Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ТАРАУ

Шынайы сеніміңіз бар екенін көрсетуден тартынбаңыз

Шынайы сеніміңіз бар екенін көрсетуден тартынбаңыз

ҚҰДАЙ өз қызметшілерінің сенімдері сыналатынын алдын ала ескерткен. Оның Сөзінде былай делінген: “Сергек болыңдар! Өйткені жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр” (Петірдің 1-хаты 5:8). Шайтан сізді сеніміңізден айыру үшін не істеуі мүмкін?

Сіз де осындай қарсылыққа кезігіп жүрсіз бе?

Киелі жазбаларды оқымауыңыз үшін, Шайтан өзгелерді, тіпті туған-туыстарыңызды, сізге қарсы қоюы мүмкін. Осыған қатысты Иса пайғамбар: “Адамға өз үй ішіндегілері дұшпан болады”,— деген (Матай 10:36). Сізге тек жақсылық тілейтін туыстарыңыз бен достарыңыз Құдай Сөзіндегі тамаша шындықтарды білмейтін шығар. Бәлкім, олар өзгелер не ойлайды деп қорқар. Алайда Жазбаларда: “Пендеден қорқу тұзақ болар, Ехобаға сенім артқан қауіпсіз жүрер”,— деп айтылған (Нақыл сөздер 29:25). Адамдарға жағамын деп, Жазбаларды оқып-білуді доғарсаңыз, бұл Құдайға ұнар ма еді? Әрине, ұнамас еді. Құдай Сөзінде: “Біз болсақ кері шегініп, жойылатындардың емес, жанын аман сақтау үшін сенімге ие болғандардың қатарынанбыз”,— деп жазылған (Еврейлерге 10:39). Шынайы сеніміміз бар екенін көрсетуден тартынбасақ, Құдай бізді қалдырмайды.

3-тараудағы некесінде қиындық болған Дюмас есімді кісінің мысалын еске түсірейікші. Алғашында әйелі оны сенімі үшін келеке-мазақ еткен болатын. Бірақ кейінірек ол да Құдай Сөзін оқып-біле бастады. Сол секілді, сіз де дұрыс нәрсені істеуді тоқтатпасаңыз, туған-туыстарыңыз бен достарыңыз сізге қосылар. Шынайы сенімі бар адамның “сөздер арқылы емес... таза жүріс-тұрысы” мен “өздерін барынша құрметтейтінін көргенде”, жиі үй ішіндегілердің бірі Құдайға бет бұрып жатады (Петірдің 1-хаты 3:1, 2).

Сондай-ақ Шайтан адамдардың Жазбаларды оқып-білуге уақытымыз жоқ деп ойлауына ықпал етуге тырысады. Сіздің жағдайыңызда ол жеке бас пен қаражат қамы сияқты өмір тауқыметі “[Құдай] сөзін тұншықтырып”, сеніміңізді “өнімсіз” етсе екен дейді (Марқа 4:19). Көрегендікке жатпайтын мұндай ойға жол бермеңіз! Өйткені Жазбаларда: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек”,— делінген (Жохан 17:3). Шынымен де, жұмақта мәңгі өмір сүру үшін Құдай мен Иса Мәсіх жайлы біле беру өте маңызды!

Құдайдан көмек сұраңыз

Мысыр патшасының отбасында өскен Мұса пайғамбарды алайықшы. Оның байлық, атақ-даңқ пен билікке ұмтылуына болар еді. Бірақ ол “күнәдан уақытша рақат алудан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады”. Неліктен? Себебі “көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік болған” (Еврейлерге 11:24, 25, 27). Иә, Мұса пайғамбар Құдайға берік сенген. Ол бірінші кезекте қара басының қамын емес, Құдайға қызмет етуді ойлаған, әрі сол үшін мол батаға кенелген. Осылай етсеңіз, Құдай сізді де молынан жарылқайды.

Шайтан сізге түрлі тұзақ құруы мүмкін. Алайда бұл міндетті түрде оның жемтігі боласыз дегенді білдірмейді. Өйткені Құдай Сөзі бізді мынаған шақырады: “Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді” (Жақып 4:7). Оған қалай қарсы тұруға болады?

Киелі жазбаларды оқып-білуді жалғастыра беріңіз. Құдай Сөзін күнде оқыңыз. Оның ілімдерін зерттеңіз, сондай-ақ кеңестерін қолданыңыз. Сонда Шайтанның шабуылына қарсы тұруға көмектесетін Құдай берген бейнелі “сауыт-сайманмен түгелдей жабдықтала” аласыз (Ефестіктерге 6:13).

Шынайы сенімі бар адамдармен араласыңыз. Киелі жазбаларды оқып-зерттейтін және ондағы кеңестерді қолданатын адамдарды іздеңіз. Олар “сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-біріне көңіл бөліп... жігерлендіреді”. Олар сізге де сеніміңізді нығайтуға көмектеседі (Еврейлерге 10:24, 25).

Шынайы сенімі бар адамдармен араласыңыз

Ехоба Құдайға жақындаңыз. Құдайдан көмек сұрап, оған сенім артыңыз. Ол сізге көмектесуді қалайтынын ешқашан есіңізден шығармаңыз. Оның Сөзінде: “Бар уайымдарыңды оған артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды”,— делінген (Петірдің 1-хаты 5:6, 7). “Құдай өз сөзіне адал: ол шамадан тыс сыналуларыңа жол бермейді. Азғырылғанда адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді” (Қорынттықтарға 1-хат 10:13).

Қиыншылыққа тап болса, кез келген адам Құдайға қызмет етуін доғарады деп, Шайтан Құдайға жала жабуда. Алайда сіз Шайтанның өтірікші екенін дәлелдей аласыз. Құдай былай дейді: “Ақылды бол, балам, жүрегімді қуант, Сонда өзімді қорлағанға жауап бере аламын” (Нақыл сөздер 27:11). Олай болса, шынайы сеніміңіз бар екенін көрсетуден тайынбаңыз!