Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ТАРАУ

“Ғибадатхананы сипаттап бер”

“Ғибадатхананы сипаттап бер”

ЕЗЕКИЕЛ 43:10

ОЙБАҒДАР: Езекиел көрген салтанатты ғибадатхана жайлы аянның мәні

1—3. а) Ғаламат үлкен ғибадатхана кешені жайлы аян неліктен Езекиелге жұбаныш берді? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.) ә) Осы тарауда біз не қарастырамыз?

КӨЗ алдыңызға жасы елуге келіп қалған Езекиелді елестетіп көріңізші. Оның жер аударылып келгеніне, міне, 25 жыл болды. Иерусалимдегі ғибадатхананың қирап жатқанына да біраз жыл болды. Кезінде Езекиел сол ғибадатханада діни қызметкер болып қызмет етемін деп үміттенген болса, енді оның бұл үміті үзілді. Өйткені тұтқындықтың аяқталуына дейін әлі 56 жылдай уақыт бар еді. Ғибадатхананың қайта тұрғызылғанын көрмек түгілі, Ехобаның халқы отанына қалай оралатынын көруге де ғұмыры жетпейтінін Езекиел білетін (Ерм. 25:11). Осыны ойлаған сайын көңілі түссе керек.

2 Дәл осы шақта Ехоба Езекиелге бүге-шігесі көп ерекше аян көрсетті. Бұл аян адал пайғамбардың жанына қаншалықты жұбаныш пен үміт сыйлады десеңізші! Аянда Езекиел туған жеріне апарылып, өте биік бір таудың басына тұрғызылды. Сол жерде ол “тұла бойы мыс сияқты жалтырап тұрған” періштені көрді. Періште оған ғаламат үлкен ғибадатхана кешенінің түкпір-түкпірін аралатты (Езекиел 40:1—4 оқыңыз). Езекиел осының бәрін аянда емес, шын өмірде көріп жатқандай болды! Көргендерінің кейбірі жүрегін толқытып, сенімін нығайтса, кейбірі көкейінде сұрақтар туындатса керек. Өйткені бұл ғибадатхана бір жағынан Иерусалимдегі ғибадатханаға ұқсап кетсе, бір жағынан одан қатты ерекшеленетін.

3 Қызықты да ерекше бұл аян Езекиел жазған кітаптың соңғы тоғыз тарауын алып жатыр. Қазір бұл аянның мағынасын түсіну үшін оны қалай қарастыру керектігіне тоқталамыз. Содан кейін Езекиелдің аянда көрген ғибадатханасы елші Пауыл айтқан ұлы рухани ғибадатхана ма, соны білеміз. Соңында бұл аянның Езекиел үшін және оның жер аударылған жерлестері үшін қандай мәні болғанын көреміз.

Аянды өзгеше қарастыру

4. Езекиел көрген ғибадатхана жайлы аян бұрын қалай түсіндіріліп келді, ал қазір оны қалай қарастырған жөн?

4 Бұған дейін біздің әдебиеттерімізде Езекиел Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасын, яғни елші Пауылдың Еврейлерге арналған хатында жазылған ұлы рухани ғибадатхананы көрді деп айтылып келді *. Сондықтан Пауылдың киелі шатырға қатысты түсіндірмесін негізге алып, Езекиел көрген ғибадатханадағы көп нәрселерді түпбейнелер деп қарастыру қисынды көрінді. Алайда дұға ете отырып зерттеу мен ой жүгіртудің арқасында Езекиел көрген ғибадатхана жайлы аянның түсіндірмесі әлдеқайда қарапайым екені анық болды.

5, 6. а) Пауыл киелі шатырдың ұсақ-түйек бөліктеріне қатысты не деген және қалайша ол кішіпейілділік танытты? ә) Пауылдың айтқан сөзін Езекиелдің ғибадатхана жайлы аянын түсінуге қатысты қалай қолдануға болады?

5 Неге Езекиел көрген ғибадатханадағы әрбір нәрсенің пайғамбарлық не бейнелі мағынасы бар деп қарастыру дұрыс болмас еді? Мысалы, елші Пауылдың киелі шатыр мен рухани ғибадатхана туралы айтқан сөздерін алайық. Ол киелі шатырдағы хош иісті зат түтететін алтын ыдыс, келісім сандығының қақпағы және манна салынған алтын ыдыс сияқты нәрселерді атап өткен. Ол осы ұсақ-түйек нәрселердің пайғамбарлық мәні бар екенін айтқан ба? Жоқ. Киелі рух оған бұлай етуге қозғау салмаса керек. Өйткені Пауыл: “Қазір бұлар туралы егжей-тегжейлі айтып жатудың қажеті жоқ”,— деген (Евр. 9:4, 5). Ол киелі рухтың жетелеуіне мойынсұнып, Ехобаны кішіпейілділікпен күтуге дайын болды (Евр. 9:8).

6 Езекиелдің ғибадатхана жайлы аянын да дәл осылай қарастырғанымыз жөн болар. Бұл аян да ұсақ-түйек жайттарға толы. Болашақта қандай да бір қосымша түсіндірулер қажет болып жатса, мұны Ехобаның өзі ашып бергенін күткеніміз дұрыс (Миха 7:7 оқыңыз). Алайда Ехобаның рухы Езекиелдің аянына қатысты осы жайтты ғана ашқан ба? Әрине, жоқ!

Езекиел ұлы рухани ғибадатхананы көрген бе?

7, 8. а) Қазір қандай түсінік өзгерді? ә) Езекиел көрген аяндағы ғибадатхана Пауыл сипаттаған рухани ғибадатханадан несімен ерекшеленеді?

7 Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жылдар бойы біздің әдебиеттерімізде Езекиел Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасын, яғни елші Пауылдың Еврейлерге арналған хатында жазылған рухани ғибадатхананы көрді деп айтылып келді. Бірақ тереңірек зерттеудің нәтижесінде Езекиелдің көргені ұлы рухани ғибадатхана болуы мүмкін емес деген тұжырымға келдік. Неліктен?

8 Біріншіден, Езекиелдің көрген ғибадатханасы мен Пауылдың киелі шатырға қатысты түсіндірмесі бір-бірімен сәйкес келмейді. Елші Пауыл Мұсаның күндеріндегі киелі шатыр әлдеқайда ұлы нәрсенің көлеңкесі әрі бейнесі екенін анық айтқан. Киелі шатырда да, соның үлгісімен соғылған Сүлеймен мен Зоробабелдің ғибадатханаларында да “Ең қасиетті” бөлме болған. Пауыл бұл бөлмені “адам қолымен жасалған қасиетті орын” деп атаған, әрі ол “шынайы қасиетті орынның көшірмесі” ғана екенін айтқан. Егер ол тек көшірмесі болса, онда шынайы қасиетті орынның өзі не? Пауыл: “Көктің өзі”,— деген (Евр. 9:3, 24). Ал Езекиел аянда көкті көрген бе? Жоқ. Оның аянына үңілсек, көкте болып жатқан жайттарды көрмегенін түсінеміз (Даниял 7:9, 10, 13, 14 салыстырыңыз).

9, 10. Құрбандықтарға келсек, Езекиелдің аянындағы ғибадатхана Пауыл сипаттаған рухани ғибадатханадан несімен ерекшеленеді?

9 Езекиелдің аяны мен Пауылдың түсіндірмесін бір-бірінен одан бетер ерекшелендіретін бір жайт — құрбандықтар. Езекиел аянда құрбандық шалуға қатысты халыққа және басшылар мен діни қызметкерлерге беріліп жатқан нұсқауларды естіген. Олар өздерінің күнәлары үшін құрбандық шалу керек болған. Сондай-ақ олар татулық құрбандықтарын шалып, сол құрбандықтардан ғибадатхананың ас бөлмелерінде жей алса керек (Езек. 43:18, 19; 44:11, 15, 27; 45:15—20, 22—25). Ал қайта-қайта ұсынылатын мұндай құрбандықтар ұлы рухани ғибадатханада шалынды ма?

Езекиелдің аянындағы ғибадатхана — ұлы рухани ғибадатхана емес

10 Бұл сұрақтың жауабы анық та қарапайым. Елші Пауыл былай деген: “Мәсіх баталарға жеткізетін бас діни қызметкер ретінде келіп, адам қолымен жасалмаған, яғни жердегі жаратылыс емес, анағұрлым ұлы әрі әлдеқайда жақсы шатырға кірді. Ол қасиетті орынға ешкілер мен жас бұқалардың емес, өз қанын біржола алып кірді, осылай бізді мәңгілікке азат етті” (Евр. 9:11, 12). Байқасақ, ұлы рухани ғибадатханада бір ғана құрбандық біржолата шалынған. Бұл — төлем құрбандығы. Оны ұсынған ұлы бас діни қызметкердің өзі — Иса Мәсіх. Демек, Езекиелдің аянындағы ешкілер мен бұқалар көптеп шалынған ғибадатхана ұлы рухани ғибадатхана болмағаны анық.

11. Неге Езекиелдің заманында Құдайдың ұлы рухани ғибадатхана туралы шындықтарды ашатын уақыты әлі келмеген еді?

11 Езекиелдің көргені ұлы рухани ғибадатхана емес деп тұжырымдауға тағы бір себеп бар: ол кезде Құдайдың мұндай шындықтарды ашатын уақыты әлі келмеген еді. Есімізде болса, Езекиелдің аяны бірінші кезекте Бабылға жер аударылған яһудилерге арналған болатын. Ал олар Мұса Заңына бағынышты еді. Тұтқындықтан азат етілген соң, олар Иерусалимге оралып, онда ғибадатхана мен құрбандық ошағын қайта тұрғызып, Заңның таза ғибадатқа қатысты талаптарын орындаулары керек еді. Олар сол жерде құрбандық әкелуді әлі 600 жылдай уақыт бойы жалғастыра бермек-тін. Ойлап көріңізші, егер Езекиелдің аяны рухани ғибадатхананы, яғни бас діни қызметкер құрбандыққа өз өмірін бергеннен кейін басқа ешқандай құрбандықты қажет етпейтін ғибадатхананы білдірген болса, онда яһудилерге бұл қалай әсер етер еді? Олар Мұса Заңын ұстануға немкетті қарап кетпес пе еді? Расында да, Ехоба шындықтарды әрқашан өз уақытында әрі халқы бұған дайын болғанда ғана ашады.

12—14. Езекиелдің ғибадатхана жайлы аяны мен Пауылдың рухани ғибадатхана жайлы түсіндірмесінің қандай байланысы бар? (“Екі бөлек мағынасы бар екі бөлек ғибадатхана” деген қоршауды қараңыз.)

12 Сонымен, Езекиелдің ғибадатхана жайлы аяны мен Пауылдың рухани ғибадатхана жайлы түсіндірмесінің қандай байланысы бар? Есте ұстайтын жайт, Пауыл өзінің түсіндірмесін Езекиел көрген ғибадатханаға емес, Мұсаның заманындағы киелі шатырға негіздеген. Рас, Пауыл сипаттаған кей нәрселер Сүлеймен мен Зоробабел соққан ғибадатханаларда да, сондай-ақ Езекиел көрген аяндағы ғибадатханада да кездеседі. Десе де, жалпы алғанда, Езекиелдің аяны мен Пауылдың түсіндірмесі екі түрлі жайтқа көңіл бұрады *. Екеуінің жазғандары бір-бірімен үндеспегенмен, бір-бірін жақсы толықтырады. Қалайша?

13 Киелі кітаптағы бұл екі үзіндіні былай деп байланыстыруға болады: Пауылдың жазғанынан Ехобаның ғибадатқа қатысты шарасы туралы білеміз, ал Езекиелден Ехобаның ғибадатқа қатысты нормалары туралы білеміз. Бізге Ехобаның таза ғибадатқа қатысты шарасы туралы үйрету үшін, Пауыл рухани ғибадатхананың бас діни қызметкер, құрбандықтар, құрбандық ошағы және Ең қасиетті бөлме сияқты тұстарының мағынасын ашқан. Ал Езекиелдің аяны Ехобаның таза ғибадатқа қатысты жоғары нормаларына назар аудару үшін, ғибадатхананы егжей-тегжейлі сипаттайды. Біз бұл аяннан Ехобаның нормалары жайында көп тәлім алып, оларды санамыз бен жүрегімізге ұялата аламыз.

14 Сонымен, айқындалған соңғы түсінік бойынша, қандай тұжырымға келеміз? Езекиел көрген аянның біздің кезіміздегі мәсіхшілерге аса қатысы жоқ деуге бола ма? Жоқ. Бұл аянның бізге әкелер игілігі жайлы білу үшін, оның ежелдегі адал яһудилерге қандай игілік әкелгенін қарастырып көрейік.

Жер аударылған яһудилер үшін бұл аянның мәні қандай еді?

15. а) Езекиел көрген аянның астарында қандай хабар жатты? ә) Езекиел кітабының 8-тарауы мен 40—48 тарауларының арасында қандай айырмашылық бар?

15 Осы сұраққа Киелі кітаптан жауап алу үшін, жағдайды жан-жақты әрі толық көруге көмектесетін бірнеше сұраққа тоқталайық. Біріншіден, Езекиел көрген аянның астарында қандай хабар жатты? Бір сөзбен айтсақ, бұл аянның жеткізер хабары таза ғибадаттың қалпына келуі жайлы еді! Езекиел мұны бірден түсінген. Езекиел кітабының 8-тарауынан көретініміздей, ол бұған дейін Ехобаның Иерусалимдегі ғибадатхананың жеркенішті күйін сипаттағаны жайлы жазған еді. Ал енді ол 40—48 тарауларда бұған мүлдем қайшы келетін жайттар туралы егжей-тегжейлі жазды. Осы тоғыз тараудан таза ғибадаттың арамдалуы емес, керісінше оның қандай болуы керектігі жайында оқимыз. Онда Мұса Заңына сай, Ехобаға мінсіз ғибадат етудің қандай болатыны суреттеледі.

16. Езекиелдің ғибадатхана туралы аяны оған дейін жүз жылдай уақыт бұрын айтылған Ишаяның пайғамбарлығын қалай растады?

16 Ехобаға арналған ғибадат қалпына келіп, өзінің тиісті орнына келу үшін, ол асқақталуы тиіс еді. Жүз жылдай уақыт бұрын Ишая пайғамбар рухтың жетелеуімен былай деген еді: “Соңғы күндерде Ехобаның үйі тұрған тау Тау шыңдарынан асқақ болып, берік орнығады, Ол төбе атаулыдан жоғары көтеріледі” (Ишая 2:2). Ишая Ехобаға арналған ғибадаттың қайта қалпына келіп, ең биік тау басында тұрғандай асқақ болатынын пайғамбарлық етті. Ал Езекиелдің аянында Ехобаның үйі қайда орналасқан еді? “Өте биік таудың басында!” (Езек. 40:2). Осылайша Езекиелдің аяны таза ғибадаттың қалпына келетінін шегелей түсті.

Езекиел көрген ғибадатхана өте биік жерде орналасты (16-абзацты қараңыз)

17. Езекиел кітабының 40—48 тарауларына шолу жасаңыз.

17 Езекиел кітабының 40—48 тарауларынан Езекиелдің аянда не көріп, не естігенін қысқаша шолып өтейік. Ол періштенің ғибадатхананың аулаларын, дуалдары мен қақпаларын және ғибадатхананың өзін өлшеп жатқанын көрді (Езек. 40—42). Бұдан кейін таңғажайып жайт болды: Ехоба ғибадатханаға салтанатпен кіріп келді! Сол жерде Ехоба қыңыр халыққа және діни қызметкерлер мен басшыларға кеңестер мен нұсқаулар берді (Езек. 43:1—12; 44:10—31; 45:9—12). Езекиел сондай-ақ ғибадатханадан бастау алып, Өлі теңізге құйып жатқан өзенді көрді. Бұл өзен жол бойы тіршілік дарытып, баталарға кенелтіп жатты (Езек. 47:1—12). Сосын Езекиел нақты өлшемдері бар телімдерге бөлінген жерді көрді. Сол жердің ортасында таза ғибадат орныққан еді (Езек. 45:1—8; 47:13—48:35). Сонымен, бұл аянның астарында қандай хабар жатты? Ехоба өз халқына таза ғибадаттың міндетті түрде қалпына келетінін әрі асқақтатылатынын көрсеткісі келді. Ғибадатханаға кіріп, сонда болуымен ол өз үйін батаға кенелтпек еді және ғибадатханасынан баталарын өзендей ағызуымен қалпына келген жерді сауықтырып, өмір мен тыныштық сыйламақ-тын.

Езекиел көрген ғибадатхана Ехоба таза ғибадатты қалпына келтіретінінің ғажайып көрінісі еді (17-абзацты қараңыз)

18. Езекиел көрген аянды тікелей түсіну керек пе еді? Түсіндіріңіз.

18 Екіншіден, бұл аянды тікелей түсіну керек пе еді? Жоқ. Оны тура мағынада түсінуге болмайтынын Езекиел де, осы аянды естіген тұтқындағы яһудилер де бірден ұқса керек. Неліктен? Есімізде болса, Езекиел аяндағы ғибадатхананың “өте биік таудың басында” орналасқанын көрген. Бұл жайт Ишаяның айтып кеткен пайғамбарлығымен жақсы үйлессе де, кәдімгі ғибадатхананың орналасқан жерімен сәйкес келмейтін. Сүлеймен соққан ғибадатхана Иерусалимдегі Мория тауында орналасқан еді, әрі ол күндердің күнінде дәл сол жерде қайта тұрғызылмақ-тын. Ал Мория тауы “өте биік тау” болған ба? Жоқ. Мория тауының биіктігі айналасындағы басқа таулармен бірдей не тіпті олардан кішірек болған. Бұған қоса, Езекиел көрген ғибадатхана кешені өте үлкен еді! Оның дуалмен қоршалған кең аумағы болғанын ескерсек, ол Мория тауының басына мүлдем сыймас еді. Ол түгілі Сүлейменнің күндеріндегі бүкіл Иерусалим қаласы да оны сыйғыза алмас еді! Оның үстіне, тұтқындағы яһудилер ғибадатханадан кәдімгі өзен ағады, ол Өлі теңізге құйып, суын тұщы қылады деп ешқашан ойламас еді. Сонымен қатар, Уәде етілген жердің таулы алқапта жатқанын ескерсек, руларға ол жерді аянда айтылғандай етіп шегараларын бір-бірімен параллель әрі түзу қылып бөліп беру мүмкін емес-тін *. Демек, бұл аянды тікелей түсінуге болмайтын.

19—21. Езекиелдің көрген аяны халыққа қалай әсер ету керек еді және неге?

19 Үшіншіден, Езекиелдің көрген бұл аяны халыққа қалай әсер ету керек еді? Ехобаның таза ғибадатқа қатысты жоғары нормалары жайлы ой жүгірткенде, халық өзін ұятты сезіну керек болған. Ехоба Езекиелге: “Исраил үйіне ғибадатхананы сипаттап бер”,— деген. Бұл ғибадатхананың егжей-тегжейлі сипатталғаны сонша — исраилдіктер оның “сызбанұсқасын зерттей” алатын. Халыққа бұл ғибадатхана жайлы ой жүгірту не үшін қажет еді? Жоғарыдан білгеніміздей, оны соғу үшін емес. Не үшін екенін Ехобаның өзі түсіндіріп: “Осылайша олар жасаған күнәлары үшін ұялсын”,— деген. (Езекиел 43:10—12 оқыңыз).

20 Неге бұл аян ақжүректі адамдардың ар-ұжданына әсер етіп, ұяттарын оятуы мүмкін еді? Ехобаның Езекиелге не дегеніне назар аударайық. Ол: “Адам ұлы, Ехобаның ғибадатханасына қатысты жарлықтар мен заңдар туралы айтқандарымның бәріне назар сал, ден қойып, мұқият тыңда”,— деген (Езек. 44:5). Осы аянда Езекиел жарлықтар мен заңдар деген сөздерді қайта-қайта естіген (Езек. 43:11, 12; 44:24; 46:14). Ол Ехобаның орнатқан нормалары туралы да, тіпті шынтақ пен салмақтың өлшеміне қатысты орнатқан нормасын да, бірнеше рет естіген (Езек. 40:5; 45:10—12; Нақыл сөздер 16:11 салыстырыңыз). Осы бір аянның өзінде Езекиел “өлшем”, “өлшеу” дегенді білдіретін түпнұсқа тілдегі сөздерді 50-ден астам рет қолданған.

21 Өлшемдер, заңдар мен жарлықтар орнатуымен Ехоба өз халқына не айтқысы келді? Ехоба осындай әсерлі жолмен маңызды бір шындықты — таза ғибадатқа қатысты нормаларды тек өзі ғана орнататынын — ұғындырса керек. Ал бұл нормаларды аттап басқандар өздерін ұятты сезіну керек болған! Осының бәрін яһудилер ғибадатхана жайлы аяннан қалай түсінді? Келесі тарауда біз мұның нақты мысалдарын қарастырамыз. Сонда осы бір ерекше аянның біз үшін қандай мәні бар екенін түсінеміз.

Неге ғибадатхана туралы аян ақжүректі адамдардың ұятын оятпақ еді? (19—21 абзацтарды қараңыз)

^ 4-абзац Рухани ғибадатхана дегеніміз — Ехобаның Иса Мәсіхтің төлем құрбандығын негізге ала отырып, таза ғибадат үшін жасаған шарасы. Білетініміздей, бұл ғибадатхана б. з. 29 жылы пайда болды.

^ 12-абзац Мысалы, Пауыл бас діни қызметкерге және оның жыл сайын Күнәні өтейтін күні атқаратын рөліне назар аударады (Евр. 2:17; 3:1; 4:14—16; 5:1—10; 7:1—17, 26—28; 8:1—6; 9:6—28). Ал Езекиелдің аянында бас діни қызметкер жайлы да, Күнәні өтейтін күн туралы да ештеңе айтылмайды.