Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай Патшалығының Патшасы кім?

Құдай Патшалығының Патшасы кім?

Жаратушымыз пайғамбарлары арқылы Киелі кітапқа Құдай Патшалығының Билеушісін анықтауға көмектесетін сөздерді жаздырды. Бұл Билеуші келесідей сипаттамаларға сай болу керек еді:

  • Оны Құдайдың өзі таңдайды. “Мен өз патшамды тағайындадым! ...Иелігіне халықтарды беремін, Бүкіл жерді қолына тапсырамын” (Зәбүр 2:6, 8).

  • Дәуіт Патшаның мұрагері болады. “Біз үшін бала туылды, Бізге ұл бала сыйға берілді... Ол Дәуіттің тағы мен патшалығын иемденіп, Билігі кең жайылады, Сонда мәңгілік бойы тыныштық орнайды. Патшалық билігі... берік орнығып, нығаю үшін солай болады” (Ишая 9:6, 7).

  • Бетлехемде туылады. “Уа, Бетлехем, ...сенен менің атымнан... билеуші болатын біреу шығады... оның ұлылығы жердің түкпір-түкпіріне дейін жетеді” (Миха 5:2, 4).

  • Жұрт одан бас тартып, өлімге кеседі. “Жұрт оны менсінбеді, біз де адам құрлы көрмедік... Бірақ ол біздің қылмысымыз үшін түйрелді, Күнәларымыз үшін қасірет шекті” (Ишая 53:3, 5).

  • Қайта тіріліп, даңққа бөленеді. “Сен мені көрде қалдырмайсың, Адал қызметшіңнің орға түсуіне жол бермейсің... Оң жағыңда болу мәңгілік бақытқа бөлейді” (Зәбүр 16:10, 11).

Иса Мәсіх — ең үздік Патша!

Адамзат тарихын алып қарасақ, ең үздік Билеуші болуға лайық тек бір ғана тұлға бар. Ол — Иса Мәсіх. Исаның анасы Мәриямға періштенің өзі келіп: “Ехоба оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды... Оның Патшалығының шегі болмайды”,— деген (Лұқа 1:31—33).

Иса жерде жүрген кезінде Билеуші болмаған. Ол адамзатқа Құдай Патшалығының Патшасы ретінде көктен билік ететін болады. Неге оны ең үздік Билеуші болады дей аламыз? Мұны білу үшін Исаның жерде не істегеніне назар аударайық.

  • Иса адамдардың қамын ойлаған. Иса адамдардың шыққан ортасы мен дәрежесіне қарамай, әйел не ер адам болсын, жас не кәрі болсын — бәріне бірдей көмектескен (Матай 9:36; Марқа 10:16). Бірде алапеспен ауыратын бір кісі келіп: “Қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп жалынғанда, Исаның жаны ашып, оны сауықтырған (Марқа 1:40—42).

  • Иса Құдайға ұнамды болуымыз үшін не істеу керектігін үйретті. Ол: “Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар”,— деген. Сонымен қатар Иса өзгелер бізге қалай қарасын десек, біз де оларға солай қарауымыз керектігін үйретті. Бұған қоса, Құдай біздің істерімізге ғана емес, ойларымыз бен сезімдерімізге де назар аударатынын айтты. Демек, Құдайға ұнамды болу үшін ішкі сезімдерімізді игеріп отыруымыз керек (Матай 5:28; 6:24; 7:12). Сондай-ақ Иса шын бақытты болудың сыры неде екенін көрсетті. Бұл — Құдай біздің не істегенімізді қалайтынын біліп, соған сай әрекет ету (Лұқа 11:28).

  • Иса нағыз сүйіспеншіліктің қандай болатынын көрсетті. Исаның сөздері мен істерінің күші зор болғаны сонша, тыңдаушыларын әрекетке талпындыратын. “Жұрт оның тәліміне қайран қалды. Өйткені ол... билігі бар адамдай тәлім берді” (Матай 7:28, 29). Иса: “Жауларыңды... жақсы көріңдер”,— деп үйретті. Ол тіпті өзінің өліміне себепші болғандардың кейбірі үшін Құдайға былай деп дұға еткен: “Әке, оларды кешіре көр, өйткені не істеп жатқандарын білмейді” (Матай 5:44; Лұқа 23:34).

Иса адамдарға көмектесуге дайын әрі мейірімді болғандықтан, ең үздік Билеуші болуға әбден лайық. Бірақ ол билік етуін қашан бастайды?