Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Терроризмнің бітетін түрі бар ма?

Терроризмнің бітетін түрі бар ма?

 Қандай да бір террорлық әрекеттен кейін адамның ойына еріксіз мынандай сұрақтар келеді: “Құдай қайда қарап отыр? Неге бұлай болып жатыр? Терроризмнің a бітетін түрі бар ма? Қашанғы жанымызды шүберекке түйіп, қорқып өмір сүреміз?” Бұл сұрақтардың жауабы Құдай Сөзінде бар. Олар сіздің көңіліңізді орнықтырады деп сенеміз.

Құдай терроризмді құптай ма?

 Жаратқан Ие зорлық-зомбылықты, терроризмді жек көреді (Зәбүр 11:5; Нақыл сөздер 6:16, 17). Құдай Тағаланың атынан сөйлеген Иса пайғамбар бірде ізбасарлары біреуге зомбылық көрсеткісі келгенде, оларды тыйып тастаған (Матай 26:50—52). Кейбіреулер Алланың атын жамылып, лаңкестік әрекетке барып жатады. Бірақ Құдай оларға оның атынан мұндай сұмдық істеуге еш құқық бермеген. Керек десеңіз, ондайлардың дұға-тілектерін ол тіпті қабыл алмайды (Ишая 1:15).

 Құдай қиналып жүргендердің бәріне, соның ішінде террорлық әрекеттен зардап шеккендерге көмектескісі келеді (Зәбүр 31:7; Петірдің 1-хаты 5:7). Сондай-ақ Киелі кітапта айтылғандай, ол зорлық-зобалаңды түп-тамырымен жояды (Ишая 60:18).

Терроризмнің өзегі

 Киелі кітапта терроризмнің түпкі себебін былай деп түсіндіреді: “Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9). Тарих бойы қолында билігі барлар басқаларды қанау үшін террорлық әрекеттерге барған. Ал жәбір көрген адамдар бұған шыдай алмай, тура солай кек қайтарған (Уағыздаушы 7:7).

Терроризмнің бітетін күні бар

 Құдай үрей-қорқыныш пен зорлық-зомбылықты жоқ қылып, жер бетіне мамыражай тыныштық орнатамын деп уәде етеді (Ишая 32:18; Миха 4:3, 4). Оны қалай істейді?

  •   Терроризмнің өзегін жоқ қылады. Құдай адамзаттың үкіметтерін алып тастап, орнына өзінің бүкіләлемдік үкіметін орнатады. Сол үкіметтің билеушісі Иса Мәсіх болады. Ол ешкімді бөліп-жармай, барлығын тең көреді және қанаушылық пен зорлық-зомбылықтың көзін құртады (Зәбүр 72:2, 14). Сол кезде террорлық әрекетке бару деген ешкімнің ойына да келмейді. Адамдар “керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Зәбүр 37:10, 11).

  •   Терроризм келтірген бар залалдың орнын толтырады. Құдай терроризмнің кесірінен тәнге түскен, жанға түскен жараны жазады (Ишая 65:17; Аян 21:3, 4). Ол тіптен қайтыс болған жандарды қайта тірілтеді. Олар тыныштық орнаған жерде өмір сүретін болады (Жохан 5:28, 29).

 Жақында Жаратушымыз мұның бәрін міндетті түрде жүзеге асырады. Киелі кітапта бұған салмақты да сенімді дәлелдер бар. Алайда сізде “неге осы уақытқа дейін Құдай терроризмге қарап, оны жоймай отыр?” деген сұрақ туындайтын шығар. Мұның себебін білгіңіз келсе, “Құдай неге қайғы-қасіретке жол береді?” деген видеоны қараңыз.

a “Терроризм” деген — бейбіт ел тұрғындарына қарсы жасалатын зорлық-зомбылық әрекет немесе жасаймыз деп оларды қорқытып, үркіту. Осылайша халықтың зәресін ұшырып, саяси, діни және әлеуметтік өзгерістер енгізу. Бірақ қай әрекетті нақты террорлық әрекет деуге қатысты адамдардың пікірі әртүрлі болуы мүмкін.