Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Басқарушы кеңестің хаты

Басқарушы кеңестің хаты

Қымбатты бауырлас!

Өзің білетіндей, Киелі кітап — негізінен адамдар жайлы кітап. Онда әңгімеленген Құдайға адал жандар біздікіне ұқсас қиындықтарға кезіккен. Олар да “біздікіндей сезімі бар адам болған” (Жақып 5:17). Бірінің басына өмірдің тауқыметі түсіп, сарыуайымға салынған. Өзге бірін отбасы мүшесі не бір сенімдегі бауырласы ренжітіп, жанын ауыртқан. Ал бірталайы өз қателіктерінің кесірінен өздерін кінәлі сезінген.

Осындай күйді бастан кешкендердің кейбірі Құдайдан алшақтап кеткен. Бірақ олар Ехобадан біржола бас тартты ма? Жоқ. Олардың көбісі келесідей дұға еткен зәбүр жыршысынікіндей күй кешкен: “Мен жоғалған қой іспетті адасып жүрмін. Қызметшіңді іздеп, тауып алшы, Өйткені өсиеттеріңді ұмыт қалдырмадым” (Зәбүр 119:176). Сен де өзіңді осылай сезінгенсің бе?

Ехоба отардан адасқан қойларын ешқашан ұмытпайды. Мұндай қойларынан ол қол үзіп қалғысы келмейді. Ехоба оларға көмектесу үшін көп жағдайда бауырластарды қолданады. Мысалы, қызметшісі Әйүпке қалай қолдау көрсеткенін қарастырып көрейікші. Әйүп мал-мүлкінен, жақындарынан, денсаулығынан айырылды, бұдан басқа да талай қиындықты бастан өткізді. Бұл аз болғандай, көңілге медеу болады деген адамдар ауыр сөздерімен жанына жара салды. Бірақ аз уақытқа ойының бұрыс жаққа ауғаны болмаса, ол Ехобадан бас тартпады (Әйүп 1:22; 2:10). Ехоба оған қалай көмектесті?

Елиху деген қызметшісі арқылы Ехоба Әйүптің ойын түзетті. Әйүп өзін мазалап жүрген ойларды айтқанда, Елиху зер салып тыңдады, сосын өз ойын айтты. Сонда ол не деді? Әйүпті сынап-мінеді ме, ұялтып, айыбын бетіне басты ма? Әлде өзін Әйүптен жоғары қойды ма? Жоқ, ол бұлай етуден аулақ еді! Рухтың жетелеуімен Елиху: “Құдайдың алдында мен де өзіңіз сияқтымын, Мен де балшықтан қалыптастырылдым”,— деді. Сосын ол: “Менен қорқудың қажеті жоқ, Сізді қыспаққа да алмақ емеспін”,— деп, Әйүптің көңілін орнықтырды (Әйүп 33:6, 7). Елиху жығылған үстіне жұдырық сілтеген жоқ. Керісінше, жылы сөзге зәру болып отырған Әйүпке сүйіспеншілікпен кеңес беріп, жігерлендірді.

Өзің оқып отырған кітапшаны біз де осындай мақсатпен жаздық. Алдымен Ехобадан алыстап кеткен біраз бауырластардың жағдайы мен айтқан сөздеріне мұқият зер салдық (Нақыл сөздер 18:13). Сосын дұға ете отырып Киелі кітапқа үңілдік те, ондағы кейіпкерлер солардікіндей жағдайларға кезіккенде, Ехобаның оларға қалай көмектескенін зерттедік. Содан кейін ғана бұрынғы және қазіргі жағдайларды салыстыра отырып, осы кітапшаны дайындадық. Біз сені шын жүректен жақсы көреміз. Сондықтан осы кітапшаны оқып шығуыңды өтінеміз.

Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі