Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы”

“Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы”

“Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректеріңді... сақтайды” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 4:7).

ӘНДЕР: 76, 141

1, 2. Філіпіде Пауыл мен Сыйлас нені бастан өткерді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

КЕЛЕСІ оқиғаны елестетіп көріңізші. Түн ортасы. Пауыл мен Сыйлас деген миссионерлер Філіпі қаласындағы бір түрменің ең түпкі қараңғы қапасында отыр. Жүріп қозғала алмайды, өйткені аяқтары бұғаулы. Арқалары қатты ауырады, өйткені бұдан алдын соққыға жығылған еді (Елшілердің істері 16:23, 24). Сол күні күндіз бір тобыр адам Пауыл мен Сыйласты базар алаңына сүйреп апарған болатын. Ол жерде жергілікті басшылар ай-шай жоқ оларды соттап жіберді. Үстеріндегі киімін жұлып алып, шыбықпен дүре соқтырды (Елшілердің істері 16:16—22). Неткен әділетсіздік! Пауыл Рим азаматы болғандықтан, ісі дұрыс қарастырылуы керек еді *.

2 Пауыл түрмеде отырып, сол күні болған оқиғаны және Філіпінің тұрғындары жайлы ойланса керек. Пауыл сапармен барған көптеген қалаларда мәжілісхана бар еді, ал бұл қалада ол да жоқ. Сондықтан мұндағы яһудилер қала сыртындағы өзен жақта ғибадат етуге мәжбүр (Елшілердің істері 16:13, 14). Сонда бұл қалада мәжілісхана болу үшін талап етілетін он яһуди ер адамның да болмағаны ма? Бұған қоса, Філіпінің тұрғындары өздерінің Рим азаматы болғандарын қатты мақтан тұтады (Елшілердің істері 16:21). Сол себепті де олар яһуди болған Пауыл мен Сыйласты Рим азаматы деп ойламаған шығар. Әрине, жағдай тура солай болды деп кесіп айту қиын, бірақ бір білетініміз, Пауыл мен Сыйлас түрмеге әділетсіз қамалған еді.

3. Түрмеге қамалғанда Пауылды қандай ойлар мазаласа керек, десе де ол қандай көзқарас танытты?

3 Бұған қоса, Пауыл Філіпіге қалай келгені жайлы да ойланған шығар. Осыдан бірнеше ай бұрын ол Эгей теңізінің арғы бетіндегі Кіші Азияда болатын. Сол жақта жүргенде киелі рух оған белгілі бір аймақтарға баруға бірнеше рет тосқауыл қойған еді. Ал бұл жолы киелі рух оны бір жаққа баруға талпындырғандай болды (Елшілердің істері 16:6, 7). Бірақ қай жаққа? Ол Трояда болғанда аян көрді. Аянда бір кісі оған: “Македонияға кел”,— деді. Бұл Ехобаның еркі екені түсінікті болды. Содан Пауыл дереу Македонияға аттанған болатын (Елшілердің істері 16:8—10 оқыңыз). Бірақ әрі қарай не болды? Оның Македонияға келгені сол еді, түрмеден бір-ақ шықты! Ехоба Пауылдың мұндай жағдайға ұшырауына неге жол берді? Ол түрмеде қанша уақыт отырмақ? Пауыл осы жайттарды ойласа да, оның сенімі еш мызғымады әрі қуанышын жоғалтпады. Сыйлас екеуі “дұға етіп, Құдайды әнмен мадақтады” (Елшілердің істері 16:25). Құдайдың тыныштығы олардың жүректері мен ой-саналарын орнықтырды.

4, 5. а) Біздің жағдайымыз қай жағынан Пауылдікіне ұқсас болуы мүмкін? ә) Пауылдың жағдайы қалай күтпеген жерден өзгерді?

4 Пауылдың сезімі сізге таныс па? Бәлкім, сіз өміріңізде Құдайдан шешім қабылдауға көмектесуін сұраған соң, киелі рухтың басшылығына сай әрекет етіп жатырмын деп ойлаған кезіңіз болған шығар. Бірақ артынан көп қиындық көрген шығарсыз я болмаса өміріңізде күрт өзгерістер жасауға тура келген болар (Уағыздаушы 9:11). Ал енді сол жағдайларды ойлағанда, Ехобаның кейбір жайттарға неліктен жол бергенін түсінбейтін шығарсыз. Ехобаға толықтай арқа сүйей отырып, төзімділік таныта беруге сізге не көмектесе алады? Пауыл мен Сыйластың әрі қарай бастан өткергені осы сұраққа жауап береді.

5 Пауыл мен Сыйлас ән айтып жатқанда, күтпеген жайттар орын ала бастады. Алдымен, жер қатты сілкінді. Сонда түрменің есіктері ашылып, түрмедегі адамдардың бұғаулары сыпырылып түсіп қалды. Кейіннен түрме бастығы өз-өзіне қол жұмсамақ болғанда, Пауыл оны өлімнен арашалап қалды. Сөйтіп, сол түрме бастығының бүкіл үй іші шомылдыру рәсімінен өтті. Ертесіне таңертең қала басшылары қызметшілерін жіберіп, Пауыл мен Сыйласты түрмеден босатуды және қаладан шу шығармай кетуін бұйырды. Бірақ қала басшылары Пауыл мен Сыйластың Рим азаматтары екенін білгенде, өте үлкен қателік жібергенін түсініп, оларды шығару үшін өздері барды. Алайда қаладан кетер алдында Пауыл мен Сыйлас өз дегендерінен қайтпай, жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен бауырластары Лүдияға барып қоштасып қайтты. Сол жерде Філіпідегі басқа бауырластарды да көріп, оларды жігерлендірудің мүмкіндігін қалт жібермеді (Елшілердің істері 16:26—40). Осылайша жағдай әп-сәтте өзгеріп кетті!

“АДАМ АҚЫЛЫНАН АСҚАН ТЫНЫШТЫҚ”

6. Қазір біз не қарастырамыз?

6 Аталмыш оқиғадан қандай сабақ аламыз? Ехоба біз күтпеген нәрсені істей алады, сол себепті қиындықтарға кезіккенде бізге сарыуайымға берілудің еш қажеті жоқ. Басынан өткергендері Пауылға қатты әсер етті. Бұны Пауылдың кейінірек філіпілік бауырластарға жазған сөздерінен көруге болады. Онда ол уайым мен Құдайдың тыныштығы жайлы айтқан болатын. Бұл мақалада Пауылдың сол сөздерін, яғни Філіпіліктерге 4:6, 7-ні (оқыңыз) қарастырамыз. Сосын Киелі кітаптағы басқа да оқиғаларды шолып өтеміз. Бұл оқиғалар да Ехобаның біз күтпеген нәрселерді істей алатынына дәлел болып табылады. Ал соңында “Құдайдың тыныштығы” қалай Ехобаға толықтай сенім арта отырып, қиындықтарға төзуге көмектесетінін талқылаймыз.

Ехоба біз күтпеген нәрсені істей алады, сол себепті қиындықтарға кезіккенде бізге сарыуайымға берілудің еш қажеті жоқ

7. Пауыл філіпіліктерге жазған хатында нені үйреткісі келді және біз де не нәрсеге үйрене аламыз?

7 Філіпідегі бауырластар Пауылдың хатын оқығанда, ойларына не келді? Бәлкім, олардың көбісі Пауыл мен Сыйластың оқиғасын және Ехобаның оларға ешкім күтпегендей көмектескенін еске түсірген шығар. Хатында Пауыл оларды не нәрсеге үйреткісі келді? Ол: “Еш уайымдамаңдар. Дұға айтыңдар, сонда “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” ие боласыңдар”,— дегісі келді. Бұл тіркес нені білдіреді? Киелі кітаптың кейбір аудармаларында бұл тіркес “армандағанымыздан да асып түсетін тыныштық” не “адамдардың бар жоспарынан да үстем түсетін тыныштық” делінген. Осылайша Пауыл “Құдайдың тыныштығы” біз ойлағаннан әлдеқайда күшті дегісі келген. Кейде басымызға түскен қиыншылықтардың шешімін білмесек те, Ехоба біледі. Сөйтіп, біз күтпеген нәрсені істей алады (Петірдің 2-хаты 2:9 оқыңыз).

8, 9. а) Пауыл Філіпіде әділетсіздікке кезіксе де, мұның қандай оң нәтижесі болды? ә) Неліктен Філіпідегі бауырластар Пауылдың сөздеріне толықтай сенім артты?

8 Філіпідегі бауырластар Пауылдың хатын оқығанда, соңғы он жыл ішінде Ехобаның өздеріне істеген істері жайлы ойлап, бойларына жігер құйылса керек. Ехоба Пауыл мен Сыйластың әділетсіздік көрулеріне жол берсе де, мұның нәтижесінде “ізгі хабарды қорғап, оны заңдастыру” мүмкін болды (Філіпіліктерге 1:7). Енді Філіпінің қала басшылары жаңадан құрылған мәсіхшілер қауымын қудалауға дәттері бармады. Пауыл өзінің Рим азаматы екенін тілге тиек еткендіктен болар, шәкірт Лұқа Філіпі қаласында Пауыл мен Сыйлас кеткеннен кейін емін-еркін тұра алған. Осының арқасында ол сол қаладағы жаңадан мәсіхші болғандарға аяққа тұруға көп көмектескен.

9 Філіпідегі бауырластар Пауыл өз хатында жай ғана өзінің ой-пікірін жазып қоймағанын білген. Өйткені Пауыл аса ауыр қиыншылықтарды өз басынан өткерген. Тіпті філіпіліктерге арнаған хатын ол Римдегі үйінде қамауда отырғанда жазған. Бірақ ол сонда да “Құдайдың тыныштығына” ие екендігін білдірді (Філіпіліктерге 1:12—14; 4:7, 11, 22).

“ЕШ НӘРСЕНІ УАЙЫМДАМАҢДАР”

10, 11. Қандай да бір қиындықты ойлап уайымдасақ, не істеуіміз керек және біз не нәрсеге үміттене аламыз?

10 “Еш нәрсені уайымдамай”, “Құдайдың тыныштығына” ие болуға бізге не көмектеседі? Пауылдың філіпіліктерге жазған хатынан көретініміздей, қандай да бір қиындық жайлы ойлап мазалансақ, ең дұрысы — дұға ету. Сондықтан бойымызды сарыуайым меңдесе, дұға айтып уайымымызды тарқатайық (Петірдің 1-хаты 5:6, 7 оқыңыз). Ехобаға дұға айтқанда, ол сіздің қамыңызды ойлайтынына жүз пайыз сенімді болыңыз. Әрбір жақсылығы үшін әрдайым шүкіршілік білдіріңіз. Сондай-ақ Ехобаның “біз сұраған не ойлаған нәрселердің бәрінен әлдеқайда көп нәрсе істей алатынын” ешқашан ұмытпаңыз (Ефестіктерге 3:20).

11 Біз де Пауыл мен Сыйлас сияқты, Ехобаның бізге қалай көмектескенін көріп таңдай қағуымыз мүмкін. Ол бізге таңғажайып түрде көмектеспесе де, әрдайым дәл біз қажет еткен нәрсені береді (Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Бұл Ехоба жағдайымызды түзетеді не мәселемізді шешіп береді деп жай қол қусырып отыруды білдірмейді. Біз дұғаларымызға сай әрекет етуге тиіспіз (Римдіктерге 12:11). Іс-әрекеттеріміз дұғамыздың шын жүректен шыққанын аян етеді, әрі бұл Ехоба үшін бізге батасын беруіне негіз болып табылады. Ехобаның біз сұрағаннан да, күткеннен де әлдеқайда көп нәрсе істей алатынын еш ұмытпауымыз керек. Кейде ол біз мүлдем күтпеген нәрсені істеп, таңғалдырып жатады. Ендеше, Ехобаның біз күтпеген нәрселерді істей алатынына деген сенімімізді күшейтетін мысалдардың кейбірін қарастырайық.

ЕХОБАНЫҢ АДАМ КҮТПЕГЕН НӘРСЕЛЕРДІ ІСТЕГЕН КЕЗДЕРІ

12. а) Сеннахирим қоқан-лоқы көрсеткенде, Езекия патша не істеді? ә) Ехобаның қиындықты қалай шешкенінен не білеміз?

12 Киелі кітапта Ехобаның адам күтпеген нәрселерді істегені жайлы мысалдар жетерлік. Мысалы, Езекия Яһуданың патшасы болып тұрғанда, Ассирия патшасы Сеннахирим Яһудаға шабуылдап, Иерусалимнен басқа қалалардың бәрін жаулап алады (Патшалар 2-жазба 18:1—3, 13). Сосын ол Иерусалимге шабуылдамақ болады. Сонда Езекия не істеді? Алдымен, ол Ехобаның көмегін өтініп дұға етті әрі Ишая пайғамбар арқылы Ехобадан кеңес сұрады (Патшалар 2-жазба 19:5, 15—20). Сосын Сеннахиримнің талап еткен ақысын төлеу арқылы парасаттылық танытты (Патшалар 2-жазба 18:14, 15). Соңында ол қаланы ұзаққа созылатын қоршауға дайындады (Шежірелер 2-жазба 32:2—4). Бұл оқиға немен бітті? Ехоба бір періштесін жіберіп, ол бір-ақ түннің ішінде Сеннахиримнің 185 000 сарбазын сұлатып салды. Тіпті Езекияның өзі бұлай болады деп күтпеген еді! (Патшалар 2-жазба 19:35).

Жүсіппен болған жағдайдан қандай сабақ аламыз? (Мұсаның 1-жазбасы 41:42) (13-абзацты қараңыз)

13. а) Жүсіптің оқиғасынан не нәрсеге үйренеміз? ә) Сараның өмірінде қандай күтпеген жағдай орын алды?

13 Ал енді Жүсіптің ер жеткен кезінде басынан өткен оқиғаны қарастырайық. Мысырда абақтыда отырып, болашақта сол елдегі құдіретті екінші адам болатыны немесе Ехобаның ол арқылы отбасын аштықтан аман алып қалатыны Жүсіптің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар (Мұсаның 1-жазбасы 40:15; 41:39—43; 50:20). Ехобаның істегені Жүсіптің бар күткенінен асып түскені сөзсіз. Сондай-ақ Жүсіптің арғы әжесі Сара жайлы да ойлап көрейікші. Жасы келіп қалған ол Ехоба күңінің ұлын ғана емес, өзіне де бала сыйлайды деп күтті ме? Ысқақтың туылуы Сараның армандағанынан да асып түсті (Мұсаның 1-жазбасы 21:1—3, 6, 7).

14. Ехобаға қай жағынан сенімді болсақ болады?

14 Ехоба жаңа дүние келгенше бар қиыншылығымызды керемет түрде жоқ қылып жібереді деп күтпейміз. Сондай-ақ ол біздің өмірімізде таңғажайып жайттарды болдырсын деп те талап етпейміз. Алайда ежелде Ехоба өз адал қызметшілеріне таңғалдырарлық жолдармен қолғабыс еткенін білеміз. Содан бері ол өзгерген жоқ (Ишая 43:10—13 оқыңыз). Сол үшін біз оған сенімдіміз. Оның еркін орындауымыз үшін, ол бізге қажетті күшті дарытатынына нық сенсек болады (Қорынттықтарға 2-хат 4:7—9). Езекияның, Жүсіп пен Сараның мысалдарынан неге үйренеміз? Адалдығымыздан айнымасақ, Ехоба бізге тіпті ең ауыр деген қиындықтарда көмекке келе алады.

Адалдығымыздан айнымасақ, Ехоба бізге тіпті ең ауыр деген қиындықтарда көмекке келе алады

15. Қиындығымыз бола тұра, қалай біз “Құдайдың тыныштығын” сақтай аламыз және бұл ненің арқасында мүмкін болып отыр?

15 Қиындығымыз бола тұра, қалай біз “Құдайдың тыныштығын” сақтай аламыз? Бұл үшін Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болуымыз қажет. Мұндай қарым-қатынас тек Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында ғана мүмкін болып отыр. Төлем — Ехобаның керемет істерінің бірі. Соның арқасында ол біздің күнәларымызды кешеді, әрі біз таза ар-ұжданға ие болып, оған жақындай аламыз (Жохан 14:6; Жақып 4:8; Петірдің 1-хаты 3:21).

ЖҮРЕГІМІЗ БЕН ОЙ-САНАМЫЗДЫ САҚТАЙДЫ

16. “Құдайдың тыныштығына” бөленгенде не болады? Мысал келтіріңіз.

16 “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” кенелгенде не болады? Киелі кітапта айтылғандай, ол біздің жүрегіміз бен ой-санамызды “сақтайды” (Філіпіліктерге 4:7). Бұл жерде “сақтайды” деп аударылған сөз түпнұсқа тілде әскерде қолданылатын сөз болған. Бұл сөз қаланы қорғауға міндеттелген жауынгерлер тобына нұсқайтын. Філіпі қаласының тұрғындары осындай топтың қорғанышында болған. Қаланың қорғаулы екенін білгендіктен, олардың ұйқылары тыныш еді. Сол іспетті, бізде де “Құдайдың тыныштығы” болса, мазасыз күй кешпейміз әрі жүрегіміз бен ой-санамыз да тыным табады. Өйткені Ехобаның бізді қамқорлайтынын және бақытты өмір сүргенімізді қалайтынын білеміз (Петірдің 1-хаты 5:10). Ал бұл уайымның не жаман сезімдердің еңсемізді басып тастауынан сақтайды.

17. Зор алапатта Ехобаға сенім артуымызға не көмектеседі?

17 Жақында бүкіл адамзаттың басына зор алапат келеді (Матай 24:21, 22). Сол кезде жеке әрқайсысымызбен нақты не болатынын білмейміз. Бірақ ол уақыт жайында шектен тыс уайымдаудың қажеті жоқ. Ехобаның не істейтінін бүге-шігесіне дейін білмесек те, біз Құдайымыздың қандай екенін білеміз. Бұрындағы адал қызметшілері үшін не істегенін білеміз. Қандай жағдай болмасын, ол өз ниетін жүзеге асыратынына да көз жеткіздік. Ол мұны тіпті ешкім күтпеген жолмен іске асыра алады! Ендеше, Ехоба біз үшін бір нәрсе істеген сайын, біз “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығын” жаңа бір жолмен сезінеміз.

^ 1-абзац Сыйлас та Рим азаматы болғанға ұқсайды (Елшілердің істері 16:37).