Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дегелек

Құстардың бізге айтары

Құстардың бізге айтары

“Әуедегі құстардан сұрашы, олар саған айтып береді. Ехобаның қолымен жаратылғандарын бұлардың қайсысы білмейді?” (Әйүп 12:7, 9).

ОСЫДАН 3000 жылдай уақыт бұрын өмір сүрген Әйүп деген әділ кісі әуедегі құстардың Жаратушы Құдайдың жасампаз күшін паш ететінін айтқан. Бұған қоса, құстардың өздеріне тән ерекшеліктері Киелі кітаптағы көптеген мысал мен метафораға негіз болды. Ондай мысалдар бізді өмір мен Құдаймен қарым-қатынасымызға қатысты көп нәрсеге үйретеді. Қазір солардың кейбіріне тоқталып өтейік.

ҚАРЛЫҒАШ ҰЯ САЛАТЫН ЖЕР

Қарлығаш

Қарлығаштың ұяны үй шатырының астына салатыны Иерусалим тұрғындары үшін таңсық нәрсе емес-тін. Кейбір қарлығаштар Сүлеймен соққан ғибадатханада ұя салатын. Осының арқасында олар балапандарын қауіпсіз жерде өсіре алатын.

84-інші Зәбүр жырын Қорахтың бір ұлы жазған. Ғибадатханада жарты жылда бір рет бір апта бойы қызмет еткен ол сол жердегі құс ұяларына айрықша назар аударды. Ол Ехобаның үйінен тұрақты пана тапқан қарлығаш сияқты болуды аңсап былай деді: “Уа, Әскербасы Ехоба, мен сенің ұлы шатырыңды сондай жақсы көремін! Жан дүнием Ехобаның аулаларын аңсайды, иә, мен соларды сағынып сарғаямын... Уа, Әскербасы Ехоба, Патшам әрі Құдайым, сенің ұлы құрбандық ошағыңның маңынан тіпті құс та пана табады. Қарлығаш та ұя салып, балапан басады” (Зәбүр 84:1—3). Өзіміз де, балаларымыз да, Құдай халқымен бірге апта сайын бас қосатын кездерімізді осылай аңсап, бағалаймыз ба? (Зәбүр 26:8, 12).

ДЕГЕЛЕК ӨЗ МЕРЗІМІН БІЛЕДІ

Еремия пайғамбар: “Аспандағы дегелек өз мерзімін біледі”,— деп жазған. Ол қоныс аударып бара жатқан дегелектердің Исраил жерінен ұшып өткенін сан рет бақыласа керек. Бір дерекке сай, көктемде Африкадан Исраилдегі Иордан аңғары арқылы Еуропаға ұшып бара жатқан ақ дегелек саны 300 000-нан асқан. Көбейетін мезгілдері жеткенде биологиялық ішкі сағаттары белгі беріп, дегелектер жазғы тұрақтарына оралады. Басқа жыл құстары сияқты дегелектер де “көшу мезгілін ұстанады” (Еремия 8:7).

Құстардың қоныс аударуы ғажап құбылыс болып табылады. Неге? Бір еңбекте түсіндірілгендей, бұл инстинктің арқасында мүмкін болады (“Collins Atlas of Bird Migration”). Ехоба Құдай жыл құстарына мезгілдерді сезетін инстинкт берген, ал адамдарға табиғат құбылыстарына қарап, уақыт пен мезгілдерді ұғатын қабілет берді (Лұқа 12:54—56). Инстинктпен жаратылған дегелектен айырмашылығымыз, біз Құдай беріп отырған білімнің арқасында бүгінде орын алып жатқан жайттардың мәнін ұға аламыз. Еремия пайғамбардың кезінде өмір сүрген исраилдіктер осы іспетті белгілерге көз жұмып, мәнін ұқпады. Сонда Құдай: “Олар Ехобаның сөзінен бас тартты. Онда бұл неғылған даналық?”— деп мәселенің төркініне нұсқады (Еремия 8:9).

Бүгінде біздің Киелі кітапта айтылып кеткен “соңғы күндерде” өмір сүріп жатқанымызға дәлел жетіп-артылады (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Сіз де дегелек сияқты, “мезгілді” байқай білгіңіз келе ме?

БҮРКІТ АЛЫСТАҒЫ ЖЕМТІГІН ҚАЛТ ЖІБЕРМЕЙДІ

Бүркіт

Киелі кітапта бүркіт жайында көп айтылады. Олар Исраил жерінде қалықтап жүретін болған. Бүркіт биік жартасқа салған ұясында тұрып-ақ “көзімен айналаны шарлап, азық іздейді, алыстағы жемтігін қалт жібермейді” (Әйүп 39:27—29). Көзінің өткірлігі сонша, ол бір шақырым қашықтықтағы қоянды байқай алады.

Бүркіттің өз жемтігін алыстан көре алатынындай, Ехоба Құдай да болашақты көре алады. Сол үшін де ол өз Сөзінде былай деген: “Мен әуел бастан істің ақыры қандай болатынын айтамын, әлі болмаған жайттарды ұзақ уақыт бұрын алдын ала жеткіземін” (Ишая 46:10). Егер Ехобаның ақыл-кеңесіне құлақ асатын болсақ, оның зор даналығы мен көрегендігі бізге көп игілік әкеледі (Ишая 48:17, 18).

Киелі кітапта Құдайға арқа сүйейтін адамдар да бүркітке теңеледі. Онда келесідей сөздер бар: “Ехобаға үміт артатындар күш-қуатқа ие болады. Қанаттарын жайып, қырандай қалықтайды” (Ишая 40:31). Қырандар жоғарыға көтерілетін жылы ауа ағынының көмегімен қалықтайды. Осындай ағындардың бірін ұстаған ол қанатын кең жаяды да, соның аясында шеңбер жасай ұшып, жоғары қарай әуелей береді. Қарап отырсақ, қыран құс қалықтап, ұзақ қашықтыққа ұшу үшін өз күшіне ғана сенбейді. Біз де “адам күшінен асқан күш” дарыта алатын Ехоба Құдайға арқа сүйесек болады (Қорынттықтарға 2-хат 4:7, 8).

ТАУЫҚ БАЛАПАНДАРЫН ҚОРҒАЙДЫ

Тауық пен балапандары

Өлерінен бірнеше күн бұрын Иса пайғамбар Яһуданың астанасына біраз қарап тұрып: “Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, өзіне жіберілгендерді тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай!”— деп күрсінген. Сосын: “Балапандарын қанатының астына жинайтын тауық сияқты, мен де сенің балаларыңды қанша рет жинамақшы болдым!”— деді (Матай 23:37).

Құстарға тән мықты қасиеттердің бірі — балапандарын қорғау инстинкті. Тауық сияқты жерде жұмыртқа салатын құстар сақ болып, қауіпті байқай білулері қажет. Мысалы, әуеде қалықтап жүрген қаршығаны байқаса, тауық қатты құрқылдап балапандарын шақырады. Сонда олар дереу оның қанатының астына жиналып бассауғалайды. Сондай-ақ тауықтың қанаты кішкентай балапандар үшін аптап ыстық пен нөсерлі жаңбырдан қорғайтын мықты пана болып табылады. Иса пайғамбар да Иерусалим халқы үшін рухани пана мен қорған болғысы келген. Бүгінде ол күнделікті өмірдің уайымына берілмеуіміз үшін әрі жанымызды сергіту үшін бәрімізді өзіне келуге шақырады (Матай 11:28, 29).

Өзіңіз байқағаныңыздай, осы айтылған қанатты тіршілік иелерінен біз көп нәрсеге үйренеміз. Ендігіде оларды көргенде, Жазбалардағы құстар жайлы айтылған салыстыруларды еске алыңыз. Қарлығаштың әрекеттері Ехобаға арналған ғибадат үйін бағалауға көмектессін. Құдайға үміт артып, бүркіт сияқты қалықтай беріңіз. Рухани шындықты білу үшін Иса пайғамбарға келіңіз. Тауықтың өз балапандарын қорғайтыны сияқты, ол сіз үшін нағыз пана болады. Ал дегелек бүгінде дүниежүзі бойынша болып жатқан жағдайлардың мәнін ұғуға талпындырғай.