Мазмұнға өту

Кешірілмейтін күнә деген не?

Кешірілмейтін күнә деген не?

Киелі кітаптың жауабы

 Кешірілмейтін күнә — қасарысып, әдейі жасалған әрекет. Мұндай қылық Құдайдың кешіріміне ие болуға тосқауыл жасайды. Неге адам мұндай әрекетке барады?

 Құдай күнәларына өкінетін, оның талаптарына сай өмір сүретін, сондай-ақ Иса пайғамбардың құрбандығына сенетін адамдарды кешіреді (Елшілердің істері 3:19, 20). Бірақ күнә жасау адамның әбден қанына сіңіп, оның көзқарасы мен жүріс-тұрысы ешқашан өзгермеуі мүмкін. Киелі жазбаларда мұндайлар “жүрегі зұлым”, “күнәға азғырылып, жүрегі қасарысқан” адамдар ретінде сипатталған (Еврейлерге 3:12, 13). Пешке күйдірілген қыштың нобайын қайта өзгерту мүмкін емес екендігі сияқты, мұндай адамың жүрегі де қатайып, Құдайдың қарсыласы болып қала береді (Ишая 45:9). Мұндайда Құдайдың бұл адамды кешіруіне еш негіз болмайды: оның күнәсі кешірілмейтін күнә болып есептеледі (Еврейлерге 10:26, 27).

 Иса пайғамбардың заманында кейбір яһуди дінбасылары кешірілмейтін күнә жасаған. Олар Исаның кереметтерді Құдайдың киелі рухының күшімен жасайтынын жақсы білген, сөйте тұра, ол мұны Шайтан Ібілістің күшімен жасайды деп залымдықпен жала жапқан (Марқа 3:22, 28—30).

Кешірілуі мүмкін күнәлар

  •  Білместікпен Құдайға тіл тигізу. Кезінде елші Пауыл Құдайға тіл тигізуші болған, бірақ кейінірек: “Маған мейірімділік көрсетілді, себебі мен сенімім болмағандықтан білместікпен осылай әрекет еттім”,— деді (Тімөтеге 1-хат 1:13).

  •  Неке адалдығын бұзу. Киелі кітапта неке адалдығын бұзып, бірақ мұнысын қойғандықтан, Құдайдың кешіріміне ие болған адамдар жөнінде айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11).

“Мен кешірілмейтін күнә жасадым ба?”

 Егер бұрынғы күнәларыңызға шын жүректен өкініп, шынымен өзгергіңіз келсе — кешірілмейтін күнә жасамағаныңыз. Жүрегіңіз Құдайға қарсы біржола қатуланып кетпеген болса, ол тіпті қайта-қайта жасаған күнәңізді да кешіруге дайын (Ишая 1:18).

 Кейбіреулер жасаған қылығы үшін жанын жегідей жеген ауыр сезімнен құтыла алмағандықтан, кешірілмейтін күнә жасадым деген ойда болуы мүмкін. Бірақ Киелі кітапта біздің үнемі өз сезімдерімізге сенім арта алмайтынымыз жазылған (Еремия 17:9). Құдай бізге біреуді, тіпті өзімізді де, соттау құқығын бермеген (Римдіктерге 14:4, 12). Өз жүрегіміз айыптай бергенмен, Жаратушымыз бізді кешіруі мүмкін (Жоханның 1-хаты 3:19, 20).

Яһуда Исқариот кешірілмейтін күнә жасаған ба?

 Иә. Ол қасиетті қызметке жасалған садақадан ашкөздікпен ақша жымқырып отырған. Көбірек ақша ұрлау үшін ол тіпті кедейлерге жаны ашитындай сыңай танытатын (Жохан 12:4—8). Ал сұғанақтану әбден қанына сіңіп кеткенде, ол 30 күміс ақшаға бола Исаны сатып кетеді. Істеген қылығы үшін оның ешқашан шындап өкінбейтінін Иса білген, сондықтан оны “жойылуы тиіс адам” деп атаған (Жохан 17:12). Демек, Яһуда өлгенде, қайта тірілуге деген үмітсіз мәңгілікке жойылды (Марқа 14:21).

 Яһуда күнәсіна шындап өкінген жоқ еді. Ол кінәлі екенін Құдайдың емес, өзімен ым-жымы бір дінбасыларының алдында мойындады (Матай 27:3—5; Қорынттықтарға 2-хат 7:10).