Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жалған ақпараттан сақ болыңыз

Жалған ақпараттан сақ болыңыз

 Бұрынғыдай емес, бүгінде мәліметтің небір атасын оп-оңай тауып аласың. Мысалы, қауіптен сақтану я денсаулықты сақтауға қатысты мәліметтер өте көп. Бірақ абай болмасаңыз, іздену барысында теріс ақпараттарға ұрынып қалуыңыз мүмкін. Мәселен, мынадай ақпараттар:

 Мысалы, БҰҰ-ның бас хатшысы COVID-19 індеті кезінде тағы бір індеттің таралып жатқанын айтып ескертті. Бұл — жалған ақпараттар індеті. Ол былай деді: “Денсаулыққа қатысты қауіпті кеңестер мен ем түрлері қазір қаптап кеткен. БАҚ құралдарында жалған ақпараттар легі тіпті өршіп кетті. Интернетте қастандық теориялары жағадан алып тұр. Жеккөрушілік вирустан да тез тарап, соның кесірінен кейбір адамдар мен топтар жаманатты болып жатыр”.

 Әрине, жалған ақпараттар тарату — кеше пайда болған мәселе емес. Бірақ Құдай Сөзінде әсіресе біздің күнімізде “зұлымдар мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өзгелерді де алдап, өздері де алдана беретіні” айтылып кеткен (Тімөтеге 2-хат 3:1, 13). Бүгінде интернет арқылы жалған мәлімет алу және оның рас-өтірігін білмей өзгеге жібере салу оңайдың оңайы болып кеткен. Содан электрондық пошталарымыз, әлеуметтік желілер мен интернеттегі жаңалықтар фейк пен жартылай шындықтарға толып жатыр.

 Адастыратын ақпараттар мен қастандық теориясының құрбаны болып қалудан қалай сақтана аласыз? Сізге көмек болар Киелі кітаптың кейбір кеңестерін шолып өтейік.

  •   Көзіңіз көріп, құлағыңыз естігеннің бәріне сене бермеңіз

     Киелі кітаптың айтары: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады” (Нақыл сөздер 14:15).

     Абай болмасақ, тез-ақ алданып қалуымыз мүмкін. Мысалы, онлайн түрде, әсіресе әлеуметтік желілер арқылы кең тарап жатқан жазуы бар суреттер мен қысқа видеоларды алайық. Оларды әдетте “мемдер” деп атайды. Олардың мақсаты — жұртты күлдірту. Бірақ ондай суреттер мен қысқа видеоларды контексінен үзіп-жұлып, мың құбылтып ұсынады. Ол түгілі, адамдар біреу істемегенді істетіп, айтпағанды айтқызып, видеоларды жасайтынын қайтесің?!

     “Жалған ақпаратты зерттейтін мамандардың көбісі әлеуметтік платформаларда мемдер сияқты контексінен жұлынып алынған мәліметтерге тап болып жатады” (Axios медиа).

     Ойланып көріңіз: “Бұл мәлімет тексерілген бе, әлде жай ғана мемдер ме?”

  •   Дереккөзі мен мазмұнын таразылаңыз

     Киелі кітаптың айтары: “Бәрін тексеріңдер” (Салоникалықтарға 1-хат 5:21).

     “Жұрт аузында жүр екен”, “жаңалықтарда қайта-қайта беріп жатыр екен” деп қандай да бір мәліметке көзсіз сене салмаңыз, басқаларға да оны жіберіп жүрмеңіз. Алдымен сол мәліметтің шын-өтірігін тексеріп алыңыз. Мұны қалай істеуге болады?

     Сол дереккөзіне сенуге бола ма — тексеріп көріңіз. Жаңалықтар агенттігі мен басқа ұйымдар ақпаратты коммерциялық я саяси мақсатта бұрмалауы мүмкін. Сондықтан сол ақпаратты басқа дереккөздерімен салыстырып көріңіз. Кейде достарымыз да электрондық пошта я әлеуметтік желілер арқылы өздері де байқамай жалған мәліметті жіберуі мүмкін. Сондықтан түпкі дереккөзін тексермейінше, кез келген ақпаратқа сене салмаңыз.

     Мәліметтің мазмұны ескіріп қалмаған ба, бұрмаланбаған ба — соған көз жеткізіңіз. Ол үшін даталар мен айғақтарды тексеріңіз, айтылғанды растайтын салмақты дәлелдер бар ма — көріңіз. Күрделі мәліметті өте қарапайым жеткізген немесе адамның сезімін ояту мақсатында шығарылған ақпараттарға әсіресе сақ болыңыз.

     “Қазіргі таңда мағлұматтың рас-өтірігін тексеру қол жуу сияқты маңызды мәселеге айналып бара жатыр” (Сридхар Дхармапури, БҰҰ-ның азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану жөніндегі аға өкілі).

     Ойланып көріңіз: “Бұл жаңалықта айғақтар айтылған ба, әлде біреудің жеке ойы ма? Ақпарат жан-жақты берілген бе, әлде біржақты ма?”

  •   Қалаудың емес, айғақтардың жетегінде жүріңіз

     Киелі кітаптың айтары: “Өз-өзіне сенімді адам ақымақ” (Нақыл сөздер 28:26).

     Әдетте біздің бүйрегіміз сенгіміз келетін мәліметке бұрып тұрады. Осыны білетін интернет компаниялары біз қызығатын және интернеттен осыған дейін іздеп көрген мәліметтерді үнемі жіберіп тұрады. Бірақ біздің құлағымызға жаққан мәлімет бізге керек мәлімет болмауы мүмкін.

     “Негізі, адамдар мәліметті саралап, қисынды ойлануға қабілетті. Өкінішке қарай, сол қабілетімізді қалауымыз, арман-тілегіміз, қорқынышымыз бен ынта-ықыласымыз тұмандатып тастайды. Сөйтіп, біз көңіліміз қалайтын нәрсемен үндесетін мәліметті шындық деп қабылдай саламыз” (Питер Дитто, әлеуметтік психолог).

     Ойланып көріңіз: “Мен бұл мәліметке көңілім қалап тұрғандықтан ғана сенемін бе?”

  •   Жалған ақпарат таратпаңыз

     Киелі кітаптың айтары: “Лақап сөз таратпа” (Мұсаның 2-жазбасы 23:1).

     Есіңізде болсын, сіз бөліскен мәлімет басқалардың ой-санасы мен іс-әрекетіне әсер етпей қоймайды. Сіз тіпті оны жаман оймен жібермеген күнде де, салдары жаман болуы мүмкін.

     “Ең маңызды ереже — біреуге мәлімет жібермес бұрын, сәл кідіріп, былай деп ойланып көріңіз: “Мына жібергелі жатқан мәліметіме сенімдімін бе?” Әрбір адам жібермес бұрын осылай ойланып алса, интернет беті жалған ақпаратқа толып кетпес еді” (Питер Адамс, “News Literacy Project” аға вице-президенті).

     Ойланып көріңіз: “Бұл мәліметтің рас екенін білгендіктен жіберіп жатырмын ба?”