Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жаңа болмысты киіп, қайтып шешпейік

Жаңа болмысты киіп, қайтып шешпейік

“Жаңа болмысты киіп алыңдар” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:10 сілтеме).

ӘНДЕР: 43, 106

1, 2. а) Жаңа болмысқа ие бола алатынымызды қайдан білеміз? ә) Қолостықтарға 3:10—14 тармақтарда жаңа болмысқа жататын қандай қасиеттер бар?

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ “Жаңа дүние аудармасында” екі рет “жаңа болмыс” деген тіркес кездеседі (Ефестіктерге 4:24; Қолостықтарға 3:10). Бұл — “Құдайдың еркіне сай жаратылған” болмыс. Біз жаңа болмысқа ие бола аламыз ба? Әрине. Ехоба адам баласын өзіне ұқсас етіп жаратқандықтан, біз оған еліктеп, бойындағы асыл қасиеттерді таныта аламыз (Мұсаның 1-жазбасы 1:26, 27; Ефестіктерге 5:1).

2 Кемелсіздікті мұра еткендіктен, ара-тұра бәріміздің де жаман қалауларымыз болып тұратыны рас. Қала берсе, қоршаған ортамыз да бізге әсер етпей қоймайды. Алайда Ехобаның мейірімге толы көмегімен біз оның көңілінен шығатын адам бола аламыз. Осылай етуге ықыласымызды арттыра түсу үшін, жаңа болмыстың қырлары болып табылатын бірнеше қасиетті талқылап кетейік (Қолостықтарға 3:10—14 оқыңыз). Артынан осы қасиеттерді қызметімізде қалай таныта алатынымызды көреміз.

“БАРЛЫҒЫҢ БІР АДАМДАЙСЫҢДАР”

3. Жаңа болмыстың бір қыры қандай?

3 Пауыл адамдарды алаламау жаңа болмыстың маңызды бір қыры екенін түсіндірген. Ол былай деді: “Грек не яһуди, сүндеттелген не сүндеттелмеген, жатжерлік не скиф *, құл не ерікті адам деген жоқ”. Қауымда ешкім өзінің нәсілі, ұлты не қоғамдағы беделіне бола өзін басқалардан ерекше санамауы керек. Неге? Себебі Мәсіхтің ізбасарлары ретінде бәріміз де “бір адамдаймыз” (Қолостықтарға 3:11; Ғалаттықтарға 3:28).

Біз адамдарды нәсілдері мен шыққан ортасына қарап алаламаймыз

4. а) Ехобаның қызметшілері адамдарға қалай қарау керек? ә) Қандай жағдай мәсіхшілердің бірлігін сынға алуы мүмкін?

4 Жаңа болмысқа ие болған кезде біз барлық адамдарға, нәсілі мен шыққан ортасына қарамастан, сый-құрмет танытамыз (Римдіктерге 2:11). Дүниежүзінің кейбір жерлерінде бұлай ету оңайға соқпайды. Мысал үшін, бұрындары Оңтүстік Африка Республикасында жергілікті үкімет түрлі нәсілдің адамдарын әртүрлі аумаққа бөліп, бөлек тұрғызған. Осы елдегі адамдардың көбі, оның ішінде Куәгерлер де бар, әлі күнге шейін сол аумақтарда өмір сүруде. Басқарушы кеңес сол бауырластарымызды “жүректерін айқара ашуға” талпындырғысы келді. Содан 2013 жылдың қазан айында олар арнайы бір шараны мақұлдады. Бұл шара сондағы түрлі нәсілді бауырластарымызға бір-бірімен жақсырақ танысуға жол ашпақ еді (Қорынттықтарға 2-хат 6:13).

5, 6. а) Бір елде Құдай халқының арасындағы бірлікті нығайту мақсатында қандай шара ұйымдастырылды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Мұның нәтижесі қандай болды?

5 Осы елдегі бауырластар мынадай шара ұйымдастырды: кейбір демалыс күндері тілдері не нәсілдері әртүрлі екі қауымның бауырластары бірге уақыт өткізу керек еді. Сөйтіп, бұл бауырластар бірге уағызға шығып, қауым кездесуіне бірге барып жүрді, сондай-ақ бір-бірлеріне қонаққа барып тұрды. Бұл шараға жүздеген қауым қатысып, филиалға көптеген жылы лебіз келіп жатты. Бұл тіпті Куәгер емес адамдарды да таңғалдырды. Мысалы, бір дін қызметкері былай деді: “Мен Куәгер емеспін, бірақ уағыз істеріңнің керемет ұйымдастырылғанын және нәсіларалық бірліктеріңді атап өткім келеді”. Бауырластарымыз бұл шараның қандай пайдасын көрді?

6 Коса тілінде сөйлейтін Нома есімді бауырласымыз бастапқыда ағылшын тілді қауымдағы Куәгерлерді өзінің қарапайым үйіне қонаққа шақыруға қатты қысылады. Бірақ ақ нәсілді Куәгерлермен уағызға шығып, олардың үйінде қонақта болғаннан кейін, өзін еркін сезіне бастайды. “Олар да өзіміз сияқты кәдімгі адамдар екен ғой!”— дейді ол. Сөйтіп, бірде ағылшын тілді қауымдағы бауырластар коса тілді қауыммен қызметтесуге келген кезде, ол сондағы бірнеше бауырласты үйіне тамаққа шақырады. Нома қонаққа келген ақ нәсілді бір ақсақалдың үйдегі кішкентай пластикалық жәшікте мәз болып отырғанын көріп қатты қайран қалады. Әлі күнге дейін жүріп жатқан осы шараның арқасында бауырластардың көбісі жаңа достар тауып, әртүрлі ортадан шыққан адамдармен танысып жатыр.

ЖАНАШЫРЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМДІЛІКТІ КИІП АЛАЙЫҚ

7. Неге әрдайым жанашырлық танытуымыз керек?

7 Шайтанның дүниесі құрымайынша, Ехобаның халқы қиындық көреді. Жұмыссыздық, ауыр дерт, қуғын-сүргін, табиғи апаттар, қылмыстың көптігінен дүние-мүліктен айырылу және тағы басқа қиындықтар басымызға түсуі мүмкін. Қиын шақта бірімізге-біріміз қол ұшын беру үшін, шын жанашыр болуымыз қажет. Барынша жанашыр болғанымыз өзгелерге мейірімді болуға талпындырады (Ефестіктерге 4:32). Бұл қасиеттер жаңа болмыстың қыры болып табылады. Осы қасиеттердің арқасында біз Құдайға еліктеп, өзгелерді жұбата аламыз (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4).

8. Қауымдағы барлық адамдарға жанашырлық пен мейірімділік танытсақ, мұның қандай нәтижесін көреміз? Мысал келтіріңіз.

8 Қауымымыздағы басқа елден көшіп келгендерге не тұрмысы нашар адамдарға қалайша көбірек жанашырлық таныта аламыз? Біз оларды жылы шыраймен қарсы алып, олармен достасқымыз келеді әрі қауымға қажет екенін түсінуге көмектескіміз келеді (Қорынттықтарға 1-хат 12:22, 25). Мысалы, Дэнникэрл Филиппиннен Жапонияға көшеді. Шетелдік болғандықтан, жұмысындағылар оған сый - құрмет танытпайды. Кейін ол Ехоба куәгерлерінің жиналысына қатысады. Ол былай дейді: “Жиналыстағылардың барлығы дерлік жапондықтар болса да, мені бұрыннан танитындай жылы қарсы алды”. Бауырластарымыздың әрі қарай да мейірімділік танытқаны оған Ехобаға етене жақындауға көмектеседі. Біраз уақыттан кейін ол шомылдыру рәсімінен өтеді, ал бүгінде ақсақал болып қызмет етеді. Онымен бірге қызметтесіп жүрген ақсақалдар қауымдарында Дэнникэрл мен әйелі Дженнифер сияқты бауырластардың болғанына риза екендерін білдіріп былай дейді: “Олар ізашар ретінде өте қарапайым өмір сүріп, Патшалықты бірінші орынға қоюда тамаша үлгі көрсетіп жүр” (Лұқа 12:31).

9, 10. Қызметте жанашырлық танытқанымыз жақсы нәтиже әкелетініне мысалдар келтіріңіз.

9 Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздағанда, “бәріне” жақсылық жасаудың мүмкіндігі туады (Ғалаттықтарға 6:10). Көп Куәгерлер иммигранттарға жанашырлық танытып жүр әрі олардың тілін үйренуде (Қорынттықтарға 1-хат 9:23). Олардың талпынысы өз жемісін беруде. Мысалы, Австралияда тұратын Тиффани есімді ізашар Брисбен қаласындағы суахили тілді қауымға көмектесу үшін сол тілді үйреніп алған. Тілді игеру қанша қиынға соқса да, мұның арқасында өмірі мәнді бола түсті. Тиффани былай дейді: “Егер қызметтің қызығына шомылғың келсе, онда шет тілді қауым жөнінде ойланып көр! Сонда өз қалаңнан шықпай-ақ саяхаттап жүргендей сезімде боласың. Дүниежүзілік бауырластығымызды сезініп, арамыздағы тамаша бірлікті өз көзіңмен көресің”.

Шет жерден көшіп келгендерге қол ұшын беруге мәсіхшілерді не талпындырады? (10-абзацты қараңыз)

10 Жапонияда тұратын бір отбасы осылай еткен. Қыздары Сакико былай дейді: “Біз қызметте бразилиялық иммигранттарды жиі кездестіретінбіз. Оларға өздерінің португал тіліндегі Киелі кітаптарынан Аян 21:3, 4 не Зәбүр 37:10, 11, 29 сияқты тармақтарды көрсеткенімізде, олар зейін қойып тыңдайтын, ал кейбірі тіпті көз жасына ерік беретін”. Бұл отбасы сол иммигранттарға жаны ашып, оларға шындықты білуге көмектесу үшін бүкіл отбасымен бірге португал тілін үйрене бастайды. Кейінірек португал тілді қауымның ашылуына көмектеседі. Жылдар өте олар бірталай иммигранттарға Ехобаның қызметшісі болуға жәрдем береді. Сакико былай дейді: “Португал тілін меңгеру үшін көп тер төктік, бірақ көрген баталарымыз бәрінен де асып түсті. Ехобаға деген алғысымыз шексіз” (Елшілердің істері 10:34, 35 оқыңыз).

КІШІПЕЙІЛДІЛІКТІ КИІП АЛАЙЫҚ

11, 12. а) Неге жаңа болмысты киюдегі ниетіміз дұрыс болу керек? ә) Кішіпейіл болуға бізге не көмектеседі?

11 Жаңа болмысты киюдегі ниетіміз — өзгелердің қошеметіне бөлену емес, Ехобаны дәріптеу болу керек. Естен шығармайық: тіпті кемелді періштенің өзі көкіректеніп кетіп, жолдан тайған (Езекиел 28:17 салыстырыңыз). Ал біз болсақ кемелсізбіз, сондықтан өркөкіректіктен аулақ болу әлдеқайда қиын. Әйтсе де үстімізге кішіпейілділікті кие аламыз. Бұлай етуге не көмектеседі?

12 Бізге кішіпейіл болуға Құдай Сөзін күніге оқығанымыз және оқығанымыз жайлы ой жүгірткеніміз көмектеседі (Мұсаның 5-жазбасы 17:18—20). Әсіресе Исаның тәлімдері мен кішіпейілділігінің тамаша үлгісін ой елегінен өткізуіміз қажет (Матай 20:28). Исаның кішіпейіл болғаны сонша, шәкірттерінің аяғын жуған (Жохан 13:12—17). Кішіпейіл болуға Ехобадан дұғада киелі рухын сұрағанымыз да көмектеседі. Оның рухы өзімізді басқалардан жоғары санауға итермелейтін кез келген бейімділікпен күресуге жәрдемдеседі (Ғалаттықтарға 6:3, 4; Філіпіліктерге 2:3).

Кішіпейіл болсақ, қауымның татулығы мен бірлігін арттыра түсеміз

13. Кішіпейіл болсақ, қандай батаға кенелеміз?

13 Нақыл сөздер 22:4 оқыңыз. Ехоба бізден кішіпейіл болуды талап етеді. Кішіпейілділік көп батаға кенелтеді. Кішіпейіл болсақ, қауымның татулығы мен бірлігін арттыра түсеміз. Оның үстіне, бізге Ехобаның рақымы түседі. Елші Петір былай деген: “Бәрің де өзара арақатынастарыңда кішіпейіл болыңдар! Өйткені Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілдерге рақымын төгеді” (Петірдің 1-хаты 5:5).

ЖҰМСАҚТЫҚ ПЕН ШЫДАМДЫЛЫҚТЫ КИІП АЛАЙЫҚ

14. Жұмсақ та шыдамды болудың ең озық үлгісі кім?

14 Мына дүниеде жұмсақтық пен шыдамдылықты жиі осалдықтың белгісі деп санайды. Бірақ, шындығына келгенде, олай емес. Бұл керемет қасиеттер әлемдегі ең құдіретті Тұлға Ехобадан бастау алады. Ол — жұмсақ та шыдамды болудың ең керемет үлгісі (Петірдің 2-хаты 3:9). Мысалы, Ехоба Ыбырайым мен Лұттың сұрақтарына періштелері арқылы жауап бергенде, қаншалықты шыдамды болғанын еске алайықшы (Мұсаның 1-жазбасы 18:22—33; 19:18—21). Сондай-ақ тілазар исраилдіктерге 1500 жылдан астам уақыт бойы танытқан шыдамдылығы да есімізде болар (Езекиел 33:11).

15. Иса жұмсақ та шыдамды болудың қандай үлгісін көрсетті?

15 Иса да “жұмсақ” болған (Матай 11:29). Шәкірттері әлсіздіктерге бой алдырғанда, ол өте шыдамды болды. Жердегі қызметі кезінде Исаны жиі негізсіз сынап-мінеп, кінә тағатын. Десе де ол өле-өлгенше жұмсақ та шыдамды болды. Азап бағанасында жаны қатты қиналып тұрса да, ол Әкесінен өзін өлімге кескендерді кешіруін сұраған. Иса: “[Олар] не істеп жатқандарын білмейді”,— деген (Лұқа 23:34). Тіпті күйзеліп тұрса да, тәні ауырып тұрса да ол жұмсақтығы мен шыдамдылығынан айнымаған (Петірдің 1-хаты 2:21—23 оқыңыз).

16. Жұмсақтық пен шыдамдылық танытудың бір жолы қандай?

16 Пауыл жұмсақ та шыдамды болудың бір жолын айтып былай деген: “Егер әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер. Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер” (Қолостықтарға 3:13). Кешірімшіл болу үшін бізге жұмсақтық пен шыдамдылық қасиеттері қажет. Осының арқасында қауымның бірлігі бұзылмай, нығая түседі.

17. Неге жұмсақтық пен шыдамдылық қасиеттерін танытқанымыз маңызды?

17 Ехоба бізден адамдарға жұмсақ әрі шыдамды болуды талап етеді. Оның орнататын жаңа дүниесінде өмір сүру үшін осы қасиеттерді дамытуға тиіспіз (Матай 5:5; Жақып 1:21). Жұмсақ та шыдамды болсақ, Ехобаны мадақтаймыз әрі басқаларды да соған талпындырамыз (Ғалаттықтарға 6:1; Тімөтеге 2-хат 2:24, 25).

СҮЙІСПЕНШІЛІКТІ КИІП АЛАЙЫҚ

18. Сүйіспеншілік пен алаламаушылықтың қандай байланысы бар?

18 Жоғарыда талқылап кеткен қасиеттердің бәрі де сүйіспеншілікпен тығыз байланысты. Мысалы, шәкірт Жақып бауырластардың кедейлерге қарағанда байларға жақсырақ қарайтынын байқағанда, оларға кеңес берген. Ол бұлай етудің Құдайдың “өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” деген талабына қайшы екенін айтқан. Сосын: “Адамдарды алалауды қоймасаңдар, күнә жасайсыңдар”,— деп қосты (Жақып 2:8, 9). Адамдарды сүйсек, ешкімді біліміне, нәсіліне не абырой-беделіне қарап алаламаймыз. Біз сырт көзге ғана ешкімді бөліп-жармайтындай көрінуге тырыспаймыз. Алаламаушылық біздің шынайы болмысымыздың бір бөлігі болуы тиіс.

19. Неліктен сүйіспеншілікке бөленгеніміз маңызды?

19 Сүйіспеншілік әрі “шыдамды да мейірімді” және “менменсінбейді” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4). Адамдарға ізгі хабарды жеткізуді доғармай айта беру үшін, біз шыдамды, мейірімді және кішіпейіл болуымыз керек (Матай 28:19). Бұған қоса, осы қасиеттердің арқасында қауымдағы барлық бауырластарымызбен оңай тіл табыса аламыз. Барлығымыз осындай сүйіспеншілікті танытар болсақ, қауымның бірлігі нығаяды әрі бұл Ехобаға мадақ әкеледі. Өзгелер осындай ауызбіршілікті көріп, шындыққа жақындай түседі. Сонымен, жаңа болмыстың сипаттамасы Киелі кітапта былай деп тамамдалғаны орынды: “Бұған қоса, сүйіспеншілікке бөленіңдер, өйткені ол адамдарды толықтай біріктіреді” (Қолостықтарға 3:14).

ЖАҢАРА БЕРЕЙІК

20. а) Қандай сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн? Неге? ә) Қандай тамаша болашақты асыға күтудеміз?

20 Әрқайсысымыз өзімізді: “Ескі болмысты шешіп тастап, оны қайтып кимеу үшін маған әлі қандай өзгерістер жасау керек?”— деп тексергеніміз абзал. Бұл үшін біз Ехобаға дұға етіп, көмегін сұрап жалынуымыз керек. “Құдай Патшалығын мұра ету” үшін, бұрыс ойлар мен әрекеттерден арылуға барынша тырысуымыз қажет (Ғалаттықтарға 5:19—21). Өзімізді тағы былай деп тексергеніміз жөн: “Ехобаға ұнамды болу үшін ой қалпымды әлі де өзгертіп жатырмын ба?” (Ефестіктерге 4:23, 24). Біз кемелсізбіз, сондықтан жаңа болмысты киіп, оны шешіп тастамас үшін аянбай күш сала беруіміз керек. Бұл — тоқтамайтын процесс. Жер бетіндегі әрбір адам жаңа болмысқа ие болып, Ехобаның керемет қасиеттерін кемелді түрде танытқанда, заман қандай тамаша болады десеңізші!

^ 3-абзац Киелі кітап жазылған заманда көпшілік скифтерге қараңғы адамдар деп қарап, оларды менсінбеген.