Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқаларды үйретесіз бе?

Басқаларды үйретесіз бе?

“Пайдалы ақыл-кеңес беремін” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 4:2).

ӘНДЕР: 93, 96

1, 2. Неге біз өзгелерді теократиялық істерді атқаруға үйретуіміз керек?

ИСА бірінші кезекте Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздаумен айналысқан. Десе де ол шәкірттерін үйретуге уақыт тапқан. Оларға Құдай халқына қалай тәлім беріп, бағушылар ретінде отарды қалай қамқорлау керектігін көрсеткен (Матай 10:5—7). Філіп те бас көтермей уағыздаған, сөйткенмен өзінің төрт қызына осы істі қалай атқаруды үйреткен (Елшілердің істері 21:8, 9). Бүгінде біз де өзгелерді үйретуіміз қажет. Неліктен?

2 Дүниенің шартарабындағы қауымдарда шомылдыру рәсімінен өтпеген жаңа жариялаушылар көп-ақ. Олардың бәрін үйрету қажет. Олар Киелі кітапты жеке зерттеудің қаншалықты маңызды екенін түсінулері керек. Сондай-ақ ізгі хабарды уағыздап, тәлім беруді де үйренулері қажет. Ал қауымдардағы шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарды қызмет көмекшісі және ақсақал міндетіне дайындау маңызды. Бұл ретте толысқан мәсіхшілер “пайдалы ақыл-кеңес” беру арқылы жаңа жариялаушыларға рухани алға басуға көмектесе алады (Нақыл сөздер 4:2).

ҚҰДАЙ СӨЗІН ЗЕРТТЕУДІ ҮЙРЕТЕЙІК

3, 4. а) Пауыл Жазбаларды зерттеу мен қызметте нәтижелі болуды қалай байланыстырған? ә) Зерттеушілерді Киелі кітапты жеке зерттеуге талпындырмас бұрын, өзіміз не істеуіміз қажет?

3 Жазбаларды жеке зерттеу қаншалықты маңызды? Мұның жауабын елші Пауылдың Қолостағы бауырластарға айтқан сөзінен білеміз. Ол былай деп жазған: “Сендер үшін Құдайға үнемі дұға етіп, оның еркі жайлы тура білімдерің арта берсін, әрі даналық пен киелі рух беретін түсінікке ие болсын деп сұраймыз. Біз Ехобаның есіміне лайықты өмір сүріп, оған барлық жағынан ұнамды әрі әрбір игі істе жемісті болсаңдар екен, сондай-ақ Құдай жайлы тура білімдерің тереңдей түссе екен дейміз” (Қолостықтарға 1:9, 10). Мұндай тура білім Қолостағы мәсіхшілерге “Ехобаның есіміне лайықты өмір сүріп, оған барлық жағынан ұнамды” болуға көмектесер еді. Сондай-ақ осының арқасында олар “әрбір игі істе”, әсіресе уағыздау ісінде, жемісті бола алатын. Демек, нәтижелі қызмет ету үшін Ехобаның қызметшісі Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеуге дағдылануы тиіс. Біз Киелі кітапты зерттеп жүргендерге осы жайтты жете түсінуге көмектесуіміз керек.

4 Алайда Киелі кітапты өзіміз жеке зерттемесек, мұның құндылығын зерттеушіге түсіндіре алмаймыз. Негізі, Киелі кітапты жүйелі түрде оқып, ой жүгіртетін болсақ, мұның өмірімізде және қызметімізде зор пайдасын көреміз. Мысалы, қызметте әлдекім қиын сұрақ қойса, Киелі кітаптан жауап бере аламыз. Ал Исаның, Пауылдың және басқалардың қызметте қалай табанды болғаны жайлы оқығанда, жігер алып, қанша қиынға соқса да уағыздауды доғармауға талпынамыз. Зерттеу барысында не білгенімізді және қандай пайдасын көргенімізді өзгелерге айтсақ, оларды да Киелі кітапты тереңірек зерттеуге талпындыруымыз мүмкін.

5. Киелі кітапты зерттеушіге Құдай Сөзін жүйелі түрде зерттеуге қалай көмектессек болады?

5 Сірә, сіз: “Зерттеушіге Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеуді қалай үйрете аламын?”— деп ойлайтын шығарсыз. Мұны зерттеу сабағына қалай дайындалу керектігін көрсетуден бастауға болады. Оған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының қосымшасындағы мәліметті оқып, келтірілген тармақтарды ашып қарауды ұсынып көріңіз. Сосын қауым кездесулерінде түсініктеме беру үшін қалай дайындалуға болатынын көрсетіңіз. Сондай-ақ “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналының әрбір санын оқып отыруға талпындырыңыз. Егер өзі түсінетін тілде “Күзет мұнарасының кітапханасы” не “Күзет мұнарасының онлайн кітапханасы” бар болса, Киелі кітап сұрақтарына жауап табу үшін оларды қалай қолдануға болатынын көрсетіңіз. Осындай түрлі құралдарды пайдаланып көргенде, оған Құдай Сөзін жеке зерттеу ұнай бастайтыны сөзсіз.

6. а) Зерттеушінің жүрегінде қалай Киелі кітапқа деген сүйіспеншілік оята аламыз? ә) Зерттеуші Жазбаларға деген шынайы сүйіспеншілік дамытса, не істеуге талпынуы мүмкін?

6 Біз зерттеушінің Ехобаны жақсырақ танып-білу үшін Киелі кітаптың маңызы аса зор екенін түсінгенін қалаймыз. Алайда зерттеуге қыштаудың орнына, Ехобаның ұйымы беріп отырған құралдарды пайдаланып, оған зерттеуді қалай қызықты етуге болатынын көрсетсек болады. Жазбаларды көбірек білген сайын, ол өзін зәбүр жыршысындай сезінеді. Ол: “Менің Құдайға жақын болғаным қандай игі... Мен Әлемнің Әміршісі Ехобаны паналадым”,— деп жырлаған (Зәбүр 73:28). Ехобаға шын көңілден жақындағысы келетін адамға киелі рух әсер етпей қоймайды.

УАҒЫЗДАУ МЕН ТӘЛІМ БЕРУДІ ҮЙРЕТЕЙІК

7. Иса ізгі хабардың жариялаушыларын қалай үйретті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

7 Матайдың 10-тарауында Иса өзінің 12 елшісіне қандай нұсқаулар бергені жазылған. Иса оларға жалпылай емес, нақты нұсқаулар берген [1] (26-беттегі сілтемені қараңыз). Иса қалай тиімді уағыздауға болатынын айтқанда, елшілер зейін қойып тыңдады. Сосын онымен бірге уағызға шықты. Исаның қолданған әдістерін мұқият бақылаған олар көп кешікпей өздері де Құдай Сөзінің шебер тәлімгерлері болды (Матай 11:1). Біз де Киелі кітапты зерттеп жүргендерге ізгі хабардың шебер жариялаушылары болуды үйрете аламыз. Қазір мұны істеудің екі жолына тоқталайық.

8, 9. а) Иса қызметте жеке адамдарға қалай сөйлеген? ә) Жаңа жариялаушыларға адамдармен әңгімелескенде Исаға еліктеуге қалай көмектесе аламыз?

8 Адамдармен әңгімелесу. Иса барлық уақытта қалың жұртқа сөйлемеген. Ол жиі жекелеген адамдарды сөзге тартып, достық пейілмен әңгімелескен. Мәселен, ол Сихар қаласының маңындағы құдықтың басында бір әйелмен қызықты әңгіме құрды (Жохан 4:5—30). Иса сондай-ақ Леуі деп те аталған салықшы Матаймен сөйлесіп, оны шәкірті болуға шақырған. Матай шақыруды қабыл алып, кейінірек Иса мен басқаларды үйіне қонақасына шақырды. Ол жерде Исаны көптеген адам тыңдады (Матай 9:9; Лұқа 5:27—39).

9 Тағы бірде Иса Назареттен шыққан адамдар туралы теріс пікірде болған Натанайылмен жылы-жұмсақ сөйлескен. Оның осылай достық пейілмен сөйлегенін көріп, Натанайылдың Назареттен шыққан Исаға деген көзқарасы өзгерді. Содан ол Исадан көп тәлім алуды ұйғарды (Жохан 1:46—51). Исадан үйренеріміз: егер адамдарға жылы шыраймен әрі мейіріммен сөйлесек, айтқанымызға құлақ асулары әбден мүмкін [2] (26-беттегі сілтемені қараңыз). Жаңа жариялаушыларға осылай сөйлесуді үйретсек, олар қызметтен көбірек қуаныш алады.

10—12. а) Иса ізгі хабарды білгісі келгендердің қызығушылығын қалай арттырған? ә) Жаңа жариялаушыларға тәлім беру шеберлігін шыңдауға қалай көмектесе аламыз?

10 Адамдардың қызығушылығын арттыру. Иса уақыты тығыз болса да, ізгі хабарға қызығушылық білдірген адамдарға уақыт бөліп, көп нәрсе үйреткен. Мысалы, бірде Исаның тәлімдерін тыңдау үшін жұрт жағалауға жиналған болатын. Сонда Иса Петірмен бірге қайыққа отырып, жұртқа сол жерден тәлім бере бастады. Сосын Петірді де бір нәрсеге үйреткісі келді. Ол керемет жасап, Петірдің ауына өте көп балық түсірді. Сөйтіп, оған: “Бұдан былай адамдарды аулайтын боласың”,— деді. Осыдан кейін Петір мен оның қасындағылар дереу “қайықтарды жағаға шығарып, бәрін тастап, Исаның соңынан ерді” (Лұқа 5:1—11).

11 Нікөдем де Исаның тәліміне қызығушылық білдірген. Бірақ ол Жоғарғы кеңестің мүшесі болғандықтан, жұрт Исамен сөйлескенін көрсе не дейді деп қорықты. Сондықтан Исаға түн жамылып барды. Иса оны кері қайтарып жібермей, уақыт бөліп, маңызды шындықтарды түсіндірді (Жохан 3:1, 2). Бұдан қандай сабақ аламыз? Құдайдың Ұлы адамдарға шындықты үйретіп, сенімдерін нығайту үшін уақыт бөлуге әрдайым даяр болған. Біз де қызығушылық білдіргендерге ыңғайлы кезде баруға және Киелі кітапты түсіндіруге жеткілікті уақыт бөлуге дайын болу керекпіз.

12 Жаңа жариялаушылармен қызметтес болғанда, оларға тіпті кішкене қызығушылық білдірген адамға қайта баруды үйрете аламыз. Сонымен қатар оларды өзіміз қайта баратын не зерттеу сабағын өткізетін адамдарымызға апарсақ болады. Осылайша олар да басқаларға тәлім беруді үйренеді және өзгелерге Ехоба туралы ақиқатты жеткізудің қандай бақыт екенін сезінеді. Кейін, қызығушылық білдіргендерге өздері қайта жолығып, Киелі кітапты зерттеуге ықыласты болады. Сондай-ақ адамды үйінен таба алмаған жағдайда, қолды бір-ақ сілтемей, шыдамды да табанды болуды үйренеді (Ғалаттықтарға 5:22; “ Табандылықтың жемісі” деген қоршауды қараңыз).

БАУЫРЛАСТАРҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ БАУЛИЫҚ

13, 14. а) Киелі кітаптағы өзгелердің игілігі үшін үлкен құрбандықтарға барған адамдар туралы не ойлайсыз? ә) Жаңа жариялаушылар мен жастарға бауырластарын жақсы көруді үйретудің қандай тиімді жолдары бар?

13 Ехоба өз қызметшілерінің бір-бірін бауырлардай жақсы көріп, бір-біріне қызмет көрсеткенін қалайды (Лұқа 22:24—27; Петірдің 1-хаты 1:22 оқыңыз). Мысалы, Иса басқалардың жолында барлығын, тіпті жанын да, құрбан еткен (Матай 20:28). Дорка өзгелерге “қайырымдылық көрсетіп, көп игі істер жасайтын” (Елшілердің істері 9:36, 39). Ал Мәриям Римдегі бауырластары үшін “аянбай еңбек еткен” (Римдіктерге 16:6). Өзгелерге бауырластардың игілігін ойлаудың маңыздылығын түсінуге қалай көмектесе аламыз?

Жаңа жариялаушыларды бір сенімдегі бауырластарын жақсы көруге баулиық (13, 14-абзацты қараңыз)

14 Қауымдағы қарт не сырқат бауырластарға барғанда, жаңа жариялаушыларды ертіп алсақ болады. Ал ата-аналар, орынды деп тапса, балаларын апара алады. Ақсақалдар болса қарияларға азық-түлік апару не үйлерінде жөндеу жұмыстарын жасау үшін жастарға не жаңа жариялаушыларға өздерімен бірге баруды ұсынса болады. Сонда бауырластардың өзара қамқорлығын көрген олар да игі іс жасауды үйренеді. Мысалы, бір ақсақал ауылды жердегі учаскесінде уағыздағанда, сонда тұратын бауырластардың хал-жағдайын сұрап кіріп-шығатын. Онымен жиі қызметке шығып тұрған жас ер бауырлас одан үлгі алып, қауымдағылардың бәрі де сүйіспеншілік сезіну керектігін түсінеді (Римдіктерге 12:10).

15. Неге ақсақалдардың қауымдағы ер бауырластардың алға басуына көңіл бөлгені маңызды?

15 Ехоба ер адамдарға қауымда Құдай Сөзінен тәлім беру жауапкершілігін жүктеген. Сондықтан ер бауырластар баяндама айтқанда, жақсы тәлім беруді үйренгені маңызды. Ақсақал болсаңыз, баяндамасын дайындап жүрген қызмет көмекшісін тыңдап, тәлім беру шеберлігін шыңдауға көмектесе аласыз ба? (Нехемия 8:8) [3]. (26-беттегі сілтемені қараңыз.)

16, 17. а) Пауыл Тімөтенің алға басуына қалай көңіл бөлді? ә) Қауымдағы болашақ бағушыларды тиімді үйрете алу үшін, ақсақалдар не істесе болады?

16 Мәсіхшілер қауымында бағушыларға деген қажеттілік көп. Сондықтан болашақта осы міндетті қолға алатындарды үзбей үйретіп отыру қажет. Пауыл мұны қалай істеуге қатысты Тімөтеге жалпы нұсқау беріп былай деген: “Балам, Мәсіх Исамен бірлікте болудың арқасында өзіңе көрсетілген рақымнан күш-қуат ала бер. Сондай-ақ көптеген куәгерлердің көзінше менен естігендеріңді адал кісілерге сеніп тапсыр, сонда олар да өзгелерге тәлім беруге қабілетті болады” (Тімөтеге 2-хат 2:1, 2). Ақсақал әрі елші болған Пауылдың жанында жүріп, Тімөте көп ғибрат алды. Кейін өзінің уағызында және қауымдағы бауырластарға көмектескенде, Пауылдың тәсілдерін қолданды (Тімөтеге 2-хат 3:10—12).

17 Тімөтені тиянақты үйреткісі келгендіктен, Пауыл оны өзімен бірге алып жүрді (Елшілердің істері 16:1—5). Пауылға ұқсап, ақсақалдар да қабілетті қызмет көмекшілерін, орынды көрсе, өздерімен бірге бақташылық сапарға ертіп барса болады. Осылайша олар ақсақалдардан өзгелерге тәлім беруді, шыдамдылық пен сүйіспеншілік танытуды және “Құдайдың отарын” қамқорлағанда, Ехобаға сенім артуды үйренеді (Петірдің 1-хаты 5:2).

ӨЗГЕЛЕРДІ ҮЙРЕТУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

18. Неге өзгелерді Ехобаға қызмет етуге баулуды маңызды санауымыз керек?

18 Осы заманның ақырында жаңа жариялаушыларға уағыз ісінде шеберлігін шыңдауға көмектесу қажет. Сонымен қатар қауымға қамқорлық ететін ер бауырластарға да мұқтаждық бар. Ехоба барлық қызметшісінің теократиялық істерді атқаруға тыңғылықты үйретілгенін қалайды. Ол бізге тәжірибесі аздау бауырластарға қол ұшын беруді сеніп тапсырып отыр. Демек, Иса мен Пауыл сияқты, біз де өзгелерді үйрету үшін аянбай күш салуымыз керек. Дүниедегі жағдай ушыққан сайын, уағыздаудың да жаңа мүмкіндіктері көбейе түсетіндіктен, өзгелерді үйрету маңызды да шұғыл іс бола бермек.

19. Басқаларға Ехобаға қызмет етуді үйреткенде, еңбегіміз бекер болмайтынына неге сенімді бола аламыз?

19 Әрине, біреуді бір нәрсеге үйрету уақыт пен күшті талап етеді. Десе де Ехоба мен Иса мұны ең жақсы жолмен істеуге көмектесетініне сенімдіміз. Өзімізден үйренгендердің қауымда не қызметте болсын, “жан сала еңбек етіп, күш салып жүргендерін” көргенде, бейнетіміздің зейнетін көріп қуанатын боламыз (Тімөтеге 1-хат 4:10). Ендеше, әрі қарай да рухани алға басып, мәсіхшілерге тән қасиеттерді дамытып, Ехобаға жақындай берейік.

^ [1] (7-абзац) Мысалы, Иса шәкірттеріне келесі нұсқауларды берген: 1) Патшалық туралы уағыздау; 2) Құдай қажетті азықпен және киім-кешекпен қамтамасыз ететініне сену; 3) адамдармен дауласпау; 4) қудалау көргенде, Құдайға арқа сүйеу; 5) адам алдындағы қорқынышқа бой алдырмау.

^ [2] (9-абзац) “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабының 62—64 беттерінде уағызда адамдармен қалай сөйлесуге қатысты тамаша кеңестер бар.

^ [3] (15-абзац) “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабының 52—61 беттерінде қалай ер бауырластар қауымда баяндама айту шеберлігін арттыра алатыны түсіндіріледі.