай сенім Киелі кітапта айтылған сөздерге мүлдем сай келмейді *.

ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ ОРЫН АЛУЫНЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ

Сіз қайғы-қасіреттің болып жатқанына бірінші кезекте “осы дүниенің билеушісі” Шайтан Ібіліс кінәлі екенін білгенсіз бе? (Жохан 14:30)

Дегенмен зұлымдықтың басты себепшісі адамдар емес. Алғашында Құдайдың адал періштесі болған Шайтан Ібіліс “шындықтан тайып”, дүниеге күнә әкелді (Жохан 8:44). Ол Едем бағында шыққан бүліктің басты себепшісі болды (Жаратылыс 3:1—5). Иса пайғамбар оны “Зұлым” әрі “осы дүниенің билеушісі” деп атаған (Матай 6:13; Жохан 14:30). Бүгінде адамдардың көпшілігі Ехоба Құдайдың дұрыс жолдарын елемеу арқылы Шайтанның ырқына көніп, оның соңынан еруде (Жоханның 1-хаты 2:15, 16). Жоханның 1-хаты 5:19-да: “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде”,— делінген. Бұған қоса, зұлымдыққа бет бұрған кейбір рухани жаратылыстар да Шайтанның соңынан ерген. Киелі кітапта Шайтан мен оның жын-перілерінің “жерге лақтырылып”, “жер мен теңізге қасірет” әкелгені жайлы айтылған (Аян 12:9, 12). Сайып келгенде, зұлымдықтың болып жатқанына бірінші кезекте Шайтан Ібіліс кінәлі.

Шын мәнінде, Құдай адамдардың бастарына түсіп жатқан қайғылы жағдайларға да, олардың азап шегіп жатқандарына да кінәлі емес. Керісінше, ол зұлымдықты жоюды уәде етеді. Бұл жайлы біз келесі мақалада сөз қозғайтын боламыз.

^ абзац 3 Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.

^ абзац 11 Құдайдың неге қайғы-қасіретке жол беріп отырғанын білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 11-тарауын қараңыз.

^ абзац 16 Карма заңы қайдан бастау алғанын білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Өлген соң адаммен не болады?” деген кітапшаның 8—12 беттерін қараңыз.

^ абзац 18 Киелі кітапта өлген адамдардың күйі туралы және олар үшін қандай үміт бар екені жайлы не жазылғанын білу үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 6, 7-тарауын қараңыз.