Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Құтқарылуларың жақын”!

“Құтқарылуларың жақын”!

“Сендер еңселеріңді түзеп, бастарыңды көтеріңдер, өйткені құтқарылуларың жақын” (ЛҰҚА 21:28).

ӘНДЕР: 49, 43

1. Б. з. 66 жылы қандай оқиғалар орын алды? (Осы беттегі суретті қара.)

СЕН б. з. 66 жылы Иерусалимде өмір сүріп жатқан мәсіхшісің делік. Қалада неше түрлі оқиға болып жатыр. Римдік билеуші Флор киелі ғибадатхананың қазынасынан 17 талант ақша алды. Сол-ақ екен яһудилер көтеріліске шығып, Иерусалимдегі рим сарбаздарын қырып салды да, өздерін тәуелсіз ел етіп жариялады. Рим де қарап қалмады: үш-ақ айдың ішінде 30 мың жасағымен Иерусалимді қоршауға алды. Оларды Сириядағы рим әміршісі Цестий Галл бастап келді. Бұны көрген яһудилер ғибадатханаға қарай шегінді. Ал римдіктер ғибадатхананың сыртқы ауласындағы қабырғаның түбін қазып, ішіне кірмекші! Бүкіл қаланы үрей биледі. Осы оқиғалардың куәсі болған сен не ойлайсың?

2. Б. з. 66 жылы мәсіхшілер не істеулері керек еді және бұл қалайша мүмкін болды?

2 Иса осындай оқиғалар болатынын алдын ала ескертіп: “Иерусалимді әскерлер қоршап алғанын көргенде, оның қаңырап бос қалатын кезі жақын қалғанын білесіңдер”,— деді. Сосын мынадай нұсқаулар берді: “Сонда Яһудеядағылар тауларға қашсын. Иерусалимдегілер қаладан шықсын, ал маңындағылар оған кірмесін!” (Лұқа 21:20, 21). Бірақ сен: “Исаның айтқандарын қалай орындаймын? Қаланы осыншама жасақ қоршап тұрғанда, одан шығу мүмкін емес қой!”— деп ойлайтын шығарсың. Алайда үш ұйықтасаң түсіңе кірмеген бір жағдай болды: рим әскері кері шегіне бастады! Осылай Иса айтқандай, олардың шабуылдау уақыты “қысқартылды” (Мат. 24:22). Енді Исаның нұсқауларын орындаудың мүмкіндігі туды. Сен қала мен оның маңындағы өзге де адал мәсіхшілермен бірге қаладан шығып, іле-шала Иордан өзенінің арғы жағындағы тауларға қаштың *. Ал б. з. 70 жылы Рим әскері қайта оралып, Иерусалимді күйретті. Бірақ сен Исаның сөздеріне құлақ асқанының арқасында аман қалдың.

3. Жуырда мәсіхшілердің басына қандай жағдай түседі және бұл мақалада не қарастырылады?

3 Жуырда, өте жақын арада, бәріміздің басымызға осындай жағдай түседі. Исаның бұл оқиғаларды айтқандағы мақсаты мәсіхшілерге Иерусалимнің күйрейтінін ескертіп, нұсқаулар беру ғана емес еді. Бұл оқиғаларды ол аяқастынан “зор алапат” басталғанда, қандай жайттар орын алатынын көрсету үшін де айтты (Мат. 24:3, 21, 29). Иерусалим күйрегенде, адал мәсіхшілердің аман қалғанындай, бүкіләлемдік алапат кезінде де аман қалатын “ұлы жамағат” болады (Аян 7:9, 13, 14 оқы). Болашақта орын алатын осы жайттар жөнінде Киелі кітапта не айтылған? Бұл сұрақтың жауабы бізді барынша қызықтыруы керек. Себебі бұл — өмірлік маңызы бар мәселе. Олай болса, сол оқиғалардың бізге қандай қатысы болатынын егжей-тегжейлі қарастырып көрейік.

ЗОР АЛАПАТТЫҢ БАСТАЛУЫ

4. Зор алапат қалай басталады?

4 Зор алапат қалай басталады? Аян кітабында зор алапаттың “Ұлы Бабылдың” жойылуынан басталатыны айтылған (Аян 17:5—7). Онда барлық жалған дін орынды түрде жезөкшеге теңелген. Себебі дінбасылар осы зұлым дүниенің басшыларымен “азғындық” жасайды. Қай мағынада? Олар Иса мен оның Патшалығын емес, адами үкімет басшыларын қолдайды, сондай-ақ саяси беделге ие болу үшін Киелі кітап принциптерінен аттап кетеді. Олар пәк қалыңдыққа теңелетін майланған мәсіхшілерге мүлдем ұқсамайды (Қор. 2-х. 11:2; Жақ. 1:27; Аян 14:4). Бірақ Ұлы Бабылды жоятын кім? Ехоба “ал қызыл жыртқыш аңның” “он мүйізінің” “жүректеріне өз ойын салады”. Мұндағы он мүйіз “ал қызыл жыртқыш аңға” теңелген Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсетіп отырған барлық саяси күштерді білдіреді (Аян 17:3, 16—18 оқы).

5, 6. Неге біз жалған дінді ұстанатындардың бәрі Ұлы Бабылмен бірге жойылмайды деп есептейміз?

5 Ұлы Бабылмен бірге жалған дінді ұстанғандардың бәрі жойыла ма? Олай болмаса керек. Рухтың жетелеуімен Зәкәрия сол уақыт жөнінде пайғамбарлық еткен. Ол жалған дінді ұстанғандар туралы былай деген: “Әрқайсысы: — Мен пайғамбар емеспін, жер өңдейтін диқанмын. Жас кезімде біреу құл етіп сатып алған,— дейтін болады. Егер әлдекім одан: — Денеңдегі мынау не қылған жарақаттар?— деп сұраса, ол: — Достарымның үйінде алған жарақаттар,— деп жауап береді” (Зәк. 13:4—6). Осы сөздерге қарағанда, кейбір дінбасыларының өзі жалтарып, жалған дінді ұстанғандарын мойындамайтын болса керек.

6 Ал Құдай халқы жөнінде не деуге болады? Иса: “Егер сол күндер қысқартылмағанда, ешкім аман қалмас еді. Бірақ таңдап алынғандар үшін сол күндер қысқартылады”,— деген (Мат. 24:22). Жоғарыда қарастырғанымыздай, б. з. 66 жылы болған алапат уақыты “қысқартылған” еді. Соның арқасында “таңдап алынғандар”, яғни майланғандар, Иерусалим мен оның маңынан қашып кетті. Тап сол сияқты зор алапаттың бастапқы кезеңі де “таңдап алынғандар үшін” “қысқартылады”. Осылай саяси күштерді бейнелейтін “он мүйіздің” Құдай халқын жойып жіберуіне жол берілмейді. Осы екі арада шамалы уақыт тыныштық орнайды.

СЫНАЛАТЫН ЖӘНЕ СОТТАЛАТЫН УАҚЫТ

7, 8. Жалған діндер жойылғаннан кейін қандай мүмкіндік туады және сол кезде Құдай халқы несімен өзгелерден ерекше болады?

7 Жалған діндер жойылғаннан кейін не болады? Ол уақытта жүрегімізде шын мәнінде не бар екені ашылады. Адамдардың басым көпшілігі “таудағы жартастарға” теңелетін адами ұйымдардан пана табуға тырысады (Аян 6:15—17). Ал Құдай халқы Ехоба ұсынатын бейнелі панаға бас сауғалайды. Бірінші ғасырда алапат уақыты яһудилер жаппай мәсіхшілікті қабылдасын деп “қысқартылған” жоқ еді. Керісінше, бұл мәсіхшілікті қабылдап қойғандар әрекет етіп, мойынсұнушылық танытулары үшін берілген уақыт болатын. Сол сияқты зор алапат уақыты “қысқартылғанда”, біз жұрттың бәрі жаппай Куәгер бола бастайды деп күтпейміз. Қайта, бұл шынайы мәсіхшілер үшін Ехобаны жақсы көретіндерін көрсетуге әрі майланғандарға қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін уақыт болмақ (Мат. 25:34—40).

8 Біз сол бір сынақ уақытында не болатынын толық білмейміз. Сөйтсе де қандай да бір құрбандықтар жасау керек болатынын түсінеміз. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер мал-мүлкін тастап кетуге мәжбүр болған. Сондай-ақ аман қалу үшін қиындықтарға төтеп берген (Мар. 13:15—18). Біз де шығын көруге дайынбыз ба? Ехобаға адал екенімізді дәлелдеу үшін, не талап етілсе де істейміз бе? Ойлап көрші, ол кезде тек біз ғана Даниял пайғамбар сияқты ештеңеге қарамай Құдайға ғибадат етуді жалғастыра беретін боламыз! (Дан. 6:10, 11).

9, 10. а) Зор алапат кезінде Құдай халқы қандай хабарды жариялайды? ә) Ал Құдай халқының жаулары не істейді?

9 Ол кезде “Патшалық жайлы ізгі хабар” уағыздалмайды. Бұл ізгі хабар уағыздайтын емес, “осы заманның соңы келетін” уақыт болады! (Мат. 24:14). Сондықтан Құдай халқы сот жөнінде ауыр хабар жариялайды. Бұл Шайтанның зұлым заманы түптамырымен жойылғалы жатқаны туралы хабар болуы мүмкін. Киелі кітапта аталмыш хабар бұршаққа теңеліп, былай делінген: “Аспаннан адамдардың үстіне әрқайсысының салмағы 20 килограмдай бұршақ жауды. Осындай бұршақ жаудырғаны үшін олар Құдайды қорлады, өйткені бұл өте ауыр алапат болды” (Аян 16:21).

10 Мұның барлығы жауларымыздың назарынан тыс қалмайды. Рухтың жетелеуімен Езекиел пайғамбар Магог жеріндегі Гогтың, яғни одақтасқан халықтардың, не істейтінін жазған. Ол былай деді: “Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: — Сол күні көңіліңе бір ой ұялап, зұлым жоспар құрасың да: — Қорғансыз жатқан елді мекендерге шабуыл жасаймын. Еш алаңдамай, қауіпсіздікте өмір кешіп жатқан халыққа тап беремін. Олардың бәрі қабырғамен қоршалмаған, ысырмалы қақпалары да жоқ мекендерде тұрып жатыр екен,— дейсің. Сенің көксегенің — кезінде қаңырап жатқан, ал қазір тұрғындары бар жерлерге шабуыл жасап, тонау, олжаға қарық болу. Бұл жерлердің тұрғындары халықтар арасынан жинап әкелінген еді. Олар енді мол дәулет пен дүние-мүлікке ие болып, жердің қақ ортасында өмір сүріп жатыр” (Езек. 38:10—12). Құдай халқы ерекше көзге түсіп, былайша айтқанда, “жердің қақ ортасында” тұрғандай болады. Халықтар бұған шыдап отыра алмайды. Олар Ехобаның майланғандары мен олардың серіктеріне шабуыл жасауды көксейді.

11. а) Зор алапатта болатын оқиғалардың ретіне қатысты нені есте ұстауымыз керек? ә) Көкте болатын белгілер жұртқа қалай әсер етеді?

11 Бұдан кейін не болатынын қарастырғанда, Құдай Сөзінде оқиғалардың өрбу тәртібі нақты айтылмағанын есте ұстауымыз керек. Кейбір оқиғалар бір мезгілде болуы да мүмкін. Осы заманның ақыры жайлы айтқан пайғамбарлығында Иса былай деген: “Күнде, ай мен жұлдыздарда белгілер болады. Ал жер бетінде халықтар долданған теңіздің қатты шуынан не істерін білмей азапқа түседі. Себебі аспан күштері шайқалатындықтан, адамдар жер бетінде не болар екен деп күтіп, әрі бойларын үрей билеп есеңгіреп қалады. Содан кейін олар Адам Ұлының құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлтта келе жатқанын көреді” (Лұқа 21:25—27; Марқа 13:24—26 оқы). Исаның айтқандары тура мағынада орындала ма? Оны уақытында көреміз. Бірақ, қалай болған күнде де, бұл белгілер Құдай жауларының зәре құтын алып, дүрбелеңге түсіреді.

Біз құтқарылатынымызға сенімді болғандықтан мойымаймыз! (12, 13-абзацтарды қара)

12, 13. а) Иса “құдіретпен және салтанатты ұлылықпен” келгенде не болады? ә) Құдайдың қызметшілері сол уақытта не істейді?

12 Иса “құдіретпен және салтанатты ұлылықпен” келгенде не болады? Бұл адал мәсіхшілер үшін сый алатын, ал опасыздар үшін жазаланатын кез болады (Мат. 24:46, 47, 50, 51; 25:19, 28—30). Матай жазған ізгі хабардан біз Исаның ақыр заманға қатысы белгіні айтқаннан кейін, қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгіме айтып бергені жайлы оқимыз. Онда былай делінген: “Ұлылыққа бөленген Адам Ұлы періштелерімен бірге келгенде, салтанатты тағына отырады. Сол уақытта оның алдына барлық халықтар жиналып әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден бөлгеніндей, адамдарды екі топқа бөліп, қойларды оң жағына, серкелерді сол жағына қояды” (Мат. 25:31—33). Қойлар мен серкелерге қандай үкім айтылады? Астарлы әңгіме: “Олар [серкелер] мәңгілікке жойылады, ал әділдер мәңгілік өмірді иемденеді”,— деген сөздермен аяқталады (Мат. 25:46).

13 Серкелер “мәңгілікке жойылатындарын” түсінгенде не істейді? Олар “өздерін ұрғылап зар еңірейді” (Мат. 24:30). Ал Мәсіхтің бауырлары мен олардың адал серіктері ше? Олар Ехоба Құдай мен оның Ұлы Иса Мәсіхке толықтай сенім артып, Исаның мына сөздерін орындайды: “Бұл жайттар орын ала бастағанда, сендер еңселеріңді түзеп, бастарыңды көтеріңдер, өйткені құтқарылуларың жақын” (Лұқа 21:28). Иә, біз құтқарылатынымызға сенімді болғандықтан мойымаймыз.

ПАТШАЛЫҚТА КҮНДЕЙ ЖАРҚЫРАЙДЫ

14, 15. Магог жеріндегі Гогтың шабуылы басталғаннан кейін болатын “жинап алу” неге нұсқайды және ол қалай жүзеге асады?

14 Магог жеріндегі Гог Құдай халқына шабуылдауды бастағаннан кейін не болады? Матай мен Марқа өз кітаптарында: “[Адам Ұлы] періштелерін жіберіп, дүниенің төрт бұрышынан — аспан мен жердің о шеті мен бұ шетінен — өзінің таңдап алынғандарын жинап алады”,— деген (Мар. 13:27; Мат. 24:31). Мұндағы “жинап алады” деген сөздер майланғандарға алғашқы белгі салынғанына нұсқамайды. Мұнда олардың жердегі тамтығына шешуші белгі салынатыны жөнінде де айтылып тұрған жоқ (Мат. 13:37, 38). Өйткені шешуші белгі зор алапат басталар алдында салынады (Аян 7:1—4). Ендеше Иса не жөнінде айтқан? “Жинап алады” деген сөздер 144 000-ның тамтығы көктегі сыйларын алатын кезге нұсқайды (Сал. 1-х. 4:15—17; Аян 14:1). Бұл жайт Магог жеріндегі Гог шабуылын бастағаннан кейінгі аралықта орын алады (Езек. 38:11). Сосын Исаның: “Әділдер сол кезде Әкелерінің Патшалығында күндей жарқырайды”,— деген сөздері орындалады * (Мат. 13:43).

15 Киелі кітаптан “Адам Ұлының белгісі пайда болып”, Исаның “бұлттарда келетіні” анық көрінеді (Мат. 24:30). Бұл көзге көрінбейтін жайтқа нұсқайды. Оның үстіне, “ет пен қаннан тұратын дене Құдай Патшалығын мұра ете алмайды”. Сондықтан көкке баратындар алдымен “кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылып жатқанда” өзгерулері керек * (Қорынттықтарға 1-хат 15:50—53 оқы). Осылай майланғандардың адал тамтығы бір сәтте “жинап алынады”.

16, 17. Тоқтының үйлену тойының алдында не болады?

16 144 000-ның тамтығының бәрі көкке көтерілген соң, Тоқтының үйлену тойына соңғы дайындықтар жасауға болады (Аян 19:9). Бірақ осы қуанышты оқиғадан бұрын тағы бір жайт орын алады. Есіңде болса, майланғандардың тамтығы көкке көтерілмес бұрын, Гог Құдай халқына шабуыл жасайды (Езек. 38:16). Бұл оларға қалай әсер етеді? Жер бетіндегі Құдай қызметшілері қорғансыз болып көрінеді. Олар Жосафат патшаның заманында айтылған мына сөздерге құлақ асады: “Бұл жолы сендерге шайқасудың қажеті болмайды. Барыңдар да, тапжылмай тұрыңдар, сонда Ехобаның өздеріңді қалай құтқаратынын көресіңдер. Ей, Яһуда мен Иерусалим, еш қорықпаңдар, үрейлерің де ұшпасын!” (Шеж. 2-ж. 20:17). Ал көктегілер басқаша әрекет етеді. Майланғандардың барлығы көкке жиналғанда, Құдай халқының жауларына не болатыны жөнінде Аян 17:14-те былай делінген: “Олар Тоқтыға қарсы шайқасқа шығады, бірақ иелердің Иесі, патшалардың Патшасы болғандықтан Тоқты жеңіп шығады. Шақырылған, таңдап алынған, сондай-ақ адал болғандар да онымен бірге жеңіп шығады”. Иса өзімен билік құратын 144 000 патшамен бірге Құдайдың жер бетіндегі қызметшілерін құтқаруға келеді.

17 Армагеддондағы осы шешуші шайқас Ехобаның киелі есімінің даңқын асқақтатады (Аян 16:16). Сол кезде серке іспетті адамдардың бәрі “мәңгілікке жойылады”. Ақырында жер беті зұлымдық атаулыдан тазарып, ұлы жамағат Армагеддонда аман қалады. Барлық дайындық жасалған соң, Аян кітабында жазылған ең маңызды оқиға, яғни Тоқтының үйлену тойы болады * (Аян 21:1—4). Аман қалғандардың бәрі Құдайдың ықыласы мен зор сүйіспеншілігіне кенеледі. Осылай ұлан-ғайыр той болады! Біз сол күнді асыға күтеміз, солай емес пе?! (Петірдің 2-хаты 3:13 оқы).

18. Жақында қуанышты оқиғалар орын алатындықтан, не істеуге белімізді бекем бууымыз керек?

18 Болашақта бізді осындай қуанышты оқиғалар күтіп тұр. Олай болса, бүгінде біз не істеуіміз керек? Киелі рухтың жетелеуімен елші Петір былай деп жазған: “Мұның бәрі осылай құрып кететін болса, сендердің жүріс-тұрыстарың қасиетті, ал іс-әрекеттерің Құдайға шын берілген адамдарға тән болу керек емес пе?! Сондықтан, сүйікті бауырластар, осыларды күтіп жүргендеріңде, ақыр соңында ол сендерді кіршіксіз, таза әрі тату деп табу үшін қолдан келгеннің бәрін істеңдер” (Пет. 2-х. 3:11, 12, 14). Ендеше Тыныштық Патшасын қолдап, рухани таза болуға белімізді бекем буайық!

^ 2-абзац “Күзет мұнарасының” келесі санын қара: 15 сәуір, 2012 жыл, 25, 26-беттер.

^ 14-абзац “Күзет мұнарасының” келесі санын қара: 15 шілде, 2013 жыл, 13, 14-беттер.

^ 15-абзац Сол кезде әлі көзі тірі майланғандар тәндік денелерімен көкке алынбайды (Қор. 1-х. 15:48, 49). Исанікі іспетті олардың да тәндері жоқ болып кететінге ұқсайды.

^ 17-абзац 45-ші Зәбүр жырында да осы оқиғалардың реті көрсетілген: алдымен, Патша соғысты жеңіп шығады, сосын, үйлену тойы болады.