Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай Патшалығына адал бол

Құдай Патшалығына адал бол

“Олар осы дүниелік емес” (ЖОХ. 17:16).

ӘНДЕР: 18, 54

1, 2. а) Неге мәсіхшілер үшін Құдайға адал болу маңызды және бұның бейтараптықпен қандай байланысы бар? (Осы беттегі суретті қара.) ә) Мына дүниеде адамдар не нәрселерге адал және мұның арты неге әкелуі мүмкін?

АДАЛДЫҚ пен бейтараптық мәселесі мәсіхшілер үшін тек соғыс кезінде емес, үнемі көлденеңнен тұрады. Неге? Себебі Ехобаға өмірін бағыштағандардың бәрі оны жақсы көруді, оған адал болуды әрі мойынсұнуды уәде еткен (Жох. 1-х. 5:3). Біз қайда тұратынымызға, қандай ортадан шыққанымызға, сондай-ақ ұлтымыз бен мәдениетімізге қарамай, Ехобаның әділ талаптарына сай өмір сүргіміз келеді. Ехоба мен оның Патшалығына адал болу біз үшін бәрінен де маңызды (Мат. 6:33). Мұндай адалдық дүниеде болып жатқан қақтығыс пен тартыс атаулыдан аулақ болуды талап етеді (Ишая 2:4; Жохан 17:11, 15, 16 оқы).

2 Мына дүниедегі адамдар өз еліне, руы не мәдениетіне, тіпті елінің спорт командасына ерекше берілген болуы мүмкін. Осының кесірінен талас-тартыс, егесу, ал кейде қантөгіс болып жатады. Мұндай мәселелерде бейтарап болғанымызбен осы дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, олардың өзімізге не отбасымызға кесірі тиюі мүмкін. Құдай бізге әділдік сезімін дарытқан, сондықтан үкімет басындағылар әділетсіз шешімдер қабылдаса, шымбайымызға тиюі мүмкін (Мұс. 1-ж. 1:27; Мұс. 5-ж. 32:4). Бұл бізге қалай әсер етеді? Бұндайда тартысып жатқандардың бір жағын жақтап, осы дүниенің ісіне араласып кету оп-оңай.

3, 4. а) Неге мәсіхшілер осы дүниедегі қақтығыстарда бейтараптық сақтайды? ә) Бұл мақалада не талқыланады?

3 Қақтығыс туғанда үкімет басындағылар жұртты екі жақтың бірін жақтауға талпындыруы мүмкін. Бірақ шынайы мәсіхшілер олай ете алмайды. Біз саяси тартыстарға да, соғысқа да қатыспаймыз (Мат. 26:52). Шайтанның дүниесінің бір бөлігі екіншісінен артық деген ойдан да аулақпыз (Қор. 2-х. 2:11). Қайта, осы дүниедегі талас-тартыстан мүлдем аулақ болғымыз келеді (Жохан 15:18, 19 оқы).

4 Әйтсе де бәріміз де кемелсізбіз, сондықтан арамызда ескі болмысына тән алалаушылықтан әлі де арыла алмай жүргендер бар шығар (Ерм. 17:9; Ефес. 4:22—24). Осы мақалада қарастырылатын принциптер сондай бейімділіктерден арылуымызға көмектеседі. Сонымен қатар Құдайға адал болу үшін санамыз бен ар-ұжданымызды қалай тәрбиелеуге болатыны талқыланады.

БІЗ ОСЫ ДҮНИЕДЕГІЛЕРДІҢ ЕШҚАЙСЫСЫН ЖАҚТАМАЙМЫЗ

5, 6. Өзі тұрып жатқан халықтың арасындағы алалаушылыққа Иса қалай қараған және неге?

5 Қандай да бір жағдайда бейтараптық сақтауға қатысты күмәнің болса, өзіңнен “Иса не істер еді?” деп сұрап көр. Иса жер бетінде қызмет еткенде, Яһудея, Ғалилея, Самария тұрғындарының арасында алауыздық болған (Жох. 4:9). Келесі топтардың арасында да бірлік болмаған: парызшылдар мен саддукейлер (Ел. іс. 23:6—9); халық пен салық жинаушылар (Мат. 9:11); раввиндерден білім алғандар мен алмағандар (Жох. 7:49). Бұған қоса, исраилдіктер римдіктерді жек көрген, себебі олар римдіктердің бодандығында болған. Иса әрқашан Ехоба туралы шындықты қорғаған әрі құтқарылу туралы білімнің яһудилерге ашылғанын айтқан, сөйтсе де ол ешқашан шәкірттерін өздерін басқалардан жоғары қоюға талпындырмаған (Жох. 4:22). Керісінше, оларды барлық адамдарды жақсы көруге шақырған (Лұқа 10:27).

6 Неге Иса яһудилерге тән алалаушылықты қолдамаған? Өйткені оның өзі де, көктегі Әкесі де осы дүниедегі тартыстарда ешкімді жақтамайды. Ехоба өз Ұлы арқылы адам баласын жаратқанда, олардың бүкіл жер бетін ұрпақтарына толтырғанын ниет еткен (Мұс. 1-ж. 1:27, 28). Құдай адамнан әртүрлі нәсіл туылатындай етіп жаратты. Сондықтан Ехоба да, Иса да бір нәсілді, ұлтты не тілді өзгесінен жоғары қоймайды (Ел. іс. 10:34, 35; Аян 7:9, 13, 14). Біз солардың керемет үлгісіне еліктеуіміз керек (Мат. 5:43—48).

7, 8. а) Неге мәсіхшілер кімнің жағында екендерін шешіп алуы тиіс? ә) Қоғамдық және саяси қиындықтарға қатысты мәсіхшілер нені түсінулері керек?

7 Бірақ Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қатысты даулы мәселеде біз кімнің жағында болатынымызды таңдауымыз керек. Бұл дау Едем бағында Шайтан Ехобаның билігіне қатысты күмән тудырғанда басталды. Бүгінде әрбір адам Құдайдың билігі Шайтандікінен жақсы екеніне сенетін-сенбейтінін шешіп алуы тиіс. Сен өз бетіңше жүруді емес, Ехобаның заңдары мен талаптарына мойынсұнып, соның жағында болуды шын жүректен таңдайсың ба? Адамзатты қайғы-қасіреттен арылтатын тек Құдай Патшалығы екеніне сенесің бе? Жоқ әлде адам өз-өзіне билік жүргізуге қабілетті деп ойлайсың ба? (Мұс. 1-ж. 3:4, 5).

8 Осы сұрақтар туралы ойланғаның жұрт саған талас тудыратын мәселелерге қатысты сұрақ қойғанда, сенімді жауап беруіңе көмектеседі. Саясаткерлер, белсенділер мен реформаторлар алауыздық тудыратын мәселелерді шешу үшін көп күш салуда. Олар мұны шын жүректен, таза ниетпен істеп жатқан болар. Бірақ мәсіхшілер адамзаттың бар қиындығын шешетін әрі мызғымайтын әділдік орнататын тек Құдай Патшалығы екенін түсінеді. Біз бәрін Ехобаның қолына тапсыруымыз керек. Себебі әр мәсіхші өзі дұрыс деген ойды алға тартса, қауымдарымыз көп ұзамай-ақ бөлініп-бөлініп кетпей ме?

9. Бірінші ғасырда Қорынттағы қауымда қандай жайт орын алды және Пауыл қандай кеңес берді?

9 Бірінші ғасырда Қорынт қаласындағы қауымда алауыздық тудыратын жайт орын алғанда, кейбір мәсіхшілердің не істегенін қарастырып көрейікші. Олар “мен Пауылдың шәкіртімін”, “ал мен Аполлостікімін”, “мен Кефанікімін”, “ал мен Мәсіхтікімін” деп бөліне бастады. Мұндай жағдайдың орын алуына не нәрсе себеп болмасын, Пауыл бұған қатты наразы еді. Ол: “Мәсіх жіктеліп бөлініп кетті”,— деді. Бұл мәселе қалай шешілді? Пауыл мәсіхшілерге мынаны айтты: “Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан сендерді мынаған шақырамын: айтқандарың бір жерден шықсын, жікке бөлінбей, қайта, ойларың мен пікірлерің бірдей болып, толықтай бірлікте тұрыңдар”. Бүгінгі күні де қауымда ешқандай алауыздық болмауы тиіс (Қор. 1-х. 1:10—13; Римдіктерге 16:17, 18 оқы).

10. Пауыл осы дүниелік тартыстарда бейтарап болуымыз керек екенін қалай түсіндірді?

10 Пауыл майланған мәсіхшілерді осы дүниелік нәрселерге емес, көк Патшалығының азаматтары екендеріне көңіл аударуға шақырды (Філіп. 3:17—20) *. Олар Мәсіхтің орнына өкіл болып жіберілгендер ретінде әрекет етулері керек еді. Әдетте басқа елге жіберілген өкілдер сол елдің істеріне араласпайды. Өйткені олар өз елдеріне адал болу керек (Қор. 2-х. 5:20). Жер бетінде өмір сүруге үміттенетін мәсіхшілер де Құдай Патшалығының азаматтары, сондықтан олардың да осы дүниедегі тартыстарда ешкімді жақтамағаны дұрыс.

ЕХОБАҒА АДАЛ БОЛУДЫ ҮЙРЕН

11, 12. а) Қандай орта мәсіхшінің Құдай Патшалығына адал болуын қиындатады? ә) Бір мәсіхші қандай жағдайды бастан өткізді және ол не істеді?

11 Әдетте тарихы, мәдениеті мен тілі бір адамдардың бір-біріне бүйрегі бұрып тұрады, әрі олар өз халқын мақтан тұтады. Бірақ мұндай рух мәсіхшілерге әсер етпеуі керек. Қайта, олар барлық жағдайда бейтарап бола алу үшін, саналары мен ар-ұждандарын тәрбиелеуі тиіс. Мұны қалай істеуге болады?

12 Осы орайда, бұрынғы Югославияда тұрған Мириетаның * мысалын қарастырайықшы. Ол сербтерді жек көріп өсті, өйткені солай тәрбиеленді. Бірақ Ехобаның ешкімді алаламайтынын, ал ұлтаралық қақтығыстарға Шайтан түрткі болып отырғанын білгенде, ол ұлтшылдықтан арылуға тырысады. Десе де елде ұлтаралық қақтығыс болғанда, бұрынғы жеккөрушілік қайта бас көтеріп, Мириета сербтерге уағыздағысы келмейді. Сонда ол бұл сезім өзінен-өзі жоғалып кетеді деп, қол қусырып отыра беруге болмайтынын түсінеді. Мириета Ехобаға дұға етіп, жеккөрушіліктен құтылуды ғана емес, көбірек уағыздап, ізашар бола алуына көмектесуін сұрап жалбарынады. Ол былай дейді: “Бар назарды қызметке аудару менің жағдайымда ең керемет көмек екенін байқадым. Мен қызметте Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктеуге тырыстым, осылай жағымсыз сезімнен арыла бастадым”.

13. а) Бір бауырластың көңіліне тиетін қандай жағдай болды және ол не істеді? ә) Зойламен болған жағдайдан не нәрсеге үйренуге болады?

13 Енді Зойламен болған жағдайды қарастырайық. Мексикадан келген ол бүгінде Еуропадағы бір қауымның мүшесі. Зойла қауымдағы Латын Америкасының кей жерлерінен келген бауырластардың кейбірі оның елі мен мәдениеті, тіпті музыкасы туралы өрескел, көңілге тиетін сөздер айтқанын естиді. Мұндай жағдайда сен не істер едің? Зойланың бұндай сөздерді жақтырмағанын түсінуге болады. Бірақ ол жағымсыз сезімнен арылу үшін, Ехобаның көмегіне жүгінеді. Бұл мақтауға тұрарлық әрекет еді. Шыны керек, кейбіріміз әлі де осындай жағдайларға тап болып жатамыз. Ендеше бір халықты екіншісінен артық етіп көрсететін бірдеңе айтудан не істеуден аулақ болайық. Біз бауырластардың да, басқалардың да арасында алауыздық тудырғымыз келмейді (Рим. 14:19; Қор. 2-х. 6:3).

14. Қалай мәсіхшілер адалдыққа қатысты мәселелерде санасы мен ар-ұжданын тәрбиелей алады?

14 Алған тәрбиең мен өскен ортаң санаңа өз ұлтың мен еліңе адал болуға тиіссің деген ой ұялатқан ба? Көңіл түбінде әлі де осындай сезімдер бар ма? Мәсіхшілер ұлтжандылықтың өзгелерге қалай қарайтынына әсер етуіне жол бермеу керек. Әйтсе де ұлты мен нәсілі, мәдениеті мен тілі басқа адамдарға қатысты жағымсыз сезімдерің бар екенін байқасаң ше? Онда Ехобаның ұлтшылдық пен алалаушылыққа қатысты көзқарасы туралы ой жүгірткенің дұрыс. Жеке зерттеу кезінде не отбасылық ғибадатта осы тақырыптарды тереңірек зертте. Сосын Ехобаға дұға етіп, адамдарға өзі сияқты қарауға көмектесуін сұра (Римдіктерге 12:2 оқы).

Ехобаға адал болғымыз келсе, өзгелердің сөздері мен әрекеттеріне қарамастан, ұстанымымыздан таймауымыз керек (15, 16-абзацтарды қара)

15, 16. а) Құдайға адал болғанымыз үшін жұрт не істеуі мүмкін? ә) Ата-аналар балаларының Ехобаға адал болуына қалай көмектесе алады?

15 Ерте ме, кеш пе Ехобаның қызметшілерінің бәрінің ар-ұждандары сыналады. Атап айтқанда, әріптестерінен, сыныптастарынан, көршілері мен туыстарынан, сондай-ақ өзге де адамдардан ұстанымдары бөлек екенін көрсететін кез келеді (Пет. 1-х. 2:19). Осындайда өз ұстанымымызға берік болуға тиіспіз! Солай еткеніміз үшін мына дүниедегілер бізді жек көрсе, бұған таңғалмайық. Иса бізді бұл жөнінде алдын ала ескерткен. Бізге қысым жасайтындардың көбісі мәсіхшінің Құдай Патшалығына адал болуы керектігінің маңыздылығын түсінбейді. Ал біз үшін бұл өте маңызды.

16 Ехобаға адал болғымыз келсе, өзгелердің сөздері мен әрекеттеріне қарамастан, ұстанымымыздан таймауымыз керек (Дан. 3:16—18). Өзгелерден ерекше болу ешкімге де оңай емес, бірақ ағынға қарсы жүзу әсіресе жастарға қиын. Ата-аналар, балаларың туды дәріптеу, ұлтшылдыққа тәрбиелейтін шараларға қатысу сияқты қиындықтарға кезіксе, кешеуілдетпей көмектесіңдер. Өз ұстанымдарын батыл қорғай алулары үшін, отбасылық ғибадат кештерін осы тақырыптарды талқылауға арнаңдар. Оларға сенімдерін анық әрі құрметпен түсіндіруді үйретіңдер (Рим. 1:16). Қажет болса, мұғалімдерімен сөйлесіңдер.

ЕХОБАНЫҢ БАРЛЫҚ ЖАРАТЫЛЫСЫН ЖАҚСЫ КӨР

17. Қандай көзқарастан аулақ болғанымыз жөн және неге?

17 Әдетте бізге туған еліміз, оның мәдениеті мен тілі ұнайды, ұлттық тағамдарымызды да жақсы көреміз. Алайда “біздікіне ештеңе жетпейді” деген көзқарастан аулақ болған жөн. Біз рақатын көрсін деп Ехоба барлық нәрсені түр-түрімен жаратқан (Зәб. 104:24; Аян 4:11). Олай болса, неге біреуін екіншісінен артық санауымыз керек?

18. Өзгелерге Ехоба сияқты қарағанымыздың қандай пайдасы бар?

18 Ехоба әртүрлі адамдардың шындық жайлы тура білім алып, мәңгі өмір сүргенін қалайды (Жох. 3:16; Тім. 1-х. 2:3, 4). Сыңаржақ болмағанымыз ой-өрісімізді кеңейтеді, әрі арамыздағы бірлікті нығайтады. Біз Ехобаға адал болғымыз келеді, сондықтан осы дүниедегі тартыстарға араласпаймыз. Ехоба бізді Шайтанның дүниесіне тән жікке бөліну, өркөкіректік, егесу сияқты нәрселерден арылтқанына сондай ризамыз! Ендеше: “Бауырлардың бірлікте тұрғандары қандай игі, қандай жағымды!”— деген зәбүр жыршысына еліктеп, татулыққа ұмтылайық (Зәб. 133:1).

^ 10-абзац Філіпі Рим колониясы болған. Ондағы кейбір мәсіхшілер Рим азаматтығын алғанға ұқсайды, сондықтан олардың басқаларға қарағанда біраз нәрсеге құқықтары бар еді.

^ 12-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.