Мазмұнға өту

“Жеті ажалды күнә” деген бар ма?

“Жеті ажалды күнә” деген бар ма?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітапта “жеті ажалды күнә” жайында нақты айтылмаған. Алайда онда ауыр күнәға батқан адам құтқарылуға деген үмітінен айырылып қалуы мүмкін екені жазылған. Ондай ауыр күнәларға жыныстық азғындық, пұтқа табынушылық, бақсы-балгерлік, ашу-ызаға берілу, маскүнемдік секілді “тәннің істері” жатады. Киелі кітапта: “Осындаймен айналысатындар Құдай Патшалығын мұра етпейді”,— делінген (Ғалаттықтарға 5:19—21) a.

Киелі кітапта Құдай “жетеуді жаны мүлдем жаратпайды” делінген емес пе?

 Иә, олай делінгені рас. Нақыл сөздер 6:16-да: “Жаратқан Ие мына алтауды жақтырмайды, Тіпті жетеуді жаны мүлдем жаратпайды”,— делінген (“Жаңа өмір” баспасы). Бірақ Нақыл сөздер 6:17—19 тармақтарда айтылған күнәлардың тізімі мұнымен бітпейді. Бұл тармақтарда жамандық атаулымен, соның ішінде оймен, сөзбен және іс-әрекетпен, байланысты күнәлардың негізгі түрлері айтылған b.

“Өлімге апаратын күнә” деген не?

 Киелі кітаптан көрінетіндей, кез келген күнә өлімге жетелейді. Әйткенмен біз Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында күнә мен өлімнен құтқарыла аламыз (Римдіктерге 5:12; 6:23). Ендеше “өлімге апаратын күнәға” Мәсіхтің құрбандығы жаба алмайтын күнә жатады (Жоханның 1-хаты 5:16). Осындай күнә жасайтын адамның оған құнығып кеткені сонша — көзқарасын да, жүріс-тұрысын да ешқашан өзгертпейді. Киелі кітапта мұндай күнә “кешірілмейтін” күнә деп те айтылған (Матай 12:31; Лұқа 12:10).

a Ғалаттықтарға 5:19—21 тармақтарда ауыр күнәнің 15 түрі тізіліп шыққан. Бірақ бұл тізім осымен шектелмейді. Өйткені 21-тармақта “және осы сияқтылар” деген сөз бар. Осылайша оқырман “осы сияқтылар” дегенге не жататынын өзі ойлануға шақырылады.

b Нақыл сөздер 6:16-да көне еврей тіліндегі идиома қолданылған. Бұл жердегі бірінші сан екінші санның маңыздылығына баса назар аудару үшін қойылған. Мұндай көркемдік тәсіл Киелі жазбаларда жиі қолданылады (Әйүп 5:19; Нақыл сөздер 30:15, 18, 21).