Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ехоба өз меншігіндегілерді біледі”

“Ехоба өз меншігіндегілерді біледі”

“Ал кім Құдайды сүйсе, Құдай сол адамды біледі” (ҚОР. 1-х. 8:3).

1. Құдайдың кейбір қызметшілері өз-өздерін қалай алдады? (Осы беттегі суретті қара.)

ЕР КІСІЛЕРДІҢ бір тобы табаларына қызып тұрған шоқ пен хош иісті зат салып, киелі шатырдың алдында тұрған еді. Бір жақта бас діни қызметкер Харон, ал екінші жақта Қорах пен оның 250 жақтасы тұрды (Ру. сан. 16:16—18). Бір қарағанда, бұл ер кісілердің барлығы Ехобаның шынайы қызметшілері сияқты көрінді. Алайда Қорах пен оның қасындағылары бас діни қызметкер Харонның дәрежесін көксеген өзімшіл, тәкаппар әрі бүлікшіл адамдар еді (Ру. сан. 16:1—11). Ғибадаттары Ехобаға ұнамды болады деген оймен олар өз-өздерін алдады. Бірақ олардың жүректерінде жатқан екіжүзділіктері Ехоба үшін жеккөрінішті еді (Ерм. 17:10).

2. Мұса нені алдын ала айтты және оның сөздері қалай орындалды?

2 Сол жағдайдан бір күн бұрын Мұса: “Таңертең Ехоба кімнің өз адамы екенін, кімнің киелі екенін көрсетеді”,— деген болатын (Ру. сан. 16:5 ЖД). Расында да, Ехоба отпен “хош иісті заттарды түтетіп жатқан [Қорах пен] екі жүз елу адамды өртеп жіберіп”, кімнің шынайы, ал кімнің жалған қызметші екенін анық көрсетті (Ру. сан. 16:35; 26:10). Араларында Харонның ғана аман қалғаны оның шынайы қызметші әрі шынайы бас діни қызметкер екенінің айқын белгісі болды (Қорынттықтарға 1-хат 8:3 оқы).

3. а) Елші Пауылдың заманында қандай жағдай орын алған? ә) Ехобаның ежелдегі бүлікшіл қызметшілерін жойып жібергенінен ол туралы не білеміз?

3 Дәл осындай жағдай шамамен 1500 жыл өткеннен кейін Пауылдың күндерінде де орын алған. Өздерін мәсіхші санаған кейбіреулер жалған ілімдерді бауырластар арасында насихаттап, қауымның ішінде емін-еркін жүре берген. Сырт көзбен қарағанда, жолдан тайған сол мәсіхшілердің басқа бауырластардан ешқандай ерекшелігі жоқ сияқты көрінді. Бірақ қой терісін жамылған бұл қасқырлар нағыз қауіптің көзіне айналды: олар адал мәсіхшілердің “сенімін жоя” бастады (Тім. 2-х. 2:16—18). Алайда Пауыл Қорах пен оның жақтастары жайлы оқиғадан хабардар болғандықтан, Ехобаның сырт көзге көрінбейтінді байқай алатынын жақсы білген. Ендеше, осыған қатысты оның Тімөтеге қандай пәрменді сөздер жазғанын және біз олардан қандай сабақ алатынымызды қарастырып көрейік.

“МЕН, ЖАРАТҚАН ИЕ, ЕШҚАШАН ӨЗГЕРМЕЙМІН”

4. Пауыл не нәрсеге сенімді болған және онысын Тімөтеге жазған хатында қалай білдірді?

4 Ехоба екіжүзділерді ғана емес, сондай-ақ кімнің шын жүректен мойынсұнып жүргенін де анықтай алатынына Пауыл сенімді болған. Бұл оның Тімөтеге жазған хатында қандай сөздер таңдағанынан анық көрінеді. Жолдан тайғандардың бауырластарға тигізген рухани зардабы жайлы айтып болған соң, ол былай деп жазды: “Бірақ Құдай қалаған берік негіз еш шайқалмайды, әрі онда келесі сөздер мөр басылғандай жазылған: “Ехоба өз меншігіндегілерді біледі”, “Ехобаның есімін атап шақырған әркім әділетсіздікке жоламасын!” (Тім. 2-х. 2:18, 19).

5, 6. а) Пауылдың “Құдай қалаған берік негіз” деген сөздері неліктен ден қоюға тұрарлық? ә) Бұл сөздер Тімөтеге қалай әсер етті?

5 Киелі кітапта “негіз”, “іргетас” деген сөздер көп жағдайда метафора ретінде қолданылады. Мысалы, аталмыш сөздер ежелгі Исраил халқының астанасы Иерусалим жайлы немесе Құдай еркінде Исаның атқаратын рөлі туралы айтылғанда қолданылған (Заб. 86:2; Қор. 1-х. 3:11; Пет. 1-х. 2:6). Бірақ “Құдай қалаған берік негіз” деген тіркес Киелі кітапта бір-ақ рет кездеседі. Осы сөздерді айтқанда, Пауыл нені ойында тұтқан?

6 Пауыл осы тіркесті жазған соң, бірден Мұсаның Қорах пен оның сыбайластарына айтқан сөздерін келтірген болатын (Ру. сан. 16:5). Соған қарағанда ол ойында Мұсаның күндеріндегі оқиғаны тұтса керек. Сол оқиғаға нұсқауымен Пауыл Тімөтеге жігер беруді мақсат етіп, Құдай жолдан тайғандарды жазбай танитынын және олардың әрекеттеріне тосқауыл қоя алатынын есіне салғысы келген. Кезінде Қорах Ехобаның ниетін өзгерте алмағаны сияқты, бірінші ғасырдағы жолдан тайғандар да Құдайдың ниетін өзгерте алмайтыны анық еді. Пауыл “Құдай қалаған берік негіз” деген нені білдіретінін егжей-тегжейлі түсіндірген жоқ. Бірақ бұл сөздердің Тімөтеге Ехобаға толықтай сенім артып, арқа сүйеуге көмектескені сөзсіз.

7. Ехобаның әрдайым адал әрі әділ екеніне неліктен сенімдіміз?

7 Ехобаның жоғары принциптері ешқашан мызғымайды. Забур 32:11-де былай деп жазылған: “Жаратқанның жоспары мәңгі берік тұрады, Бар ұрпақтарға ниеті нық сақталады”. Ал Киелі кітаптың басқа жерлерінде Ехобаның билігі, рақымы, әділдігі мен адалдығы мәңгілікке жалғасатыны жазылған (Мыс. ш. 15:18; Заб. 105:1; 111:9; 116:2). Ал Малахи 3:6-да: “Мен, Жаратқан Ие, еш өзгермеймін”,— делінген. Жақып та осыған ұқсас сөздер айтып: “Ол көлеңке іспетті емес, еш өзгермейді”,— деген (Жақ. 1:17).

ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТУҒА ТАЛПЫНДЫРАТЫН СӨЗДЕР

8, 9. “Мөр басылғандай жазылған” сөздерден біз қандай ой түйе аламыз?

8 Пауыл Тімөтеге арналған 2-хат 2:19-да Құдай қалаған негізде мөр басылғандай жазылған сөздердің бар екенін айтқан. Ежелгі заманда ғимараттардың іргетасына оның иесін немесе кімнің соққанын қашап жазу кәдімгі жайт болған. Осындай көпке танымал үрдісті Киелі кітапта мысал ретінде бірінші болып жазған Пауыл еді *. Оның айтуынша, “Құдай қалаған берік негізде” мөр басылғандай жазылған екі мәлімдеме бар. Біріншісі, “Ехоба өз меншігіндегілерді біледі”, ал екіншісі, “Ехобаның есімін атап шақырған әркім әділетсіздікке жоламасын!” Бұл Руларды санау 16:5-тегі сөздерді есімізге түсіреді (Оқы) *.

9 Осы “мөр басылғандай жазылған” сөздерден Құдайдың меншігіндегі адамдар қандай ой түйе алады? Ехобаның барлық принциптері мен құндылықтары екі маңызды ақиқатқа негізделген: 1) Ехоба өзіне адал жандарды біледі; 2) Ехоба әділетсіздікті жек көреді. Енді осы білгеніміздің қауымдағы жолдан таюшылыққа қандай қатысы бар екенін көрелік.

10. Пауылдың күндерінде орын алған жолдан таюшылық адал бауырластарға қалай әсер етті?

10 Қауымдағы жолдан тайғандардың әрекеттері Тімөте мен басқа да адал бауырластар үшін қатты уайым болды. Кейбір мәсіхшілер олардың неліктен қауымда емін-еркін жүргенін түсінбей дал болса, өзге адал мәсіхшілерді “сонда Ехоба кімнің адал, ал кімнің екіжүзді екенін көрмей ме?” деген сұрақтар мазалай бастады (Ел. іс. 20:29, 30).

Тімөте тура жолдан тайғандардың ықпалына берілмеген (10—12 абзацтарды қара)

11, 12. Пауылдың хаты Тімөтенің сенімін нығайтқан деп неліктен сенімді түрде айта аламыз?

11 Пауылдың жазған хаты Тімөтенің сенімін нығайтқаны сөзсіз. Ол Ехобаның екіжүзді Қорах пен оның жақтастарынан бас тартып, жойғанын, ал адал Харонды жалған айыптан ақтағанын Тімөтенің есіне салды. Демек, қауымда кейбіреулер бетперде киіп жүрсе де, Ехоба араларынан кімнің өз адамы екенін ажыратар еді.

12 Ехоба ешқашан өзгермейді, сондықтан біз оған сенім арта аламыз. Ол әділетсіздікті жек көреді, әрі өкінбейтін күнәкарларды өз уақытында жазалайды. Тімөте “Ехобаның есімін атап шақырғандардың” бірі болғандықтан, Пауыл мәсіхшісымақтардың жаман ықпалына тосқауыл қою оның жауапкершілігінде екенін де есіне салды *.

ШЫНАЙЫ ҒИБАДАТТАРЫҢ БЕКЕР ЕМЕС

13. Біз не нәрсеге нық сенімдіміз?

13 Пауылдың сөздері бізге де рухани күш береді. Біріншіден, Ехоба өзіне адал екенімізді өте жақсы біледі. Бірақ ол біліп қана қоймайды, сонымен қатар өз адамдарының қамын ойлайды. Киелі кітап бұны былай деп растайды: “Жаратқан Ие Өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді күш-қуат беріп қолдау үшін, бүкіл жер жүзін назарында ұстап отырады” (Шеж. 2-ж. 16:9). Сол себепті біздің “пәк жүрекпен” ғибадат еткенімізді Ехобаның жоғары бағалайтынына нық сенімді бола аламыз (Тім. 1-х. 1:5; Қор. 1-х. 15:58).

14. Ехоба қандай ғибадатқа төзбейді?

14 Ехобаның екіжүзділікпен ғибадат ететіндерге ешқашан төзбейтіні де көңілімізді орнықтырады. “Бүкіл жер жүзін назарында ұстап отырғандықтан”, ол кімнің өзіне “шын жүректен” бағышталмағанын көре алады. Нақыл сөздер 3:22-де (ЖД): “Ехоба арамза адамнан жеркенеді”,— делінген. Демек, мойынсұнып жүргендей сыңай танытып, бірақ жасырын түрде күнә жасап жүргендер Ехоба үшін жеркенішті. Ондай адамдар өзгелерді шеберлікпен алдай алатын да шығар, бірақ Ехобаны алдау мүмкін емес. Олардың мұндай әрекеттері ұзаққа созылмайды, себебі Ехобаның құдіреті мен әділдігі “күнәларын жасырған жанның өркендемейтініне” кепілдік береді (Нақ. с. 28:13; Тімөтеге 1-хат 5:24; Еврейлерге 4:13 оқы).

15. Біз неден аулақ болуымыз керек және неге?

15 Ехобаның қызметшілерінің басым көпшілігі шын жүректен қызмет етеді. Сондықтан қауымда әлдебіреудің екіжүзділікпен ғибадат етуі — өте сирек кездесетін жағдай. Десе де егер бұндай жағдай Мұсаның күндерінде орын алған болса, бүгінде де солай болмайтынына кім кепіл? (Тім. 2-х. 3:1, 5). Бірақ бұл бауырластардың ниеттеріне шек келтіріп, оларға секемшілдікпен қарау керек дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ! Бауырластарға еш негізсіз күмәнмен қарау дұрыс болмас еді (Римдіктерге 14:10—12; Қорынттықтарға 1-хат 13:7 оқы). Ал, ең сорақысы, бұл өзіміздің рухани денсаулығымызға кесірін тигізеді.

16. а) Екіжүзділіктің жүрегімізде тамыр жаюына жол бермеу үшін әрқайсысымыз не істей аламыз? ә) “Өздеріңді үнемі тексеріп отырыңдар” деген қоршаудағы мәліметтен не үйренуге болады?

16 Әр мәсіхші “өз іс-әрекетін тексеріп” отыру керек (Ғал. 6:4). Күнәкар болғандықтан, өзіміз аңғармай Ехобаға бұрыс ниетпен ғибадат ете бастауымыз мүмкін (Евр. 3:12, 13). Сондықтан ара-тұра ниетімізді тексеріп отырғанымыз абзал. Осы орайда мынадай сұрақтар бізге пайдалы бола алады: “Мен Ехобаны жақсы көргендіктен әрі оның бүкіләлемдік билігін мойындағандықтан ғибадат етемін бе? Әлде мені жұмақта болатын тәндік баталар көбірек қызықтыратындықтан ғибадат етіп жүрмін бе?” (Аян 4:11). Іс-әрекеттерімізді осылайша тексеріп отырсақ, екіжүзділіктің жүрегімізде қылаң етіп, тамыр жаюына жол бермейміз.

АДАЛДЫҚ БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗЕДІ

17, 18. Неліктен шын жүректен ғибадат етуіміз керек?

17 Шын жүректен ғибадат етуге тырыссақ, оның көп игілігін көреміз. “Иеміз мойнына кінә артпайтын, Жан дүниесінде жалғандық болмайтын Қандай бақытты әрбір жан!”— деген забур жыршысы (Заб. 31:2). Иә, жүрегінде екіжүзділік орын алмаған жандар қазірдің өзінде әлдеқайда бақытты, ал болашақта олар нағыз бақыттың не екенін білетін болады.

18 Жақын арада Ехоба жасырын күнә жасайтындарды және екі жақты өмір кешіп жүргендерді әшкерелеп, “әділдер мен зұлымдардың, Құдайға қызмет ететіндер мен қызмет етпейтіндердің арасындағы айырмашылықты” анық етіп көрсетеді (Малх. 3:18). Ал оған дейін “Ехобаның көзі әділдерде, құлағы олардың жалбарынған үнінде” екенін білгеніміз бізге уайымға берілмеуге көмектеседі (Пет. 1-х. 3:12).

^ 8-абзац Тура осындай мысал жылдар өте Аян 21:14-тегі Жоханның сөздерінен көрініс тапқан. Ол “он екі елшінің есімдері” он екі іргетаста жазылғанын айтқан.

^ 8-абзац Руларды санау 16:5 (ЖД): “Сосын Қорах пен оның барлық сыбайласына былай деді: “Таңертең Ехоба кімнің өз адамы екенін, кімнің киелі екенін, алдына кімнің жақындай алатынын көрсетеді. Ол кімді таңдаса, сол алдына келеді”.

^ 12-абзац Келесі мақалада әділетсіздікке жоламау арқылы Ехобаға қалай еліктей алатынымыз қарастырылады.